Зымыран соққысы, Лукашенко және G7
Ресей әскері соңғы аптада Украина аумағына зымыранмен соққы жасауды арттырды. Бұл бірнеше ірі әлемдік маңызға ие саяси шешімдер қабылданатын кездесулер алдында іске асты. Мысалы "Үлкен жетіліктің" тарихи саммиті, жақын аралықта өтетін НАТО-ның тарихи саммиті және Украинаға Батыс тарапы берген зымыран кешендерінің келіп жетуі. Міне, осы оқиғалардың барлығы дерлік Ресейдің қарсы реакциясын тудырды және ол өз кезегінде Украинаның ірі қалаларын соққы астына алды.
Зымырандық соққылар үш бағыттан жасалуда. Ресей Каспий теңізі арқылы да зымыран ұшыруда. Ал негізгі бағыттар ретінде Қара теңіздегі Ресей әскери флоты мен Беларусь аумағы арқылы жасалып жатқан соққыларды айтсақ болады. Киев заманауи зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне зәру және Батыстан жылдам шешім қабылдап, зымыран кешендерін беруді сұрауда. АҚШ алдағы уақытта Украинаға 160 шақырымдағы нысандарды жоюға қабілетті әуе қорғаныс жүйелерін беретінін мәлімдеді.
Ресей әскерінің Беларусь аймағы арқылы соққы жасауды арттыруы да кездейсоқ емес. Мәскеу Минскті ресми соғысқа араластырып, Украина соғысында екінші фронт ашуды ойластыруда. Алайда Лукашенко әскері төрт айдың ішінде әлі нақты шабуылға шықпады. Бұл Беларусь әскерінің соғысқа қатысу ниетінің төмендігі мен әскери басшылық арасындағы пікір қарама-қайшылығын білдіреді.
Лукашенко билігі Украинаға қарсы әскер кіргізуді ойластыруда. Алайда оның бірнеше тәуекелі барын жақсы түсінеді. Біріншіден, Беларусь әскерінің саны тым аз және барлық әскерін соғысқа аттандыра алмайды. Сондықтан Украина аумағына ең көп дегенде 20 мың жасақ кіргізуі мүмкін. Екіншіден, Беларусь әскері Украинада жеңіліс табу ықтималдығы жоғары. Бұл өз кезегінде Лукашенко режиміне қарсылықты арттырып, Минсктегі "Еуропаның соңғы диктаторын" тақтан тайдырушылардың санын арттыруы мүмкін. Лукашенко билігін тек қана әскерилер мен полиция ұстап тұрғаны белгілі, ал олардың санының азаюы немесе олардың режимнің күшіне деген сеніміне селкеу түсуі Лукашенко билігінің ақыры болмақ. Сондықтан Лукашенко Украинаға ашық соғыс ашудан қашқақтап, Путинге түрлі сылтау айтып, уақыт созуда.
"Үлкен жетіліктің" саммиті Украинаға қатысты біршама ақпараттарды айшықтай түсті. "Үлкен жетілік" Германиядағы Эльмау қамалында бас қосып, әңгіменің әлқиссасын Украина соғысынан бастады. Олар Путин билігін қатаң айыптап, Киевке нақты қолдауды Украинаның толық жеңісіне дейін еш тоқтатпайтынын мәлімдеді. "Үлкен жетілік" Украинаға қаржылай көмек көрсетудің маңызды екенін айтып, 29,5 млрд доллар көлемінде көмек көрсететінін айтты. Аталмыш қаражаттың біраз бөлігі осы уақытқа дейін Киевке берілген. Қаржылай көмек, азық-түлік беру және әлеуметтік саланы қолдауды арттыру бойынша уәде етті.
АҚШ қару-жарақ беруді арттырудың маңыздылығын айтты. Норвегия елінің туындысы саналатын NASAMS әуе қорғаныс жүйесін АҚШ сатып алмақ, оны Украинаға беру туралы шешім шығарды. Мәскеуге салынған санкцияны да күшейтудің маңызды екені талқыланды. Алпауыт елдер Ресейдің алтынын алудан бас тартпақ, бұл Ресей экономикасына 19 млрд доллар шығын деген сөз. "Үлкен жетіліктің" саммитінде Зеленский онлайн форматта сөз сөйлеп, қару-жарақ беруді және әуе қорғаныс жүйесін жылдам жеткізуді сұрады. Зеленский сөз сөйлеп жатқан сәтте, Ресей әскері Кременчуг қаласындағы сауда орталығына зымыранмен соққы жасады. Сауда орталығында мыңнан астам тұрғын болған, олардың басым бөлігі ғимараттан шығып үлгерген. Алайда 18 адам қаза тауып, 40 адам жоғалғандар қатарында. батыс елдері бұл әрекетті "лаңкестік" деп атады. Украина билігі Ресей әскери нысандарына соққы жасауды арттыратынын айтты.
Асхат Қасенғали
Abai.kz