Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6341 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 11:20

Құрыш қаланың қазағы неге құрыштай емес?

 

 

Құрыш қаланың тұрғындары несімен мақтанады? Ел тізгінін өз қолына алған тұңғыш Президентіміздің еңбек жылдары өткен Теміртау деп төбесі көкке екі елі жетпей, көкірегін кере мақтана алады. Қала тарихын қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер - Тоқтар батырдың жастық шағымен байланыстырады. Әріден айтар болсақ, қаланың іргетасын қалауға атсалысқан Алаштың алтын әріптермен жазылар азаматтарының есімдері де қала тарихының беттерінде сайрап тұр. Әзірше ауызша. Солардың бірі һәм бірегейі - Қаныш Сәтпаев. Кезінде асыл азаматтың есімімен Теміртаудағы бұрынғы Ленин көшесін атауды ұсынған қала ақсақалдарына жергілікті тұрғындар ат-тондарын бауырына алып, үзілді-кесілді қарсы шыққан еді. Содан бері 20 жыл өтті. Сең жібімепті. Қазір қарап отырсаңыз, құрыш қаланың қазақша айдар таққан көшелері мен мемлекеттік тілде дәріс беретін білім ошақтарын, балабақшаларын санап  шығуға болады. Он саусағыңызға жетер-жетпес. Тәуелсіз елдің жаңа тарихына енген құрыш қаланың қазағы неге құрыштай емес?

Теміртауды білмейтін қазақ жоқ. Алып өндірісті аймақтың астанасына айналған Қа­ра­ғандыдан 30 шақырым қашықтықта ор­на­ласқан. Облысқа қарасты қалалардың ішін­де Теміртаудың мүйізі қарағайдай. Қа­ра­ғандының «басқа қалаларым - бір төбе, Те­міртауым - бір төбе» деп бөлектейтін жөні бар. Себебі Қарағанды облысының жалпы өнер­кәсіптік өндіріс көлемінде Теміртау қа­ласы кәсіпорындарының шығаратын өні­м­де­рінің үлес салмағы 34,8%-ды  құрайды. Нақ­тырақ айтқанда, жалпақ илек - 100 па­йыз,  қара металдан құбыр жасау - 89,2 па­йыз, жылу энергиясы - 42 пайыз, электр энер­гиясы - 25 пайыз, тас көмір - 47,2 па­йыз, цемент өндіруден 100 пайыз көр­сет­кіш­ке ие. Бірақ әлеуеті әлді, ауқаты қуатты қа­­ланың бір әттеген-айы бар. Құрыш қала қа­­зақ тіліне келгенде шорқақ. Осы жағынан ал­ғанда, теміртаулықтар мақтана алмайды, ке­рісінше, қып-қызыл ұятты.

Қасым БОТАНОВ, Теміртау қаласының ақсақалы:

- «Тіл - жұрттың жаны. Тілінен айы­рылған жұрт - жойылған жұрт», - деп сипаттаған Халел Досмұхамедұлы. Шын­дығын айту керек, Теміртаудың қа­зақ тілі «реанимациялық» күйде. Ай­та­лық, іc жүргізу де, қоғамдағы түрлі ақ­па­раттар тек ресми тілде айтылады да, жа­зылады да. Ойлап қарасаңыз, тіл де адам ағзасы сияқты ғой, қолданысқа еніп, жұмыс істеп тұрса, аясы кеңейеді, дамиды. Ал іске аспай жатса, лезде солып қалады. Теміртаудың қазақшасы екінші нұсқасына жақын. Қаладағы қазақша дүкен атауларын, жар­на­ма­лар­ды оқи қалсаңыз, еріксіз налисыз, жү­регіңіз ауырады. Қатеден көзіңіз сү­рі­неді. Бұған қашанғы төзуге болады?!

Қасым Ботанов ақсақалдың айтуынша, егемендік алған 90-жылдардың басында қаланың ақсақалдары бас қосып, Темір­тау­ды «қазақтандыруға» белдерін буып кіріспекке уағдаласады. Игі әрекеттерінің зая кетпесіне және сенген. Сөйтіп, үш қай­наса, сорпасы қосылмайтын қазаққа жат көне көше атауларын «қара» тізімге алып, оларды өз ана тілімізде атауда ұтымды ұсы­ныс дайындап шығады. Мақсат те­мір­тау­лық жастар біле жүрсін деп ұлт тұлға­ла­рының есімін жаңғырту да болған. Бірақ тыңғылықты ойластырылған тың идеялар жүзеге аспақ түгіл, «темір» қала­ның ор­ман­дай орыстарының көп кедер­гі­сіне тап болып, күлі көкке ұшып жоқ болған. Десе де, ақсақалдар мұнымен тынбады. Ұлттық мәселені шырағдан етіп жазған мақалалар жер­гілікті газеттерде сериялап жарық кө­ріп жатты. Бірақ «жартасқа бар­дым, күнде ай­қай салдым, одан да шықты жаңғы­рық­тың» кебі еді бұл. Бұған да қо­ғам селт етпеді. Орысша тәрбиемен өскен те­міртаулық бауырларымыз да, бұрынғы ком­мунистері бар - бәрі-бәрі мұны құ­ла­ғына да ілген жоқ. Қазір 170 мыңнан астам тұр­ғыны бар Теміртауға келе қалсаңыз, қа­зақтың даласында емес, солтүстігіміздегі көр­ші елдің қаласында жүргендей әсерде қаласыз.

Жасыратыны жоқ, бір кездері Қара­ған­дыны көпшілік Теміртау арқылы танып, біліп жататын. Қылмыстық оқиғаларға бел­­шесінен батқан Теміртау бұл жағынан кел­генде көш алдына қара жібермейтін. Әлем халықтарының үрейін ұшырған ЖИТС-пен ауыратындардың басым бөлігі - Те­міртауда. Дереккөзі солай дейді. Бірақ со­дан қаланың әл-ауқаты әлсіреп қалған жоқ. Жуырда ел Үкіметі жалғанның жалпа­ғы­на жолдама берген «Шағын қалаларды да­мыту» бағдарламасына енген 27 қала­ның ішіндегі ең әлдісі де - осы Теміртау. Ен­ді мына қызыққа қараңыз, қазақ тілінің қолданылу аясы тар өлке де - Теміртау. Аузымызды құр шөппен сүртуден аулақ­пыз, Теміртау қаласында 200-ге жуық кө­ше, шағын аудандар тіркелген болса, со­лар­дың небәрі 5 пайызы ғана қазақ тілінде аталады.

Уақыт АҚЫБАЕВ, Теміртау қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:

- Теміртауда қазақ тіліндегі көше атау­ларының аз екенін мойындаймыз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біршама қадам жасалған болатын. Бірақ көбі тұрғындар тарапынан қолдау таппай қалды. Себебі мұнда тұратын жұрттың басым бөлігі - әр ұлт өкілдері, кешегі ыдырап кеткен одақтың құра­мын­да болған мемлекеттерден жи­нал­ған­дар. Қазір көше атауларын өзгертуге мо­раторий жарияланғанын жақсы бі­ле­­сіздер. Сонда да қаламызда жа­ңа­дан салынып жатқан көшелерге қа­зақ­ша атау беруді қолға алып жатырмыз. Жа­қында Теміртауда салынып жатқан үр жаңа көшеге қазақтың марғасқа ақы­ны Қасым Аманжоловтың есімі бе­рілмек.

Иә, Теміртаудағы қазақша көше атау­ла­ры саусақпен санарлық. Есесіне Кеңес Ода­ғын дәріптейтін Комсомол, Калинин, Ком­мунар, Дмитреев, Язева сынды толып жат­қан кеңестік сарындағы жауыр атау­ларға бай. Тіпті 1997 жылдары қып-қызыл еңбектің күшімен өзгертілген айналдырған екі көше - Республика даңғылы мен Тәуелсіздік гүлзары бойларында кеңестік кездегі ескі атаулары әлі күнге дейін кездесіп қалады. Бір қызығы, бұл қалай деген тірі жанды көрмейсіз...

Қаланың ақпараттық кеңістігін де рес­ми тілді бұқаралық ақпарат құралдары «жау­лап» алған. Санап көрейік, «Новый Те­миртау», «Зеркало», «Магнитка плюс», «Ме­таллург», «Второе счастье», «Вечерняя га­зета», «Темиртауский рабочий» және қазақ тілінде шығатын жалғыз «Теміртау» газеті теміртаулықтардың руханиятына қызмет етеді. Бұл аз болғандай, «Сфера», «29 канал», «43 канал» арналары, «Ра­дио-102» радио толқыны да тек ресми тіл­де сайрайды. Абырой болғанда, биыл Қа­сым Ботанов бастаған ақсақалдар на­мысқа тырысып, қазақ тілінде сөйлейтін «Құ­рыш қала» газетін қатарға қосты.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осы екен. Былтыр қаладағы екі аралас мектептің қазақ­ша­лан­ды­рыл­ғанын естіген теміртаулықтар шу шы­ғарып, жал­пақ жұртшылықтың назарын өзіне ау­дар­ғанын көргенде жағамызды ұста­ған­быз. Қазақ жерінде қазақ мектебін ашу қи­я­метке айналады деген ой қайдан бол­сын?! Қоғамда дүрбелең туғызған мәселе көп­тің есінде болар. Осыған дейін Темір­тау­да небәрі үш қазақ мектебі болса, орыс­тілді мектептің ұзын саны 16 болатын. Қал­ғаны аралас-құралас (аралас деген аты ға­на). Соңғы он жылдың көлемінде Моң­ғолия, Өзбекстаннан келген қандастардың Те­міртауда көп шоғырлануына байланысты қазақ мектебіне сұраныс артқан. Керісінше, орыс мектептерінде оқушы аз. Олар бір ауысыммен оқыса, қазақ мектептерінде екі ауысыммен, әр сыныпта 30-40 оқушыдан оқи­ды. Осыған орай қос қазақ мектебін ашу ісі қолға алынғанда, «жер астынан жік шы­ғып, екі құлағы тік шыққан». Қас қыл­ған­да, наразы топтың солтүстіктегі көрші ел­дің басшылары Медведев пен Путинге ашық мәлімдеме жасағаны да әлі есімізде.

Көңіл қуантарлығы, қазір Теміртау қа­ла­сына қоныс аударған оралмандардың от­басы 4 мыңнан асып жығылады. Алайда олар­дың орыс тілін білмейтінін бетіне са­лық етіп, қызметке орналаса алмай жүр­ген­дері әлі де кездеседі. Ең сорақысы да - осы. Десек те, бүгінге дейін мемлекеттің тілі аяқ астында тапталып жатқанда, өңірде бір қазақтың селт етпегені қорқынышты екен...

Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА,Теміртау

«Алаш айнасы» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036