Transparency «қаңтар оқиғасы» жайлы не дейді?
Жемқорлыққа қарсы Халықаралық Transparency ұйымы Қазақстандағы наразылық шерулерінің негізгі себебі – жемқорлық екенін айтып, ресми веб-сайтында мақала жариялапты.
«Қазақстандағы наразылық шерулері: сыбайлас жемқорлық, кірістің тең бөлінбеуі, Алматыдағы қайғылы оқиғаларға жауапкершіліктің жоқтығы», - деп басталатын мақалада «қаңтар оқиғасына» қатысты баға беріліп, ел Үкіметіне бірнеше мәселені шешуді ұсынған. Сонымен Transparency не дейді? Қараңыз:
5 қаңтарда өткен Қазақстандағы бейбіт шерулер мен Алматыдағы қайғылы оқиғалар адамдардың әділдік үшін күресін ғана көрсетіп қоймай, соған қоса Үкіметтің экономикалық саясатты жасауда жіберген қателігін көрсетіп берді.
Әуел баста сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық ретінде басталған бұл наразылықтар жер асты байлығын пайдалану мен жер қойнауынан шыққан пайдалы қазбалардан түскен кірісті бөлуге қатысты мәселелер Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды әрі нәзік тақырып екенін көрсетті. Халықтың бейбіт шеруі Үкіметтің іс-әрекетіне және елдің саяси-экономикалық ісіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақтастарының негізсіз, ұзақ уақыт бойы араласуына деген шынайы көзқарасын көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық пен жер байлығын тең бөліспеу - шерудің негізгі себебінің бірі болғаны анық.
Қанды қақтығыс, өкінішке орай, көптеген жылдар бойы төзіп келген адамдардың өзгеріске ұмтылған бейбіт шеруіне өшпес дақ түсірді.
Қылмыскерлерді тауып, оларды жауапкершілікке тарту өте маңызды болғанымен, Қазақстан билігі барлығын «Үкіметті тартып алу мақсатында ұйымдастырылған қастандық» ретінде қарастырмауы керек. Билік өкілдері өткен аптада өлімге апарған оқиғаны тергеу барысында қандай да бір топтарға қатысты дискриминацияға жол бермей тергеу ісінің жүргізілуін қадағалау керек.
Transparency Kazakhstan алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін Үкіметке және мүдделі тараптарға мыналардың маңызды екенін жазады:
1. Мұнай-газ және құрылыс секторларына назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту;
2. Әділетті шешімдерді қамтамасыз ету үшін сот жүйесін реформалау;
3. Мұнай, газ және тау-кен өнеркәсібінің басқа салаларындағы табыстардың ашықтығын қамтамасыз ететін әлемдік үлгідегі бағдарламаны енгізу жоспарын Үкіметтің қаншалықты деңгейде атқарып отырғанына мән беру;
4. Пайдалы қазбалардың барлық кен орындары бойынша, оның ішінде «Теңіз» кен орнының жобасы бойынша келісімшарттардың абсолюттік ашықтығын қамтамасыз ету;
5. Сыбайлас жемқорлық трансакциялары нәтижесінде жоғалған активтерді анықтау және қайтару;
6. Қазақстанға жеткізілетін вакциналардың келісім-шарттарын жариялау;
7. Қазақстандағы қазіргі заманғы құлдықтың кез келген нысандарын жою жөнінде шаралар қабылдауы керек.
Айжан Темірхан
Abai.kz