Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6898 6 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 13:21

Қызылдар әкелген қасірет

Тәуелсіз мемлекет түсіне білген адамға шын бақыт. Тәуелсіз мемлекетте ұлтын сүйген нағыз зиялы қалыптасады. Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап ұлт зиялыларына қырын қарады, ақырында жазықсыз қудалап, атып, әйелдерін түрме, лагерге қамап, бала –шағасын тентіретіп, адам ойына келмес жауыздықты тарихта қалдырды. Себебі, ұлттың ұлт болмысы, тәжірибесі, шаруашылығын білетін, мәдениетіне қызмет ететін адамдары көп болса, халық та өзгелерден кем болмайды. Ұлт зиялыларының феноменін зерделеуде, олардың бойындағы басты құндылық қабілеті, білімі, ақыл-парасатымен қатар жүретін еркіндік пен жауапкершілікті баса айтуымыз керек. Еркіндік азат елде қана болатын дүние.

Біз көп жағдайда ұлт зиялылары дегенде санаулы адамдармен ғана шектелеміз. Большевиктер үшін ұлтқа қызмет етіп жүрген адамдардың барлығы қазақ зиялыларының қатарына жатқызылып, кеңестік жүйеге қарсы, кедергі келтіретін адамдар болып есептелген.

Ұлтты жою немесе қоғамды түбегейлі өзгертуде болмысты әлсірету жұмыстары біртіндеп жүргізілетіндігі белгілі. Большевиктер ең алдымен құпия түрде жер - жерлердегі дін өкілдері, байлар, солардың айналасындағы адамдардың барлығының тізімін жасақтаған. Бұдан кейін дін мен шаруашылық қыспаққа алына бастаған. Шаруашылықты әлсіретіп, халықты үлкен шығынға батырумен қатар, қоғамның өзіндік санасына тікелей басшылық ететін құндылықтарды шектеп тастау, қоғамның негізгі бағытын өзгерту, елдің дамуына қажетті нәрселерді игере алатын, яғни тәжірибесі мол адамдарды қуғындау әрекеттері большевиктер құрған биліктің басты принципіне айналғандығын көреміз. Кеңес үкіметі құрылғаннан-ақ ұлт зиялылары, соның ішінде ұлттың мәдени игіліктері түгелдей кеңес қоғамына жат элемент ретінде қаралды. Осындай құйтырқы әрекеттердің астарында ұлттың мәдениеті мен болмысын рухани тұғырынан ажырату саясатының да жатқандығын байқау қиын емес.

Мемлекеттің, ұлттың өмір сүру жолын жалғап отыратын шаруашылық. Қазақтың көшпелі тұрмыста шаруашылық жүргізу тәртібі мыңдаған жылдар бойы уақыттың тәжірибесінен өткен дүние болатын. Соның барлығын бір уақытта жоюдың салдары неге әкеліп соқтырғаны белгілі. Әсіресе, шаруашылыққа басшылық етіп, ұйытқы болар адамдардың мал-мүлкінің тартып алынуы қазақ қоғамына зардабы зор соққы болды. Әлі күнге дейін олардан тартып алынған малдың қайда кеткендігін толық біле алмай келеміз. Байлардың тартып алынған малдарды кімге үлестіріп, қайда жіберілетіндігі партияның нұсқауларында айтылады. Халықтың қолындағы мал саны 1929 жылдан бастап соңғы 2-3 жылдың ішінде үш-төрт есеге азайып, елде түк қалмаған. Байлардың мал-мүлкін тәркілеуде «тартып алынған малдың жетпіс-алпыс пайызы кедейлерге беріледі» деген уәде құрғақ уәде болып шыққан. Халық ішінде қалған деректерге сүйенсек, тартып алынған малдың аз қана бөлігі бөлінген. Бір серіктікке 7-8 қой, көлік ретінде пайдалануға 1 жылқы, 1 сиырдан қана бөлінген. Серіктіктерге біріккен адамдар саны 12-14 шамасында болса, 1 жылқы, 1 сиырдың түк болмайтындығы өздігінен белгілі. Колхоз құру үшін өсіруге бөлінген малдар індет келмесе өлмеуі тиіс. Оның қыстық азығы шаруаның мойнында, яғни жем-шөпті өздері әзірлеуі тиіс. Берілген 5-6 қойды екі үш жылдың ішінде екі есе (15-20 бас) өсіріп колхозға тапсыру міндеттелген.

Осылайша, қызылдар билігінің қазақ қоғамына тигізген зияны мен зардабын зерделеуде алдыменен еркіндік мәселесі көзге түседі. Ұлттың өмір сүрудегі мүмкіндіктерін қасақана күштеп шектеп отыру қарсылықты күшейткен. Ұлттың да, әсіресе оның зиялыларының болашақ өмір үшін күресуге құқының бар екендігі большевиктер тарапынан қасақана мойындалған жоқ. Кез - келген тіршілік өкілін, тіпті тірі жәндіктің өзін ешқандай тіршілік нәрін тата алмайтын қапасқа қамап қойса ол тірі қалу үшін күреседі. Ұлт пен оның адамы да солай. Байлардың мал-мүлкін тәркілеуден, ет пен астық дайындаудан туындаған сол кездегі жағдайдан осы шындықты көреміз. Халықтан жаңа нәрсені талап ету үшін алдыменен сол жаңа нәрсені жасауға мүмкіндік беретін құралдарды мемлекет өзі ұсынуы қажет. Астық дайындау үшін алдыменен жердің, климаттың жағдайы, халықтың қолындағы құрал ескерілуі керек еді. Бірінші кезекте суармалы жерлерді дайындап, халық пайдалануы керек. Большевиктер бұның барлығын жасаған жоқ. Керісінше суармалы жерлерді пайдалануды тоқтатып, астық шықпайтын жерлерге астық егіп, мол өнім алуды міндеттеген. Бұнымен қоймай халықтың қолындағы малдың барлығы тартып алынып, мардымсыз бөлігі қана көбейту үшін шаруаларға бөлініп берілген. Яғни, берілген малдын басын көбейтіп, үкіметке тапсыру міндеттелген. Шаруа үкіметтің «бақтырған малына» да, бала - шағасына да азықты өзі табуы керек болған. Сондықтан да, елдің көпшілігі ауыл болып қыста қоян, жазда балық аулап күнелткен. Мұстафа Шоқай былай дейді: «Бүгін орыс үкіметі Түркістан халқының қаны мен жаны беделіне пара-пар дәнді дақылдарды суармалы жерлерінен ығыстырып шығаруға бел байлап отыр. Осылай ету арқылы ол, бір жағынан, өздері айтып жүргендей, орыс өнер кәсібін шетелдердің ықпалынан құтқаруды көздесе, екінші жағынан, Түркістан халқын орыс бидайына тәуелді етіп, оны күн көріс тұрғысынан... мәңгілік құлына айналдырмақ болады. Алайда өмірлік тәжірибесі мол Түркістан халқы өздерінің ұлттық құқығына қатысты бұл мәселеге немқұрайлы қарай алмайтынын көрсетіп, сездіріп отыр...

Түркістан халқы басқалардың мүдделері үшін өз өмірін қауіпке байлайтын ешбір іске кіріспегені жөн. Өз азығы өз жерінен табылады. Басқалардың саяси ойынына өмірін тігіп араласудан басын арашалап қалуы тиіс. Мұны кезінде патша үкіметі мен оның министрлері көргені, сезгені тәрізді, бүгінгі қызыл орыс комиссарлары да іс жүзінде көретін болады» [1. 51-б.].

Большевиктерді аңғал деп қарауға болмайды. Ұлтты әлсірету мен оның зиялыларын саяси қуғын-сүгін құрбаны қылуда олардың қулықтары бәрінен де асып түскенін тарих көрсетуде. Қызылдар тарапынан қоғамды бай, кедей деп тапқа бөлу арқылы, ынтымағы жарасқан адамдарды бір-бірінен қалай ажырату тетіктері жақсы зерттелген. Қоғамды интеллектуалдарынан, зиялыларды еркіндігінен айыру арқылы мемлекетті әлсіретуді тез арада қалай іске асыруға болатындығын «жоғарыдағылар» жетік білді.

Байлардың мал-мүлкін тәркілеудің алдында оған қарсылық көрсететін адамдарды жоюға дайындық шараларының күні бұрын жасырын түрде басталып кеткендігін көреміз. 1927 жылы 10-шы қарашада Ақтөбеде БК(б)П Губкомитеті жанындағы моб.тройка (жылжымалы үштік) отырыстарының бірінде жаңадан жасақталып жатқан құрамға 6000 патрон бөлу қарастырылған: «Отпустить 6000 шт. патрон для фактической стрельбы членам ОСО-АВИА – Хима.-»[2. 5-п.]. Большевиктер үшін қоғамның қарсылығын оятудың негізгі әдісі елдің шаруашылық жүргізу тәртібін тоқтату болған. Қарапайым адамдарды елдің тәжіибесін білетін адамдардың соңынан ермеуге үгіттеп отыру, қорқытып, үркіту арқылы өздеріне бағындыру және т.б. тәсілдер, айлалар қарсыластардың санын азайтып, бөлшектеп жіберу үшін қолданылған. Ұлт зиялыларын жоюда елдің басын біріктірмей уақыттан ұтуды көздеген. Уақыттан ұтқан жағдайда ел мүддесіне ара түскен топты арнайы құрылған жасақтармен жаншып отыру оңай. Мәселен, Ақтөбе губерниялық моб.тройканың күнтізбелік жоспарларында жазалаушы отрядтарды қалыптастырумен қатар, идеологиялық жұмыстарды да қатар күшейту көзделген: «Культурно – просветительное обслуживание время мобилизаций а) использование театров, клубов, изб-читален и проч. б) использование работников просвешения и искусства, в) план проводимых агиткомпаний и обеспечение издательской работы на период мобилизаций д) порядок снабжения агитматериалами и газетами армий и населения е) снабжение войсковых частей и сборных пунктов культпросветимуществом ж) усиление желдорожных агиттеатров в первые дни мобилизаций личным составом за счет партийных и профессиональных сил» [2. 8-п.] Бұдан бөлек байларға қоғамда қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде 10 000 данадан барлығы 20 000 дана «Степная крестян», «Кедей» газеттерін тарату, орыс тілінде 25 000 дана, қазақ тілінде 30 000 дана арнайы үн парақшаларының таратылғандығы жазылған [2. 9-п.].

Ұлт зиялыларын қуғындаумен қатар шаруашылықты шектеуде большевиктер халықты күші жетпейтін нәрселерді жасауға мәжбүрледі. Барлық шаралар күшпен жүзеге асырылып отырған. Тіпті, 1950 жылдарда да ауыл адамдары бір сауын сиыр ұстаса оның жыл сайынғы бұзауын колхозға тапсырып отырған. Бұдан бөлек тұрғындарға жылма жыл 20 кг майды үкіметке тапсыру міндеттелді. Осындай әділетсіздіктердің барлығына  басында халық қарсы шыққанымен, кейін амалсыздан көніп отырған.

Рухты жеңу бәрінен де қиын. Халық рухын жеңу үшін большевиктер халық аштықтан қырылуға дейін барды. Аштықтан аман қалғаны кейін амалсыздан қызылдар билігінің талабын орындауға мәжбүр болды. 1930 жылы 9 наурызда Ырғыз өңіріндегі орын алып жатқан қарсылықтарға байланысты Ақтөбе БК(б)П округтік комитеті жанындағы мобтройка отырысында, көтерілісшілерді жаншуға жіберіліп отырған жазалаушы отряд басшыларына мынадай тапсырмалар берілген: «Поручит т. Озимину передать следующие указания иргизскому комотряду:

а) проверит сведения перебежчика... б) организовать работу по разложению банды через возврашение пармоментра, отдельных пленных и специально посылаемых верных людей, также из аппарата Денисова; в) через них, через всех других посылаемых в лагерь банды для разложения, проводить следующее разяснение: мы не притесняем религию, мы наказываем тех, кто закрывает мечети против воли большинства веруюших трудящихся, мы против насильно огранизуемых колхозов, мы за развитие бедняц. средняцких индивидуальных хозяйств. Кустанай и Тургай в наших руках. Хазрет Мухотай САМАТОВ – агент иностранной буржуазий. Он хочет продать вас в кабалу феодалам и баям. Сдавайте оружие и выдавайте главарей. Гарантируем вам свободу;

г) предусмотреть все детали организац. и агитац. порядка в деле посылки людей в лагерь банды для разложения;

д) вяснит родину главарей банды и взять заложников из их семьи;

е) через арестованных бандой 35 сов. работников и батраков, попытаться устроить востание внутри банды;

ж) проверить сведения о намерениях банды прорваться к границе в районе Кара – Чокат – Аральское....

з) усилить наблюдение за антисоветский активом иргиза в случае нужды, изолировать немедленно;

и) выслать текст воззвания, выпущенного Иргизским комотрядом;

к) отряду сидеть в Иргизе до приезда всего отряда комендованием Хухарева - Озимина после чего обединенными силами, оставив меньшую часть в иргизе дат главный удар банде...»[3. 11-п.]. Мұрағат құжаттарынан халық әділетсіздіке қарсы қанша қарсыласса да, қызылдар билігі зиялы адамдарды жою үшін бар күшін салғандығын көреміз.

Қазақ халқы қаншама тарихи уақытты басынан өткеріп, өзінің атамекенінде өмір сүріп келеді. Хандардың, кешегі патша заманында да алапат ашаршылық орын алды дегенді естігеніміз жоқ. Әрине, кей уақыттарда қуаңшылық болған. Көшпелі тұрмыстағы мал шаруашылығының арқасында қуаңшықтан аман - есен шығып отырған. Елге тиген жаумен соғысуда адам шығыны орын алған.

Большевиктер өзімен өзі жатқан елді өзіне сәйкес бейімдеп,  зиялыларды жою үшін ұлттың жанды жерлеріне зиянын тигізіп, құйтырқы әркеттерге барып, тарихта қатыгездікпен танылды. Серіктік, коперативтердің малын мешіт-медреселерге қамату, діни орындарды бұздыру асқан қатігездік елдің төл мәдениетіне жасалған қиянат екендігі анық. Елдің мәдениетіне қол сұғу ісі жоспарлы түрде жүзеге асырылып отырған.

Басты мақсат қалайда байлардан құтылу болған. 1920 жылдан кейін қазақ қоғамы кеңес билігі тарапынан мұқият зерттеле бастаған. Байлармен қоса Алаш Орда жасақтары болған көп аймақтар белгіленді. Бұлардың да тегіннен тегін белгілі бір аймақтарға шоғырланбағаны белгілі. Алаш зиялыларының өздері қуғындалғанымен, Алаш Орда милициясының жасақтары 1933 жылдарға дейін барынша күрескендігі белгілі болуда. Алаш жасақтарының өз миссиясын атқаруына байлар мен діни адамдар да ықпал еткен. Сол кездегі ірі байлардың бірі Байұзақов Қабылбай 1919 жылы Ырғыз ауданында әкесі Байқабылға арнап ас береді. Ас бір жыл бұрын қайтыс болған кісіге арналғаны болмаса, негізінен үлкен құрылтай есебінде өткен. Осы асқа шақырылған қонақтарға арнап 300-ден астам үй тігіледі. Әр үйге арнап жылқыдан басқа 1 қойдан сойылады. Осы аста Алашорданың жасақтары таныстырылып, оларға жылқы берілген. Алаш Орда жасақтарының басшыларының бірі Теміров Абдулла асқа қатысқан деген деректер бар [4. 133-п.]. Байұзақов Қабылбай 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен Қарқаралыға жер аударылған қазақтың ірі байларының бірі. 1874 жылы Ырғыз ауданының №8 ауылында дүниеге келген, кейін Қарабұтақ ауданына қарасты №15 ауылда тұрған. 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған. 1928 жылы 6 жылға сотталып толық жазасын өтеп келгеннен кейін қайта ұсталған. Інісі Әміре 1938 жылы ағайындары ұсталмас үшін жасырып қашырып жібергеннен кейін, Қостанайда ұсталып лагерге жер аударылған, сол жақтан елге оралмаған. Ал, Қабылбайдың аштықтан тірі қалған ұлдарының барлығы 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. 1928 жылғы жеке істерінде Байұзақов Қабылбай мен оның әкесінің інісі Байұзақов Қартбайдың хандар заманынан белгілі тұлғалардың ұрпағы, Ырғызбен Торғай өңірінде ең сыйлы әрі ықпалды адамдар болғандығы жазылған. Патша тұсында билікпен жақсы қарым қатынаста болды, Алаш Орда қозғалысының тұсында оның жасақтарына қолдау білдіріп отырған деп айыптаған [5. 2-п.]. 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен басқа жаққа жер аударылған байлар патша заманында да іштей мәдени ағартушылық жұмыстарды жүзеге асырып отырған. Соның бірі ретінде олардың жергілікті жерлерде мешіт-медреселердің қызметін ел мүддесіне орай кеңейтуін айтуға болады. Діни ағартушылық барлық кезде де болды, оның ерекшелігі бәрімізге белгілі. Ал мәдени ағартушылық дегенде көп жағыдайда кеңестік қоғамдағы көзқарастармен шектеліп қаламыз. Ағартушылықтың негізінде білім беру, тарих, дін мен дәстүр тұтастығын үйрету, жеткізу, сол арқылы қоғамның санасын тәрбиелеу, әлеуметтік танымның тұлғалық деңгейлерін сақтап отыру бар. Атап айтсақ, ХХ ғасырдың басында, яғни сол кездің өзінде мешіттердің жанындағы медреселерде жаратылыстанымдық бағыттағы білімді үйретумен қатар, жыраулардың поэзиясы да оқытылған. Ақтөбе облысының Қарғалы ауданы қазіргі Шәмші Қалдаяқов ауылының жанында мешіт-медесенің орны бар. Бұл жерде үлкен ауыл болған. Қазан төңкерісінен кейін ауыл атауы «Қызылту» деп өзгертілген. Қызылдар билігі бұл ауылдағы мешітті де жауып, оны ұстаған адамдарды 1937 жылы репрессияға ұшыратты. Репрессия құрбаны, сол ауылда ишан болған Жанұзақ Баймұқанбетов ұрпақтарының қолында атасынан қалған қолжазба бар. Ескі төте жазумен жазылған қолжазбаның бастапқы беттерін ғалымдарға аудартып көргенімізде ХҮ ғасырларда өмір сүрген Асанқайғының баласы Абат батырға қатысты шығарылған жырға ұсайды. Саяси қуғын-сүргін жылдарында көзқарақты кісілер көптеген кітаптарды киізге орап, бейіттердің шетіне көмген (ел ішінде осындай мазмұндағы әңгіме көп айтылады). Байқайтынымыз, сол көмілген кітаптардың ішінде діни әдебиеттермен қатар ұлт руханиятына қатысты дүниелердің мол болғандығы белгілі болуда.

Қызылдар билігі тарапынан орын алған әділетсіздікті, озбырлықты айтпағанның өзінде, осындай адам айтса нанғысыз қатігездіктің салдарынан хазірет, ишандар амасыздан атқа қонғандығын айтуымыз керек. Большевиктер оларға «аферист», «банда» деп жала жапты, репрессияға ұшыратты. Большевиктер «банды», «аферист», «шайка» деп атаған рухани тұлғаларымыз ел игілігі жолында қызмет еткен, әл-Фараби айтқан ең тамаша қасиеттерге ие адамдар. Ел үшін әділетсіздік пен қатігездіктің ауыр жүгін арқалаған олар аштықта да елмен бірге жүрген. Тіпті, жасы келген кісілердің өзі аштықтан босқан елмен бірге басқа елге барып, аман қалған адамдардың басын біріктіріп елге қайта әкелген.  Сондай кісілердің бірі ел арасында Сары ишан атанған кісі, қария Қожахмет атамыз. Бұл кісі 1931 жылы аштықтан Қарақалпақстанға көшкен елмен бірге жүріп, ауыл адамдарын елге қайтарып, солармен бірге келген. Аштықтан ата-анасы өліп, жетім қалған балалардың да далада қалмай халықпен бірге елге оралуына себепкер болған. ОГПУ-дың хаттамаларында 1933 жылы Қарақалпақстаннан Ырғыз, Қарабұтаққа оралған халықтың ішінде ата-анасынан айрылған 600-дей баланың жүргендігі айтылады. Сары ишан да осы ауыл адамдарымен бірге елге оралып 1934 жылы Қарабұтақта дүние салады. Сары ишан отырған жер Ыскөлде баласы Әдбіғани мешіт-медресе ұстаған. 1928 жылы бұлардың да мал-мүлкі тәркіленіп қудаланғаннан кейін Әбдіғани ұстаз 1937 жылға дейін Шалқар маңында болған. Сары ишан әуелі Ырғыз ауданының Тәуіп, Нұра ауылдарында болып, аштықтан, жазалаушы отрядтардың қысымынан басқа жаққа қоныс аударған елмен бірге кетеді. Сары ишанның 1930 жылдары Нұра, Ырғыз  маңында болуы тегін емес. Сол кезде болған Ырғыз көтерілістерінде халықтың ішінде болғанға ұқсайды. Большевиктердің бұл кісілердің соңына түскені сондай, 1928 жылдан кейін Ыскөлдегі мешіт-медіресе ғимаратына әдейілеп серіктіктің малын қаматады. Байланған ірі қара малдың барлығы түгелдей ертесіне ұйықтаған күйі өліп шығады. Содан кейін большевиктердің өзі беттей алмаған соң бұл жердегі мешіт пен медресе тарқатылып материалдары көрші ауылдарға жөнелтіледі. Құрылысқа пайдаланылған. Осы маңдағы ауыл тұрғындарының айтуы бойынша бұл маңда күні кешеге дейін совхоздың күз бен көктем айларында мал қамайтын қорасы орналасқан. Күзде қан алуға айдап әкелген ірі қара малдарды қамағанда қорадан кемі бір мал түнде өліп шығатын болған. Бұл кісілер кеңес билігіне қарсы қозғалыстарға қатысты, 1930 жылдары ет пен астық дайындауда жоспарды орындамады деп қудаланған.

Қоғамды бөлшектеу арқылы ұлттың мәдениеті мен болмысын рухани тұғырынан айыруға бағытталған саясаттың өзі түрлі бағытта, түрлі каналдар арқылы жүзеге асырылып отырылғандығын көреміз. Қоғамның ішінен «Кедей» қоғамын құруда халықты бұған көндіруге бағытталған идеологиялық жұмыстар партия арқылы жүргізіліп отырса, байлардың өзін бірнеше топқа бөлу арқылы қуғындау, оның инструкцияларын жасау арнайы құрылған НКВД, ОГПУ-дың саяси құралына айналған. 1928 жылы Ақтөбе облысы бойынша арнайы түрде христиан діні мен ислам діні бағытындағы дін өкілдерінің тізімі жасақталған. Осы тізімдегі 600-дің үстіндегі адамның ішінде 350-ден астамы ишан, хазрет қызметіндегі қазақтың діни кісілері болған. Осы адамдардың барлығының күні бұрын тексеріліп, большевиктердің сөзімен айтқанда «алдын ала саяси портреттері» анықталып, кеңес үкіметіне жат элемент ретінде назарға іліккенін көруге болады. 1930-31 жылдары орын алған көтерілістерде алдыменен осы кісілердің «саяси портреттері» сұралып, оларды түгелдей ұстап, жазалауға бұйрық берілген. Аман қалғаны кейін 1937 жылы ұсталып, халық жауы деген жаламен атылып кеткен. Қолға түспегендері амалсыздан Иран, Тәжікстан, Ауғанстанға кетуге мәжбүр болған.

Елдің бетке ұстар адамдарының мал-мүлкін тәркілеумен қатар, етпен астық дайындауды шаруалардан талап етуде де оған іштей қарсылық сейілмеген.  Өкінішке орай, сол кездегі қазақ көтерлісшілерінде дұрыс қару болмаған. Ал қазақ қоғамындағы көңіл күйді алдын ала мұқият зерттеп отырған большевиктер 1930 жылы да көтерілісшілерді таратып, оның лидерлерін жойып жіберу үшін Самара, Орынбор қалаларынан соңғы қару түрлерін, арнайы қосымша жасақтар жіберуді сұратқан: «Предложит  нач. ОДТГПУ т. Параманову передать их пулемет т. Хухареву для Иргизского комотряда.

Сообщит Крайкому по прямому проводу последнюю информацию и просить его связаться с Самарой-Оренбургом для оказания последними Актюбинскому округу помощи людьми и оружием.

По прямому проводу указать Акмолинскому и Кустанайскому окружкому целесобразность их активных действий в Иргизском направлений, с связи с возможным отходом банды в их округа и потребовать от указанных Окружкомов регулярной информаций с их стороны....» [3. 10-п.]. Кеңес үкіметінің жазалаушы отрядтарының қолында пулемет, басқа да қару түрлерінің болғандығын көреміз.

Бұдан бөлек Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрғатында Ақтөбе округтік әкімшілік бөлімі басшысының темір жол станциясы бастығынан 1000-ға жуық ұсталған адамдарды Семейге жіберу үшін вагон сұраған хаты да кездеседі: «Началнику станций Актюбинск. Настоящим Актюбинский Окр. Админотдел просит к 22/п – предоставить в его распоряжение 26 вагонов (теплушек) для отправки в Семипалатинск арестованных в количестве 1000 чел. Билеты на проезд будут приобретены Окрадминотделом за наличный расчет.

О возможности исполнения моей просьбы уведомите не поздне часов дня   21/п-...

Началник ОАО Петренко» делінген [6. 43-п. ]. Кеңес билігінің қазақ қоғамының ішкі өміріне жасаған түрлі қысымының салдарынан қорғану үшін, соның ішінде ұлттық болашағына ара түсу мақсатында орын алған көтерілістер барысында талай көрнекті тұлғалардан айырылдық. Халық қырылды. Ұлт мүддесін, елдің тәуелсіздігін ойлағандар, адамдарды аштықтан аман алып қалуға ұмтылғандар репрессия құрбаны болды. Мәселен, 1930 жылдары Ойыл ауданына барған БК(б)П округтік комитет нұсқаушыларының бірі, Ойылдағы алашордашыларды жоюға қатысты былай деген: «Имелис характерные выступлений среди выступающих тем, что требовательные высшей меры наказания остаткам троцкистко-зиновьевского паралелльного центра, тем самым не делать никакой пощады Алашардинцам и местным  националистам, как врагам трудящихся в связи с этим при выступлении вскрыты активные участники алашарды в Уильском р-не некто Жайлыбаев Тажимухан, которой до последнего времени занимался вредительством, убой скота, спекуляцей, кражей и др.

В последнее время окончательно разоблачена его алашардинская антисоветская вредительская деятельност он сейчас арестован....

Ни кому не секрет, что наш Уил ранее был одним и центров алашорды, здесь был главным организатором алаш-орды Досмухамедов Ж. поэтому мы должны разоблачать остатки контреволюц. Алашорды, однако быть вооруженными. Надо усилить агитационную работу и ликвидировать не грамотность и малограмотность повысить политическую вооруженность»[7. 12-п.].

Ұлт зиялыларын, соның ішінде байлар мен діни тұлғаларды «қаралау» бұнымен ғана шектелген жоқ. Байларды тап ретінде жою жұмыстары аяқталып жатқан уақытта, байлар тұлғасын халықтың санасынан біржолата жою жұмыстары басталды. 1936 жылы ұлт зиялыларын түгелдей халық жауы деген жаламен жоюдың қарсаңында, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің 20 жылдығына орай Ақтөбеде БК(б)П округтік комитеті қасақана ауқымды шаралар ұйымдастырған. Газеттерге осы көтерілісті «кедейлердің қозғалысы» деп сипаттайтын мақалалар жариялайтын арнайы адамдар бекітілген. Көтеріліске қатысқан кейбір адамдардан естеліктер алынған. Естеліктердің барлығы кеңес билігін дәріптеп, байларды қаралауға бағытталған. Бұның түптеп келгенде не үшін және кім үшін жасалғаны белгілі. Көзделіп отырған бір қана нәрсе ұлтты еркі мен бар мүмкіндігінен айыруға бағытталған саясатты іске асыру болғандығын көреміз. Бұл күштеп те, айламен де жүзеге асырылып отырған. Бүгінгі ұрпақ алдында тұрған міндет осының барлығын әлі де кеңінен зерттеп жарыққа шығару болып табылады. Ұлт пен оның тұлғалары ажырамас бірлікте болғанда қана тарихтың субьектісіне айналып отыратындығы тарихтан мәлім. Сол себептен, қызылдар билігі ұлт зиялыларының ел мәдениетіндегі институт ретіндегі рөлін жоюмен қатар, тарихтың субектісі мен феноменіне айналған тұлғасын да санадан біржолата өшіруге ұмтылды. Тіл мен мәдениетті, тарихты айтпағанның өзінде, дін мен шаруашылыққа қарсы жүргізілген саясат, жасалған түрлі қысымдар осының айғағы. Алаш зиялыларының өздері жазып кеткендей, большевиктер бүлдірген ұлттың дүниелерін орнына келтіру оңай шаруа емес. Оның көп жылғы тәжірибені қажет ететіндігін бүгінгі уақыт көрсетуде. Ұлтының тарихтағы бостандығы мен өмір сүру құқын қорғайтын да, даулайтын да осындай нағыз зиялылар, мемлекетшіл ұрпақ екендігі анық.

Өткен ғасырдың басында алаш идеясының өзі де жайдан-жай дүниеге келген жоқ. Бұл идеяның негізінде де қаншама тарих, түрлі тарихи уақыт оқиғаларын басынан өткізген деңгей бар. Оның үстіне осы идеяны ел өміріне қайта әкеліп, тарихтың құбылысына қайта айналдырған Алаш зиялыларының өздері де халықтың ішінен шыққан адамдар еді. ОЛАР ұлтының тарихы мен мәдениетін терең білген әрі әлем мәдениетіндегі озық тәжірибелерді игерген тұлғалар еді....

Әдебиет:

  1. Шоқай М. Таңдамалы – Алматы: Қайнар. – Т. 1. – 1998. – 512 б.
  2. Протоколы заседании мобилизационный тройки при Губкома ВКП (б) // Ақтөбе ОММ.- 516-қ.;1-т., 1727-іс.-17 п.
  3. Протоколы заседании моб.тройки Актюбинского окружного комитета ВКП (б) // Ақтөбе ОММ.- 9-қ.;1-т., 447-іс.-20 п.
  4. По обвинению баев №12 аула Иргизской р-на // Ақтөбе ОММ.- 193-қ.; 2-т., 8-іс.-162 п.
  5. Материалы по делу конфискованного бая №12 аула Актюбинского округа Иргизского района Баюзакова Кабылбая // Ақтөбе ОММ.- 63-қ.;2-т., 60-іс.-34 п.).
  6. Распоряжение НКВД СССР// Ақтөбе ОММ.- 57-қ.;1-т., 38-іс.-102 п.
  7. Докладные записки по обсуждению материалов процесса над контрреволюционным троцкистским паралельным центром // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.;6-т., 54-іс.-77 п.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485