Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 3715 1 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 12:38

Байтұрсынов жазуы және Бекторлин

Қызайлар 1882 жылы арғы беттегі Іле өңіріне қайта оралғанда сауатты адамдары тым аз болды. Өйткені жаугершілік, үркін-қорқын өмір, қашқындық сапар олардың отырақтасып, мектеп ашып, пәни ғылыммен айналысуына мүмкіндік бермеді. 1900 жылдан кейін ғана ел арасындағы білімді адамдар, ауқатты байлар тарапынан діни мектептер ашылып, ауыл арасында киіз үйлер тігіліп, бес-он баланың басын құрап, діндік сауатын аша бастады. Айталық, 1890 жылдары Сасан болыс Ажыбай атты ұйғыр молданы көшіріп әкеліп, Күнестің Талды деген жерінен  мешіт салып, бала оқытқан. Сонымен қатар, Сасан болыс Қашқардан келген Нәжімиден қари мен Уәйіс мазарынан Әбейдолла  Мақсұт деген адамды алдырып, өз ауылында бала оқытқан. Жайырбек, Еркінбек, Оспанияр, Мақсұт,  Сағат, Болысбек қатарлы адамдар осы оқу орнында оқып, сауат ашады. Осы тұста Күнестегі басқа рудың белді адамдары да діни оқу орнын аша бастайды. Айталық, Аққолтық, Шақпы іші, Аралтөбе, Нарат, Тасқорған, Бестамақ, Сорбұлақ, Қарабұра, тағы басқа жерлерде діни сауат ашу орны ашылды. Деректерге қарағанда, Бегімбет елінен Нұрбек, Оразәлі, дербістен Төле, Күшік, Әбіш молда, Қуаныш би, Тәңірбердіден Қыдыр молда, Кешубай, Шылбы Әлімахын, Ырғынбай қалпе, Жандарал қазы, Жансарбай, Ыбырайым мүпти қатарлы хат, сауаты бар адамдар діни оқуды жалғастырды.

1916 жылғы Қазақстан мен Қырғызстанда орын алған ұлт-азаттық көтерілісінен кейін Қытайға ауып келген қазақ, қырғыз, татар зиялылары Күнестегі алғабасар адамдардың қолдауымен көріністе діни, шын мәнінде пәни оқуды енгізіп, балалардың сауатын ашуға кірісті. Солардың басында әйілі ағартушы, Алаш қайраткері Моллағали Бекторлин тұрды. Моллағали туралы осыған дейінде басылым беттері мен порталдарда біраз дүние жазылды. Оны  https://abai.kz/post/123355, https://abai.kz/post/120834 осы сілтемелерден көре аласыздар. Алайда бұл материалдарда Моллағалидың өмірі мен өнегесі, азаматтығы мен ағартушылығы жайлы айтылғанымен, оның Байтұрсынов жазуын арғы беттің ағартушылығына енгізген ерекше қыры ескерілмей қалып еді. Осы ретте сол жайлы айтпақпыз.

Моллағали Бекторлиннің арғы бетке нендей себеппен өткені туралы осы күнге дейін нақтылы дәлел жоқ. Үлкендерде ол туралы тұшымды дәлел көретпеген. Менің пайымымша, ағартушы арғы беттегі қазақтарға Алаш идеясын жеткізіп, осы ұлы мұратты болашаққа жалғайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін жіберілген болуы да мүмкін. Өйткені, біріншіден, Моллағалидың арғы беттегі қызметі жаңаша мектеп ашуға атсалысып, Байтұрсынов жазуы бойынша оқулықтар құрастырып, жастарды пәнни біліммен сауаттандырумен еншілесіп жатты. Сонымен қатар, арғы беттегі қазақтар туарлы «Айқап» журналы мақалалар жазып елдің тыныс-тіршілігін таныстырып тұрды. Бұл ағартушылықпен қатар үлкен азаматтық жауапкершіліктің жүктелгенін де көрсетеді.  Моллағали арғы бетке өткен алғашқы жылдары Шапшал ауданының Үлкенбұра ауылындағы Бәкей батырдың ауылына тұрақтап, Бәкей батыр ашқан медреседе бала оқытумен айналысады. Кейін белгілі қоғам қайраткері Сатыбалды Нұрбекұлы нағашысы Бәкей батырдың ауылына қонаққа келіп (өзі де 1884-1886 жылдары нағашысының қолында оқыған), Моллағалимен танысып, оны өз ауылына шақырып,  1910 жылы Алмалы ауылының Жіңішкесай деген жерінен 6 бөлмелі мектеп салдырып, Молдағалидың бала оқытумен айналысуына мүмкіндік береді. Моллағали сол мектепте сол тұста Қазақстанда шыққан Ахмет Байтұрсынов жасаған әліппи бойынша құрастырылған оқу құралдарынан пайдаланып, оқулықтар құрастырып, жаңаша білім берудің шам-шырағын жағады. Сол мектептен Нүсіпхан Конбайұлы, Әбеу Құдышұлы, Қожахмет Сатыбалдыұлы, Дәуітбек қатарлы ел арыстары өсіп шықты. Сондай-ақ, Моллағалидың Байтұрсынов жазуы негізінде  құрастырған оқулықтары осыдан кейін құрылған мектептердің үлгісіне айналды.

Моллағали Бекторлин 1914 жылдары бір мезгіл Қорғас ауданының Кұре генерал мекемесі ашқан моңғол-қазақ мектебінде де (Мың-Хп шуетаң) оқытушылық етеді. Моңғол-қазақ мектебі Цин империясы тұсында жергілікті ұлт балаларына қытай тілін оқыту мақсатында ашылған оқу орны. Басында бұл мектепте тек қытай тілі ғана оқытылатын. 1914 жылы Күре генерал мекемесінде қазақ, моңғол бөлімі құрылып, 1917 жылы моңғол, қазақ сыныбы ашылады. Қазақ сыныбына Молдағали Бекторлин мен Можыбай қажы сабақ береді. Қазақ сыныбындағы оқулықтар Байтұрсынов жазуы бойынша Қазақстанда шыққан оқулықтар негізінде Молдағали Бекторлин құрастырады. Сол мектептен Әбеу, Дәулеткелді, Нұрмұхамет, Әбдүрасыл, Мұратбек, Ысқақ, Таңжарық Жолдыұлы, Нүсіпхан Конбаев сияқты қараткерлер шықты. Таңжарық Жолдыұлы Моллағали Бекторлиннің жол көрсетуімен Қазақстанға келіп, Нарынқолда орта мектепті қазақша бітірді әрі Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сияқты Алаш қайраткерлерімен танысып, өміріне үлкен азық жинап ауылына қайтты.

Моллағали Бекторлин 1918 жылы Күнес ауданының Кеңсу ауылында ашылған «Есетемес» мектебінде оқытушылықпен айналысады. Бұл мектепті салған Алаштықтардың алғабасар идеиясын қабылдаған және аралас-құралас болған ағартушы, кәсіпкер, мецанат Ноғайбек Қожбанбетов болатын. Ноғайбек 1891 жылы ҚХР Құлжа ауданының Борбосын-Сүпітай деген жерінде Естемес болыстың отбасында туды. Ол тұстағы қызайлар арасында пәнни білім алатын оқу орны болмағандықтан Ноғайбек діни білім алады. 1905 жылы Естемес Солтангелді руына ақалақшы болып тағайындалады. Осыдан бастап Естемес Құлжа қаласындағы ноғай, татар көпестерімен сауда байланысын жасай бастайды. Ол тұстағы ноғай, татарлар пәни және діни оқуға жетік болғандықтан білімі мен біліктілігі Ноғайбекті қатты қызықтырады. Осыдан бастап Құлжа қаласына барып-келіп жүріп, ноғай оқымыстыларымен араласа бастайды. Олардың білімдарлығы Ноғайбекті қатты қызықтырып, пәни білім алуға ұмтылысы оянады. Сонымен тілегін әкесіне айтып, Құлжа қаласындағы ноғай балалары оқитын жаңаша оқу орнына түседі. Осы оқу орнындағы бірнеше жылда терең білім алған ол білімін тереңдете түсу үшін Қазақстанға барып оқуын жалғастыруға бекінеді. Бастабында ата-анасы қосылмағанымен но,ай, татар оқымыстыларының араласуымен әке рұқсатын алып, 1913 жылы Іле генералы мекемесінің жолдамасымен Алматыға оқуға жол тартады. Елімен қоштасқан Ноғайбек Алматыға келіп, сол тұстағы өнеркәсіп институтына оқуға қабылданады. Бастабында түрлі қиындыққа дөп келгенімен өзінің қайсарлығы, батылдығы, зейін-зердесінің арқасында үш жарым жыл тапжылмай білім алады. Демалыс айларында Қазақстанның өзге қалаларын аралап, Алаш қайраткерлерімен пікірлес болып, ой-өрісін кеңіте түседі. 1917 жылы Ресейде азаматтық соғыс басталып, қоғамдық жағдай күрделілене түседі. Бірге оқыған студенттердің көбі әскерге қабылданып, шетелден келгендер еліне қайтарылады.

Ол еліне қайтып, Құлжа қаласына келіп, ежелгі дос-жарандарымен қайта табысады. Ол кезде Естемес ауылы Борбосыннан Күнестің Аралтөбесіне көшіп кеткен еді. Қысты күні итшана жалдап, 250 шықырым жердегі ауылына келеді. Бірақ Алматыдағы мәдениетті ортаға жан-тәнімен бейімделген оны көшпенді елдің жұтаң тірлігі түңілдіреді. Әкесі Ноғайбек ақалақшылық мәнсабын бермекші болады. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартып, мектеп ашып, бала оқытып, сауда жасап, елінің мәдени, әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсартуға бел байлайды. Ал бұл мансапты інісі Қанатбекке беруін өтінеді. Сонымен 1918 жылы Ноғайбек Құлжа қаласына барып, татар оқымысты Әбдолла және зайыбы Рәбиғаны Аралтөбенің Жалшиіне ертіп келіп, киіз үй тігіп, бала оқытуды бастап кетеді. Оған алғаш рет Қанатбек, Санатбек, Уән, Омарақын қатарлы сол өңірдің балаларын оқыта бастайды. Киіз үйдің қасынан жер үй қаздырып, оған Рабиғаның жетекшілігінде Өміржан, Өмірбек, Абақан сияқты қарындастарын оқытады. Бұлар дініи және пәни оқуды бірлестіре оқи бастады. Сол жылы Солтангелді руының игі-жақсыларын жиып, мектеп, медресе салу туралы кеңес құрады. Құлжадан ұйғыр, өзбек ұсталарын шақыртып, қыстай ауыл азаматтарына құрылысқа керекті ағаш материалдарын тасытады. Жалшиден 150 адамға арналған мешіт құрылысын салдырып, бұл мешіт 1960 жылға дейін Естемес мешіті атанды. Мешіттің жанынан асты-үсті тақтайлы 5 бөлмелі мектеп үйін салдырады. Моллағали Бекторлинді ұсыныс етіп, осы мектепте бала оқыта бастайды. Мектепке жасына, бай-кедейлігіне қарамай оқуға ынталы адамдардың бәрін қабылдаған. 1936 жыдлы Қанатбек мектебі салынғанша Аралтөбе, Кеңсудағы бірден-бір мектеп осы болады.

Ноғайбек өзі ашқан мектептен оқыған білімді жастарды Моллағали Бекторлиннің ақылымен Күредегі Моңғол – қазақ мектебіне жіберіп оқытады. Сол қатарда Оспан, Өмірбек, Сырайылбек, тағы басқа да талантты жастар үлкен өмірге жол ашады. Ноғайбек мұнан өзге өнеркәсіпке, саудаға, егіншілікке ден қойып, түңғыш рет жалшиде тері өңдеу зауытын іске қосып, дүкен ашып сауданы жандандырады. Тері зауытының жұмысын кеңейту үшін Көлбай сайынан әк күйдіріп, қышы майы мен қарагүл, қызыл бояуды Құлжаның Дөңмазарынан алып отырған. Мәнерленген теріге «Аралтөбе шеркеті» деген таңба басылып, сатылымға шығарылған немесе басқа аймақтарға сатылған. Зауыт 6 жыл жұмыс істеп, Ноғайбек қайтыс болған соң басқарылуы дұрыс болмай жабылады. 1918 жылы Құлжа қаласынан бір қырғыз, 2 татар, 1 орыс отбасын, екі өгіз соқасымен ауылына алдырып, Шалкөде жазығынан тың ашып, егіншілікті жолға қояды. Егістіктерді суландыру үшін «Көкөзек» атты тоған қаздырады. Осындай еңбектің арқасында Аралтөбе, Кеңсудағы елдің егіні мол шығып, өнім еселеп арта түседі. Бірақ өнім өңдейтін орын болмағандықтан ел қиналып қалады. Осыны ескеріп, Жалшидың жанынан ағып өтетін Қарасудан су диірменін салдырып, жұрттың мұқтажын шешеді. Сондай-ақ, Қарасудың қысы-жазы қатпайтын ерекшелігінен пайдаланып, қаз-үйрек бағып, құс шаруашылығын да өркендетеді.

Ноғайбек Алматыдан ауылына қайтып, арада жеті жыл өткенде Күнестің екі қабырғасына, Іле өңіріндегі қызай ана ұрпақтарына салт атты суық жүргіншілер аттандырылады. Бұл Күнес өңіріндегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, білім беру, тағы да басқа салаған қан жүгірткен Ноғайбектің қайтыс болғанын хабарлай аттанған жүргіншілер еді. Не бәрі 7 жылдың ішінде жас та болса еліне бас бола білген Ноғайбек міне, осылай 34 жасында қайтыс болады. 1925 жылы Ноғайбек Естемесұлының асы Күнестің Нарат деген жеріндегі Бәйгетөбеде өтті.

Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қорғаста ашылған Моңғол – Қазақ мектебі, Күнестегі Алмалы мектебі мен Естемес мектептері арғы беттегі қазақтардың арасынан талай дарынды түлеткен білім шаңырақтары еді.  Олардың талантты болып жетіліп шығуына Моллағали Бекторлиннің үлкен жауапкершілігі де ықпал етті. Моллағали Бекторлиннің талантты ұстаз ретінде, талапшыл жастарды тәрбиелеуіне Байтұрсынов жазуымен Қазақстанда шыққан оқулықтар жүлгесімен құрастырған көмекші құралдары көп үлес қосты. Бұл оқулықтар біраз жылға дейін арғы бетте ашылған басқа да мектептердің оқыту қимылын жүргізуіне септігі тиді. Демек, Байтұрсынов жазуы әлемнің әр түкпіріндегі қазақтардың саналы ұрпақ тәрбиелеуіне мүмкіндік берді. Сондықтан да олар осы күнге дейін жән-тәнімен Байтұрсынов жазуына адалдық танытып келеді.

1913 жылғы «Айқап» журналының 10 маусымдағы санында Моллағали Бекторлиннің «Қытай қазақтарының ас беруі» деген мақаласы жарық көреді (https://abai.kz/post/120834). Мақалада Бұлғыншының асы туралы жазылып, соңында: «Егер, Жабықбай мырза осы расхұтты қызай балалары үшін бір мектеп салуға жұмсаса, өзі һәм атасы үшін қияметке шейін үзілмейтін бір сауап қылған болар еді!», – деп ой қорытады. Осы ұсынысты ескерген Жабықбай Бұлғыншыұлы 1932 жылы Алаш қайраткері, ағартушы Мейірман Ермектасовтың жобасы бойынша «Жабықбай» мектебі ашылады. Мейірман Ермектасов Моллағали Бекторлиннен кейінгі Байтұрсынов жазуын арғы бетке жалпыластырған ағартушы. Талдықорғандағы І. Жансүгіровтің әдеби музейінде Ермектасовқа қатысты құжаттар жинақталған. Оның ішінде «Жабықбай» мектебіне тән дүниелер де бар екен. Оны келесі де сөз етеміз.

Жалғасы бар...

Қажет Андас

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588