Арман Қани. Ұлт туралы ой толғау
Бостандық сүйгіш бодан елдер тарихы – ұлт азаттық көтерілістер мен қозғалыстар тарихы. Қазақстанның бодандық дәуірі негізінен егемендікке ұмтылған елдің қаһармандығы мен ерлігін сипаттайтын тарихи оқиғалармен баяндалуға тиісті.
Ұлт туралы ой толғау
Бостандық сүйгіш бодан елдер тарихы – ұлт азаттық көтерілістер мен қозғалыстар тарихы. Қазақстанның бодандық дәуірі негізінен егемендікке ұмтылған елдің қаһармандығы мен ерлігін сипаттайтын тарихи оқиғалармен баяндалуға тиісті. Ал біз Тәуілсіздіктің құны мен парқын ұрпағымыздың білуі үшін санамызда ұялаған, зердемізде жазылған заман, қоғам, ұлт жайындағы ой толғауларды солардың қаперіне салуға тиіспіз.
Өйткені біз...
Өз атамекенінде барлығынан айрылған, ең ақырғы үміті де өлтірілген могикандардың соңғы тұяқтары емеспіз, алмағайып замандардан аман өткен ұлттың қолында қалған бір уыс жебедей, Алаштың ұлтшыл ұрпағы едік!
Біз, біз, біз едік!..
Баһадүр бабалардың беркініп келген ата жауға ақ найзаның ұшын, ақ білектің күшін қайрат қылып, қарама-қарсы атойлап шапқан шақтарын, қала берді жау қоршаған бекіністе ұлт намысын желбірете көтеріп, қасқиып тұрған кездерін жадымызға тоқыған ұрпақ едік біз! Айбарлы аталардың ұлық бастары дар тұзағында салбырап тұрған, жақ сүйегі жаңғырыққа төселіп жатқан, қарақұсынан қан ытқып кеткен мезеттерді де ұмытпаған буын да біз едік!
Бостандық сүйгіш бодан елдер тарихы – ұлт азаттық көтерілістер мен қозғалыстар тарихы. Қазақстанның бодандық дәуірі негізінен егемендікке ұмтылған елдің қаһармандығы мен ерлігін сипаттайтын тарихи оқиғалармен баяндалуға тиісті.
Ұлт туралы ой толғау
Бостандық сүйгіш бодан елдер тарихы – ұлт азаттық көтерілістер мен қозғалыстар тарихы. Қазақстанның бодандық дәуірі негізінен егемендікке ұмтылған елдің қаһармандығы мен ерлігін сипаттайтын тарихи оқиғалармен баяндалуға тиісті. Ал біз Тәуілсіздіктің құны мен парқын ұрпағымыздың білуі үшін санамызда ұялаған, зердемізде жазылған заман, қоғам, ұлт жайындағы ой толғауларды солардың қаперіне салуға тиіспіз.
Өйткені біз...
Өз атамекенінде барлығынан айрылған, ең ақырғы үміті де өлтірілген могикандардың соңғы тұяқтары емеспіз, алмағайып замандардан аман өткен ұлттың қолында қалған бір уыс жебедей, Алаштың ұлтшыл ұрпағы едік!
Біз, біз, біз едік!..
Баһадүр бабалардың беркініп келген ата жауға ақ найзаның ұшын, ақ білектің күшін қайрат қылып, қарама-қарсы атойлап шапқан шақтарын, қала берді жау қоршаған бекіністе ұлт намысын желбірете көтеріп, қасқиып тұрған кездерін жадымызға тоқыған ұрпақ едік біз! Айбарлы аталардың ұлық бастары дар тұзағында салбырап тұрған, жақ сүйегі жаңғырыққа төселіп жатқан, қарақұсынан қан ытқып кеткен мезеттерді де ұмытпаған буын да біз едік!
Біз бір ұлттың ар-намысын аспанға көтерген толағай тұлғалардың еңселері Итжеккен жақта бөрене сүйретіп жүріп еңкіш тартқанын, я көк түрік ұрпағын көкбөрі еркіндігіне үндеп, азуын айға білеген көкжал жүректі жігіттердің түрмелер мен жындыханалардың темір торларын қарш-қарш шайнап, ақыры қан құсқанын біліп өскен ұрпақ едік!
Біз, біз, біз едік!..
Бодандықтың бұлағай түндерінде батырлардың мазары үстіндегі ширек айға көз тігіп, барар бағытымызды анықтаған едік, ұлттық сананы да сол жаққа бағыттамақ едік...
Енді Еліміз Сақ жауынгері тұлғасындағы заңғар Тәуелсіздік монументіне асқақ зер салып, болашағын айқындаған кезеңде, күні ертең ізімізді басар, ісімізді жалғастырар, орнымызда қалып жоқтығымызды білдірмес деп, өрендеріміздің тұлымшағына үкілі үмітімізді байлаған ұрпақ едік біз!
Әлмисақ дәуірінде төрткүл дүние тәжім еткендей ұлы мемлекеттілігімізге деген ұлы сағынышымыздың сыр сипатымен танысып, «арман-ай» қиял құндылығымызды күндердің күнінде ақиқатқа айналдыруға ұрпағымыз талап қылса, біздің ой толғауымыз солардың қажетіне жарап қалуы мүмкін-ау деп, толғанысты күй кешкен әрі сардар, әрі абыз жыраулардың жұрағаты да біз едік.
Енді аруана арманымызды ерттеп мініп көр түнек кезеңдерде кеудеміздегі ұлттық рухты лебімен үрлеп тұтатқан Алаш жұртына, Көк түрік қағанатына, ғұндар мен сақтар еліне ай маңдайымызды қаратып, соңымызға да қайрыла бір қарап, сар желіспен қыр асып бара жатқан аға буын да біз боламыз...
***
1937–1938 жылдары идеология мен заңнама салаларында қолданылған «халық жауы!» деген сөздің зілі 1950 жылдардың ортасындағы хрущевтік «жылымық» кезеңінде жеңілденіп сала берді.
Сол кезеңде Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды марқасқалардың әз есімі кеңестік қарғыс таңбасынан аршылып алынды. Әдебиет оқулығына енгізілген Бейімбеттің жансыз бейнесінде езуіне үйірілген сәл жымию нышаны байқалады. Сірә, ол да, өзге арыстар да мынау жалғанның тозағы абақты азабынан тезірек құтылу үшін ажалды аса ынтық, ықыласты сезіммен асыға күтіп, Әзірейіл періштені көрген ақтық сәтінде дәл солай жымиса керек...
Сталиндік жаппай жазалау құрбандары ұрпақтарының кейбірі атылған немесе айдауда өлген ата-анасы үшін кейін өтемақы алған көрінеді. Кеңестік билік коммунистік қоғамнан өгейлік көріп өскен сол жетімдерге жәрдемақы емес, өзі өлтірген әке-шешелері үшін өтемақы төледі. Бұл – қатығездік пе, әлде қайырымдылық па?..
Ал «Ұлтшылдық» сөзі ұлы державалық ұлттық саясатты жүргізушілердің құбыжық саяси мән артуы салдарынан «халық жауына» қарағанда зәрлі әрі зілді қасиетке ие болды. Сөйтіп, ұлтшылдар қоғамға аса қатерлі қандыбалақ қылмыскерлерден де қауіптірек деп танылды. Жазалаушы органдар ұлтшыл ретінде күман келтірген кез келген жеке тұлғаны, тұтас ұжымды, я ұйымды қолма қол құртып жібере алатын, аяушылық қылса 15–25 жылға жер аударатын!
Осылайша, халқымыздың ұлттық діліне күйрете соққы берілді, ұлттық рух жарымжан күйге түсірілді, ұлттық санаға үрей орнықтырылды. Соның өзінде «ұлтшыл!» сөзінің уыты аздай, оған тағы бір улы сөзді қосарлап, «ұлтшыл-фашист!!!» деген жаңа сөзді ойлап тапты. Фашистерді өмірінде көзі көрмесе де, әлгі сөз өзіне қаратыла айтылған сәтте-ақ қазақ зиялыларының қайсы болса да қара басының қайғысын тарс есінен шығарып, үрім-бұтағының тағдыры үшін аһ ұрып күңіренген көрінеді...
«Халық жауына!» қоса «ұлтшыл!!!» деген нәлет айыптауды арқалап келмеске кеткен Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім секілді ұлттың рухани көсемдерінің, ұлттық ой-сана иелерінің ар-намысын ақтау оңайға соқпады. Ата халық, Ел Ана өзі дүниеге әкелген айбоз ұлдарының өмірін сақтай алмағаны үшін іштей бір егілсе, абыройын ақтап ала алмай және егіліп, екі көзін төрт қылып Кремль жаққа телмірді.
Бірақ «ұлтшылдық» ұғымы жанкештілігін танытып, айыптау хаттамасынан түспей-ақ қойды!
КОКП ОК 86-ның қанды Желтоқсанында намысты ұлымызды айдарынан, мінезді қызымызды тұлымынан сүйреткізіп, жігерлі жігітімізді айдауға салып, айбынды ерімізді абақтыға қаматқызып, қылмаған істі қылса да, көңілі көншімей, Желтоқсан оқиғасын «Қазақ ұлтшылдығының бас көтеруі!» деп бағалап, тұтас бір халықтың маңдайына «ұлтшылдықтың» қара таңбасын бір-ақ басты! Сөйтіп, компартия Қап тауынан Қазақстанға жер аударылған ұлттардың азапты тағдырын қазақтардың есіне түсіріп, Желтоқсан алаңындағы қазақ жастарының қаны шашыраған тарих беттерін «ұлтшыл!», «ұлтшылдық!» деген қара бояулы сөздермен баттастыра бояп тастағысы келді...
***
Бодан елдердегі ұлт қаһармандары, ұлтшыл күрескерлер, тіл жанашырлары топтарының тағдыры – нартәуекел мен қатерге толы тағдыр. Қазақстанда патшалық Ресей империясы заманында ұлттық саяси-қоғамдық күштердің көсемдері мен көрнекті өкілдері ел бастаған хан, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, би, жырау, жыршы тұлғасында, кеңестік империя кезеңінде көтерілісші сардар, шығармашыл зиялы, ғұлама ғалым, оқымысты педогог, тіпті студент бейнесінде тарих сахнасына шықты.
Кенесары хан, Бекболат Әшекеев, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Ермұхан Бекмұханов, Бүркіт Ысқақов, Мұрат Әуезов, Қасен Қожа Ахмет, Қайрат Рысқұлбеков...
Бұлар бір-бір буынның бір-бір белгілі өкілі ғана. Қайсы бірін айтайық... Ал ерлігі де, есімі де ел есінде сақталмаған, сүйегінің қай жерде қурап қалғаны да белгісіз ұлтшыл күрескерлер қанша? Ақ патша жандаралдары мен қызыл комиссарлар құрбандыққа шалған боздақтардың ақ берен ерлігі, қасіретті қазасы және әлгі жаналғыштардың қылмыстары халықтың тарихи жадынан көбіне өшіріліп тасталды. Солай бола тұра, ұлт қаһармандары мен ұлтшыл күрескерлердің рухтары із-түссіз жоғалмағанын, біздің ұлттық рухымызбен бірге жасайтынын біз өздігімізден түйсінеміз.
Қазақ даласындағы «ұлтшыл» сөзінің ызбарынан ығысып шығып, жылыстап жүріп шалғайға жетіп, туған жерінің көк түтінін аңсаумен шарасыз ғұмыр кешкендер де аз емес. Болашақ ұлы тұлғалар Әуезов пен Сәтбаев отаршыл қызыл империяның ғылым, білім, мәдени орталығы, орыс ақсүйектері мен зиялыларының атақаласы Ленинградтың өзіне жетіп, ондағы елге күйеу болған соң, біржола орнығатын сыңай танытқаннан кейін ғана «ұлтшыл» деген ызың сөзден құлағы тынышталса керек.
Мұхтар мен Қаныш сөйтпесе, қаймана қазақ елі мен қазақтың сайын сахарасы әлемге танылар ма еді? Шыңғыстау баурындағы Жидебайдан басталған Абай жолы жаһанның шырқау шыңдарынан көрінер ме еді? Болмаса, «Қалың елім, қазағым, қайран, жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» –деп, бодан халқына жүрегі ауырып, сосын шарасыз «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» – деп, ұлтына қалжыраңқы үнмен тіл қатқан ұлы ақынның тұлғасы Шыңғыстаудың құпия сырға толы бір құзарты тәрізді болып қалар ма еді, кім білсін.
Сәтбаев дүниеге келгенде ұлттың ұлы перзенттері туатын қасиетті Баянауыл баурайындағы Ақбет таудың сіңлісі Ақкелін шыңның тас емшегі иіп, ғарыштағы белгісіз жұлдыздың сәулесіне малынған екен. Осы айрықша құбылысқа Әлима ана (кейін еркелетіп Қаныш деп атаған) Ғабдул-Ғани сәбиге айрықша қасиет даритынын сезіп: «Я, Жаратқан ием, бұл менің ұлым емес, ұлттың ұлы екен, «кәпірдің қаламынан сақтай гөр!» – деп жалбарыныпты. Көк Тәңір ана тілегін қабыл алып, ұлттың ұлы перзентін ұлтшылдарды жаппай қырып-жою науқанынан сақтап қалған деседі...
Ал Ғабдул-Ғани туғанда ғарыштан көрінген жұлдыз кейін «Сәтбаев жұлдызы» атаныпты.
***
Езгідегі ел бертінгі кезеңде өткенге салауат айтып, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, шығармашыл зиялыларға, тіпті әскерилерге де үмітпен зер салды, ұлт қамын ойлайды-ау дегендеріне көз тоқтатты.
Қазақстанның Тың өлкесі атанған бес облысы Ресей Федерациясының құрамына өтіп кету қатері төнгенде ел назары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабай Тәшеновтың заңғар тұлғасына ауды. Құрекеңнің (Хрущевтің) ұсынысына қарсы пікір білдіргені үшін Ж. Тәшенов Үкімет Үйінен қуылып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасы орынбасарының кабинетінен бір-ақ шықты. Ол сөйтіп, бодандық кезеңінде қазақ елінің, Қазақстан жерінің біртұтастығын сақтап қалу арқылы ұлттың болашақ тәуелсіз мемлекеттілігінің іргетасының қалануына өз үлесін қосып кетті. Жұмабай Тәшеновтың ерлігінен рухтанғанымен, тағдыр-талайы үшін қапаланған халық рухани күйзелісті де бастан өткерді.
Сондай кезеңде ел назары өзгелерден мінез-құлқы айрықша Бауыржан Момышұлының ерекше болмыс-бітіміне тоқталды. Іле батырдың бейнесі ауызекі әңгімелерде жұртшылықтың қиялындағыдай әсірелене суреттеліп, Баукең ұлт намысы сынға түскен сәттерде кеңестік заңға бір-ақ түкіретін көзсіз ердің кейпінде көрінді.
Мысал: «Майданда қазақ жауынгерін «Налево!», «Направо!» деген орысша бұйрықты түсінбегені үшін атып тастаған орыс командиріне Бауыржан Момышұлы қаһарына мініп жетіп келіпті де: «Оңға!», «Солға!» деп ақырыпты. Қазақша түк ұқпайтындықтан бұйрықты орындамаған әлгіні Баукең орыс-қазағы аралас солдаттардың көзінше тапаншасымен қақ жүректен атып салыпты. Осылайша бір қазақтың кегін қайтарған ол кілт бұрылып өз батальонына кете барыпты».
Осы аңызды бала кезімізде шындық ретінде қабылдадық. Ол расында да, жаугерлік интернационализм тегеуірінінен ұлттық намысымыз сыр бере бастаған коммунистік қоғамда ұлтшылдық мінез-құлқымен ерекшеленді және осы қасиетінің арқасында өзгелерден айрықша дараланып көрінді. Кеңестік ең жоғары атақпен марапаттауға әбден лайықты жауынгерлік ерлігі ұлтшылдарды сүймейтін коммунистік қоғамда елеусіз қалдырылды, бірақ соның өзі Бауыржанның беделін биіктете түсті. Кеңес Одағы Батырларының бір де бірі дәл Б. Момышұлындай аңыз қаһарманы дәрежесіне көтеріліп, халықтың махаббатына бөленген жоқ!
Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабында неміс басқыншыларынан Мәскеу қаласын ерлікпен қорғаған қазақстандық батальон командирі, панфиловшы офицер Бауыржан Момышұлының қаһармандық тұлғасы шынайы сомдалған. Дегенмен, одан гөрі аңыздағы ұлттық батыр Баукеңнің бейнесі бізге жақынырақ көрінеді. Өйткені, сондай батырларымыздан айрылып қалып аңсаулы күй кешкен ұлт едік біз.
<!--pagebreak-->
***
Бодандық дәуіріндегі ұлтсыздандыру саясаты зардабынан әлі толық айықпаған біздің халық үшін ұлтшылдық ауадай қажет, қоғам да ұлтшылдарға мұқтаж. Мемлекеттілігіміздің баяндылығы үшін болашақта да ұлтшыл күрескерлер керек. Әуелде алуан түрлі келімсек ұлттар өкілдері байырғы жергілікті тұрғындарды қырғынға ұшыратып, азаматтық қоғам орнатқан, кейін ұлттық санадан біржола айрылған АҚШ сияқты елдер ғана ұлтшылдарды қажет етпейді, ұлтшылдықты тудырмайды.
Ұлтшыл күрескерлер санатына ұлтын жан-тәнімен сүйетін, ұлт тағдыры үшін басын бәйгеге тігетін, ұлттық кемсітушілікке төзбейтін, ұлттық проблемаларды шешуге қажыр-қайратын сарқа жұмсайтын азаматтар жатады. Ұлтшыл зиялылар ұлтты өркениетті елдердің деңгейіне көтеруді көксейді.
Ұлтшылдар өз ұлтын сүю арқылы өзге ұлттарды да сүйеді әрі бүкіл адамзатты ардақтайды, шовинистермен, нигилистермен ымыраға келмейді. Қазақстандағы этникалық топтардың тарихи Отандары, мемлекеттері бар екенін және мәдениеті, діні, өзге де ұлттық құндылықтары сол елдерде толық сақталғанын ескере отырып, Қазақстанның көпэтносты, көпконфессиялы қоғамға айналуын құптамайды. Сондай-ақ қазақ ұлтының саны аздығын ескере отырып, көппартиялық қазақтардың саяси ұстанымдары бойынша жіктелуіне әкеп соқтырады деген байыптауға басымдылық беріп, ұлттық демократияға құрметпен қарайды.
Ұлтшыл зиялылар рушылдық пен жершілдік деңгейіндегі топтық сананың ой-санасын ұлттық сана деңгейіне дейін жоғарылатуда жетекшілік рөл атқарады; әр азаматтың бойында қазақстандық патриотизм, отаншылдық, мемлекетшілдік, ұлттық ар-намыс, ұлттық мақтаныш қасиеттерін қалыптастыруға, сол арқылы қоғамдық сананы жаһандану дәуірін тас-түйін қарсы алуға дайындау тәрізді игі істерді жүзеге асыруға ұмтылады. Қандай да бір әлеуметтік топтың, не саяси құрылымның мүддесін ғана жақтаушыларды ұлтшылдар санатына қоспайды.
***
Қазақстандағы қазіргі тәуелсіздік жағдайындағы дәстүрлі ұлтшыл күрескерлер билік пен оппозицияның ортасында бекінеді. Олар қауымдасып та, жеке-жеке де әрекет етуде. Дегенмен ұлтшыл ұйымдар, топтар, жеке тұлғалардың көзқарастары да, күрес тәсілдері де бір-бірінікімен сәйкес келе бермейді. Бірі билік пен оппозицияны қоса сынаса, енді бірі биліктің, екіншісі оппозицияның қас-қабағын қарайлайды. Бірақ бәрінің көздегені жалғыз мақсат: ұлттық мүддеге қол жеткізу. Өзге ештеңе емес! Баяғы заман сөзімен айтсақ, құндыз бөрік, оқалы ішік, қамқа тон емес, бүгінгіше сөз саптасақ, жоғары лауазым, атақ пен байлық емес.
Өйткені олар ұлт тағдырын өз тағдырынан, ұлттық құндылықтарды жеке бастың материалдық игілігінен жоғары қояды және керісінше көзқарастағы шенеуніктерді мейлінше ұнатпайды, осы себепті тартысты жағдайда жанкештілікпен ғұмыр кешуде.
Батысшыл демократтардан ұлтшыл демократтардың елеулі айырмашылығы бар: қоғамда түбегейлі саяси өзгерістердің болуын көздемейді, заңнаманы ұлттық мүддеге сәйкес жетілдіруге қол созады, демократияның батыстық, америкалық үлгілерін Қазақстанда орнықтыруды емес, ұлттық демократияны қалыптастыруды қалайды.
Дегенмен олар Қазақстан тәрізді бұрынғы бодан елдер: Балтық бойы мен Кавказ республикаларындағы, Украинадағы ұлтшыл патриоттар тәрізді АҚШ және Батыс елдеріндегі демократиялық ұйымдармен тығыз байланыс орнатпайды. Осы себепті, қазақ ұлтшылдарына билік тарапынан қысастық жасалса, адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымдардың және шетелдік демократтардың араша түсуі неғайбіл.
Ұлттық оппозиция билікке жау емес, бірақ ортақ мәмілеге келуі қиын. Ұлтшылдар бірлестіктерінің саны көп те, сапасы біркелкі емес, шетелдерде қолдаушылары аз, саяси-идеологиялық орталығы жоқ, қаржылық-материалдық көмекке зәру. Осындай жоқшылық пен тапшылық салдарынан ұлтшылдар саяси-құқықтық кеңістіктен тысқары әрекет етуге ырықты-ырықсыз түрде баруы мүмкін, теріс пиғылдағы шетелдік саяси күштердің қаржылық-моральдық қолдауына арбалып, ықпалына түсіп қалуы немесе саяси оппозицияның жетегінде кетуі де ықтимал. Қазақстандық қоғамнан ұлтшылдықты аластауға ұмтылу – ұлттық сананы тұншықтыруға, қазақ халқының ұлттық қорғаныс қабылетін әлсіретуге, сөйтіп біртұтас мемлекеттің түп тамырына балта шабуға әрекеттену болып табылады.
Ұлттық оппозициясы жоқ қоғам – ұлттық идеясы бұлдыр, өзіндік болмыс-бітімі солғын, ұлттық, діни, саяси, идеологиялық, мәдени әртектілігі мен саналуандығы басым, болашағы күманды қоғамға айналады. Жаһандану дәуірінде қазақстандық қоғамдағы әртекті діндердің, мәдениеттердің бір-бірімен әлсіз байланысы шетелдік қуатты өркениеттердің «шабуылынан» үзіліп, мәні мен пішіні елеулі өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Біздің халық осындай қатер барын түйсініп, өз болашағын ойласа ұлттық ой-сананы дамытушы ұлтшыл зиялыларға үміт артуға, сенім білдіруге және қолдау көрсетуге тиісті.
***
Жеті атамыз армандап өткен, тек біздің буын қол жеткізген Тәуелсіздік кезеңінде де тағдыры сергелдеңге түскен ұлтшыл патриоттар бар: Жасарал Қуанышалин, Айсұлу Қадырбаева, т.б. Ерлі-зайыпты екеуі демократтар мен коммунистердің бір-бір бөлігі біріккен оппозициялық саяси күштер блогына енген екен. Бір отбасындағы екі бірдей ұлтшыл күрескер шовинистер мен нигилистер де енген құрама құрылымның сапында жүріп ұлтына нендей жақсылық істей алады деген сұрақ туындайды.
Түрлі ақпарат деректеріне қарағанда, Алаштың қос азаматын тар жол, тайғақ кешуге итерген Ақтөбе облысының бір кездегі әкімі Имантаев дегеннің тегеуіріні сияқты. Бірақ Жасарал мен Айсұлуды айтпасақ та, соңғы жылдары радикалдық ұстанымдағы саяси күштердің құрамына қосылған ұлттық оппозицияның аймақтардағы өкілдерінің қарасы көбейді. Бұл құбылыс – аймақтардағы жергілікті биліктің қоғамдық-саяси бірлестіктермен жұмыс істей алмауының және оларға қарсы кеңестік кезеңдегі әкімшілдік-әміршілдік басқару әдісін қолдануының салдары.
Бірпартиялық қоғамдағы жұмыс істеу тәсілі қанына әбден сіңіп кеткен бұрынғы партшенеуніктердің қазіргі саяси, идеологиялық саналуандылық танылатын демократиялық, зайырлы қоғам орнықтыру кезеңінде, әсіресе идеология саласында жауапты лауазымды қызмет істеуі өте қатерлі! Өйткені олар биліктің беделіне, Елбасы саясатының мән-маңызына көлеңке түсіріп, ұлтшыл күрескерлерді өздеріне де, билікке де қарсы қояды және өз ісінің қате әрі қатерлі екенін түсінбейді.
Идеология саласында оппозицияның кез келген түрін билікке балама саяси күш ретінде халық үшін қызмет етуге тарта алатын жоғары білікті идеологтар істесе ғана қоғамда саяси тұрақтылық, ұлтаралық ынтымақ, азаматтық келісімнің баяндылығын қамтамасыз етуге қолайлы ахуал орнайды. Ал әзірше билік пен радикалды оппозиция қарым-қатынасында мәдениеттілік деңгейі жоғары емес, сезім ауанымен бірін-бірі кіналау басым, демек, іскерлік байланыс жоқтың қасы.
***
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дағдарыс құрсауында қалған кезеңде негізінен этникалық топтар арасында «Тәуелсіздік бізге не берді?!» деген өткір сұрақты төтесінен қою арқылы теріс қоғамдық пікір тудырып, тарих дөңгелегін кері айналдыруды көксегендер бой көрсетті. Олардың дені кеңестік тоқшылық кезеңді, біртұтас орталыққа бағынған империяны және Қазақстан халқы ортасындағы орыс диаспорасының «ағалық» орнын жоқтап, тәуелсіздігімізді мойындағысы келмейтіндер еді. Осындай пиғылдағы шағын топтар қазақ халқының ұлттық мұрат-мүддесіне кереғар келетін үгіт-насихат жүргізіп, іс-әрекеттер ұйымдастыруға дейін барды.
1992 жылы, Орал қаласында жергілікті сепаристер мен ресейлік атаман Мартынов бастаған казак жасақтарының сәтсіз аяқталған маршы, одан кейін Шығыс Қазақстанда орыс автономиясын ашуды көздеп, тапанша және аңшының мылтығымен қаруланған «ХХ ғасырдағы қазақстандық Пугачев» – Казимирчук тобының жүзеге аспаған «көтерілісі», 2004 жылы Павлодар облысындағы сайлау округынан Парламент депутаттығына кандидат болып тіркелген Петр Своиктың сайлаушылар қабылдамаған сайлауалды бағдарламасындағы Қазақстан мен Ресей азаматтарына қосазаматтық құқық беру, шекараны мейлінше ашық қылу, орыс тілі «проблемасы» жөніндегі жобалары қазақтардың ғана емес, жалпы қазақстандықтардың мұрат-мүддесіне кереғар келді.
Оларды былай қойғанда, халық қалаулыларының Парламент депутаттығына ұлты қазақ үміткерлердің орыс тілін білуі жеткілікті, қазақ тілін білуі міндетті емес, – деген сыңайдағы бап жобасын қолдауы жұртшылық арасында Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің қолдану аясын тарылтуға талпыныс тәрізді қабылданды.
Біздің бір топ жерлесіміздің Павлодар қаласының негізін патшалық Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланғанын 1990 жылы – 170 жыл, 2000 жылы – 180 жыл толуын салтанатты мерейтой ретінде тойлау жөніндегі аяқсыз қалған талап-тілегі егемен елдігімізді құрметтеудің нышаны болып табылмайды. Сондай-ақ 2001 жылы, Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында жергілікті тәуелсіз «Новое время» газетінің бірнеше санында (№23–27, 6 маусым – 4 шілде) «Был ли Казахстан российской и советской колонией?» атты көлемді мақаланың жариялануы да Тәуелсіздікті құрметтеудің белгісі емес. Отаршыл Ресей императорының ұлы, патшазада, генерал Павел Романовтың құрметіне қойылған Павлодар атауын қандай да бір ғылыми, саяси негізсіз қорғаштап, осы жердің байырғы тарихи атауы «Керекуді» қайтару жөнінде ұсыныс жасаған ғалымдарды әтешке теңегендей «Хватить кукарекать!» деп, әжуалап, келеке қылған бұл басылымға тағы бір тәуелсіз басылым «Городская неделя» және тәуелсіз сайт «www.pavlodar.gn.kz» үн қосуда.
Соңғы жылдары мемлекет құраушы ұлттың ұлттық мұрат-мүддесімен үйлеспейтін және жергілікті билік пен негізінен ұлты қазақ басшы кадрларды сынап-мінейтін жарияланымдарымен аты шыққан «Городская неделя» газетінің тілшілерін облыс әкімдігі гранттар беріп, марапаттап-ақ келеді. Жуырда, Баспасөз күні тағы да сөйтті. Іле бұл басылым әкімдікті жайына қалдырып, Елбасын сынауға көшті... Енді бұдан соң Павлодар облысы әкімдігі мен «Городская неделя» редакциясында отырғандардың іс-әрекетін түсініп көріңіз...
Солай десек те, егемендік кезеңін зерделеу мемлекеттілік іргетасының нығаюына кері әсері бар іс-әрекеттердің күрделігі біртіндеп бәсеңсіп, жиілігі сиреп бара жатқанын айқын байқатты. Бұл жағдай қазақстандықтардың өз Отанының тәуелсіздігін құрметтей отырып, өзара түсіністікпен өмір сүруді қалайтынын, империалистік астамшыл ойды қабылдамайтынын айғақтайды.
***
Кеңестік кезеңде ұлтшыл патриоттардың тағдыр-талайы нигилистік көзқарастағы топтардікіне қарама-қайшылығымен, кереғарлығымен ерекшеленді. Отаршылдық саясатына кесе көлденең тұрғысы келген, кейбір кезде бодандық шідерін үзбек болып бұлқынған бірінші топ қоғамға өгей перзент кейпінде көрінсе, отаршыл саясаттың «өңдеуінен» өткізілген, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» екінші топ ұлтқа жатбауыр, тіпті тасбауыр ұрпақ ретінде ретінде көзге түсті. Бір халықтың ұлттық мұрат-мүддеге деген екі түрлі көзқарасы бойынша екіге жарылған екі бөлігі бір ата-ананың бірін-бірі құрметтемейтін екі баласы тәрізді өзара пікірталасқа да, айтыс-тартысқа да түсті. Солай болуын тілегендер қолма-қол «отқа май құйып» қана қоймай, алдыңғыларды соңғылардың аяусыз соққылауына астыртын да, ашық та қолдау көрсетті.
Рас, тәуелсіздік кезеңінде нигилистердің үлкен бөлігі, оның ішінде «интернационалистік» некеге тұрғандар және ата-анасы екі ұлттың өкілі болғандықтан, екі халыққа төл перзент саналатындар да ұлттық мұрат-мүддеге бет бұрды. Жасы үлкендері өз қателігін немерелері қайталамас үшін оларды қолынан жетелеп қазақ балабақшалары мен мектептерінің босағасын аттады. Айта кететін жайт, бойында қазақ қаны жоқ, бірақ заман өзгерісін аңдап өзінің ендігі өмірін, ұрпағының болашақ тағдырын қазақстандық қоғаммен тығыз байланыстыра қарайтын өзге ұлт өкілдері де солай істеуде.
Тек шовинистік пиғылдағы топтардың қолдауына сүйенген басшылық қызметтегі нигилистер ғана ескі ұстанымын баяғы кеңестік жалған интернационализммен бүркемелеп, одан бас тартқысы жоқ. Билік бұларға төзімділік танытуда және бұларды ұлтшыл патриоттардан қорғаштауда. Намысты қандастарымыз «шала қазақ» деп атайтын бет әлпеті қазақ, тілі орысша шенеуніктер босаға жаққа ығысып, ұлты орыс болса да, тілі қазақша мемлекетшіл азаматтар төрге озбайынша ұлттық мәселеде сіресіп тұрған сең өздігінен қозғала қояр ма екен?..
***
Елбасы мемлекеттік тілдің мәселесін бір елбасындай-ақ айтты. Ақ Ордадан айтылған сөзге Үкімет Үйінде бас шайқайтындар жоқ, сірә. Дегенмен, Үкімет адамдарының арасында портфелін күнкөріс дорбасы сияқты көріп, одан айрылу алақан жайып көшеде қалумен тең деп түсінетін әсіре мансапқор, әсіре нигилист шенеуніктер жоқ деуге болмас.
Ондайлар министрдің екі сағаттық түстігі мезгілінде үн-түнсіз ауқаттанатыны аздай, жұмыс уақытында да ұлттық мәселе жөнінде жақ ашпайды деседі. Қалың елдің тағдыры жеке басының тірлігінен, ұлттық құндылықтар министрдің портфелінен сәл де болса артық шығар деген ой солардың санасына кірер ме екен, әй, қайдам...
Айтпақшы, Әбіш ағам – қашанда ұстамдылықпен ұлық сөйлейтін Әбекең – заңғар жазушы, ұлт қайраткері, Елбасы да кеңесін тыңдаған Кекілбаев ақыры жүйкесі сыр бергендей: «Қазақ тілін білмейтін министрлерді қазақша үйренуі үшін есек мінгізіп, ауылға жіберу керек!» деген ойын Парламентте ызалы үнмен ашына айтып еді, әлгілердің қайсы ұялды, қылжақбас бала секілді ыржалаң-ыржалаң етті де қойды.
Уәзірліктегі үлкен ұлықтардың осындай сиқын байқаған соң, баяғысынша «Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы да солай жүретін» қазіргі кезеңде өзге мемлекеттік мекемелерде отырған «балтай-шалтайларды» кіналауға ауыз бармайды екен. Өркендеген елу елдің сапына қосылуға бет түзеген кезімізде ұлттық намыстан жұрдай шенеуніктердің ұлттық сезімін ояту мақсатында үгіт-насихат жұмысын жүргізу керек пе, жоқ па – деп, құмалақ салып, бал ашудың реті келіңкіремейтін секілді...
Егер, сол шіркіндердің әкесі тірі болса өңінде, марқұм болса түсінде: «Әй, балам-ай, енді халқыңның қамын, ұлтыңның тағдырын ойлағаның жөн болар» – десе, «Ой, әкежан, айтқан сөзіңнен айналып кетейін!» – деп, қол қусыра ма, әлде «Ұлтшылдар бар емес пе?!» – деп, мұрнының астынан қоңқ ете ме, кім білсін...
Дегенмен, олар Бас прокурордың үкіміне ғана бас шұлғуы мүмкін. Бірақ ондай үкімді негіздейтін заң жоқ.
***
Жаһандану дәуіріне қадам басқан қазіргі кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылуы керек-ақ:
– «Тілдер туралы» Заңда мемлекеттік қазақ тілі мен ресми орыс тілі арасындағы теңгермешілік жойылса, Қазақстан азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуі міндеттелсе;
–Мемлекеттік тіл инспекциясы құрылса;
–«Діни бірлестіктер туралы» Заң қазақстандық қоғамды шетелдік бөгде діндер, діни ағымдар, секталардан қорғай алатындай болса;
–Мәдениет саясаты ұлттық мәдениетті кірме, бөгде мәдениеттер ағысына төтеп беріп қана қоймай, республика аумағында жетекшілік рөл атқаратын дәрежеге көтере алатындай болса;
– Онамастика саясаты Қазақстан азаматтарының бойында қазақстандық патриотизмді, отаншылдық, мемлекетшілдік сезімді қалыптастыруға қызмет ететіндей және ұлттың тарихи жадын жаңғырта алатындай болса;
–Көші-қон және демография саясаттары мемлекет құраушы ұлттың құрамын шетелдердегі қандастарымыздың есебінен толықтыру, бала туу деңгейін жоғарлату, өзге мемлекеттер халықтарының жаппай қоныс аудару тасқынына шектеу қою міндеттерін жүзеге асыра алатындай болса;
– Ұлттық идея ұлттық саясаттың алтын діңгегіне айналса.
Осылар заңмен негізделіп, бағдарламамен өрістетіліп, саясатпен ұлықталса – еліміз өркендеген елу елдің көш басына шықпаса да, бел ортасынан орнын тауып, адамзат қауымдастығымен бірге мәңгілікке қарай нық қадам басар еді-ау.
***
Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша таяу болашақта ТМД елдерінен оқ бойы озып шығуға қауқары жететін ел. Бірақ осы «барыстық секіріс» екі бүйірде тұрған айдаһар мен екі басты самұрықтың көз құртын жейтіні анық. Мұхиттың арғы жағындағы қызылала жалаулы жұрт та бізге екі бармақтың арасынан ғана зер салып отырған жоқ...
Бұлардың қайсысына болса да сұқ саусағымызды безеп, «байқа» дегендей белгі бере алмаспыз, қонақжай халықпыз ғой, сыпайылық танытармыз... Бірақ аталарымыздың «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер», – деген өсиетін жүрек басына байласақ, «Жаман үйдің қонағы басынады», – деген ескертпесін көңілге түйсек, әр азаматымыз намысты ерге айналар.
Егер, ұлттық саясат пен ұлттық идеологияны жетілдіріп, жүзеге асыруды Бас уәзірден бастап үлкенді–кішілі шенеуніктер өздеріне міндет қылып жүктесе, ұлт зиялыларынан бастап қатардағы тіл жанашырларына дейін билікке толық сенім артар еді ғой...
Айтып–айтпай не керек, қордаланып қалған ұлттық проблемаларды күн тәртібіне қоймай кейінге сырғыта беру, шовинистік, нигилистік ұстанымдағы топтардың көңіл қалауын мемлекет құраушы ұлттың ұлттық мұрат-мүддесінен жоғары қою және бұл әрекетті ұлтаралық ынтымақтың баяндылығын қамтамасыз ету деп ұғыну әрі осы қарабайыр ұғымды ұлт зиялыларының санасына тықпалауға тырысу әрекеттері бұдан былай оң нәтиже беруі неғайбіл. Ал «Сабыр түбі – сары алтын», «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» деген байырғы мәтелдерге мән беріп, арқаны кеңге салуға уақыт жоқ, есігімізден енген жаһандану үрдісі төрімізге оза бастады.
Көңілі күпті қараша халықтың және сол халықтың ортасынан шыққан ұлт зиялыларының, ұлтшыл күрескерлердің көкіректеріндегі осынау ой толғау ақ жағалы ұлықтардың назарына ілінсе екен...
Арман ҚАНИ, «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымы «Ертіс дидары» газетінің редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
www.massagan.com