Сенбі, 23 Қараша 2024
Айтқыш екен 4010 11 пікір 20 Маусым, 2022 сағат 14:30

Шыққан жеріңді ұмытпа, Рамзан!

Президент Тоқаевтың Петербург экономикалық форумында айтқан сөзі Ресей саясаткерлері мен шенеуніктерін тулатып қойды. Түрлі ақпараттық шабуыл саны артты.

Мысалы Рамзан Қадыров: "Қазақстанды Ресей құтқарып қалды. Қазақстан суверенитетін жоғалту алдында тұрған сәтте көмектескен кім еді. Ресей. Ол еш жасқанбастан көмек қолын созды", - деп мәлімдеді.

Қадыровтың қаңқу сөзіне түрлі тұлғалар жауап беруде. Мысалы белгілі тележүргізуші, журналист Сергей Пономарев былай дейді:

"Рамзан Қадыров өзінің атышулы ролигінде Қазақстанды Ресей құтқарып қалды, ол суверенитетін жоғалту алдында тұрған еді дейді. Аталмыш роликті маған жан жақтан 33 мәрте жіберген шығар. Суверенитет жайлы сөзімен талас жүргізуге болады, бірақ оның мәнісі жоқ. Не жайлы айтқым келеді? Вайнахтардың үшінші ұрпағы осындай әрекетке барып, есте сақтау қабілетінің нашар екенін көрсетеді деп ойламаппын.  1944 жылдың ызғарлы ақпанында 500 мың шешенді Гитлер жағына өтіп кетуі мүмкін сенімсіз халық деп кеңестік билік вагондарға тиеп, тамақсыз, киімсіз Қазақстанға аттандырған еді.

Адамдарға тіпті тамақ алуға да рұқсат бермеді, қолдарында не болды, сол затымен қазақ даласына жөнелтілді. Лаврентий Берия мұндай операцияларды мереке қарсаңында жасауды жақсы көретін. Халықты ақпанның 23 күні вагонға тиеп, "Чечевица" операциясын 9 наурызда аяқтады. Мен 90-жылдары бірінші шешен соғысы қарсаңында, Грозныйда болып, депортация күнінде сол жақтан репортаж жасадым, жергілікті халықпен сөйлестім. Депортациядан тірі қалған, кейін еліне оралған шешен халқының барлығы дерлік қазақтарға алғыс айтып, сондай құрметпен қарайтынын айтты. Қазақтар далада қалған шешен халқына бір үзім нанын бөліп беріп, өздері ашқұрсақ болса да құтқарып қалды", - дейді журналист.

Ол Шешенстанның бірінші президенті, генерал-майор Джохар Дудаев Қазақстан "шешендердің екінші отаны" деп айтқанын еске алады.

"Қазақстан шешен халқына баспана беріп, нанын бөлісіп, құтқарып қалды. Тұтас ұлтты құтқарды. Барлық шешеннің Қазақстанда ата-бабасының, жақындарының зираты бар. Дудаевтың әкесі жерленген. Шешен халқы жақсылықты еске сақтап, қазақ халқына алғыс айтумен келеді. Рамзан Ахматұлының есіне соны салып жіберсеңіздер, мүмкін ұяты оянар", - дейді Пономарев.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340