Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 5645 0 пікір 3 Наурыз, 2022 сағат 12:21

Беймәлім құжатпен танысқанда...

Жақында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Ақпараттық-аналитикалық орталығы өз сайтында қазақ тарихына қатысы бар бір қызық материалды жария етті. Ол –  «1918–20 жж. беймәлім қазақ хандығы. Түркістандағы азамат соғысы тарихына (архив)» деген тақырыппен берілген хаттама. Ресей Советтік Федерациясы Түркістан Республикасының Әскери-революциялық кеңесі (РВС, ӘРК) Ташкентте 1919 жылғы 14 шілдеде өткізген отырыстың хаттамасы.

Осынау Түркреспублика ӘРК-нің  кешкі сағат 17-де басталған отырысының № 62 хаттамасында Сібірдегі Колчак езгісінен қашқан қазақтар – Дінмұхамед Әділов пен Байсейіт Әділовтің баяндамасы  («Доклад киргиз, бежавших из Сибири от ига Колчака тов. Диль-Мухамеда Адилева и Бай-Сеид Адилева») тыңдалғаны айтылған екен.

Бұл ағалы-інілі екі азаматтың революция жылдарындағы іс-әрекеті жайында Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарында едәуір әсерлі жазылғаны мәлім.

Байсейіт Әділов Ақпан революциясынан кейін күрт өрістеген қазақ ұлт-азаттық қозғалысына Сәкенмен бірге атcалысты. Дала уәлаятының астанасы Омбы қаласында Ақпан революциясы дүмпуімен шақырылған Ақмола облысы қазақтарының алғашқы съезінде облыстық қазақ атқару комитеті құрылған, сонда оның мүшелігіне сайланды. Одан соң Ақмола өңірінде совет өкіметін орнатушылар қатарында болды. Ақмоладағы алғашқы жұмысшы, шаруа, солдат депутаттары кеңесінің – совдептің мүшесі, үйездік милиция бастығы боп істеді. Ақтар төңкеріс жасап үйездегі совет өкіметін құлатқанда, Сәкенмен және өзге де совдеп мүшелерімен бірге абақты азабын шекті. Ақтардың  түрмесінен 1918 жылдың күзінде қашып шыққан-тын.

Ал оның бауыры Дінмұхамед сол жылдың аяғына қарай Омбыдағы коммунистер Колчакқа қарсы ұйымдастырған көтеріліске қатысқаны үшін қуғыннан сескеніп, ақтардан тығылған. Қаладан Жанайдар Сәдуақасовтың құжатымен жасырын қашып шығып, жастардың «Бірлік» ұйымында табысқан досы Әбдірахман Байділдинмен бірге оның Қызылжар жақтағы ауылына кеткен. Сонда көктемге дейін  жүруге мәжбүр болған да, ақыры, 1919 жылдың ортасында Ташкентке жеткен. Жоғарыда аталған құжаттан аңғарылатындай, оның Ташкенттегі ғұмыры республика Әскериревкомының мәжілісінде баяндама жасаудан басталған болып шықты...

Хаттамаға қарағанда – отырысқа Саликов, Красюков, Федермессер, Востросаблин, Шишков, Глинянов және Чепурнов қатысқан. Жиынға Саликов төрағалық етіп, хатшысы  Кислов болған. Отырыс хаттамасын жариялауға әзірлеген мәскеулік Валерия Витальевна Андреева олардың біразы жайында анықтама беріпті.

Мәселен, Востросаблин Александр Павлович (1857–1921) дворяндар қатарынан екен. 1877 жылы Александр әскери училищесін бітіріп, қызметін Керчь қамалы артиллериясында бастаған да, 1905–1910 жылдары Очаков және Севастополь  қамалдық артиллерияларында жалғастырған. 1910 жылдан Кушка қамалының коменданты, осы қызметі кезінде  генерал-лейтенант шенін алған. Ол 1917 жылы совет өкіметі жағына шығып, қамалды ақтардан қорғауға басшылық жасады. Солдаттар оны «қамал әскери кеңесінің төрағасы» лауазымына сайлады. Сосын ол Қызыл армияның Ташкенттік командирлер курсының тұңғыш командирі болды. Әскери маман ретінде 1919 жылдың қаңтарынан Түркреспублика ӘРК-нің (РВС)  мүшесі боп істеген. 1920 жылғы тамызда жасалған қастандық салдарынан ауыр жарақаттанып, ұзамай қайтыс болған.

Ал севастопольдық еврей Федермессер Наум Яковлевич (1886–1959) 1905 жылы «Князь Потемкин-Таврический» және «Очаков» броненосецтеріндегі көтеріліс ішінде болған көрінеді. 1-ші дүниежүзілік соғысқа қатысушы. 1917 жылы таңдап сайлану жолымен дивизиялық комитеттің төрағасы және дивизия бастығы болған. 1918 жылдан  әуелі Ташкент советінің, одан Түркістан Әскери-революциялық штабының, 1919 жылдан Түркреспублика ӘРК-нің мүшесі. Сосын шаруашылық жұмыстарында істеген, 1937 жылы репрессияланып, 1954 жылы ақталған. Зейнетке шыққаннан соң Самарқанда тұрған.

Осы екеуінен басқа отырыс мүшелері жайында анықтама берілмепті. Біз өз тарапымыздан ТР ӘРК-нің 1919 жылғы  14 шілдеде болған мәжілісіне төрағалық етушінің өмірбаянын анықтауға тырыстық. Өйткені ол жоғарыда аталған екеумен бірге баяндаманы талқылауға көбірек қатысқан-тын.

Деректі интернет арқылы  Орынбор өмірбаяндық энциклопедиясынан таптық. Сондағы анықтамаға қарағанда,  «жұмысшы, әскери және қоғам қайраткері» Саликов Дмитрий Павлович (1886–1972)  Орынбор губерниясы Япринцево селосының тумасы екен.  1906–1917 жылдары Орынбор–Ташкент теміржолында слесарь болып істепті. Революциялық қызметі үшін тұтқынға да түсіпті. 1917 жылы Орынбор совдепі аткомына сайланған. 1919–1922 жылдары Түркреспублика Қатынас жолдары халкомының орынбасары, Әскериревком төрағасы болған екен. Аталмыш отырысты ӘРК төрағасы ретінде өзі басқарған болып шықты. Түркістан Орталық Атқару Комитеті (ОАК) және Халық Комиссарлары Кеңесі (ХКК) мүшесі, одан кейін Қазақ ОАК мүшесі де болыпты.

Хаттаманы жариялауға әзірлеген В. Андреева баяндамашы туралы да мағлұмат берген көрінеді. Енді соған көңіл аударайық...

ТР ӘРК-нің отырысында баяндама жасаған «Әділов Дінмұхамед Әбубәкірұлы (1900–1930)» (осы жердегі қателікті атай кетейік: Әбубәкір Дінмұхамедтің әкесі емес, ағасы, Байсейіттің інісі. Әкесі – Әділ, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» оның 1918 жылы Ақмолаға ақтар түрмесіндегі үлкен ұлы Байсейітке келіп жүргенінде жұқпалы індеттен қайтыс болғаны айтылған, яғни дұрысы – Дінмұхамед Әділұлы). Міне, осы Әділов Дінмұхамед Әділұлы «Сырдария облысының Сарысу үйезіндегі № 3 ауылда туған. Орта жүздің қазағы (мұнда да сәл ағаттық бар, бәлендей қате деуге де келмес, шамасы, өмір сүрген аумағына байланысты солай ұйғарылған болар, іс жүзінде ата тегі Кіші жүзден). Мәскеу қаласында 1930 жылғы сәуірде атылған» деп көрсеткен.

Бұдан әрі: «Әкесі (жоғарыда көрсеткеніміздей – ағасы) – Әбубәкір Әділов (1882 ж.т.), 1929 ж. 10 қаңтарда тұтқынға алынып, 1930 ж. 4 сәуірде 10 жыл ИТЛ-ге (еңбекпен түзеу лагеріне) жіберуге үкім етілген» деген дерек береді де, одан әрі қарай Дінмұхамедтің өмірдерегін жалғастырып жазады.

Хаттамаға қоса берілген сол анықтамада Дінмұхамед Әділов: «Ақмола бастауыш училищесін (1913 ж.), Омбы гимназиясын (1918 ж.) бітірген. Ташкент қаласында Түркістан университетінде (1919–20 жж.) оқыды. Оқушылардың «Бірлік» ұйымы мүшесі, Омбы қ. (1914–17 жж.); Ақмола үйездік қазақ комитетінің мүшесі, «Жас қазақ» атты қазақ жастары ұйымының бюро мүшесі, Омбы қ. (1917 ж.); «Алаш» партиясы комитеттерінің мүшесі және активисі (1917–18)» болған деп жазылған.

Содан соң Түркістан Республикасында: «Қазақ халық ағарту институтының оқытушысы, Ташкент қ., Жетісу губоно (дұрысында – облоно, облыстық халық ағарту бөлімі) меңгерушісі (1918–20 жж.)» қызметтерінде істегені, сосын Қазақ өлкесінде «Семей губерниялық партия комитетінің нұсқаушысы (1920 ж.)» болып, Қазақстан Советтерінің алғашқы Құрылтайшы съезінде советтік автономия жария етіліп, Қазақ Республикасы құрылғанда: «Қазақ АССР НКВД (Ішкі істер халкоматының) алқа мүшесі және врид. Наркома (халком істерін уақытша атқарушы) (1920–21 жж.); ҚАССР НКВД бөлім меңгерушісі» болғанын айтқан.

Осыдан кейін «Сібревком жанындағы ҚазОАК толық өкілетті өкілінің орынбасары, Омбы қ. (1921 ж.)» болды дейді. Дұрысында бұл қызметте ағасы Байсейіт Әділов істеген (Байсейіт те, Дінмұхамед те Құрылтайшы съезде ҚазОАК мүшесі боп сайланған), ыңғайы, мәліметтерді жинаушы екеуінің фамилиялары бір болғандықтан, қызметтерін дәл ажырата алмай қалса керек. Бұлардан соң Дінмұхамед Әділовтің ескі Қазақстандағы соңғы лауазымы: «Түркістан АССР-нің Сырдария облысы мен Әулиеата үйезіндегі  ҚазОАК өкілі (1921–23 жж.)» болғаны келтіріледі.

Сосын тағы да Түркістанда: «Қазақ ағарту институтының оқытушысы, директоры, ТАССР Ағарту халкоматында, Сырдария облаткомында, Ташкент губсотында» істегені, одан кейін жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына жиылған Үлкен Қазақстанда болған шағы айтылады: «ҚАССР  Ағарту халкоматында жетекшілік жұмыстарда (1923–25 жж.); Қазақ ұлттық театрының директоры, Қызылорда қ. (1925–28 жж.) (дұрысында ұлт театрын құрған бұл лауазымында Дінше Әділов алғашқы бір театрлық маусым бойы ғана істеген).

Анықтама соңында: «1928 ж. желтоқсанда ССРО ОГПУ тұтқындаған. Тергеуде Қазақстан мен Түркістанда тармақтанған антисоветтік ұлтшылдық астыртын қызмет болғаны жайында көлемді көрсетулер берді. 1930 ж. 4 сәуірде  ССРО ОГПУ алқасының көшпелі сессиясы жазаның жоғарғы шарасын (ВМН) қолдануға үкім етті. 1988 ж. 14 қарашада ақталған» деп көрсеткен. Бұған, неге екенін, үкімнің прокуратура тарапынан расталуын күтпестен (прокуратура бекітпегендіктен, алғашқы шешімін ОГПУ алқасы 1931 жылғы 8 қаңтарда қайта қарап, жазаның жоғарғы шарасына кесілгендерді концлагерьге жіберумен алмастырған), мәдениет қайраткері Дінмұхамед Әділовті 1930 жылғы 21 сәуірде – пролетариат көсемінің алпыс жылдық юбилейі қарсаңында – жазушы Жүсіпбек Аймауытов, әдебиетші Әбдірахман Байділдин, журналист  Ахметсафа Юсуповпен бірге атып, Ваганьково қорымына көміп тастағанын қосып қояйық.

Енді хаттама мазмұнына көшейік. Әділов РВС отырысындағы баяндамасында «өзін Сібірдегі жоғарғы билік, Сібірдің ғана емес, тіпті Бүкілроссиялық жоғарғы билік» деп атайтын Колчактын үкіметі бақылап тұрған аумақтағы қазақ халқының жағдайына қысқаша тоқталады. Көкшетау, Петропавл үйездерінде «өз тағдырын өзі айқындауға ұмтылған қазақтардың әрекеттерін Колчактың Сібір үкіметі тас-талқан етті» деп бір түйіп, Шу өзенінің арғы жағындағы қазақтардың арасына ақ жасақтары келіп түрлі зорлық көрсетіп жүргенін мысалдар келтіріп әңгімелейді. Сондағы «жүгенсіздіктерді тоқтату үшін алғашқы кезге жасақ, сосын неғұрлым қуаттырақ әскери күш жіберілсе» деген тілегін білдіреді.

Баяндаманы тыңдап болған соң, отырысқа төрағалық етуші одан «әлдеқандай әскери дайындығыңыз бар ма» деп сұрайды.  Баяндамашы өзінің «совет өкіметі кезінде ерікті түрде 2-ші Омбы партизан отрядына жазылып», Қиыр Шығыстағы азамат соғысына ақтармен шайқастарға қатысқанын  аян етеді. Сосын тағы бір әскериревком мүшесінің Байкал сырты майданындағы қызыл әскерлер командашысы болған Сергей Лазомен қашан ажырасқандары жайындағы сұраққа жауап береді.

Түркреспублика ӘРК-нің төрағасы Саликов баяндама жасаған Әділовтен сөз боп тұрған халықтың мәдени деңгейі қандай екенін сұрайды. «Егер біз мұсылман болыстарына жасақ жіберейік деген қорытындыға келсек, бұл тиімді бола қояр ма екен... – деген күдігін естіртеді, – бірақ егер жергілікті мұсылмандардан жасақ құрып, оларға жақсы нұсқаушылар берсек... – деген ойын да білдіре келе, – жасақ ол жерде азық-түліктен қиналмас па екен» деп, Әділов жолдастан осы тараптағы пікірін сұрайды. Баяндамашы Әділов жолдас «халықтың мәдени деңгейі төмен» дейді. Бірақ қазақтардың саясатқа, қоғамдық пікірге қызығушылық танытатынын, жалпы қоғамдық мәселелерге елеңдеп тұратынын баса айтады.  «Қазақтар өздерінің ақтармен жолы бір емес екеніне сенімді, – деп хабарлайды. – Егер қару-жарақ пен нұсқаушы берілсе, олар жасаққа ықыластана кіреді». Егер әскериревкеңес ол жаққа жасақ жұмсауға келіссе, Әділовтің ойынша, тәртіпке бағындырылған, қатарына кіретін мұсылмандарға үлгі болатын жақсы жасақ жіберілсе оңды болар еді. Енді азық-түлік мәселесіне келсек, дейді ол, ауылдар жағында бұл жетімсіздеу, әсіресе нан жоқтың қасы, ал етті ел арасынан жеткілікті мөлшерде сатып алуға болады...

Әскериревком мүшесі Востросаблин елді мекендер арасындағы қашықтықтар туралы, жасаққа кіруі мүмкін қазақтардың мөлшері жайында сұрақтар қояды. Оған да баяндамашы нақты цифрлар келтіріп, «бес болыста 5 мың түтін барын, болыстық комиссарлар жанында жиылу бекетін құрып, солардан мың қаралы жігіт жинауға боларын», сондай-ақ дала төсіндегі құдықтарды, төбелерді, шөптесін жерлерді атап толық жауап береді. Сол болыстарда жылқы көп пе деген сауалға «1917 жылы мал көп қырылды, сонда да аттар қазір де жеткілікті, түйелер көп» дейді. Сосын: «Ол жақта хандық қалай құрылды, оған қанша болыс қарады?» деген Әскериревком мүшесі Федермессердің сауалына мынандай жауап берді: «Бұдан екі жыл бұрын онда Шу бойындағы 18 болыс қарайтын хандық құрылған-ды, бірақ ол бейтарап болатын. Хандықтың бастамашысы «Үш жүз» социалистік партиясында істейтін Асанқожа Бекхожин еді». Еш тарапқа да иек артпай, өзін бейтарап ұстаған бұл хандықтың алға қойған мақсаты  қазақ халқын тыныштандырып, талан-таражды тоқтату  болатын. Соңғы кездері Атбасар үйезінде ақ казактар пайда болып, ұзынқұлаққа қарағанда, ханды сонда әкеткен  сияқты, одан арғы тағдыры Әділовке беймәлім...

Федермессердің: «Қазақтардың өз араларында келіспеушіліктер бар ма, олар ақтар келгенде біріге алды ма?» деген сұрағына «өз іштерінде кикілжің жоқ» деп жауап қатты. Дегенмен барымта орын алып тұратынын, оны жергілікті би шешіп отыратынын айтып, Шу және Құршу болыстарының өзара тату екеніне, қажеттілік туғанда өздерін өздері қорғау үшін тез біріге алатынына сендірді. Саликов «Колчак үкіметі мұсылман халқын мобилизациялауға тырысты ма?» деп сұрады. Әділов Колчакқа дейінгі үкіметтің Алаш-Орданы таратып жібергенін, Колчактың қазақтарды большевизмге қарсы біріктіру үшін Комиссия құрғанын айтты, бірақ ол ештеңе істей алмады деді. Одан кейін «Колчак қанша қысым жасағанмен, мәжбүрлі мобилизация жасау орын алған жоқ» дей келе, әйтсе де Есіл өзені бойында, Атбасарда еріксіз мобилизация жүргізілгенін әңгімеледі: 500 адамға дейін жинап алынған, бірақ олардың бәрі іштей, Әділовтың білуінше, ақ казактарға қарсы көңіл-күйде жүр...

...Түркреспублика Әскери-революциялық кеңесінің отырысы «баяндамашы Дінмұхамед Әділов жолдасқа осы ауылдар мен олардың көші-қондарының сызбасын барлық құдықтар мен бұлақтарды көрсете отырып жасау және оны Реввоенсоветке тапсыру ұсынылсын» (Ресей мемлекеттік әскери архиві, 25859-қ., 1-тізбе, 18-іс, 81–82-бб.) деп қаулы алды...

Республика Әскериревкеңесінің төрағасы (Предреввоенсовета республики Д. Саликов) аталмыш отырыстан кейін ВЦИК пен РСФСР Әскериревкеңесіне  сауал салып, Орынбор аймағындағы жағдайды білуге тырысқанына және өздерінің Шалқарды алуға мүмкіндіктері барлығын айтып, осы майданға қатысты нұсқау беруін  сұрауына (Совет армиясының орталық мемлекеттік архиві, 25859-қ., 1-тізбе, 25-іс,  25-п. ) қарағанда, Әділовтің баяндамасына орай қабылданған қаулы мен оның орындалуы РВС әрекеттерінде белгілі дәрежеде ескерілген болуы ықтимал...

Ал ел ішіндегі ағайын-туғаны, жолдас-жоралары  – Мұқыш, қалалардағы замандастары – Дінше деп атап кеткен Дінмұхамед Әділов тізбесі жоғарыда келтірілген жұмыстарының бірін атқарып жүргенінде совет өкіметі жалаулатқан әділеттілікті жақтау арқылы өзіне сол совет өкіметінің жауапты қызметкерлері ішінен қатерлі жау тауып алды. Тағдырын қасіретті иірімге  итерген оқиға Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің Түркреспубликадағы Сырдария облысы мен Әулиеата үйезі бойынша өкілі  ретіндегі қызмет бабымен Шу бойындағы ел ішінде жүргенінде, 1922 жылдың соңы, 1923 жылдың басында, орын алған-ды...

Ақмола үйезінен үйездік атқару комитетінің өкілі ретінде салық жинау желеуімен Шу бойындағы ауылдарға келіп, қыстап қалған бір үлкен топ іс жүзінде сондағы халыққа совет өкіметі атынан зорлық көрсетіп, тұрғындарды ахлақи қорлап жүрген. Ашынған жұрт елге түрлі қиянат жасауын доғармаған жалған милиционерлердің басшыларын өздері қатты қадірлейтін Қазатком мүшесі Байсейіт Әділов пен жергілікті болыс басқарушысы Мәдібек Кеншімовтің жетекшілігімен тұтқынға алады.  Жиналыстарында оларды бір ауыздан өлім жазасына кеседі. Сол жерге арнайы шақырылған Мұқыш Әділов аудандық милиция бөлімінің күшімен халық үкімін орындауды ұйымдастырады...

«Қараноған–Шала оқиғасы» аталып ел ішіне кең таралған, аңызға, жырға айналып кеткен осы жәйт содан бес-алты жыл өткенде, байларды кәмпескелеу науқаны тұсында, «Әділов бандасы» түрінде жаңғыртылады да, 1922–1923 жылғы қыста зорлықшыларды жазалауға әлдеқандай қатысы  болды-ау деген он алты қарапайым ауыл адамы абақтыға жабылады. Сөйтіп Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды зиялылар үстінен жүргізілген «Алаш ісі» аталатын қылмыстық іске тартылып, «алашордашылар арқа сүйеген алыс Сарысу ауданындағы Әділов бандасының мүшелері» деген айыппен репрессияланады. «Банданы ұйымдастырушы» делінген Байсейіт Әділов үйін қоршаған қарулы жасақ тұтқындауға әрекеттенгенде 1928 жылғы желтоқсанда оққа ұшқан-тын. Ал өзге «бандиттерден» Дінмұхамед Әділов пен Мәдібек Кеншімов ОГПУ алқасының үкімімен 1930 жылғы 4 сәуірде ату жазасына кесіліп, қалғандары түрлі мерзімге концлагерьлерге айдалды.

Айрықша атап айтатын бір жәйт бар: Әділдің жеті баласы ішінде Байсейіт пен Дінмұхамед атылды, Әбубәкір, Әбуәлі, Асқар көп жылға бас бостандығынан айрылды. Денсаулығына және тым жастығына байланысты сотқа тартылмаған қалған екеуі де қилы қыспақ салдарынан ұзақ өмір сүре алмады. Тергеушілер «күйеулерінің қайда кеткенін біле тұра, заң органынан жасырды» деген жаламен Әділовтердің әйелдерін де істі етті. Не керек,  жеті ағайынды Әділ ұрпақтарының тоз-тозы шығарылды, күллі әулеттің  шаңырағы ортасына түсірілді. Жаңғыз олар емес, репрессияланғандардың барлығының отбастары бытырап, шамасы жеткен жақтарға босып кетті...

Совет Одағының Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ-дің) Қазақстан бойынша Толық өкілетті Өкілдігі (ПП ОГПУ) репрессияның алғашқы толқынында жүргізген «Алаш ісі»  материалдарын зерттеп оқи келе, тергеушілердің жасанды түрде тергіштеген қисынсыз деректерді алға қойған мақсатқа қарай бұрмалап, тұтқындарға жалған кінә тағу арқылы саяси тұрғыда айыптауға апарғанына көзіміз жетті. Репрессияға ұшырағандардың бәрінің жазықсыз сотталғаны бүгінде баршаға мәлім. Қазақ Республикасының Жоғарғы Соты қазақ зиялыларының аталған қылмыстық ісін 1988 жылдан бастап қайта қарап, қылмыс құрамы болмағандықтан, жазаланғандарды түгел ақтаған болатын.

Қуғын-сүргінге түсірілгендерді толық реабилитациялау мәселесі бойынша Президент арнайы құрған бүгінгі мемлекеттік комиссия осы орайдағы маңызды міндеті қатарына сол заманда жасанды айып тағып жазалауды жүзеге асырғандардың ісіне баға беру қажеттігін де ойластырса жөн болар еді. Шындап келгенде, күллі репрессиялық шаралардың негізгі себебі ұлт мүддесіне жауап бермейтін билік түрінің қазақ қоғамына сырттан әкелініп, еріксіз таңылуында жатқан. Енді осыны ашық айтып, әділ қорытынды шығаратын шақтың да туғаны анық...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия
құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570