Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4071 6 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 11:53

Алаштанудың текстологиялық мәселелері

(Ә.Н.Бөкейханның «Жаңа мектеп» журналында жарияланған мақалалары)

Ұлттық әдебиеттану ғылымының алаштану саласы текстологиялық нақтылық пен жауапкершілікті қажет етеді. Бұл – уақыт және талғамы өскен оқырман талабы. «Тестологиялық зерттеу дегеніміз – тек белгілі бір мәтіндегі қателіктерді, өзгешеліктерді теріп көрсету емес, ол – көркем әдебиет саласындағы әдеби мектептердің, бағыттардың, идеялық қозғалыстардың тарихын зерттеуге, көркемдік стильдердің тарихын тануға мол мүмкіндік беретін ғылым-таным құралы. Мәтін зерттеу – тек ондағы өзгерістерді тауып қою емес, ол өзгерістерді, жаңсақтықтарды, ауытқуларды  түсіндіреді» [1, 7]. Ал, соңғы жылдары байқап жүргеніміздей, Алаш зиялыларының шығармашылығында осындай стильдік, идеялық қателіктер мен ауытқулар аз кездеспейді.

Сөзімізге дәлел ретінде Әлихан Бөкейханның 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының №1 (16) санында жарияланған «Дін мен мектеп» мақаласын алайық. Бұл материалдың қайта жариялануы стильдік тұрғыдан төмен шыққаны соншалық, белгілі алаштанушылардың өзі оған: «Осы шынымен-ақ Әлиханның мақаласы ма?» - деп, күдікпен қарағаны рас. Біз ғалымдардың да, оқырмандардың да күдігін сейілту үшін текстологиялық талдауға жүгінеміз.

Ә.Н.Бөкейханның көзі тірісінде автор ретінде жиі байланыс жасаған «Жаңа мектеп» журналының түпнұсқасын Алматы қаласы, ҚР Ұлттық кітапханасының «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінен алдық. 1927 жылы Қызылордада басылып шыққан «Жаңа мектеп» журналының №1-8 сандарында қайраткердің мақалалары «V» деген лақап есіммен беріліп отырған.  Олар: №1 (16) санында [2, 22-24] жарияланған «Дін мен мектеп» мақаласы, № 2 (17) санында [3, 67-71] жарияланған «Тарихи затшылдық қисыны» аудармасы (түпнұсқа авторы Н.И.Бухарин), № 3-4 (18-19) санында [9, 23-27] жарияланған «Қазақстанда програм-әдіс жұмысы» мақаласы, № 3-4 (18-19) санында [9, 67-70] жарияланған «Тарихи затшылық қисыны. Қоғам тектерінің (мүшелерінің) арасындағы тепе-теңдік» аудармасы (түпнұсқа авторы Н.И.Бухарин), № 5 (20) санында [10, 71-77] жарияланған «Тарихи затшылық қисыны. Қоғам тектерінің арасындағы тепе-теңдік» аудармасы (түпнұсқа авторы Н.И.Бухарин), №7-8 (22-23) санында  [10, 62-64] жарияланған «Тарихи затшылық қисыны. Қондырмалар (надстройки) мен олардың құрылысы (структура)» аудармасы (түпнұсқа авторы Н.И.Бухарин). Біз жұмысымызда түпнұсқа мен С.Аққұлының құрастырған XV томдық шығармалар жинағының  XIII томына енген мақалаларын салыстыра отырып,  текстологиялық талдау жасауға тырыстық.

Текстологиялық талдауға көшпес бұрын Әлихан Бөкейхан заманының тілдік ерекшеліктеріне тоқталып өтуді жөн санадық.

ХХ ғасыр басында араб графикасына негізделген А. Байтұрсынұлының қазақ әліпбиі 30-жылдарға дейін «төте жазу» деген атпен қолданылып келді. Әр заманның өзіне сай жазу ерекшеліктері, стилі, сөз қолданысы әр түрлі болатыны белгілі. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің жазу үлгісі бүгінгі әдеби тілден өзгеше екендігі көзге ерекше байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін, «Қазақ» газеті, «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп» журналының түпнұсқасында басылған Әлихан шығармаларының лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін бүгінгі таңдағы қазақ тілінің заңдылықтарымен салыстыруды жөн санадық.

1. «П» («پ ») дыбысы қазақ сөздерінде кездеспейді, оның орнына «Б» («ب») дыбысын беріп отырады және өткен шақ көсемшенің –ып, - іп, -п жұрнағы әрдайым –ыб, -іб, -б болып жазылады. Мысалы: деб (деп), жауаб (жауап), беріб (беріп), жіберіб (жіберіп), жасаб (жасап), табындырыб (табындырып), бағындырыб (бағындырып), табқан (тапқан), бірігіб (бірігіп), қараб (қарап), боб («поп» сөзі орыс тілінен енген сөз болғандықтан қазақшалаған).  Тиісінше «П» дыбысы орыс немесе басқа да тілдерден енген сөздерде ғана кездеседі. Мысалы: пралетариат (пролетариат), капиталшы (капиталист), Лапин, апиұм (опиум), Епіропа (Европа), Египет. Тек, «Пырақ» сөзі - «бұрақ» сөзі араб тіліндегі – найзағай, жалт-жұлт еткен, зулау мағыналарын білдіретін арабтың بَرْقٌ‎ - «Бәрқ» деген сөзінен шыққан [6].

2. «У» («ۋ »), «Й» («ڍ ») дыбыстарының алдына «Ы», «І» («د ») немесе «Ұ», «Ү» («ۏ ») дыбыстарын қойып отырады. Мысалы: шійкілігі (жіңішке болғандықтан «і»), елітіуден, айналыудан (орфоэпиялық заңдылық бойынша қалай естілсе солай жазған), Бұудда («У» дыбысының алдында қандай сөз болсын «ұ», «ү» кейде «ы», «і» дыбыстары қойылған), сұу, ұу, тұуған, ұуақыт, сұуал (сауал), бұуын, шарыуалар, бійлеу, тійісті, таусыуға, т.б. Осыдан-ақ төте жазуында дауысты «и» немесе дауысты «у» дыбыстарының болмағандығын білеміз.

3. «-да» («да») деген жалғау мен шылауды сөйлемде қолданғанда екеуін де жалғау деп қарастырады. Мысалы: Үлкендергеде (дұрысы «үлкендерге де» болу керек), шықбайтынынада (шықпайтынына да), соғыбда (соғып та), сондада (сонда да), діндіде (дінді де), өйте тұрсада (тұрса да), адамда болмайды (адам да болмайды), жасауғада (жасауға да), мемлекеттіде (мемлекетті де), т.б. Ал, керісінше «-мен», «-бен», («мен», «бен») деген шылау мен көмектес септік көрсеткіші екеуі де шылау ретінде қолданылады. Мысалы: байлар мен астарласқан (дұрысы «байлармен», «-мен» жалғау болу керек), тор мен қоршап (тормен), құрылысы мен мемлекетті (құрылысымен), тас бен атқанды, ас бен ат (таспен, аспен), т.б. Бұл туралы академик Р. Сыздық: «...Мұндай орфограммалық ерекшеліктер ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ жазбаларында жүйелі түрде келеді. Ал жазудағы бұл ерекшеліктер – сонау орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінен келе жатқан дәстүрлі орфограммалар. Бұл дәстүрден қазақ жазуы ХХ ғасырдың 30-40 жылдарынан бастап қол үзгенін білеміз» [7, 14],- дейді.

4. Есімшенің - атын, - етін жұрнағы - атұн,  - етүн ретінде қолданылады. Мысалы: қалатұн (қалатын), шықбайтұнына (шықпайтынына), алдыратұн (алдыратын), айналмайтұн (айналмайтын), тұратұн (тұратын), алатұнын  (алатынын), беретүн еді (беретін еді), т.б.

5. «Ы», «і» дыбыстары сөздердің тоқсан пайызында кездеседі. Мысалы: ырас, Іресей, ірет, ылайықты, тарыйқына, пыролетарыйат, қарыу, пырогырам, мылыйон, пабрік, т.б.

6. Өзге тілден, әсіресе орыс тілінен енген сөздерді қазақ тіліне баламалау. Мысалы: салдат, әпесер (офицер), зәкөншік, міністір, содыйа (судья), деректір, пәбрік (фабрика), үйел (июль), Пылеқаноб, текнике т.б.

7. Қазіргі лингвистикада біріккен сөздер деп аталатын сөздер тобы бірігіп емес, бөлек жазылған. Мысалы: темір жол, әр бір, кем бағал, көркем өнер, т.б.

8. Төтеше жазуда үлкен әріп жоқ болғандықтан жаңа сөйлем де адам аты да кіші әріппен басталады. Мысалы: кутоб, ленин, т.б.

9. Үтірді (,) қою ережелері бүгінгі қазақ тілінің пунктуациялық ережелеріне сәйкес келе бермейді. Кейде шектен тыс көп үтір қойылса, кейде үтір мүле қойылмайды. Осыған қарап ХХ ғасыр басында қазақ тілінің әр түрлі салалары (стилистика, лингвистика, лексикология, грамматика, пунктуация) толықтай ретке келтірілмегендігі байқалады.

10. Төтеше жазуда ф, х, я, ю, ч, ц, щ, ъ, ь сияқты орыс тілінен енген дыбыстар кездеспейді. Тиісінше, бұл дыбыстар ұқсас дыбыстармен алмастырылып отырады.

11. Қазіргі таңдағы қолданылып жүрген көп сөздердің атауында сәл-пәл өзгешелік болған. Мысалы: жана (және), жандық, т.б. Бұл туралы академик Р. Сыздық: «... бұл күнде дәреже, тәжірибе, және, мағына, диқан, жәндік, сурет деген сөздерді 20-жылдары даража, тажриба, жана (шылау), мағана, диқаншы, жандық, сүгірет деп қолданылған (жазылған). Соңғы жандық сөзі жалпы тірлік иесі (адамнан басқа), оның ішінде жан-жануарлар деген жинақтау ұғымында қолданылған, яғни «жандықтар дегеніміз – қайуандар, құстар, балықтар, бақа-шаян, құрт-құмырсқа» деп түсіндірілген» [7, 14],- деп жазады.

ХХ ғасыр басындағы дәл осындай тілдік ерекшеліктер тек Ә. Бөкейхан шығармаларында ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Телжан Шонанұлы т.б.ғалымдардың шығармаларында да ұшырасады.

Кезінде діннің атын пайдаланып, түрлі сұмдық іс-әрекеттерге барған молдалар мен бай-шонжарлар туралы «Жаңа мектеп» журналының №1 (16) санында [2, 22-24]  жарияланған Ә. Бөкейханның «Дін мен мектеп» атты түпнұсқа мақаласын әлихантанушы С. Аққұлы құрастырған [4, 336-337] көптомдықтағы мақаламен салыстырып, төмендегіше текстологиялық талдау жүргіздік.

V. «Жаңа мектеп», 1927 жыл, №1 (16).
Қызылорда. 22-24 б.

Ә. Бөкейхан 1911 жылға дейін қоғамдық-саяси маңызы бар мақалаларын «Сибирские вопросы», «В мире мусульманства», «Голос степи», «Степной пионер», «Иртыш», «Степной край» сынды газет-журналдарына орыс тілінде жариялап отырды. Ал, 1913 жылдан бастап «Қазақ», «Абай», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» сияқты газет-журналдарға  мақалаларын қазақ тілінде жазып  отырған. Сарапқа салып, ақиқатына келсек, Әлиханның қазақ тіліндегі мақалаларынан орыс тіліндегі мақалалары сәтті шыққандай көрінеді. Бірақ мұның қилы-қилы астары, негіздері бар (мұны біздегі жазба стилінің қалыптасып-дамуымен түсіндіру қажет болады).

Текстологиялық талдау «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №1 (16) нөмірінде «V» деген лақап есіммен жарияланған алаш тұлғасының «Дін мен мектеп» атты мақаласы осыған дейін арагідік «бұл еңбек Әлиханның мақаласы емес» деп айтылып қалатын пікірлердің  негізсіз екенін көрсетті.

Енді бір ғана мақаламен шектелмей, Ә.Бөкейханның «V» деген лақап есіммен «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы  № 3-4 (18-19) санында [9, 23-27] жарияланған «Қазақстанда програм-әдіс жұмысы» еңбегіне де тоқтала кетейік. Мақалада шетелдік оқу жоспары жүйеленбеген күйі мемлекеттік оқу жоспары ретінде қазақ мектептеріне асығыс енгізілгендігі сөз болады. Стилдік, грамматикалық қателерге байланысты мақаланың кейбір тұстарын түсіну қиынға соқты.  Сондықтан түпнұсқа мен С. Аққұлы құрастырған нұсқаны [4, 345-348] салыстыра отырып, текстологиялық талдау жүргізіп көрейік.

V. «Жаңа мектеп», 1927 жыл, №3-4 (18-19).
Қызылорда. 23-27 б.

С. Аққұлының құрастырған жинақтағы Ә.Н.Бөкейхан мақалаларының кейбір жерлерінде қателік құрастырушыдан тыс баспадан кеткені көзге анық көрінеді. Мысалы, кейін құрастырылған нұсқада: «Олай болса, тайтылғаннан (айтылғаннан)», «мен» сөзі «және», «барлығы» - «бәрі», «үлестіруі» - «үлестірілуі», «артықша» - «айрықша» деп берілген. Тағы да бір ерекшелік: орыс немесе шет тілдерден енген сөздерді құрастырушы ХХІ ғасыр оқушысының ұғымына сай етіп беруді көздеген. Ал, түснұсқада автор қазақ тілі заңдылығына сай дыбыстарды өзгерту арқылы қазақшалаған. Мысалы: приказшиктер – піркәшіктер, фабрик – пәбріке, коммунистік  дәуір – көменестік дәуір, министр – міністір, губерния – гүбірне, генерал – жанарал, аэроплан – айырпылан т.б.

Тіл мен әдебиеттің қайсысына болсын текстология – аса қажет ғылым саласы. Өйткені мәдени, әдеби мұралардың барлығы да көне заманнан мәтін  арқылы жеткен. Халықтың дүниетанымын, психологиясын, тарихи мұрасын танып-білуде түпнұсқа мәтіндердің атқарар рөлі ерекше. Сол себепті, текстологиялық зерттеу – әдебиеттанудың негізі әрі өзегі. Текстологиялық жұмыстың маңызы да, жауапкершілігі де – түпнұсқамен тікелей жұмыс жасаумен байланысты. Кез-келген дүдамал ой, сөз мәтіннің өзіне үңілгенде, анық айқындала түседі. Әрине, көбінесе қате кейінгі құрастырушылардан кеткенімен, өз заманындағы баспагерлердің техникалық немесе басқа да жаңылыстарын да жоққа шығаруға болмайды (Бұған бүгінгі білікті редакторларсыз, сауатты корректорларсыз жарияланып жатқан кітаптардың мәтінін мысал ете аламыз).

Ә. Қайдар, Р. Сыздық, С. Қирабаев, М.Базарбаев, Т. Кәкішев,Ш.Елеукенов, М. Бурабаев, В. К. Григорьев, К. Нұрпейісов, Р.Нұрғали, Ә. Тәкенов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Ү.Сұбханбердина, Қ.Мұхамедханұлы, Б.Байғалиев, С.Дәуітұлы, В.Осипов, А.Сармұрзин, М. Құл-Мұхаммед, Т. Жұртбай, Д. Қамзабекұлы, С. Аққұлы, Ғ.Әнес, М.Тәжмұрат, А.Мектептегі,Т.Шаңбай, М. Әбсеметов, Қ.Сақ т.б. авторлардың еңбектерінің негізінде отандық ғылымда «алаштану» саласы дүниеге келді.

Алаштанудың бірінші кезеңі – Алаш тақырыбы мен ұлт зиялыларын халыққа таныту кезеңі болды. Бұл отаншылдық негізде және қоғам үшін аса сәтті өтті деп білеміз. Әсіресе, алғашқы Алаш мәтіні том-том болып жарық көрді. Сондай-ақ оған қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары аянбай еңбек сіңірді.

Алаштанудың екінші кезеңі - Алаш зиялыларының шығармашылығын терең және жан-жақты зерттеумен байланысты. Бұл кезеңде де мәтінтану өзекті болып қалды.

Біздіңше, енді Алаштанудың үшінші кезеңі – мәтінмен яғни текстпен тікелей жұмыс істеп, содан заманның рухани дүниетанымын - философиялық филологиялық, психологиялық тамыр соғысын бүге-шүгесіне дейін зерттеп-талдайтын уақыт келді. Бұл – ғылымның жауапкершілігі және зерттеудегі жаңа толқынның міндеті.

Әдебиеттер тізімі

  1. Мұхамедханов Қ. Абай шығармаларының текстологиясы жайында. / Қ. Мұхамедханов  – Алматы, 2010. –164 б.
  2. Жаңа мектеп (айына бір шығатын білім-педагогика журналы). 1927 жыл, № 1(16), январь. Қызыл-Орда – 1927.
  3. Жаңа мектеп (айына бір шығатын білім-педагогика журналы). 1927 жыл, № 2(17), февраль. Қызыл-Орда – 1927.
  4. Бөкейхан Ә. Шығармалары. XIII том. / Ә. Бөкейхан  – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. –607б.
  5. Әбдіқалық К.С. Текстология: оқу құралы. / К.С. Әбдіқалық – Алматы: «ҚазМемҚызПУ», 2012. –204 б.
  6. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9F%D1%8B%D1%80%D0%B0%D2%9B
  7. Сыздық Р. Ахмет Байтұрсынұлы, Телжан Шонанұлы. / Р. Сыздық // Дала мен қала. 2011, 11 сәуір (№ 14). – 14 б.
  8. Лихачев Д. С. Текстология (на материале русской литературы Х-ХVII вв.). Москва – Ленинград: «Академии наук СССР», – 605 с.
  9. Жаңа мектеп (айына бір шығатын білім-педагогика журналы). 1927 жыл, № 3-4 (18-19). Қызыл-Орда – 1927.
  10. Жаңа мектеп (айына бір шығатын білім-педагогика журналы). 1927 жыл, № 5 (20). Қызыл-Орда – 1927.
  11. Оспанова Г. Қазақстандағы ХХ ғ. 80-90 жж. мәдени процестер (Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның авторефераты)./ Г.Оспанова – Алматы, 2001. – 17 б.
  12. Қос төңкеріс және Алаш қозғалысы (сұхбатты хаттаған - Т.Омарбеков) / Т.Омаров // "Ақиқат", 1991, N11- 45-46 б.

Әсем Өскен,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381