Ұйғыр ауданының атауын өзгерту керек, Бозымбаев мырза!
Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне Ұйғыр ауданының аты өзгеруі керек!
Бекжан Тұрыс, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:
- Рас, көпұлтты мемлекетпіз. Бірақ осы уақытқа дейін де айтылды, қаншама рет жазылды, әр облыста жаппай ұлт атымен аталатын аудан жоқ. Қазақ еліміз, көк түркінің ұрпағымыз, бірақ түрік ұлтымен аталған аудан жоқ. Олай болса, кеңестік кезеңді сөз етпей-ақ қоялық, кейінгі отыз жылда Ұйғыр ауданының атын өзгерте алмауымызға не себеп?
Жаппай дүрліккеннен құдай сақтасын, бірақ ұйғыр мен қазақ ішінара дүрдараз болып қалатыны да, оған біздің «мәртебелі» ҚХА-ның көп жағдайда үнсіз қалатыны да рас қой, рас! Енді, міне, тағы бір ескерткіштің эскизі сопаң етіп шығып, қазақтың намысына «сүйкеніп» өтті. Ештеңеге таңғалуға болмайтын кезеңде осы нұсқа өтіп кетсе не болмақ?
Жуас аттың шабынан түрте берсе, түбі бір теппей қоймайды, Мұқағалидың аруағы күңіренсе, Хантәңірдің етегіндегі тыныш жатқан ел де қозғалуы бек мүмкін! Бұл - жай болжам. Қазақтың санасын селт еткізетін болжам бірақ.
Облыс әкімі Қ.Бозымбаев осыны ескерсе, ескере отырып Тәуелсіздіктің 30 жылдығында орай (ұйғыр ағайын ренжи қоймас) еркіндік алған егемен қазақты қуантып аудан атын өзгертуге бел шеше кіріссе деген өтінішім бар. Өйткені осы мәселеге соңғы нүкте қойылатын да кез келді.
Ұйғыр ауданындағы балалардың өмірін саясиландырмайық!
Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері:
- Қарадала өңіріне гастрольдік сапармен жиі барамыз! Соның бірінде мектептің кішкентай ғана баласы маған сұрақ қойды. «Рамазан аға, Ұйғыр ауданының атын қашан өзгертесіз?...». Маған дәл осындай сұрақ қойылар деп ойламап едім. Әлгі бүлдіршіннің көзінде мөлтілдеп жас тұр. Ауданның атының ауысуын бесіктен белі шықпаған бала аңсаса, жетіскен екенбіз дедім іштей. Баланың көңілін алдап, шама-шарқымша жауап та бердім.
Тәуелсіз елде 30 жыл өмір сүріп, өз ата-бабамыз найзаның күшімен қорғаған жердің суын ішіп жүріп, сол балалардың балалық балғын шағын саясиландырып жіберу қаншалықты әділетті? Азат елде тұрып, ол баланың әлгі тілегін естудің қандай ауыр екенін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол күйді сезінген адам 30 жылдан бері ауданның атын ауыстырмай, қаншама ұрпақтың болашаққа деген сеніміне балта шапқанымызды шын түсінер еді.
Ұрпақтың санасына туыс этнос Ұйғырдың ауданында емес, қазақтың төл жерінде жүргенін сезіндіре алмасақ, мынау тәуелсіздіктің құны қайсы?
Кешелі бері Ұйғыр ауданының атауын Қарадала деп өзгерту керектігі жайлы мәселелер көтеріліп жатыр.
Мен бұл мәселені балаларымыздың балалық өмірін әрі қарай саясиландырмау үшін қолдаймын! Осы сөзім ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетуі үшін жазбамды бөлісіп жіберулеріңізді сұраймын!
Қарадала өңірінде ауданның атын өзгертуге қарсы адам жоқ
Жәнет Керімқұлов, Ауданның Құрметті азаматы, ҚР Білім беру саласының ардагері, Аудандық Мәслихат депутаты, «Ұрпақ парызы» ҚБ төрағасы:
- Құрметті Қанат Алдабергенұлы! Облысымызға басқан қадамыңыз құтты болсын!
Біздің ауданға ат басын бұра қалған жағдайда алдыңыздан шығатын алғашқы сұрақ: Ауданның «Ұйғыр» атын «Қарадала» деп, өзгерту жайында болатынына иманымыз кәміл. Иә, бұл өзгеріс не үшін қажет?
- Әуелі, сонау Сақтардан қалған салтымыздың салтанат құруы үшін.
- Ғұндардан қалған ғұрпымыздың ғұмырлы болуы үшін.
- Үйсіннен мұра үрдістің үкіленуі үшін.
- Түркіден тұмар тегіміздің тегеурінділігі үшін.
- Күні кешегі Алаш арыстарының армандарын Ақиқатқа айналдыру үшін, ең бастысы тарихи әділеттіліктің жүзеге асуы үшін қажет.
- Қарадала тұрғындарының болашақтағы кикілжіңсіз өмір сүруі үшін қажет.
- Жас ұрпақтың санасы жат пиғылмен ластанбауы үшін керек.
- Татулыққа таяқ лақтырғысы келетіндердің ауыздарына құм құю үшін қажет.
- Қордай қақтығысының қайталанбауы үшін қажет.
- Пенжім оқиғасының орын алмауы үшін қажет.
- Еліміздің еңселі, еріміздің белсенді, жеріміздің жемісті, ұрпағымыздың келісті болуы үшін қажет.
Ауданымызда бұған қарсы болатын пенде жоқ. Бұл іске қарсы болу Қазақ елінің Тәуелсіздігін, Егемендігін мойындамау деген сөз. Ондай жат пиғылды адамдарға біздің мемлекетімізде орын жоқ!
Меніңше, бұл істе биліктің бір ғана батыл қадамы жетеді. Озбыр орыстың 300 жылдық құлдығынан, сұрқия Советтің 70 жылдық жендеттігінен құтылған Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойын жеріміздің тарихи атауы Қарадаламен қарсы ала алмасақ оның несі Тәуелсіздік?!
Қадірлі Қанат Алдабергенұлы! Осы ұлт рухын жаңғыртатын киелі де қасиетті миссияны, тарихи Ақиқатты жүзеге асыру үшін Алла-Тағала біздің облыстың тізгінін сізге ұстатқанына сенімдімін.
Қамысты бос ұстасаң қолыңды тіледі
Ділдә Мамырбаева, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері:
- Құрметті Қанат Алдабергенұлы! Жетісудың төріндегі қызметіңіз құтты болсын! Тілектеспіз! Біз Сізден осы күнгі сұрайтын алғашқы сұрағымыз: «Ұйғыр ауданының аты қашан өзгереді?»
Амандық Баталовтың мемлекет халін, көпшіліктің осы тілегін ескермей кеткені өзіңізге мәлім. Сондықтан осы өңірге келер алдында бұл сұрақтың алдыңыздан шығарын біліп, жауабын жұптап келген боларсыз. Қалай дегенмен де саясаттың құдығынан су ішіп жүрген адамсыз ғой.
Көп тілегі, наразылығы осы күнге дейін неге ескерілмей келеді? Ел тыныштығын, ұлт араздығын қоздырмайын десеңіздер мұны пышақ кескендей тыйып тастауға болмай ма? Не бөгет? Не саясат, не идеология?
Орынды жауап неге берілмейді? Айтылған сөз, тілек неге құрдымға кетіп жатыр? Бұл тілекті орындаудың дәл қазір уақыты келіп, кезі жетіп отыр. Қамысты бос ұстасаң қолыңды тіледі, саясаттағы бостық ұлттың жүрегін тіледі.
Қолыңызда билігіңіз бар кезде, ортаңызға сөзіңіз өтімді боп тұрған шақта ел тілегін орындамау ұятты іс болады. Істі сөзбен жаппайық. Айтқанымыз азаматтың, халық қызметшісінің мойнына аманат!
Abai.kz