АСЫЛНҰР ОРЫНБЕК. МАШИНА ЖАСАУ МАШЫҚТЫ КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫ
Тарихы сонау 1936 жылдан тамыр тартатын «Оңтүстiк Қазақстан машина жасау зауыты» акционерлiк қоғамы бүкiл өндiрiс орындарының басынан өткен дағдарысты 1998 жылы-ақ сезiнген-дi. Содан тапсырыс та, сұраныс та азайып, 2000 жылы жұмысы тоқтаған едi. Бiр кездерi үш ауысыммен жұмыс iстейтiн iргелi кәсiпорынның төрт мыңға жуық жұмысшысы сөйтiп амалсыздан қол қусырып қалған-ды. Бұрынғы экономикалық байланыстың жiбi күрт үзiлгенi тағы бар. Әйтеуiр, тiрлiктiң қиюы қашты. Ғұмырын осы кәсiпорынмен тығыз байланыстырған жұмысшылар отбасыларын қалай асыраудың қамымен сарсаңға түстi. Қалай десек те, қиын кез едi ғой...
«Қалауын тапсаң, қар да жанады». Жаңа ғасырдың жаңа лебi зауыттың тамырына ептеп-ептеп қан жүгiрте бастады. Баяғыдай емес, өндiрiсте замана талабына сай сiлкiнiс сезiледi. Осылайша, серпiндi өзгерiстерге түрен салған бiлiмдi, бiлiктi жас мамандар кәсiпорын тiзгiнiн қолға алғаннан бергi уақытта сең қозғалғандай болды. Бұл орайда, әдеттегiдей зауыттың бұрынғы тiсқаққан, тәжiрибелi маман-жұмысшыларына үлкен сенiм артылыпты. Осыларға үмiтпен қараған басшылар қазiр таңдау мәселесiнде қателеспегенiн жасырмайды. Әрине, тәжiрибелi мамандардың қасына жас жұмысшыларды қосып үйрету, еңбекке баулу да өзiнiң дұрыстығын дәлелдеген. Соның арқасында мамандардың мықты буыны қалыптасып келедi.

- Қол қусырып отырғанымыз жоқ, - дейдi бiзбен әңгiмесiнде акционерлiк қоғамның бас директорының коммерция және маркетингтiк қызмет жөнiндегi орынбасары Мақұлбек Тұрғанбеков, - әсiресе, бiзде жасап, шығарылған тұрмыста, өндiрiсте кең қолданылатын 200-ден 6000 литрге дейiн су құятын пластмассалық ыдыстар, жолға қойылатын кедергiлер, тұрмыстық қалдықтарды салатын контейнерлер, дизельдi және электрлi СНП-500/10 сорғы стансасы (бұрындары Араб елдерi мен Түркiменстанда кең қолданылатын), мақталы аудандарға арналған сыйымдылығы 3 тонналық ВУ-3А-2 су тасымалдап, тарататын агрегатқа сұраныс әжептеуiр. Мәселен, қазiрге дейiн жоғарыда атап өтiлген су сорғы стансасының 25-i Мақтаарал, Отырар аудандарында өз иесiн тапты.
Кәсiпорын ұжымы бұдан бөлек КШК-30 шахталық құдықты ұңғылау және құдықтарды тазалауға арналған ОШК-100 қондырғы жабдықтарды, ВЛМ -100 су көтергiшiн, өртке қарсы қолданылатын әмбебап тiркеменi шығарумен айналысып жатыр екен. Әсiресе, диқандар қауымына ыңғайлы, тиiмдi, егiстiк басына қойылатын УПП-3 үш тонналық автономдық жартылай тiркемелi техника таптырмайтын, былайша айтқанда, «iздегенге сұраған» агрегатқа ұқсайды. Бас директор орынбасарының сөзiне қарағанда, «ОҚМЗ-нiң» ұжымына облысымыздың өзiнен былтыр әлгiдей техникаға 47 тапсырыс түсiптi. Ақмола, Қостанай облыстарынан да техникаларға сұраныс басым екен. Мұндай агрегаттардың бағасы 800 мың мен 1 миллион теңгенiң аралығында. «Бұлар бiздiң бренд!» дейдi машина жасаушылар.
Тұрғанбековтiң түсiндiруiнше, қазiр зауытта су шаруашылығына арналған реттегiштер де үлкен сұраныс тудырып отырған сияқты. Мұндай құрылғы ағынсудың «құлақтарына» қойылып, ашып-жабуға, реттеп отыруға өте ыңғайлы екен. Кәсiпорында қазiр жұмыс iстеп жатқан (екi ауысымда) бес цехтың еңбек ұжымы межелеген тапсырманы оңтайынан шешуге ұмтылған.
- Қазiр алға қойылып отырған индустрияландырудың бiр талабы - өндiрiстi қайта жарақтандырып, модерлендiру. Биыл Беларусь елiне сапарлап барып, атақты «МАЗ»-дың базасында халық шаруашылығына қажеттi мәшинелердi жасап, шығарудың жаңа үлгiлерiмен танысып қайттық, - деп сабақтады әңгiмесiн Мақұлбек аға.
Өндiрiстiк база демекшi, зауыт жанындағы индустриялды-инновациялық колледжде екi жылдан берi 400-ге жуық шәкiрт бiлiм алуда. Олар оқуын тәмамдаған соң аталған кәсiпорынға маман болып жұмысқа орналасады. Колледждiң 200 орынды жатақханасы, мәдениет сарайы бар. Оқу орнын бiлiмдi, бiлiктi, талапшыл басшы Нұргүл Нұрекенова басқарады. Қайсы мәселеде болсын акционерлiк қоғамның басшыларымен қоян-қолтық жұмыс атқаруға құмбыл.
- «Ақбұлақ» бағдарламасына сай судың сапасын анықтайтын жабдықтарды жасап, шығару қолға алынды. Бұл жөнiнде арнайы сертификатымыз бар. Агрегат судың құрамындағы металдың мөлшерiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Жалпы, бiзде барлығы стандартқа сәйкес жасалады, - деп сөзiн түйiндедi М.Тұрғанбеков.
Зауыттағы 35 адамнан тұратын инженер-техник қызметкер қашанда өндiрiстi ұйымдастырудың жаңа қырына, тың сипатына үнемi ден қойған. Жақында сыйымдылығы 6 тонналық су құятын 37 арнайы ыдыс Қарағанды өңiрiндегi жылыжайларға жөнелтiлiптi. Әрқайсысының құны - 148 мың теңге. Бүгiнде жұмысшылардың айлық жалақысы екi еселенiп, 80 мың теңгеге жеткен. Тапсырыс берушiлермен екi ортадағы келiсiмшарт кестеден ауытқыған емес. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр - iс тетiгiн кадр шешедi. Айтпақшы, кадр дегеннен шығады, зауыт басшылығы Сайрамдағы балалар үйiндегi 3-4 жеткiншектiң бiлiм алуына, маман атануына демеушiлiк жасап жүр. Бұл-дағы келешек көкжиегiнiң оралымды тiрлiкпен, үкiлi үмiттермен астасып, қабысып жатқандығын дәлелдейдi.
Сайрам ауданы.
«Абай-ақпарат»