Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2305 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 13:33

Еркеғали БЕЙСЕНОВ. Куянов деген «батыр» шықты...

Қазақстан журналистерінің жаны сірі. Басында баспанасы, астында жөні түзу көлігі, қамқоршысы... қысқасы, қалам-қағазынан басқа түгі де жоқ. Не мемлекеттік қызметкердің, не бюджеттік мекеме өкілінің санатына кірмейтіні бесенеден белгілі.

Қазақстан журналистерінің жаны сірі. Басында баспанасы, астында жөні түзу көлігі, қамқоршысы... қысқасы, қалам-қағазынан басқа түгі де жоқ. Не мемлекеттік қызметкердің, не бюджеттік мекеме өкілінің санатына кірмейтіні бесенеден белгілі.

«Сөз бостандығының» да жалған желеу екендігінің айқын бір дәлелі, екі күннің бірінде соққыға жығылып, оққа ұшып, пышақталып жатқандардың бәрі - біздің әріптестер. Енді міне, тұтас бір редакция қызметкерлерін жаппай жұмыстан босату әрекетіне жол беріле бастады. «Күштінің арты диірмен тартады» дегеннің керімен, Алматы қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Сергей Куянов жергілікті «Алматы» телеарнасының бір топ қызметкерлерінің бір-ақ күнде жұмыстан кетіп тынуына ықпал етіп отыр. Мұның себебін алғашында телеарнаның Самал есімді тілшісі былай түсіндірген еді: «Жақында Петр Своиктің «қазақ тілін екінші сортты тілге» жатқызған пікірі журналист сюжетіне арқау болды. Тілші Ильзат Акчурин даярлаған бейнематериалда сол сөздің авторын айыптайтын әртүрлі пікірлер айтылған. Оны Сергей Куянов әкімдікке шақырып алды да, айтпағанды айтып, жерден алып, жерге салыпты. Сол кездесуден кейін журналист жұмыстан кету туралы арыз жазды». Оның айтуынша, өзге әріптестердің де әкімдікке наразылық танытып, бірауыздан қызметтен кету туралы шешім қабылдауларына сол жағдай түрткі болған. Бірақ, біз телеарнада бас директордың орынбасары қызметін атқарып келген Серік Әбікенұлына хабарласып, мәселенің түп-төркіні одан әріде жатқанына қанықтық.
«Қазір кететін адамдардың саны өсті,- деп бастады ол әңгімесін. - Ал, әкімдік жағы мыңқ еткен жоқ. Шын мәнінде, бұл диктатураның асқынып кеткенін көрсетеді. Біз директордың тағы бір орынбасары Қайрат Балтабай екеуміз жұмыстан кету туралы өтінішті жарты ай бұрын, яғни журналисттердің алдында берген болатынбыз. Енді бәріміз бірге өтінішімізге қол қойдыртып, есеп айрысып жатқан жайымыз бар. Сол кезде дүрліккен кейбіреулерінің (орыс редакциясы) қайтып келе бастағанын естідім. Сондықтан қазір тізім жасап отырмыз. Әзірге нақты кеткендердің саны 39 болды. Кеше Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов келіп, біздің әріптестермен кездесіпті. Оның не айтқанын әзір білмеймін.
Содан, бәріміз екі күн бойы жиналып, жастарға жұмыс іздеумен айналыстық. Шүкір, өз мамандықтары бойынша 28 журналист қызметке орналасты. «Бізден не көмек керек?..»,- деп біраз адам хабарласып жатыр. «Нұр Отан» партиясы да бір-екі адамымызды жұмысқа алатын болды. Бұрын әкімдіктегі мәселелер бойынша өзара келісіп, тең дәрежеде жұмыс істейтінбіз. Кейінгі уақытта әлгі баспасөз хатшысы желкемізге мініп алды. Не істеп, не қоятынымызды содан сұрайтын болдық. Ал, осылайша бәрін бір-ақ адам шешетін болса, телеарнаға басшылықтың керегі не?!».
Сондай-ақ, әкімдікте өткен кезекті бір жиында Куянов Қайрат Балтабайға: «Серік екеуің менің мойныма мініп алдыңдар әбден. Біздің арқамызда күн көріп отырғандарыңды ұмытпаңдар!», - деп астамси сөйлепті. Сосын Қайрат: «Оу, көке, ондай сөзді қойыңыз! Олай болса, біз кетейік!..» деген екен. Одан кейін де Сергей сабаздың өкімі өктем шығып, «Алматы» телеарнасынан орыс редакциясын қосқанда, 55 адам кетпек болған. Бірақ, орыс редакциясынан екі-ақ тілші шығып, қалғандары орындарында қалып қойыпты. Оларды әкімдік өкілдері кабинеттеріне жекелеп шақырып алған да, кетіп бара жатқан қазақ редакциясымен бір ауыз келісімге келуге тырыспаған. Серік Әбікенұлының сөзіне сүйенсек, әкімдіктегі әпербақандарға «бірыңғай оңбаған қазақтар кетіп бара жатыр» деген айып ыңғайлы болғанға ұқсайды. «Өздері қазақ азаматтарына оңай күйе жаға салатын операциялар ойластырып алған», - дейді ол.
Негізінде даудың басы қазір түк болмағандай орындарында отырған орыс редакциясынан басталыпты. Сергей Куянов өз еркімен тағайындаған жаңалықтар қызметінің бас редакторымен жұмыс істеуді қаламаған олардың ұстанымын қазақ редакциясы қолдаған да, соның зардабын өздері тартуға тура келген. Ал, әкімнің баспасөз хатшысымен кездескісі келген қазақ журналистеріне оның тарапынан «кете берсін» деген ғана жауап жеткен. Телеарнаның бас директоры Евгений Грюнбергке де: «Білгендеріңді істеңдер! Маған бәрібір...», - деп дүрсе қоя берген. Өйткені, ол телеарнаны жеке өзі басқаратын мекеме санайды.
Редакцияның жұмысы мен кадр мәселесіне емін-еркін араласып үйренген. Әсіресе, сыни материалдарды алып тастаудың шебері екен. Сыныққа сылтау табудың амалын алдын-ала ойластырып қойса керек, мәселенің анық-қанығын өзінен сұрап білгісі келген өзге әріптестерімізге берген жауабы мынау болды: «Сюжетте расымен де Своик мырза қатыстырылған. Бірақ, ол эфирге шыққан жоқ. Шығармау туралы шешімді мен қабылдадым. Дау-дамайға арқау болған тақырып - Кеден одағы. Тіл жайында емес. Осыдан кейін журналисті шақырдым. Түсініктемесі бар. Тілші тақырыпты иіп әкеліп, ұлттық мәселеге тіреген. Менің ойымша, бұл кәсібилікке жатпайды. Ал осы жағдайда мені ұлтшыл деп айыптау, ол - барып тұрған арсыздық, жала!.. Грюнберг арыздарын кері алмаған 29 адамның тізімін әкелді. Оның ішінде режиссерлер, сайт редакторы, журналистер мен бірнеше жүргізушілер бар. Бірақ, орыс редакциясынан ешкімді көрмей тұрмын». Мәссаған, безгелдек! Қазақ журналистерінің хал-ахуалына түкірген хатшы үшін ұлттық мәселені көтеру кәсібилікке жатпайды-мыс. Оларды «ұлтшыл, оппозиционерсіңдер» деп айыптаған өзі арлы да, Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілге жанашырлық танытқан адамдардың барлығы арсыз екен. Бұл не деген бейбастақтық?! Жұмыстан кеткендердің ішінен орыс редакциясының өкілдерін көрмей тұрса, оларды өздері арнайы қабылдап, «әке-көкелеп» жүріп орындарында қалдырған жоқ па еді?! Сонда, осындай оспадарлыққа барып, өз елінде өгейдің күйін кешкен қазақтарға осқырына қарайтын маманына «ұлт араздығының қоламтасын қопарып отырсың» дей алмаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ай қарап отыр ма?! Әлде, Алматыны «Алма-ата» деп атау жөнінде ыңғайсыз бастама көтерген оның өзі де, айналасы да мәңгүрттіктің мән-маңызын арттырушы ретінде қалыптасып алған ба?!.
Телеарна тілшілері әлі де қамсыз емес. Сол Есімов мырзаның өзімен қатар, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайға және Мәжіліс депутаттарына ашық хат жазды. Оның қысқаша мазмұны былай: «1-ші қазаннан бастап «Алматы» арнасының қазақ бөлімі тұтастай, жаңалықтардың орыс редакциясының бір бөлігі қызметтен кеттік. «Бір арнаның журналистік тобының 60-70 пайызы жұмыстан кетіп жатыр екен» деп елең еткен басшыны байқамадық. Куянов пен Бас директор Е. Грюнберг әуелі орыс редакциясында жік шыққанын, қазақ бөлімі соларды қолдағанын жасырып қойып, жағдайды ұлттық бағытқа бұруға барын салуда. Орыс редакциясының журналистері Ильзат Акчурин қызметінен кетіп үлгерді, Айерке Ермек арыз берді. «Шулап жатқан кіл қазақ» деген хабар тарасымен, орыс тілді ақпарат құралдарының оқиғаға деген қызығушылығы күрт төмендеді. «Өздеріне де обал жоқ» деушілер көбейді. Тек қазақ тілді БАҚ аясындағы тақырыпқа айналды лезде. Мұндай саяси «ептілікке» қайран қалмасқа амалымыз жоқ». Енді нақты жауап күтіп отыр. Ал, біз осы мәселенің басы-қасында белсенділік танытып жүрген журналист Айгүл Кохаеваға да хабарласып, мән-жайды сұрадық.
«Жергілікті шенеуніктер бұл кісілерді ұлтшыл етіп шығарғысы келген ғой. Енді біз «өзге де адамдар белсенділік танытсын» деген мақсатта Үндеу жариялап отырмыз. Сандық қолтаңбаны алып, БАҚ-қа нақты мекен-жай бойынша жібереміз. Сөйткен жағдайда ғана ресми орындар міндетті түрде жауап қайтарады», - дейді Айгүл ханым. Ақырын күтейік. Ашық хат пен Үндеуді оқып алып, үнсіз отыра берер болса, ел азаматтарының онысы - өз арына сын.

"Ұлт Тimes" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406