Әліппенің жалғасы Ана тілі емес, Қазақ тілі!
Хат тану үшін кезінде Ақаңның Әліппесімен төрт-ақ апта керек болған. Мұндай қорытындыны Ақаңның әріптесі, інісі Телжан Шонанұлы айтқан. Қазіргі 42 таңбадан тұратын орыс негізді әліпбиімен одан көбірек уақыт керек болары түсінікті. Қазіргі оқу жүйесінде әліппені бірінші жартыжылдықта аяқтап жүрміз. Оған да шүкір. Ана күресінге кеткен «Сауат ашу» дегенді жыл бойы оқитын едік қой.
Екінші жартыжылдықта біздің оқу жүйеміз бойынша Әліппеден кейін Ана тілі деген пән кіреді. Меніңше бұл қате.Әліппенің жалғасы Ана тілі емес, Қазақ тілі. Яғни Әліппе аяқталған соң, екінші жартыжылдықта Қазақ тілі басталуы керек.
Әліппе баланы оқу мен жазуға дағдыландырса, Ана тілі оның сөйлеу дағдыларын әрі қарай жетілдіріп, шыңдай түседі. Мақсаты бөлек екі пән жыл басынан бастап, жыл бойы бөлек-бөлек оқытылуы керек. Басымызға не күн туғанын білмеймін. Осыны біз кіріктіріп қойғанбыз.
Әліппе бірінші сыныптың бірінші жартыжылдығында аяқталып, бірден екінші жартыжылдықта тілдік ұғымдар туралы қарапайым түсінік беретін Қазақ тіліне жалғасуы тиіс те, Ана тілі тыңдалым арқылы басталып, оқылым дағдысына ұласып, жыл бойы жүруі тиіс. Қазіргі қазақ мектебінің бірінші сыныбына әліппе/ана тілі, математика, дүниетану, жаратылыстану, көркем еңбек, ағылшын, орыс тілі, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, музыка, цифрлық сауаттылық деген 12 пән оқытылады екен. Барлық пәндерге бөлінген сағат 742. Оның 96 сағаты Әліппеге, 102 сағаты Ана тілі пәніне арналған.
Алаш қайраткерлері өткен ғасыр басында қазаққа жапондарды бекер үлгілемеген шығар деп солардың білім жүйесіне үңіліп көрдік. Жапон елі бірінші сынып оқушыларына қазір барлығы 850 сағат бөледі екен. Бұның 442 сағаты жапон тілі мен математикаға берілген: жапон тіліне 306 сағат, математикаға 136 сағат.
Біздің Әліппе мен Ана тілі пәндерін қосып есептегендегі 198 сағат жапондардың бір ана тіліне бөлінген сағатына жетпей тұр. Бұл бір.
Жапондар бірінші сыныпта сегіз-ақ пән оқиды екен: жапон тілі, математика,
тіршілік қауіпсіздік негіздері, музыка, еңбек, дене шынықтыру, адамгершілік сабақтары, сынып сағаты.
Ал бізде жоғарыда айтқанымыздай он екі пән. Бірінші сыныпқа бөлінген сағат жағынан алса, біздікі кем. Ал пән саны жағынан алсақ біздікі артық. Дамыған Жапон елімен салыстырсақ, біздің білім жүйемізде керегі жоқ артық пәндерді баланы құр қинап жатыр. Ұлт ұстазы бастауыш білім саясаттан, суық қолдан аулақ болуы керек деп 9 пәнді, онда да тек ана тілінде оқылатын пәндерді санап көрсеткен: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайлы. Барлығы тоғыз пән. Қазіргі қолданыстағы он екі пәнмен салыстырғанда Ақаң ұсынған пәндер саны жағынан жапондарға жақын. Оларда сегіз. Ал Ахмет Байтұрсынұлында тоғыз.
Қазіргі қолданыстағы артық пәндер қайсы? Артық пәндер: бірінші өзге тілдер (ағылшын және орыс тілдері). Өзге тілдерді бірінші сыныптан тіпті бастауыштан бастап оқыту жапондарда жоқ. Орыс тілі аға тілі деп бірінші сыныптан оқытқанымыз болмаса, басқа шет тілін оқыту кеңес кезіндегі оқу жүйемізде де болмаған. Үш тілді кім әкелді, осы күнге дейін неге алып тастамадық, түсініксіз. Енді ғана ағылшын тілін үшінші сыныпқа, орыс тілін екінші сыныпқа жылжытып, шәпкемізді аспанға атып жатырмыз. Осының еш ғылыми әдістемелік негізі жоқ. Неге бесінші сыныптан емес, неге орыс тілі екінші, ағылшын тілі үшінші сыныптан. Кім негіздеп береді?
Қаптаған үш тану (дүниетану, жаратылыстану, өзін өзі тану) пәндері жапондарда жоқ. Олар жаратылыстану пәнін тек үшінші сыныптан бастайды. Кеңес кезінде табиғаттану деген пәнді біз де төртінші сыныптан бастайтынбыз. Қазіргі дүниетану, жаратылыстану және өзін өзі тану пәндерін ең құрығанда бірінші сыныпта барынша қысқарту керек. Сағат босайды, оған енді кезінде Сара апайдың пәрменімен енген «Өзін-өзі тану» сияқты «Жаңа Қазақстан» деген пән еніп кетпеуінен сақтану керек. Бастауыш бар балаға тегіс керек білімді оқытуы тиіс. Бастауыш балаға оқу мен жазуды және сөйлеуді үйретуі керек. Ана тілі әлеміне тарту арқылы ұлттың діңі қатаюын көздеуі керек. Қалғаны содан кейін рет ретімен.
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz