Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3866 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:38

Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ. Арманы – атажұртқа оралу

 

 

Көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының жасы биыл сексеннің төртеуінде. Ол 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданына қарасты Таңсық ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан тағдырдың тәлкегіне түсіп, маңдайына жазылған талай қиындықтарды мойымай көтеріп, жеңе білген Қажығұмар ағаның өмірі ешкімге ұқсамайды. Жеті жасында, сол кезде Қазақстанды басқарған Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығына ұшыраған жұртпен бірге 1932 жылы шекара асып, Қытай жеріне өтеді. Ол жақта Шәуешек қаласында тұрақтап, үзбей оқу, үйрену нәтижесінде шығармашылық жолға түседі. Елуінші жылдардың соңына қарай Қытайда басталған Мәдени революция науқаны бүкіл Қытай халқына, әсіресе Шыңжаң қазақтарына өте ауыр тигені белгілі. Оның арты көтеріліске ұласты. Осы науқан кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, қайғы құшқан қазақтардың ауыр тағдырын Қажығұмар Шабданұлы өз басынан өткерді. Саяси тұтқын ретінде сотталып, Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде табаны күректей жиырма жыл жатады. Одан шыққаннан кейін Кеңестер Одағының тыңшысы деген жаламен Үрімшінің түрмесінде тағы он бес жылын өткізген. Осылайша Қажықұмар аға өмірінің жартысын саяси қылмыскер ретінде қытай түрмелерінде өткізді. Қазір сексеннің сеңгіріндегі қазақ қаламгері Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде, Шәуешек қаласында тұрып жатыр. Саналы ғұмырын ата жұрттан жырақта, бөтен елдің қапасында өткізген Қажығұмар Шабданұлының өмір бойғы арманы Қазақ еліне жетіп, кеудесін кере бір тыныстау екен. Ақсақал сол арманына бүгінгі күнге дейін жете алмай келеді.
Қажығұмар Шабдан­ұлы­­ның елуден асқан немере інісі Талғат Шаб­да­нов Алматыда тұрады. Ата­сының Қытай түрмесінде отырғаны туралы тоқса­нын­шы жылдардың басында, Кеңес үкіметі ыдыраған жыл­дары айтып жүретін. «Атамызды екі елдің арасы шиеленісіп, саяси салқын­дық пайда болған кезде «Ке­ңес Одағының жан­сызы» деген айыппен Қытай өкіметі қамауға алды. Енді Кеңес Одағы ыдырады, Қа­зақ­стан мен Қытайдың ара­сында достық қарым-қаты­нас орнады. Қытай түрме­сін­де жатқан әкемізді қа­пас­тан қалай шығарып ал­сақ екен» деп Талғат үнемі атасын еске алып, мұңын ай­татын. Әр жерлерге хат жолдап та көрді, үлкен адам­дарды да салды, бірақ еш қайран болмады. Соған қарағанда ол жақта саяси тұт­қындарға рақымшылық жасалмайтын болуы керек, Екінші рет соттың үкімімен он бес жылға кесіліп, 1986 жылы Үрімшінің түрмесіне қамалған Қажығұмар Шаб­дан­ұлы әлем үшінші мың­жыл­дықты тойлап жат­қан­да мерзімін бітіріп, бірақ шықты.
Қажығұмар ағаның ен­дігі арманы – тәуелсіздік алып, дербес мемлекет бо­лып отырған Қазақстанға бір­жолата оралу. Төрінен көрі жақын қария «егер қи­сая қалсам, туған жерімнің топырағы бұйырса» деген арманын жасырмайды. Біз жақтан талай шақыртулар болғанмен, ақсақал бері өте алмай, жіпсіз байланып отыр­ған жайы бар. Бірнеше мәрте Қазақстанға баруға сұранған екен, бірақ жер­гі­­лік­ті өкімет органдары оның Қазақстанға өтуіне рұқсат етпей отырған көрі­неді. Қытай жағының ресми органдары «Шабдановтың Қазақстанда туыстары жоқ, сондықтан рұқсат етілмей­ді» деп жауап берген. Бұл жай ғана сылтау, әйтпесе Ал­маты Ішкі істер департа­мен­тінің Көші-қон поли­ция­сы Шабданов Талғат­тың атынан мынандай өті­ніш жолдаған: Мен Талғат Қажиақпарұлы Шабданов Қытайда тұратын ағам Қа­жы­ғұмар Шабданұлын Ал­матыға шақырамын. Қажы­ғұ­мар Шабданұлы менің әкем Қажиақпардың бірге туған інісі. Қазір ол 80 жас­та, өмірінің жартысын түр­меде өткізіп, биылғы жылы 28 наурызда толық ақталып, бостандыққа шықты. Ар­ма­ны – өзінің туған жері Қа­зақстанға келу. Қажығұ­мар Шабданұлының осын­да кел­геннен кейінгі жатар орны, медициналық және жеке басының қауіпсіздігі­не кепіл боламын. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған осы аға­ма қамқорлық жасасам деймін». 2005 жылы жазыл­ған бұл хатқа Талғат Шаб­да­нов әлі жауап алған жоқ.
Шәуешекте тұрып жат­қан жазушы Қажығұмар Шабданұлымен жақында Ал­матыдағы тарих ғылым­да­рының докторы, про­фес­сор Мұхтархан Оразбай телефон арқылы сөйлескен екен. «Балам, менің жасым сексен беске таяп қалды. Көзден нұр тайды. Құлақтан дыбыстар да азайды. Есте ұстау қабілетім де төмен­деді. Қарттықтың кезі кел­ген­дей сезіледі. Ден­сау­лығымды күтіп, Қазақстан­ға баратын күндерді санап, соны аңсаумен отырмын. Сол аңсау, сол сағыныш, сол арман, мені осы өмірге тас қып матап тастағандай, денсаулығым да жақсы келе жатыр. Елге барып, азат елді көріп, көзайым болсам де­ген үмітім бар. Алла соған жеткізсін. Еңбектерімді елі­ме атаған жанмын ғой. Елім бар болса, Қазақста­ным аман болса, еңбегім жа­на­тынына сенемін» деп да­уысы қарлығып, кем­сең­­деген кәрі жүректің әб­ден мұжылып сықырлаған үнін естігенімде, көзіме жас келді. Кеңсірігім ашып, тұла бойымды бір түрлі арпа­лыс­ты сезім кернеді» дейді Мұх­тархан Оразбай.
Жазушының немере іні­сі Талғат Қазақстан Жазу­шы­лар одағы арқылы да әре­кет еткен көрінеді. Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің осы мәселе бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хатының көшір­месі қолында сақталыпты.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Үстіміздегі жыл­дың маусым айының 6 күні өткен Қазақстан жазушы­ла­ры­ның кезекті ХІІІ құ­рыл­тайында Қытайдағы қа­зақтың қабырғалы жазу­шы­сы Қажығұмар Шаб­дан­ұлы­ның тағдыры мен оның елі­мізге орала алмай жүр­гені жайында мәселе көте­ріл­ген болатын. Құрылтайда атажұрттан жырақта жүр­ген алаштұлғалы суреткер­дің туған еліне оралуына Елбасымыздан көмек сұрау жайында өтініш болған. Есімі алыс-жақын елдерге етене таныс, көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шаб­данұлы осыдан екі жыл бұрын 80 жасқа толды. Тарым бойындағы Такла­ма­кан шөлді даласындағы абақтыда 20 жыл, одан ке­йін «Кеңестер Одағының тың­шысы» деген жаламен Үрімші түрмесінде 15 жыл қамауда отырды. Қатал тағ­дырдың қапасында отыр­ған­да қолынан қаламы түс­пе­ген қайсар жазушы азат­тықты аңсауды арқау еткен алты томдық ғұмырнама­лық «Қылмыс» романын жазады. Оның алғашқы екі томы оқырмандардың қолы­на тиді. Жазушының мұнан кейінгі жазған күрделі шы­ғар­масы «Пана» романы. Романда Шыңжаң қазақ­та­ры­ның ұлт азаттық кө­те­рілісі жан-жақты, шынайы бейнеленген. Құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлы! Сексен­нің сеңгірінен асқан көр­нек­ті қазақ жазушысы Қа­жы­ғұмар Шабданұлы өмі­рінің соңғы күндерін Тә­уел­сіздігін алған туған топы­рағы – қазақ жерінде өткі­зу­ді армандаумен жүр. Сіз­ден қаламгердің елге ора­луы­на мүмкіндігінше ық­пал етуіңізді сұраймыз» деп жазылыпты хатта.
Екі мың бесінші жылы Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқармасы мен Дү­ниежүзі қазақтары қауым­дас­тығы бірлесіп, Алматы­дағы Әдебиетшілер үйінде, Қытайдағы қазақ жазба әде­биетінің негізін қалау­шы­лар­дың бірі Қажықұмар Шабданұлының 80 жасқа толуына арналған басқо­суын және қаламгердің Дү­ниежүзі қазақтары қа­уымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген «Пана» романы мен бес­том­дық «Қылмыс» шығарма­сы­ның бірінші кітабының тұсаукесерін салтанатпен атап өтті. Қажықұмар Шаб­дан­ұлының бұл шығарма­лары түрмеде отырған кезде жазылған. Араб қарпі не­гі­зін­де төте жазумен жа­зыл­­ған бұл кітаптарды кириллицаға аударып тү­сір­ген ақын Жәркен Бө­деш­ұлы. Қазақстан оқыр­ман­дары Қажықұмар Шаб­дан­ұлының шығармалары­мен осы соңғы үш-төрт жыл­да ғана таныса бастады. Дүниежүзі қазақтары қа­уым­дастығы төралқа төр­аға­сының бірінші орын­ба­сары Қалдарбек Найманбай «Пана» романы туралы бы­лай дейді: «Бұдан бір-ер жыл бұрын «Қазақстанда шы­­ғар­маларыңызды жа­рық­қа шығарайық» деп хат жаз­дым. Ұзап барып жауап хат келді, «Пана» романы­ның қолжазбасын жіберіп­ті. Тақты Зұқа батыр туралы кесек дүние екен. Бұл түр­меде жазылған роман. Қа­зақ әдебиетінің тарихында мұндай шығармалар бірлі жарым ғана. Оның үстіне Қа­жықұмар Шабданұлы қиын қыстау күндерде Зұқа батырды бекер еске алмаған болуы керек...»
– Атамыз Қазақстан­ның дербес мемлекет бола­тын­дығына сенген адам. Соны өмір бойы аңсаған. Ол сол арманына жетті. Ол кі­сінің алты томдық «Қыл­мыс» романы әлі толықтай жарық көрген жоқ. Қол­жаз­басы жазушы Қабдеш Жұмәділовте. Барлық бас­тан кешкендері сонда жа­зыл­ған, – дейді Талғат Шаб­данов.
«Қажығұмар Шаб­дан­ұлы! Осы бір есімді естіп біл­меген бүгінде қазақ баласы, әй, жоқ шығар-ау. Оны қазақ әдебиетінің классигі, Шыңжаңдағы жаңа әде­биет­тің негізін салушылар­дың бірі ретінде танымаса да, дүниежүзілік рекордтар кітабына енген адам ретінде жақсы біледі. Қай жағынан қара үзіп шықты дейсіз ғой? Абақтыда ең ұзақ отыру жа­ғынан. Жазушы мен түрме. Қалам мен қапас». Бұл Қаб­деш Жұмаділовтің сөзі. Қапаста отырып елінің жар­қын болашағын арман­да­ған Қажығұмар Шабдан­ұлы­ның, Ресей бір кезде сыртқа теуіп, қартайған ша­ғында елге әкеліп, көкке көтерген Александр Сол­женицыннан қай жері кем. Қажымас қайраттың, мо­йы­мас қайсар мінездің эта­лоны осы кісідей-ақ болар. Өмірінің соңғы жылдарын туған жердің топырағында өткізу осындай үлкен жү­рек­ті ақсақалға үлкен ар­ман болып отыр.

 


Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ
“Айқын” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417