Сәрсенбі, 17 Тамыз 2022
Әдебиет 2027 4 пікір 27 Шілде, 2022 сағат 13:55

Өтепберген нағыз балалар ақыны еді

Кеше Қазақстан Жазушылар одағының Балалар Кеңесі ұйымдастырған жиын өтті. Жиында көрнекті балалар ақыны Өтепберген Ақыпбекұлының туған жері Ақсу ауданындағы Көшкентал ауылының орта мектебіне ақынның атын беру мәселесі көтерілді.

Бұл кездесуге Балалар Кеңесінің Төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева, Қазақстан Ленин комсомолы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты Байбота Қошым-Ноғай Серікбайұлы тағы басқа Қазақстанның белгілі қаламгерлері келді.

«Көрнекті балалар ақыны, марқұм Өтепберген Ақыпбекұлын барлығыңыз жақсы білесіздер. Шығармашылығымен де етене таныссыздар. Көзінің тірі кезінде Мұз-ағаң, Мұзфар Әлімбев сияқты дуалы ауыз ағаларымыздың тірі классик деп мойындағанына да бәріміз куәміз. Оған дау жоқ. Ендігі мәселе − сол ардақты ақынымыздың есімін ұрпақ жадында мәңгілікке қалдырудың қамы», - деді жиынды бастаған Қазақстан Жазушылар одағы Балалар Кеңесінің Төарағасы Нұрдәулет Ақыш.

Өтепберген Ақыпбекұлының атын орта мектепке беру туралы ұсыныс көтерген балалар жазушысы Ділдар Мамырбаева мен балалар ақыны Арасанбай Естенов өз естеліктерімен бөлісіп, жиында сөз сөйледі.

«Иә, Өтепберген нағыз балалар ақыны еді. Кітаптарының бәрі мектеп үшін жазылған оқу, тәрбие құралы дерлік. Оның шығармашылығы ұрпақ тәрбиесіне қызмет етіп келеді, қызмет ете береді де. Әрине, мұндай қаламгерге қандай құрмет көрсетсек те орынды. Мектепке атын беруге әбден лайық! Ауылдастары бізді бірауыздан қолдайды деп ойлаймын, - деді Ділдар Мамырбаева.

«Өте-ағаң (Өтепберген Ақыпбеков) сол ауылда еңбек жолын механизатор болып бастап, комсомол жастар жетекшісі, Мәдениет үйінің меңгерушісі қызметтерін де атқарған азамат. Ауылдастары өмірбаянын да, шығармашылығын да жақсы біледі. Ауыл тұрғындары өте ұйымшыл, береке-бірлікті. Бұл ұсынысымызды қуана-қуана қарсы алады деп ойлаймын», -деп Арасанбай Естенов өз пікірін ортаға салды.

Ақын Байбота Қошым-Ноғай Серікбайұлы өз сөзінде Өтепберген Ақыпбековтің қазақ тіліне сіңірген еңбегі орасан зор екенін атап өтті.

«Өтепберген көрнекті балалар ақыны ғана емес, қаншама сөздіктер шығарып, қазақ тілімізді байытуға, жаңа заманға сай оның ауқымын кеңейтуге көп еңбек сіңірген Тіл жанашыры да. Балалар ақыны ретіндегі еңбегі орасан. Қандай құрметке де лайық. Мектепке аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр дейміз», -деді ол.

Жиынға қатысқан жазушы, баспагер Қанат Қайым мен жазушы Сәуле Досжанова да ақын туралы жылы лебіздерін білдірді.

«Өте орынды ұсыныс! Кештеу болса да, «ештен кеш жақсы» деп мектепке аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр, әрине. Біз қос қолымызды төбемізге көтеріп қолдаймыз! Өтепбергеннің адамгершілік қасиеттерін де, шығармашылығын да беске білеміз. Мектепке аты берілетін нағыз педагог, ұрпақ тәрбиешісі ғой Өтекең!Ол туралы бір сағат сөйлеуге бармыз. Бірақ уақытты алмай, өзге мүшелердің пікірлеріне де жол беруге тура келеді», - деді Қанат Қайым.

Жазушы Сәуле Досжанова әріптестерін Өтепберген Ақыпбекұлының есімін есте қалдыру мақсатында оның атын орта мектепке беру ұсынысын қолдауға шақырды.

«Балалар қаламгеріне көрсетілген құрмет ұрпақ тәрбиешісіне көрсетілген құрмет. Өтепберген ақын ғана емес, шын мағынасындағы ұрпақ тәрбиешісі. Балаларға арналған барлық жанрды қамтып қана қоймай, оларды одан әрі дамытып, жетілдіре түскен ақын. Ізденгіш, жаңалыққа жаны құмар ақын еді. Бүгінгі ұсыныс пікіріміз әбден орынды деп санаймын. Ауыл мектебіне аты беріліп жатса, үлкен қуаныш, үлкен мәртебе! Бәріміз бірауыздан қолдап, қоштап, шешім қабылдайық», - деді Сәуле Досжанова.

Балалар әдебиетінің көрнекті ақыны Өтепберген Ақыпбекұлы 1950 жылы Жетісу облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Ол сол кездегі Алматы жоғары партия мектебінде журналистика мамандығын бітіріп шығады. 1973-1985 жылдары «Қапал еңбеккері» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметін атқанған. Кейіннен облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып істейді. Ақын көптеген қызметті атқара жүріп,  «Балабақтың бір күні», «Қырық қызық», «Балдай тәтті әліппе», «Ажарлы Астана», «Керек кітап», «Мен таңдайтын мамандық», т.б. балаларға арналған өлең кітаптарын жазып, жарыққа шығарған.

1985-1995 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Денсаулық», «Жанашыр», «Халық Конгресі» газет, журналдарында аға тілші, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Бірнеше дүркін Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының бірлескен дәстүрлі конкурсының және республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері атанған. Оның әр жылдары «Доп», «Футболшы боламын», «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі» тағы басқа да балаларға арналған шағармалары жарық көрген.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2579
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2102
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1774
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2866