Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 8354 11 пікір 14 Маусым, 2022 сағат 15:36

Дубайда жасырылған шексіз байлық...

«DAWN - араб елдеріне демократия» атты коммерциялық емес басылымға «Ресей мен Азияның клептократтары неге БАӘ-не жиған-тергенін жасыруға көшті» деген Андреас Криг атты сарапшының мақаласы жарық көрді. Онда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты аталған.

Андреас Криг - Лондон Корольдік колледжінің қауіпсіздік саласындағы зерттеулер мектебінің адъюнкт-профессоры және MENA analytica Лондон Саяси тәуекелдер жөніндегі консалтингтік компаниясының директоры.

Автордың айтуынша, Ресей Украинаға басып кірген соң, Батыс санкциясының әсерінен болатын «темір шымылдықтан» қорыққан ресейліктер Лондон, Нью-Йорктағы офшорларға жасырған байлығын қауіпсіз елге көшіруді ойлады. Ресейдің олигархтары мен клептократтары ақша жасыратын жерді тапты. Ол - Дубай қаласы. БАӘ-і АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі серіктесі бола тұра, ресейлік клептократтарға АҚШ салған санкциядан қашып құтылуға көмектесті.

Сарапшы, БАӘ көптеген жылдар бойы шетелден кірген арам ақшаға бой үйреткен, Әмірліктер әлемдегі лас ақша орталығының біріне айналған, дейді.

Панама, Кайман, Виргин аралдарынан айырмашылығы, мұнда арам ақшадан тек пайда тауып қана қоймай, бизнес пен дипломатияның шекарасын бұзатын, шетелдік ықпал ету желілері арқылы өз мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған саясатының ажырамас бір бөлігіне айналған.

Дубайдың жаһандық қаржы орталығы деген аты сөз жүзінде ғана, ал, шындығында кәсіпті еш қиындықсыз ашып, ақшаңды оңай жасыратын жер, деп жазады Криг.

Жақында белгілі болғандай, Дубайда 1550 қазақстандық жалпы сомасы 1,018 миллиард доллар болатын 2694 жылжымайтын мүлікке ие. Осы туралы жазған Yedilov online телеграм арнасы былай деген:

«Қазақстандықтар орташа есеппеп алғанда бір жылжымайтын мүлік объектісіне 377 989 доллар жұмсаған.

Бір қызығы, осы әмірліктегі Қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі ресейліктерге қарағанда үш есе аз (5381 ресейлік жалпы сомасы 3,344 миллиардқа бағаланатын 9755 дана жылжымайтын мүлікке ие). Қазақстанның ЖІӨ Ресейдің ЖІӨ-нен тоғыз есе аз.

Яғни, бізде олардан үш есе көп ұрлайды немесе біздің адамдар олардан гөрі Дубайды үш есе жақсы көреді.

OCCRP деректері бойынша Дубайдағы ең қымбат жылжымайтын мүліктердің иелері – Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев, бұрынғы премьер-министр және ҰҚК-нің бұрынғы басшысы (қазір қамауға алынған) Кәрім Мәсімов және Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев екен.

Дубайдағы жылжымайтын мүліктің бақытты иелері, яғни қалған 1547 қазақстандық EU Tax Observatory баяндамасына сәйкес активтерді оффшорлар арқылы сатып алған», - деп жазды Еділов.

Кригтің айтуынша, БАӘ-і сәнді жылжымайтын мүлік пен алтынға дейін, криптовалюта мен басқа да көлеңкелі қаржылық қызметтермен қатар кейбір күмәнді тұлғаларға инвестициялық мүмкіндіктер берді. Олардың ішінде, Сирияның қаржыгері Рами Махлуф; Ливия әскери қолбасшысы Халифа Хафтар; ұрланған мемлекеттік қаржыны жасыруға тырысқан Ауғанстанның қашып кеткен президенті Ашраф Ғани; ақшасын қауіпсіз жерге жасыруға ұмтылған Қазақстанның бұрынғы көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары және Иранның санкциясына ұшыраған, өзінің шетелдік операцияларын қаржыландыру үшін миллиондаған долларды жылыстатуға тырысатын ислам революциясы Сақшылар корпусы бар.

БАӘ сыбайлас жемқорлық, эксплуатация және басқа да заңсыз әрекеттер арқылы арқылы тапқан арам ақшасын жасыру үшін санкцияларды айналып өтуге тырысқандарға тамаша мүмкіндік береді. Ықпалды элиталар үшін Әмірліктер қаржы қауіпсіздігінің синониміне айналды. Осылайша, Әмірліктер елі осы элиталардың елдерінде артықшылық алып, жаһандық бәсекелестікте өз мүддесіне пайдалана алады.

Автордың айтуынша, БАӘ-і Кремль клептократтарын да панасына алып отыр. The New York Times газетінің хабарлауынша, Батыстың санкциясына ұшыраған, Путинге жақын кем дегенде 38 кәсіпкер мен шенеунік Дубайда құны 314 миллион доллардан асатын 76 жылжымайтын мүлікке ие. Бұл тізімге мемлекеттік және саяси қайраткер, бизнесмен Александр Бородай, бизнесмен Руслан Байсаров, Рамзан Қадыров кіреді.

Сарапшының жазуынша, БАӘ «лас ақшаны жасырушы жер» деген атқа ие болса да еш қымсынбайды. Себебі, Әмірліктер үшін Ресей ақшасының ашатын мүмкіндіктері - бизнес пен дипломатияны біріктіретін байланыстарды дамыту мен саяси және экономикалық ықпал етуді арттыру сияқты өз мүддесіне келетін мүмкіндіктер - Батыстың  кез-келген имидждік мәселелерінен әлдеқайда жоғары тұр. Кремль клептократиясы өзін Батыс санкцияларынан қорғау үшін БАӘ-не арқа сүйейді, ендеше Абу-Даби жақында Мәскеудің қолдауына ие болады.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2027