Меңдолла ШАМҰРАТОВ. Ақсайда көшесі бар Фокстың...
Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында Роджер Фокс атындағы көше пайда болды. Еліміздің өзге аймақтарындағы ағайындар «қазақтың қаласынан бір үлкен көшенің атын иемденген кім болды екен?» деп таң қалуы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында Роджер Фокс атындағы көше пайда болды. Еліміздің өзге аймақтарындағы ағайындар «қазақтың қаласынан бір үлкен көшенің атын иемденген кім болды екен?» деп таң қалуы мүмкін.
«Дәу де болса қазақтардың ортасында өсіп, қазақыланып кеткен шетелдік шығар. Марқұмның еліміздің егемендігіне қосқан үлесі мол болар, бір Алла жанын жаннатта қылсын» деп бет сипасатындар да табылар. Алайда дұға жасауға асықпаңыздар. Роджер Фокс дін аман. «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясының бас директоры болып шалқып жүріп жатыр. Үкіметтің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының» 3,2 тармақшасында «елді мекендер мен көшелерге қандай еңбек сіңіргеніне қарамастан, тірі кісінің аты берілмейді» деп жазылған екен. Және бір білетініміз, еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар есімі қайтыс болған соң кемі бес жыл өткеннен кейін ғана осындай құрметке ұсынылады. Былайша айтқанда, елді мекен, көше аттары пәленше мен түгеншенің бастамасы немесе ұсынысымен беріле салмайды. Көше атына лайық тұлға көпшіліктің пікірімен, жоғарыдағы айтылғандай, заң негіздерінде таңдап алынады. Бұдан мұндай мәртебені иелену қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ шамалап отырған боларсыздар. Ал біз білетін Роджер Фокс – қазақтың қара алтынын сүліктей сорып, алты құрлықтың ар жағындағы еліне тасып бітіре алмай жатқан адам. Оның Қазақстанға еңбегі сіңбек түгілі, «қазақ» деген ұлтты көргені кеше емес пе? Сонда ол мұндай құрметті көзінің тірісінде (елім деп еміреніп өткен, солай бола тұра, есімдері ескерусіз қалған ата-бабаларымыздың аруағын аттап өтіп) қалпағымен қалай оп-оңай ұрып алды? Сөйтсек, айды аспанға шығарып жүрген басқа емес, Бөрлі ауданының білдей әкімі Болат Шәкімов екен!
Әңгіменің қызығы алда. Жалғыз Шәкімов шешім шығарып, көшенің атын өзгерте салса, қариялар жағы «жазған баланы ненің шалығы ұрды екен?» деп жағаларын ұстар еді. Болат Шәкімовтің бұл ұсынысы Бөрлі аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтылып, оны барлық халық қалаулылары бір ауыздан қолдаса, оған не дерсіз?! Тіпті сол күні сессияға әлдеқалай себеппен қатыса алмай қалған депутаттар да бұл жаңалықты алақайлай қостап, аудан орталығына жеткенше шыдамай, аудан әкіміне ұялы телефондарымен SMS-хабарлама жіберіп, қолдайтындықтарын жеткізгенін естігенде, еріксіз ернімізді тістеуге мәжбүр болдық. «Апыр-ай, айы күні аманында бір емес, бір қауым депутатқа не болдыдан» басқа аузымызға сөз түспей, бұл жаңалыққа екі күн таңырқадық.
Болат Шәкімовтің қазақ біткеннің шырылдап жатқанында шаруасы жоқ, есебі түгел көрінеді. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы біздің қаламыздың көркеюіне? көп үлес қосты. Бұрынғы Заводская, кейін Жайық аталған көшені (Содан кейін Р.Фокстың атын иеленді) күрделі жөндеуді мойнына алады» деп отыр. «Ау, қаланың көркеюіне көп еңбек сіңірсе, Ақсайдың көшелері әлі жөнделмей, асфальты ойдым-ойдым болып жатқаны неліктен? Шетелдік компания қай көшені көркейтіп еді, көрсетіңізші?!» деп бір депутат сол сессияда қарсы сауал қойса, халық оған ертесінде-ақ (көзінің тірісінде) ескерткіш қояр еді. Бірақ ондай батыр ұл қайда бізге?!
Солай, екі-ақ шақырымды қамтитын көшеге күрделі жөндеу өткізеді деп, шетелдік компания басшысының атын бере салдық. Ал бір көше емес, бүтін еліміздің болашағы үшін терін төккен, жанын қиған ерлеріміздің есімі әлі күнге дейін ескерусіз қалып келеді.
Батыс Қазақстан облысы,
«Жас қазақ» газеті, №27, 10.08.2009