Жақсы Жолдау, бірақ...
Сөз жоқ, президенттің бұл жолғы Жолдауы – бұрынғылардан мүлдем өзгеше, өз алдына бір төбе боп тұр. Биліктің сыншысы болсам да, бұл құжаттың көптеген тұстары ел көңілінен шығып жатыр деп айтуға тиіспін.
Оның үстіне, бүгін жария етілген саяси бастамалардың біразын біз, оппозиция, көп жылдан бері талап етіп, өз съездеріміз бен митингілерімізде ұран етіп, көтеріп келеміз. Олай болса, оларды неге қолдамасқа?
Бір нәрсені ұғынайықшы: Президент Жолдауын ешбір компромиске бармайтын, суперрадикалды тұрғыдан бағаласақ, яғни, Парламентті дәл бүгін таратып, сайлау жариялап, Сенаттың көзін жойып, ал облыс әкімдерін ертеңнен бастап сайлау керек деген тұрғыдан келсек, әрине, Жолдау жарамсыз. Плюралистік қоғамда ондай пікір болуы да орынды.
Бірақ, біз саяси процестерді бағалау және билік алдына нақты талап қоюда мейлінше реалист әрі прагматик болуымыз керек сияқты. Осы тұрғыдан алғанда осы Жолдаудың біраз тұсын оң деп бағалауға болады.
Мәселен, «суперпрезиденттік жүйеден күшті Парламенті бар Президенттік жүйе құруды» қалай қолдамайсыз? Идея дұрыс, енді оны нақты заңнамалық мән-мазмұнмен толықтыру қажет.
«Аузы күйген үріп ішеді» демекші, Президент туыстарының саяси қызметтер мен квазимемлекеттік құрылымдарда басшы қызметті болмауының өзі – дұрыс саяси шешім.
Мәжілісті сайлауда партиялық жүйемен қатар мажоритарлық жүйені енгізу де құптарлық қадам.
Партия тіркеуде жиналатын қол санын 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайту да – бір қадам болса да алға жылжушылық.
Президенттің, әкімдердің партия мүшесі болмауы туралы талап та елдегі көппартиялық жүйені дамытуға өз үлесін қосатыны анық.
Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе - кезінде таратылып кеткен облыстарды қалпына келтіріп, оларға қазақы атау беруі де - оң бастама.
Осы және басқа да тосын деуге тұрарлық жаңалықтар шын мәнінде тоқырауға ұшыраған саяси процесті жандандырады, өне бойына қан жүгіртті. Мұның өзі қоғамның тазарып, азаматтардың саяси белсенділігі артуына өз септігін тигізері хақ.
Осынау жетістіктеріне қарамастан, бүл Жолдаудың да айтылмай қалған тұстары бар.
Ақпан айында «Президент қаңтар қанды қырғынына қатысты барлық сұрақтарға өз жауабын 16 наурызда береді» деп ресми түрде хабарланған болатын.
Өкінішке орай, олай бола қоймады. Бұл жолы да бұрын да айтылған жайттар қайталанды.
Ең бастысы – «Президент өзі айтқан мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің басты тапсрыушысы, ұйымдастырушысы кім?» деген әрбір қазақтың көкейінде жүрген сауалға жауап берілген жоқ. Президент те Жолдауында «белгілі адамдар», «жоғары лауазым иелері» деумен шектеліп қалды.
Қанды қырғыннан 70 күн өтті. Егер де о баста оған «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» деген нақты құқықтық, саяси баға берілсе, онда оған тікелей жауапты тұлғалардың аттары тайға таңба басқандай аталуы тиіс емес пе?
Ондай дәйекті жауаптың жоқтығы екі түрлі күдікке жетелейді.
Біріншіден, «Осы оқиғаға қатысты кінәлілерді анықтауды билік басында әлі да сауда жүріп жатыр ма?» деген сауалды қоюлата түседі. Оның үстіне соңғы кезде елбасының өзі ресми шараларға қатысып, ел көзіне түсіп жүр.
Президент билік тізгінін толығымен өз қолына алды десек те, Қазақстан саясатында Назарбаев факторын мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Ол фактор оның отбасы мүшелерінің тағдырын шешуге өз ықпалын тигізетіні түсінікті. Бәлкім, тергеу ісіне осы жайт тосқауыл боп тұрған шығар?
Екіншіден, егер де қанды қырғынды ұйымдастырған адамның не топтың аты аталмаса, онда жұрт «осының бәрін билік өзі ұйымдастырған болар» деп, болжам жасауына толық қақы бар.
Қарап отырсақ, екі күдіктің де тікелей Тоқаевқа қатысы бар. Өз беделі мен абыройына нұқсан келтірмеу үшін ол осы сауалға көп күттірмей жауап беру керек деп санаймын.
Саяси реформаның ең басты діңгегі – сайлау. Бұл жолы бақылаушылар туралы айтылса да, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының құрамына барлық саяси күштердің өкілдерін енгізу жайы «ұмыт қалды». Онсыз әділ сайлау туралы сөз қозғаудың өзі ыңғайсыз.
Билік тармақтарын реформалауға қатысты сөз қозғасақ, саяси реформада үкімет секілді халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатына тікелей жауапты органның реформасы туралы айтылмады. Өзі тағайындағасын ба, халық сынның астына алып, жерден алып, жерге салып жүрген сол үкіметті президент көп сынамайтын болып жүр.
Бәлкім, партиялардан тыс болған сияқты, Президент Үкіметке де шүйліге алатындай бейтарап болуы керек пе?
Меніңше, Үкіметтің құралуы, оның қызметінің нәтижелігін арттыру, оның жауапкершілігін арттыру секілді қағидаттарды қайта қарау керек.
Әйтпесе, өз шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелер саяси реформаның жүзеге асуына өз кедергісін тигізіп қана қоймай, ел Тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін!
Иә, президент саяси жүйені дамытуда бірқатар бастама көтерді. Ол – қоғам болып құптарлық іс.
Дегенмен, саяси реформа деген әр салада бірді-екілі өзгеріспен шектелетін дүние емес, ол жан-жақты, кешенді жоспарды қажет ететін, және де бір адам – президенттің ғана қалауымен шешілмейтін, әрбір азаматтың қатысуына кепілдік беретін үдеріс.
Ол үшін екеуара сенім керек: халық – Президентіне, Президент – өз халқына сенуі шарт. Президент ұсынған бастамалар сонда ғана баянды болмақ!
Әміржан Қосан
Abai.kz