Сәрсенбі, 17 Тамыз 2022
Ой түрткі 732 2 пікір 4 Тамыз, 2022 сағат 12:49

Желтоқсан. Боздақтардың ерлігі ұмыт болмасын!

Жүрегі қазақ деп соғатын еліміздің әр азаматының қашаннан бері жанын жегідей жеп, жүрегінде жазылмыс жарадай болып тұрған бір мәселе бар. Ол кешегі Желтоқсан мәселесі. Сол желтоқсан оқиғасы кезінде қыршын кеткен, ақ жуылып, арулап көмілмей «братской могилада» жатқан, дұрыстап құран бағышталмаған, содан жандары тиыш таппай жүрген боздақтардың мәселесі.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да сол боздақтардың тізімі жасалмады, аттары аталмады, түстері түстелмеді, жанқияр ерліктері тиісті деңгейде бағаланбады. Әлі күнге дейін сол қыршын кеткен жастардың санын да білмейміз. Сол кезінде Колбиннің айтып кеткен төрт адамнан басқа ешкімді білмейміз. Кейінгі Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған комисияның өзі алпыстың үстінде қаза болды деген сияқты еді ғой. Сонда немене жабулы қазан, жабулы күйінде қала бермек пе? Шындықтың беті ашылатын кез келген жоқ па? Халықтан неге жасырылып отыр, мүмкін біз білмейтін құпия бар ма? Әлде біздің билік басындағылар үшін бұл маңызы шамалы мәселе ме екен? Болмаса сол билік басындағылардан талап ете алмай жүрген біз, қазақ халқы, мәңгүрт болып кеткен бе екенбіз? Негізі солай шығар.

Жақында бір шаруалармен Әзірбайжан астанасы Баку қаласында болдым. Үш-төрт күн қалада болғанымды пайдаланып, қаланың көрнекті жерлерін араладым. Негізі әзірбайжан халқы біз сияқты мәңгүрттікке салынбаған, ешкімге жалтақтамайтын халық қой. Өткенін, тарихын, тілін, дінін қатты силайтын, оларды лайықты деңгейде ұлықтап жүрген халық екен. Бакудің сондай көрнекті жерлерінің бірі «Шахидтер аллеясы» деген жер екен. Бакудің ең бір әдемі жерінде, біздің Алматыдағы Көктөбе сияқты таудың басында орналасқан, жалпы аумағы бес-алты гектардай жерді алып жатыр екен. Сол жерде Әзібайжанның тәуелсіздігі үшін жанын берген боздақтарға арналған, әр кезеңге жеке-жеке жасалған аллеялар бар. Большевиктердің репрессиясы кезіндегі құрбандар, ұлы отан соғысында жан бергендер, кейінгі 1990 жылғы Бакудегі қырғынның, 1992 жылғы Хожалы қырғынының құрбандарының әрқайсысына арнайы мәрмәр тақта қойылып, онда олардың суреттері, аты-жөндері, туған, қаза болған жылдары және қандай жағдайда қаза болғаны туралы мәліметтер көрсетілген. Бакудің тұрғындары мен қонақтары келіп, оларға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр. Аллеяның жанында әп-әдемі шағын мешіт салынған. Кіріп, сол жерде жатқан аруақтарға құран бағыштап шықтық. Міне тәуелсіз мемлекет деген осындай болуы керек. Осыдан кейін бір жағынан Әзірбайжан халқының, олардың билік басындағыларының, елінің өткен тарихына осындай тамаша көзқарасына шын ризашылығымызды білдірсек, екінші жағынан сондай бір қызғаныш сезімі пайда болады. Неге әзірбайжан халқының қолынан келеді осындай істер, ал біз еліміздің тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен боздақтарды тек қана 16-17 желтоқсан жақындағанда ғана еске аламыз. Онда да жалпылама жағдайда ғана. Желтоқсан көтерілісі жеме-жемге келгенде тек қана Қазақстандағы емес, бүкіл постсоветтік кеңістіктегі ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы қарлығашы, советтік тоталитарлық режимнің күйреуіне алғашқы кірпіш қалаған оқиға.  Бірақ біз сол желтоқсандық жастардың ерлігін тиісті деңгейде ұлықтауда дәрменсіздік танытып, сол бір құлдық сана-сезімнен әлі күнге дейін арыла алмай, ұйқылы-ояу жүрміз. Желтоқсандықтардан Қайрат Рысқұлбековтен басқа ешқайсысы мемлекеттік марапатқа ие болған жоқ. Олардың қай-қайсысы да «Халық қахарманы» атағына лайық. Жалғыз ескерткіштен басқа желтоқсан оқиғасын еске салатын да ешнәрсе жоқ. Неге Алматының бір көрнекті жерінен Бакудің тәжірибесін пайдалана отырып сондай бір аллея ашпасқа. Алматыға келген әрбір қазақ немесе шетел қонақтары осы жерге соғып, сол боздақтарға тағзым етіп, құран оқып кетуді әдетке айналдырса, сонда ол қыршындардың да жандары тиыш тауып, аруақтары риза болар  еді. Бірақ соған біздің табиғи енжарлығымыз бой бермей жүрген шығар. Отыз жылдан асты ғой, кімге жалтақтаймыз, кімнен қорқамыз. Баяғыда, жиырмасыншы ғасырдың басында алаштың арысы Міржақып Дулатов ағамыз «Оян қазақ» деп, оята алмай кетіп еді, содан әлі ояна алмай келеміз. Өскелең ұрпақтың жетесіне өткен тарихымызды, сол тарихты жасаған тұлғалар туралы жеткізбесек, олар да біз сияқты мәңгүрт боп өтеді бұл өмірден. Бір ұлағатты сөз бар еді: «Өткенін, тарихын сыйламаған халықтың болашағы бұлыңғыр» деген. Кім айтқанын айтпай-ақ қояйын, молданың айтқанын істе, істегенін істеме деген. Өздеріңіз біліп отырған шығарсыздар кімнің айтқанын.

Енді міне, мемлекетіміз, халқымыз өз дамуының жаңа кезеңіне келіп жатыр. Қоғамымызда күтпеген және көптен күткен өзгерістер болып, халқымыз тағы да алдағы өмірге үлкен бір үмітпен қарап отыр. Президентіміз жаңа Қазақстан құрайық деген ұран тастады. Дұрыс бастама, біз Қазақстан халқы оны толықтай қолдаймыз. Бұдан әрі бұрынғы, мемлекетімізді тұйыққа тіреген, жаппай сыбайлас-жемқорлық орын алған ескі сүрлеумен жүру мүмкін емес. Бірақ ол жаңа Қазақстан қандай болмақ, оны кім құрады, оған қандай көңіл-күймен, қандай менталитетпен бармақпыз. Біздің жадымызда өткен кезеңнің талай-талай жалаң ұрандары мен орындалмаған бағдарламалары. Мына «Жаңа Қазақстан» да сондайлардың біріне айналып кетпесе болғаны.

Сәмет Ықыласұлы Байқоңыров,

Ақтау қаласы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2579
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2102
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1774
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2866