Гамлеттің әкесінің елесі. Үзіліп бара жатқан үміт
Қаңтар толқуының себептеріне қатысты әрқилы жорамалдар айтылып жатыр. Ол да дұрыс шығар, өйткені әлі де әр болжам нұсқасын растап, айғақтайтын, деректі де дәйекті фактілер мен материалдар жоқ.
Қарға қарғаның көзін шұқымайды, сондықтан тергеуді осындай трагедияға жеткізген мемлекеттік органдардың өзі емес, қоғам өкілдері қатыстырылған кең ауқымды комиссия жүргізуі қажет деп санаймын. 2011 жылғы Жаңаөзен қанды қырғынының шынайы себептері мен жауаптыларын анықтай алмай келе жатқан билікке сенім жоқ. Қазіргі жағдай бөлек, болған оқиғаның куәларының қолында смартфондар болды. Ондағы фото мен видео - нағыз дерек, нағыз дәлел, нағыз айыптау, нағыз ақтау, нағыз тарих!
Мен болсам, осы күнгі бір ғана қоғамдық-саяси астары бар моральдық-психологиялық көңіл-күй туралы айтсам деп едім. Оның мән-жайы мынада: осы оқиғалар тұсында біз мүлдем басқа президентті көрдік.
Сайланғаннан бері «бісміләссін» елбасынан бастайтын оның сөзі де, өзі де өзгерген сияқты. Оны не өзгертті?
Екі жарым жылға созылып, әлі де мәресіне жетпеген транзит пен өзін кемсіте берген «қос билік» режимі ме?
Өзі мұрындық болған тәп-тәуір бастамаларды жүзеге асыра алмай келе жатқан қол астындағы министрлер мен әкімдердің саботажы ма?
Өзі айтқан «мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген» топтардың арам да астыртын қимыл-әрекеті ме?
Білмеймін, әйтеуір, осы күндері ол өзгерді де, барша жұрт күні кешеге дейін тым сыпайы, этикет сақтаған, биязы басшыны емес, қатқыл сөйлеп, талап қоя алатын, қиын шешім қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті тұлғаны көрді.
Меніңше, дәл осы жайт Қазақстанның дамуына өз әсерін тигізбек.
Осы өзгерісті көрген жұрттың біраз бөлігінің президенттің қызметіне, жаңаша бағалары мен бастамаларына деген көңілі жылып, сенім мен үміт пайда болғаны да рас. «Президент саясатты түзей бастады, елдегі қиын жағдай туралы ашық айта бастады. Енді үкіметке жаңаша леп, жаңаша серпін, жаңаша креатив әкелетін соны толқын келеді, олар жаңа Қазақстанның негізін қалайды!» деген ойды небір пессимистердің өзі айта бастап еді.
Бірақ, өткен күнгі оның үкіметті тағайындау туралы шешімі сол үміт жібін үзгендей болды десем, артық айтқаным болмас.
Елдегі жағдайды үшықтырып, дәл осындай бейшара халге жеткізгендер кім?
Иә, солар – нақты шешімдер, экономика мен әлеуметтік саланы тікелей басқарып отырған үкімет.
Олай болса, олардың дені, еш өзгеріссіз жаңа үкімет құрамына енуін қалай түсінеміз?
Меніңше, оның үш себебі бар.
Біріншіден, не десек те, елбасының қолының табы, оның ерік-жігері, оның мұрасы, Тоқаевтың онымен кезінде жасаған келісім-шарты, мойнына алған нақты міндеттемелері Гамлеттің әкесінің елесі секілді екінші президенттің соңынан қалмайды.
Екіншіден, сананы болмыс анықтайды, авторитарлық жүйелерде билік көп жағдайда капиталға, қаржылы топтарға тәуелді. Тоқаевтың ондай ресурстары әлі де жоқ. Отыз жыл ішінде қалыптасқан азулары алты қарыс қаржылық-саяси топтар оған емес, елбасына қарыздар. Сондықтан да ол кландар Назарбаев жаққа қарайлайды. Ол болса, әлі де Тоқаевты ашық қолдап, эфирге шыққан жоқ. Мұндай күдікті паузаны сан-саққа жүгіртіп жатқан жұрт та аз емес.
Үшіншіден, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының қызметін өз қолына алғанмен, президенттің Қазақстан экономикасының ең сүбелі, ең тиімді кәсіпорындарының басын қосқан «Самұрық-Қазына» қорының басшылығынан тыс қалып, оған тісі батпай отыр. Ол лауазым иесі - елбасы.
Бәлкім, содан болар, Мәжілістегі сөзінде президент: «Тұңғыш президент – елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды», -деп түйреп өтті де, квазимемлекеттік сектордың қажеттігіне күмән келтірді.
Бұл дегеніңіз үлкен сигнал!
Бұл дегеніңіз - «Қазақстандағы билік транзиті әлі де аяқталған жоқ, сондықтан бас билік үшін таласқан топтардың басқа да сұмдық жоспарлары болуы мүмкін» деген сөз! Яғни, кешегі қаңтар қанды қырғыны тағы да қайталануы мүмкін. Ел аман болсын!
Әміржан Қосан
Abai.kz