Жұма, 22 Қараша 2024
Дабыл 5965 17 пікір 27 Желтоқсан, 2021 сағат 15:32

Қазақстанға АЭС-ті Ресей салмақ па?

Қазақстанға атом электр станциясын салуға тура келеді. Келіссөздер жүріп жатыр. Соның ішінде «Росатоммен» қазірдің өзінде келіссөздер жүріп жатыр. Бұл туралы «Коммерсант» гәзетіне сұхбат берген «Астана» қаржы орталығының басшысы һәм Стратегиялық жоспарлау және реформа Агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтқан.

Келімбетовтың сөзінше, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті-бейтарап болуы керек-мыс.

«Біз Глазгода болдық. 2030 жылға қарай біз көмірқышқыл газының шығындарын 15 пайызға азайтуымыз керек. Бұл қалай жүзеге асады? Бізге күн және жел энергетика саласына инвестиция тартуымыз кеерк. Бірақ, бұл бізге көмірді толық алмастыруға мүмкіндік бермейді. Кей жағдайда газ керек. Сол үшін де «Газпроммен» әріптестік орнатып отырмыз. Десе де, Қазақстанға атом электр станциясын салуға турал келеді. Келіссіөздер жүріп жатыр. Соның ішінде «Росатоммен» қазірдің өзінде келіссөз жүргізіп жатырмыз», - депті Келімбетов.

Сонымен, осыған дейін біз Abai.kz ақпараттық порталында «Қазақстанға АЭС-ті кім салады?» деп сауал қойдық. Ендігі бұл сұрақтың жауабы да белгілі бола жастағандай. Қоғам қарсылығын айтып, мен деген мамандар соқыр көретіндей, керең еститіндей етіп талдап, тәптіштеп түсіндіргенімен, «еститін мемлекеттің» басшы-қосшылары ел пікірін естігісі келген жоқ. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» деді.

Әлгінде ғана «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев АЭС жайлы:

«Қазір Алматы облысында атом электр стансасын салу мәселесі қарастырылуда. Ұлттық электр желісінің топографиясы бойынша Үлкен ауылы ең қолайлы учаске болып табылады. Мүмкіндік бар. Жеткілікті тармақталған 500 киловольт желісінің, негізгі қосалқы станциясы бар, ол - Юг-ГРЕСС 500. Бұл учаске базалық қуатты орналастыруға және Солтүстік-Оңтүстік электр транзитін тұрақтандыруға мүмкіндігінше ыңғайлы. Орталық Қазақстанға да, Қарағандыға да, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік аймақтарына Солтүстік-Оңтүстік транзитіне де электр энергиясын қайта бөлуге қолайлы», - деп сөйлеген.

Ал Ақорданың ресми сайтын шолып шықсаңыз, өткен аптада президент Тоқаевтың жеке қабылдауында болғандардың – жоғарыдағы АЭС құрылысы мәселесіне тікелей қатысы бар адамдар екенін аңғаруға болады. Қараңыз:

22 желтоқсан күні Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті жеке қабылдады. Ал 23 желтоқсан күні Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.  Онан соң, 23 жетоқсан күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев те Президент қабылдауында болып шықты.

Осыған дейін Президент Тоқаев «Қазақстанға АЭС керектігін әрі түбінде бір шешім қабылдау керек болатынын» қадап айтқан.

«Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау», - деп сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөйткен де Үкімет пен «Самұрық-Қазына» басшылығына тапсырма берген.

2019 жылдың сәуірінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде ресейлік технологияның пайдаланып, АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл ақпаратқа қазақ қоғам, Қазақстан қоғамы өре-түрегеліп, қарсылық білдірді. Көп ұзамай президент Тоқаев: «Халықтың пікірін ескермей, АЭС салу туралы шешім қабылданбайды», - деп мәлімдеді.

Ал биыл қыркүйектің басында өткен «Шығыс экономикалық форумында» Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болатынын айтып: «Қазақстанға АЭС керек», - деп сөйледі. «Әлемдік тәжірбиеге сай тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Оңай шаруа емес. сондықтан, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермей, ұтымды шеше білуіміз керек», - деді.

Ал қыркүйектің аяғында өткен 17-ші Қазақстан-Ресей өңіраралық форумында Ресей президенті АЭС мәселесін қайта көтеріп: «АЭС салу мәселесінде қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп мәлімдеді.

Әлгінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та АЭС туралы аз-маз сөйледі. Оливер Стоунға берген сұхбатында Назарбаев: «Біз АЭС саламыз», - деп кесіп айтып, талқы болған көп сөзді нүктелегендей болды.

«Біз атом станциясын саламыз. Енді тек мердігер мен технологияны таңдау ғана керек. Ресей, Жапония, Оңтүстік Корей мен АҚШ компанияларынан ұсыныстар түсті. Қазір біз сол АЭС-ті қайда салатынымызды қарастырып жатырмыз», - деді экс-президент.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3223
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279