Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 9744 0 пікір 6 Қыркүйек, 2012 сағат 05:48

Жанғали Жүзбаев. Қазақ күйлері: Ұлыстық және ұлттық дәуір

 

Қазақтың музыкалық мәдениетіндегі ең күрделі өнер - күй. Ол тек аспаптық сарын ғана емес, ұлт мінезін айқындайтын нышандардың бәрін біріктіретін рухани құбылыс. Күйтану ғылымының бүгінгі зерттелуі - оның тарихын, шежіре-аңызын, мектеби ерекшелігін, сонымен бірге, музыкалық шығарма ретінде теориялық тұрғыдан талдануын, дәстүрлі және кәсіби оқыту әдістерін хал-қадарынша қамтып отыр. Осының нәтижесінде күй мен күйшілік үрдістің ұлттың рухани сұранысын өтей алатын қазіргі деңгейі қалыптасты. Уәж кәсіби домбырашылыққа қатысты болғандықтан, күйшілікмектептің қалыптасуы мен дәуірлік тарихынақысқашатоқтала кеткен орынды болар.

Күй - өте көне өнер, оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарынан сыр тартады. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар мынау еді деп айту мүмкін емес, ал, әдеби мұраларымыз сақталған. Мысал ретінде Томирис туралы әпсананы айтуға болады. Одан кейінгі дәуір Түрік қағанаты. Бұл кезеңдегі күйлердің де дерегі жоқ, бұл әдебиетімізде ұлыстық ояну кезеңі деп аталады. Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіндердің тасқа қашап жазған жорық жырлары осы кезең ескерткіштері. Келесі - Алтын Орда дәуірі, бұл кезеңдегі музыкалық мұрамыз - «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйінің тараулары.

 

Қазақтың музыкалық мәдениетіндегі ең күрделі өнер - күй. Ол тек аспаптық сарын ғана емес, ұлт мінезін айқындайтын нышандардың бәрін біріктіретін рухани құбылыс. Күйтану ғылымының бүгінгі зерттелуі - оның тарихын, шежіре-аңызын, мектеби ерекшелігін, сонымен бірге, музыкалық шығарма ретінде теориялық тұрғыдан талдануын, дәстүрлі және кәсіби оқыту әдістерін хал-қадарынша қамтып отыр. Осының нәтижесінде күй мен күйшілік үрдістің ұлттың рухани сұранысын өтей алатын қазіргі деңгейі қалыптасты. Уәж кәсіби домбырашылыққа қатысты болғандықтан, күйшілікмектептің қалыптасуы мен дәуірлік тарихынақысқашатоқтала кеткен орынды болар.

Күй - өте көне өнер, оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарынан сыр тартады. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар мынау еді деп айту мүмкін емес, ал, әдеби мұраларымыз сақталған. Мысал ретінде Томирис туралы әпсананы айтуға болады. Одан кейінгі дәуір Түрік қағанаты. Бұл кезеңдегі күйлердің де дерегі жоқ, бұл әдебиетімізде ұлыстық ояну кезеңі деп аталады. Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіндердің тасқа қашап жазған жорық жырлары осы кезең ескерткіштері. Келесі - Алтын Орда дәуірі, бұл кезеңдегі музыкалық мұрамыз - «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйінің тараулары.

Күйдің ұлттық дәуірі деп Қазақ хандығы заманын айта аламыз, бұл жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі. Бұл кездегі күйлер -тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғысы баяндалады. Асан қайғының күйлері, қазақ пен ноғайдың айырылысқан трагедиясына шыққан толғау күйлер, көне жер-су аттарына бағышталған күйлер осы кезеңнің ескерткіштері.

Қазақтың күй өнерінің айрықша дамыған кезеңі ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға тиесілі. Бұл қазақ күйлерінің аймақтық мектептерінің қалыптасқан, әртүрлі күйшілік үрдістердің шеру құрған жасампаз дәурені болды. Осы күнгі ұланғайыр күй өнерінің барлық інжу-маржаны сол кезде түбірленіп туындады. Кеңестік дәуірде домбыра өнерін одан әрі көркейтуді көздеп жазба нота оқуы енгізілгеннен кейін, еркін дамыған күй жаңа арнаға түсті. Ал, ескі ұлттық күй мектебінің қарқыны керісінше бұрынғыдан әлсіреп кетті.

Қазақтың күй өнерінің арнайы шығарма ретінде қоғамдағы қозғаушы күш болып ескерілуі ертеден бар және оның бағалаушысы халықтың өзі болатын. Еуроцентристік көзқарастағы зерттеулерде жалпыадамзаттық мәдениеттің алғашқы өркені антикалық дәуірден басталған деп қаралады. Сөйтіп, әлемдік өркениеттің жаратушыларын Шығыстан емес көне Грек және Римнен іздеуді ұсынады. Алайда, ғылым мен мәдениеттің ошағы саналған осы екі империяның рухани өмірі Азиямен және оның байырғы ойшылдарымен тығыз байланыста болғаны айтыла бермейді. «Шығыс өнері өткенді көксеу культіне берік болғандықтан, жаңалыққа ұмтылуды үрдіс етпеген, сондықтан Батыс елдерінің жасампаз мәдениетімен шендесе алмайды» деген кеңес идеясынан туындаған біржақты пікір ғылыми уәж ретінде осы күнге дейін оқулықтардан түскен жоқ  (И.А.Бакаева. Лекции по истории музыки. КазНАМ, 2005. 6-бет). Бірақ, шындық бұдан басқаша еді. Азияның ежелгі тұрғындары адамзаттың алғашқы ата-бабасы ретінде әлемдік өркениетке өз үлестерін молынан қосып отырған. Сол халықтардың қатарында тоғыз жолдың торабында-Азия мен Европаның рухани және экономикалық қақпасында өмір сүрген ғұндар, сақтар мен түріктердің шаңырақ иесі қазақ ұлты да әлемдік өркениет көшіне өзінің төлтума мәдениетімен (аңыз-ертегілері, салт-дәстүрлік өлеңдері, ән-күйлері) ілесті. Қазақтың көне мәдениеті мен ұлттық ілімінің деңгейі де европа мен азияның сол тұстардағы қол жеткізген ғылымының деңгейінен төмен емес еді. Шығыста гүлденген қытай империясымен иық тірестіріп, өз мемлекетін орнатқан көне түркілердің ұрпақтары жарты әлемді билеген Алтын Орданың да тұтқасы болғаны шындық. Өткен тарих туралы, әсіресе көне және орта ғасырлар туралы сөз болғанда ол замандағы мемлекет ісінің бәрі қара күшпен шешілетін тәрізді ойлау - жаңсақтық. Ол замандарда да елдіктің ірі істері ақыл-парасаттың сүзгісінен өтіп отырған. Сондықтан орта ғасырларда далалық империялық мемлекет құрып, оның саяси, әлеуметтік, заңдық мәселерін шеше білген халықта ғылым мен мәдениет дамымады деп айту, оның ішінде музыкалық мұрасы жұтаң деп тұжырым жасау қисынға келмейді.

Кез келген өнер жалқы дамымайды, көркемөнер: музыка, хореография, әдебиет, сурет, сәулет, қолөнер сияқты салаларды қамтиды, күй өнерін әдебиет ескерткіштерімен  қатар дамыған деп қарайтын болсақ, онда қазақ күйлерінің тарихын да, күйшілік өнердің тарихын да сақтар дәуірінен бастауға тура келеді. Сақ дәуірінен қалған өлең нұсқаларының бар екенін түрік, татар, өзбек, ұйғыр халықтарының әдебиеттанушы ғалымдары дәлелдеп берген. Көшпелілердің ежелгі поэзиясы ауызша туып, ауызекі таралғанына дау тумаса керек. Ендеше, ежелгі поэзиямыздың белгілі  музыканың (аспаптың) сүйемелімен айтылатыны қисынды. Бұл арада қиындық сол музыканың бүгінгі түрін танымайтындығымызда болып отыр. Оның үстіне, сақ заманынан қалған музыкалық мұра мынау деп атай алатын күйлер де жоқ. Дегенмен, сол байырғы замандарда туған аңыздардың бізге дейін жетуінің өзі күй тарихының да сол дәуірден басталатынына болжам жасауымызға мүмкіндік береді. Филолог ғалым И.Нұрахмет «Томирис», «Бақташы Шырақ», «Зарина мен Странгия» сияқты сақ аңыздарын талдай келе: «Бұл аңыздар бізге түпнұсқа қалпында жеткен жоқ. Сондықтан, аңыздардың тілдік ерекшелігі жайлы сөз қозғау өте ауыр... Тіпті оларды көне рим, парсы елдеріне сақ елінің адамдары таратқан болуы да ықтимал. Өйткені, бұлар парсылардың да, гректердің де емес, «сақтардың әруағын асырып, ерлігін суреттейтін аңыздар» деп жазады. Грек шежіресінде ақындығымен аты қалған Анахарсистің нәсілі сақ болғаны, оның біздің бабамыз екендігі осы күні анық айтылып жүр. Томирис заманынан ешқандай сарын сақталмағанымен, Александр Македонский жорығынан қалған «Қос мүйізді Ескендір» күйі домбыра тарихының тым тереңде жатқанын көрсетеді. Бұл жерде айтайын деген ойымыз-күй шежіресі, күй аңызы, күй аты қатарлы факторлар күйдің хронологиясын анықтауда ескерілу керек. Мысалы, «Сары өзен» күйі қай дәуірде туғанына кесім айту қиын, бірақ, қытайдың батысындағы Сары өзенге (Хуаңқы) арналғаны белгілі. Ал, түркілердің Сары өзеннен (қытай қолтығынан) айырылған кезі біздің заманымыздың ІІІ ғасыры шамасында еді. Бұл күй әр дәуірде әртүрлі шертілген, өзгерген, жаңғырған болуы мүмкін. Сондықтан,  күй зерттеу үшін аталған факторлардың барлығына мән берілгені жөн. Күйдің синкреттілік қасиетінен (Ә.И.Мұхамбетованың анықтамасы) өзге, ғылыми бағасы соған барабар - поэтикалық тілі де күрделі мәселе. Осы күнге дейін күй сазының нотаға сәтті түсуі - шығарманың поэтикалық тіліне ноталық таңбаның сәйкес келуінің нәтижесі, немесе керісінше. Музыкалық шығарма әуелде өзін тудырған ұлттың тілдік интонациясына сәйкес пайда болады, әсіресе шығыстық дәстүрде жекелеген сөзге немесе жыр шумағына ырғағы жатық әуен шығару жиі кездеседі. Күй тілі тыңдаушыға мейлінше түсінікті болуы керек. Бұл арада күйшінің орындау шеберлігінің де ықпалы күшті. Қазақ күйлерінің көбі поэтикалық сөйлемге құрылған, күйші жырды аспапта жыр жазғандай (қағазға емес) әрекетке барған, бұл әдіс саз құраудың осы күнге дейін жалғасып келе жатқан тамаша жолы болып табылады. Орыс фольклортанушысы В.Гошовский халықтық музыка стильдерін «музыкалық диалект» деп атаған. Ол музыкалық фольклордың диалектісі ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың ойы деген пікірді орнықтырды. Қазақ музыкасын түркілік музыканың бір диалектісі деп қарайтын болсақ, онда оның сарыны мен тілдік даму жүйесін қатар қараған жөн болмақ. Күйдік тілдік даму жүйесі немесе күй тілі деген ұғымды тарқата айтсақ, ол халықтың төл тіліндегі екпіндік, ырғақтық, өлшемдік интонациялардың музыкалық шығармашылықтағы композициялық бейнесі болып шығады. Кез келген күйдің сазында сөздік тіркестер бар, сонымен бірге, сөздердегі тоникалық және силлабикалық өлеңге тәнік буындар да айқын көрініп отырады. Күйді нотамен таңбалауда осы жайт ескерілетін болса күй жазбасы саласы әлбетте, мол мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

Кез келген ұлттың музыкалық мұрасы сараланатын болса, бірінші оның әуені (мелос) мен ырғағына (ритм) содан соң композициясына назар аударылады. Себебі шығарма әуелі тыңдалады, содан кейін сараланады. Ұлттық бояуды танытатын белгі - әуен бе, әлде ырғақ па, негізгі анықтауыш фактор қайсысына тиесілі болуы керек, бұл нағыз көкейкесті әрі күрделі мәселе. Мысалы, өзбек халқының музыкасында - ырғақ белсенділігі әуеннен күшті. Қазақ музыкасында әуен белсенділігі ырғақтан басымырақ. Бұдан өзбекте әуен, қазақ музыкасында ырғақ дамуы кемшін деген тұжырым жасауға болмайды. Өзбек музыкасында ырғақ көбінесе біркелкі, соған орай ауыспалы өлшемдер аз, қазақ музыкасында ырғақ әркелкі, соған сай ауыспалы өлшемдері көбірек. Осы пікірдің шешімі поэтикалық тілде жатыр. Шығыс шайырларының жазба өлеңінен үлгі алған өзбек поэзиясында буын саны мәдениеті қатаң сақталады, ал, қазақ өлеңіндегі үлгі буын санына қарамайды, арғы түбірі өлеңдік формадан гөрі жырға тән. Шығыстық үлгі қазақ ақындарына кейінгі он бір буынды өлең дәуірінен бастап енген, яғни, ауыз әдебиетімен дамыған поэтикалық тілдің буындық еркіндігі жазба әдебиетпен дамыған поэтикалық тілге қарағанда көбірек. Бұның тағы бір дәлелі -усул мәдениетінен көрінеді. ХҮ11 ғасырда пайда болған поэзияның бұл үлгісі мақаммен өлең оқуға байланысты туған, ақын өз өлеңін мақамдап әндеткенде буын өлшемін қатаң сақтайды, оны жеңілдету мақсатында дойра, даф, нагора сияқты ұрмалы аспаптар қолданылған, яғни ақын осы аспаптардың көмегімен белгілі бір ырғақты сақтап отырады. Шығыстан шыққан Ә. Жәми, Ә. Науаи ғазалдары осылай орындалатын болған.

«Мелоста үш қасиет бар, олар: сөз, гармония, ырғақ» деген Платонның тұжырымы қашанда құнын жоймайды. Бұл жағдайда мелос пен ритмге қоса (гармония негізінен әуендердің үйлесімін айқындайды) сөзді де анықтауыш етуге тура келеді. Осы үш анықтауыш ұлттық музыканың мінезін толық аша алуы үшін оған тембрді де қосуымыз керек. Сонымен  мелос, ритм, сөз бен тембрді қолдана отырып, қазақтың күй өнерінің сипатын талдап көруге болады. Дәуірлік сипаттамада ол былай өріледі:

1)Көне дәуірде шыққан күйлердің мелодиясы мажор ладында құрылады, әуені бір ғана музыкалық сөздік тіркестен тұрады, яғни музыкалық сөйлем күрделі емес, жай, жалаң сөйлем, айтатын  ойы да қарапайым, жалқы. Ал, ырғақтық қаңқасы әуенге қарағанда біркелкі тегеурінді, қорыта айтқанда - ритм мелостан белсенді. Бұны түсіну үшін алғашқы қауымдық қоғамда ритмнің қолданысы маңызды болғанын еске алу жеткілікті. (мысал үшін аңшылық-саят кәсібіне байланысты шыққан күйлерді алуға болады: «Ақсақ  құлан»,Жорға аю», «Ақсақ қаз», «Бұлғын-Сусар», «Аққу аңызы», «Шыңырау», «Айдаһар» т.б.). Тембрлік бояу жөніне келсек -тоникалық қазыққа байланған адам дауысындағы бояуларды (күрсіну, жылау, өксу, шыңғыру т.б.) имитация жасайды немесе дәл қайталауға тырысады.

2)Орта ғасыр  күйлерінде мелос пен ритм белсенділігі теңеседі, екеуі де айтылуға тиісті ойдың мазмұнын ашуға біріге араласып, бірдей қызмет атқарып отырады. Бұл жерде жаңа бұраулардың шығуы да өз әсерін берген болуы керек (Асан қайғының шалыс бұраудағы «Қарлығаш» күйі, тел бұраудағы халық күйі «Қабанбай»т.б). Оның үстіне күйдегі музыкалық  сөз тіркестері де күрделене түседі. Тембр жай ғана адам дауысындағы лепестерді қайталаудан шығып, табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды, жан-жануарлардың қарекеттерін бейнелей алатын бояулар топтамасына айналды.

3)Қайта өрлеу немесе жаңа дәуірдегі күйлерде мелостық сөйлемнің көбеюіне байланысты ритм белсенділігі бәсеңдейді. Олардың тепе-теңдігі бұзылды, мелос алға шығып ритм соған бағынышты немесе тәуелді күйде қалып қойды. Күйдің әуендік әсеріне көңіл көбірек бөлініп, ырғақ тек қаңқалық (структуралық) міндет атқарушы болып қана қалды. Бұл жерде ырғақ белсенділігі әлсірегенімен, күйді орындау тәсілдерінің күрделене бастағанын айту жөн болар. Жалпы, штрих ритмді жасаушы құрал ретінде жетекшілік етуден ада. Себебі, әуеннің ішкі ырғағын штрихтан өзге амалдар да туындатады ғой. Осыдан кейін қазақ музыкасында мелос мейлінше дамып, көпөлшемділік пен импровизациялық әрекет алға шығып кетті. Нәтижесінде әуені ғана емес, мазмұны жағынан да күрделенген көптараулы күйлер пайда болды. («Алпыс екі ақжелең», «Қырық буын қосбасар», «Науаилар» т.б.) Тембрдің бояулары қалыңдай түсті, ендігі жерде тембр тек дыбыс қайталаушы құрал емес, адамның немесе замананың тыныс-тіршілігіне сәйкес көпбояулы суретке айналды.

4)Осы замандағы күйлерде алдындағы кезеңде мейлінше дамыған мелос пен ырғақтың теңдігі сақталды, дәстүрлі әуенқұрастырушы тақырыптарға акценттік артикуляция қосылды, бұл оркестр мәдениеті арқылы келді. Сонымен бірге мелостың көлденең дамуы мен қосдауыстылық ерекшелігі европалық интервалдар ережесіне мойынсұнды, бұл ноталау тәжірибесінің ықпалынан туындады. Шектің синтетикалық жіпке ауысуына байланысты тембр де өзгеріске түсті. Күй әуені өзін тудырушы қоғамның және ортаның ықпалымен европалық форманы қабылдады, тек қана күйге қатысты дамудың кеңестік және жаһандық кезеңдері әуен мен ырғақтың жаңа белеске көтерілген түрін туындатты. Қазіргі күйлерде байырғы мелос аз, оның есесіне композициялық және гармониялық үндестік көп. Соның салдарынан күйдің аймақтық ерекшеліктері мен орындау мәнерлері араласып кетті, синтездің жеке тұлғалық емес ұжымдық домбырашылық (оркестр, ансамбль) мәдениеттің қалыптасуына жол ашылды.

Әуен мен ырғаққа тембрлік анықтауышты қоса қарағанда болсақ, көмейлік (монғолша - хоомэй) бурдон мәдениетін аттап өте алмаспыз. Аспаптағы бурдон көне күйлерде аса белсенді болды, орта ғасырдағы құлақ күйлерінің молаюының салдарынан бурдон біртіндеп азая бастады, ал, қайта өрлеу дәуірінде мүлде тиылды десе де болады. Мұның негізгі себебі - жаңа дыбыстық интервалдардың дүниеге келуі, соның арқасында аспаптық дамудың қозғаушы күштерінің үстемдік құруы. Бұл жағдай көне бұраулардың азаюына да байланысты, негізгі белсенді әрі техникалық мүмкіндігі мол бұраулар алға шығып кетті де өзге бұраулар қолданыстан қалып қойды, қазіргі кездегі жетекші бұраулар -оң және сол бұраулар.

Күйлердің дәуірлік кезеңін тануда әуендік, ырғақтық, тембрлік ерекшеліктермен бірге күй аттарына да назар аудару біраз нәрседен хабар бере алады. Көне күйлер діни сенімдер мен (тәңірлік наным) тиымдарға (табу) байланысты шыққаны белгілі. Орта ғасырдағы күйлердің дені жер-су аттарына қатысты тарихи күйлер болды. Қайта өрлеу дәуірінің күйлері - көңіл күйді, философиялық ұғым-тұжырымдарды музыка тілімен жеткізуге бағытталды. Адам аттарына байланысты күйлер де тарихи көнелігіне қарамастан жаңа дәуірде туған дүниелер қатарына жатады. Оның себебі адам затының әуелде табиғат пен жаратылысқа деген санасының есейіп, «тәңір текті тәңір адам» тұлғасының құдіретіне тәуелді болып қалғанынан туындайды. Хандар мен батырларды мадақтаудың магтаал (монғол тілінде-  мақтау, мадақ деген сөз) деген түрі Шыңғыс заманында пайда болған. Сарай мәдениеті, сарай күйшілігі деген дәстүрдің бастау алуы осы кезеңге тұстас келеді. Цин аспабымен (біздегі жетіген аспабымен тектес) күйге сөзді де қосып айтатын қытай халқының орындаушылық дәстүрі қазақ халқына да салт болғанын тарихтан көріп отырмыз. «Абылайдың Көкбалағы», «Қаракерей Қабанбай», «Ерден-Дүзен» сияқты арнау күйлер шыққанына қанша ғасыр өтсе де құрылысына қарай күйшілік мұраның жаңа кезеңіне жатады, бұл үрдіс кейінгі кезде шыққан күйлерде де бұзылмай сақталып отырғанын айту парыз. (Динаның «Сталин туралы күйі», Қ.Ахмедияровтың «Имаш байжұмасы»т.б.).

 

 

Тезистер

 

Бұл мақалада қазақ халқының музыкалық өнері, оның дәуірлерге бөлінуі қарастырылады. Көне сақтар (скиф) заманынан қазіргі кезеңдерге дейінгі күйдің жалғасуын ұлыстық дәуірден ұлттық дәуірге дейін деп бөле қарауға негіз бар. Сонымен қатар күйдің музыкалық шығарма ретіндегі қалыптасуы, тарихи жағдаяттар себебінен туындауы да қамтылады. Жалпы Түрік баласына тәнік мифтердің болуы да күй өнерінің тарихи кезеңдерін айқындауға мумкіндік береді.

Мақала түркі халықтарына ортақ аспаптық музыка шежіресін зерттей отырып, оның ішінде көшпенділердің мәдениетін жеке бөліп талдайды.  Бұл түрік халықтарының отырықшы және көшпенді тұрмыс кешкендігін, соған сәйкес музыкалық мұрасы да солайша жіктелгендігін, аспаптардың әуелгі аттары да өзгергенін (домбыра-саз-дутар т.б.) көрсете алады. Ұлыстық музыка - түркілік музыка. Ұлттық музыка - Қазақы музыка. Кезеңдену заңдылықтары әуелде біреу.

Ұлттық дәуір негізінен жаңа замандағы күйлердің туындауына байланысты айтылған анықтауыш. Қазақ Хандығы кезеңінен бастайтын болсақ, ол - қазақ деген ұлттың ұлыстан ұлттық құрылымға ұйысуы болып табылады, ұлт ретінде басынан кешкен тарихи уақиғалар сол кезеңге лайықты баяндалады. Бұл күй өнерінің көшпенділер мінездес екендігін, көшпенді тұрмыс жойылған заманға дейін өлмейтіндігін көрсетеді... Қазіргі Қазақ ұлтының көшпенді өмірі тоқтағанын есепке алсақ, күйдің ары қарай ұрпаққа жалғасуы қалай болады деген ой да жанды қинап кетеді. Ол бөлек әңгіме, кесіп айту қиын.

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362