Абайды қорлау – қазақты қорлау!
Хәкім Абайға кезекті шабуыл жасалды
Бұл мен үшін жаңалық емес, таңданбайтын болдым, себебі еліміз тәуелсіздік алғанда бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығына арналған ғұлама ғалым, тоқсанның төртеуіне жасы келген абыз-ақсақал Мекемтас Мырзахметовтің жетекшілігімен Абайдың қарасөздерінен алғашқылардың бірі болып диссертация қорғадым.
Қазақ елінің еркіндікке қолы жеткен отыз жылда қазақты, Абайды қорлағандардың айла-шарғысына, қулық- сұмдықтарына жапқан жалаларына, айтқан өтіріктеріне қарап отыздан аса мақала жаздым десем артық айтқан болмайтын шығармын. Енді міне әлеуметтік желіні шулатқан Зәуре Батаеваның «Абай ізімен: Совет режимінің тағы бір жасанды құжаты-Адольф Янушкевичтің күнделігі мен хаттарын» мақаласына жауап жазуға тура келіп тұр. Себебі әлеуметтік желінің оқырмандары да, талантты журналист бауырымыз Ахмет Өмірзақта «Қазақ әдебиетінің классигі туралы күмән немесе Зәуре Батаеваның Абай шығармашылығы туралы жазғандарына абайтанушылар неге жауап бермей отыр? – деп жазған мақаласы қолға қалам алдырды. Әрине, біз үшін әуелі қоғамға қайшылық пікір тудырған, залалы өте ауыр бұл мәселенің шығу себебін білуіміз қажет, сонда салдарымен күресе аламыз. Бұл қазаққа, Абайға шабуылдың 90 жылдың басында қазақ көп дінді болған деп, миссионерлердің көшеде, тіпті үйлерге жат діндерді уағыздайтын кітаптарды таратуымен басталып, Бораттың киносын шығарумен шарықтаушегіне жетті. Осы миссионерлермен және олардың жетегіне ерген «адасқан қазақтармен» айқаса жүріп жинақталған тәжірибемді қорытындылап, ылаңның өзім тұжырымдаған себебін көрсетіп 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына ашық хат жаздым. Президент Әкімшілігінен «хатыңызбен Президент танысты, Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне шара қолдану үшін тапсырма берілді» деп жауап алдым. Шабуыр бәсеңдегендей болып еді, енді қайтадан күш ала бастады. Неге? Себебі біздің отар ел болып сансыраған құлдың санамызды, әлсіреген ұлттық салт-дәстүрімізді, тәрбиемізді әлі де болса қалыпты деңгейге жеткізе алмай отыруымыздан.
Зәуре Батаеваның мақаласын жауап беру үшін әуелі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа жазған ашық хатымда Қазаққа, Абайға шабуылдың себебін өз пайымым бойынша дәлелдеуге талпыныс жасадым, қысқа үзінді келтіріп барып жауабымды бастаймын:
«Біздің «шетелдік дұшпандарымыз» Қазақстанды, оның негізін құрайтын қазақ ұлтын «мәңгүрт» ету үшін алдынала терең зерттелген, барлық мүмкіндік жан-жақты қамтылған, ұзақ мерзімге арналған жоспарын бірте-бірте неше түрлі зымияндықпен ойластырған айла-тәсілдері арқылы іске асыруды қолға алды. Себебі, Қазақстан асты-үсті ен байлыққа толы ел, екіншіден ұлан-байтақ жері бар, үшіншіден ең бастысы әлемді дүр сілкіндірген Түркі өркениетінің – қара шаңырағы ретінде, әрі сол ұлттық құндылықтарды, тектілікті бойына осы күнге дейін сақтаған ұлт ретінде ерекше нысанаға алынған ел десек артық айтқандық болмас. Көп жылдық зерттеудің нәтижесінде шетелдік «дұшпандарымыздың» жоспары былайша құрылған деген қорытындыға келдім:
1. Қазақ ұлты өз ішінде кімді ардақ тұтады, міне соны тауып, олардың шығармашылығын «шетелдік дұшпандар» өз мүддесіне бұрмалап пайдалануды көздеген. Олар әрине оны дәл тапты, таңдау Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовке түскен еді.
2. Олар қазақ ұлтының өте бай ауыз әдебиетінде діні, тілі, дәстүрі нақты көрініс беріп, сақталып отырғандығын жақсы білді. Сондықтан қазақтың ұлттың шынайы бейнесін бұрмалауды, ауыз әдебиетінің кейбір түрлерін бұрмалап, өңдеп қайта басып шығаруды көздеді.
3. Қазақ елін отарлап алған орыс империясының қазақтарды сауатсыз, жабайы, өркениеттен оқшау қалған тұрпайы ел ретінде көрсеткен саясатын одан әрі жалғастырып қазақты әлемге «жабайы ел» деп айту үшін ағылшын тілінде шетелде кино түсіруді қолға алды. Қазақстанда қазақтың аңыз- ертегілерін бұрмалап мультфильмдер шығаруды қолға алды».
Зәуре Батаеваның әлеуметтік желі арқылы және оны білетіндер арқылы өмір баянымен, жазған дүниелерімен танысып шықтым. Біздің университетте қызмет жасап, содан кейін шетелге кеткен қазақтың сауатты қыздарының бірі. Зәуре қарындасымыз қазақ ұлтының жетістігі мен кемшілігін, қоғамдық жағдайын, орыс империясы мен Советтік Сталиндік кезеңнің қазақ ұлтына жасаған зорлығы мен зомбылығын біршама біледі. Шетелдік «миссионер-шпиондар» өзінің арбауына ойы озық, білімді, жазуға, айтуға бейімі бар адамдарды түсіреді. Ол «адасқан қазақ» басқа қазақтарға ықпал ете алатындай болуы қажет. Елімізде жүргенде Зәуре кейбір қазақтың философтарымен байланыста болған. Сол кезде шетелдік дұшпандарымыз ағылшын тілінде «Борат» кинофильмін шығарып ойларын жүзеге асырса, ал өз ішімізге Чарльз Уеллер деген «жансызын» миссионер ретінде жіберіп ылаң салды. Ол академик сол кездегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия факультетінің деканы Ғарифолла Есім жетекшілігімен «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» деген тақырыпта диссертация жазады. Шындығына келсек, Чарльз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» (2003ж.) кітабы мен диссертациясы қазақ халқының ұлттық мәдениетін қорлап жазған еңбектер еді. Миссионердің бұл еңбегін «Мәдениеттану» мен «Философия» пәндерінің авторлары Тұрсын Ғабитов, Нағима Бәйтенова, Ақтолқын Құлсариева бастаған философтар сынаудың орнына мадақтап, қолдай кетеді. «Борат» кинофильмінің сыңарына айналған бұл еңбек абайтанушылар мен көпшілік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Зәуре Батаеваның ұзақ-сонар, шұбатылған мақаласын оқығанымда Чарьз Уеллердің жазу стилі және қазақ елінің тәуелсіздік алғанға дейінгі уш жүз жылда мәдениеті болмаған, мемлекеттілігі болмаған және көп дінді ел еді деп айтқаны бірден ойға оралады. Ал шетелге барғасын миссонерлердің арбауына оңай алданып «адасқан қазаққа» айналып шыға келген деп ойлаймын. Дәлелдеп көрейік: Біріншіден, ол қазақ, орыс, ағылшын тілінде қалам тербейтін, әдеби блогер және аудармашы. Зәуре Батаева ағылшын тілді қауымға «Қазақ тілі және мәдениеті» атты пәннен дәріс оқиды. Дәрісінің тақырыбы да Чарльз Уеллердің диссертация тақырыбыиен сәйкес. Оның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны», ««Абай» ізімен: Совет режимінің тағы бір жасанды құжаты – Адольф Янушкевичтің күнделігі мен хаттары», «Источник поэмы «Искандер»: «Абай» читал Талмуд или А. Букейханов перевел «Две повести» Жуковского?», «Источник казахской сказки у Набокова: Мустафа Шокай или «Абай»?» деген мақалаларын үш тілде жарияланған мақалалары да Чарльз Уеллердің әлі күнге дейін Абай туралы зерттеп жүрмін деп көрсеткен тақырыптарымен де сәйкес келеді. Екіншіден ол Абай шығармалары бүгінгі қазақ қоғамын жікшілдікке бөледі деп санап, ол туралы былай дейді:
«Орыс тілді қазақтар Абайды орыс тілі мен Еуропа мәдениетіне бет бұрған алғашқы ағартушы, орыс-қазақ достығының дәнекершісі ретінде дәріптесе, тілі қазақ ағайын Абайды ұлы лирик-ақын және ғұлама ойшыл деп құрметтейді. Алайда бұл екі түрлі көзқарас мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар біраз теріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да себепші болды. Мысалы, кейінгі буын өкілдерін әсіресе ашындыратыны – алғаш рет 1933 жылы Қара Сөздер (проза) деген атаумен жарық көріп, 1945 жылы орыс тіліне Слова Назидания (Ұлағатты сөздер) деп аударылған прозасындағы Абайдың қазақтар туралы зәрлі де ұнамсыз пікірі, қазақтардың «жалқау», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ», одан қалса «бір-біріне дұшпан» деп сипатталуы. Жас буын өкілдерінің пікірінше, қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жыл бойы басымдық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті». Осы сөзімен Зәуре Абайдың шығармаларын қазақ елі жас ұрпағына оқытуды терең қолға алмаған кемшілігін біліп өз пайдасына жаратып отыр. Абай өз қазағын жанындай сүйетіндігін қазаққа ғана емес бүкіл адамзат баласына қажетті жақсылық пен жамандық қасиеттерді саралап көрсете білген. Сонымен қатар қазақ қандай қасиеттерді игерсе жақсы болады, өсіп өркендейді, қандай жамандық қасиеттерден қашық болу керектігін де талдап көрсетіп өспейсің, өшесің деп даналық танытпады ма!?! Біз мектепте Абайдың қарасөздерін оқытпай, коммунистік идеологияға сәйкестендіріп өлеңдерін оқыттық. Қазір біздің университетте және мектептерде «Абайтану» пәнін енгізіп Абайдың шығармашылығын шынайы сипатта оқыта бастады. Сондай-ақ ол Абайдың араб-парсы және орыс тілін өз бетінше жақсы игеріп алғанына сенбейді. Пікірі мынау:
«Абайдың ресми өмірбаянын жазушылар 19-ғасырда сахараны жайлаған сауатсыздық деңгейін, білім сапасының төмендігін мүлдем ескермей келді. Олардың айтуынша, Абай медреседе үш жыл діни білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десек те, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осыншама білім мен біліктілікті меңгеріп алуы мүмкін емес нәрсе». Зәуре тағы да Совет өкіметінің «бізге дейін, Октябрь революциясына дейін қазақ екі-ақ пайыз сауатты болған» деген өтірігін пайдаланып отыр. Шын мәнінде қазақтың қаласы мен ауылында мешіт болған, мешіттің жанында медресе бар, ол қазіргіше айтсақ бастауыш сыныптың білімін берген. Медреседе оқыған бала араб, парсы тілін еркін меңгерген. Американың журналисі Джордж Кеннан 1906 жылы Санкт-Петербургте басылған кітабында былай дейді: - Даже киргизы пользуются ею. Я знаю старика, - Ибрагима Конобай, котрый не только посещает библиотеку, но читает даже таких авторов, как Милль, Бокль и Дрэпер» дегенінде өтірікке шығарамыз ба, ал Шығыстық парсы, араб, түрік тілдерін оқыған қазақтар ол кезде жетік меңгерген, Шығыстың жыр-маржандарын, қиссаларын тәржімалаған.
Абайдың алғашқы толық жинағы 1933 жылы Қызылордада басылып шыққаны мәлім. Ол кез қазақтың аштықтан қырылып жатқан шағы болатын. Міне, сондай қиын-қыстау шақта Абайдың кітабының мол таралыммен (6000 дана) шығуы кеңестік саясаттың қитұрқысы дейді автор. Оның ойынша сол кезде Абай сияқты өз халқын сынайтын ақынды дәріптеуде саяси астар бар дейді. Бұл жайлы ойын Батаева былайша жеткізген:
«Абай 20-ғасырдың басында Алаш Орданың ұлтшыл жазушылары өлеңдерін басып шығарып, ағартушы ретінде жарнамалағанға дейін ақын ретінде мүлдем танымал болмаған еді. Абай 1933 жылы Кеңес үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде ғана атақты ақын болып шыға келді». Сонда Шәкәрім, Көкбай, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров Кеңес үкіметінің тапсырысымен жырлаған дегенге кім сенеді..? Олардың айтқандарына көз жіберіп көрейік. Ақын ағасы туралы Шәкәрім де өз пікірін айтып қалдырған: «Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білімді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді» десе, қасында жүрген Көкбай ақын:
Семейге Абай келсе, бізде думан,
Ән салып босамаймыз айғай-шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,
Хәкімдей Аплатон аңырап тұрған.
Қазақтың ойға жүйрік,сөзге шешен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та Абай туралы былайша толғанысқа түскен:
Байқасаң қазақтың өзінде бар,
Дүниенің геншілігі, пайғамбары.
«Ер тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа,
Абайдың оқы,таңырқан, басың шайқа.
Ақындықтың қуаты есіңді алып,
Бас алмастан оқырсың қайта-қайта.
Тіпті Абайдың замандасы жүз жасаған Жамбыл да хәкімдік қасиетін дөп басып айтады:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?!
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар.
Өте сауатты, асқан талантты ақын Мағжан Жұмабаев Абайдың адамгершілік ілімді меңгерудің шыңына шыққанын, оның әлемдік деңгейдегі даналардың данышпаны Хәкім екенін мүлтіксіз танығанын жырын оқысақ анық байқаймыз:
Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хәкім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Сөзіңе құлақ салып баға бермей,
Қисайып қыңырайды жұртың ниеттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр», – деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:
Қор болды қайран сөзім босқа, – деме,
Артыңда қазақтың жас баллары мен
Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын
Хәкім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Шешен өлсе, артында сөзі қалар.
Сұм дүние сылаң беріп көптеп өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Шешеннің айтқан сөзі көпке кетер.
«Адасқан қазақ» Зәуре Мүрсейіт Бікеұлының көшірмелеріне де сенбейді:
«Елу жылдан кейін, Кеңес заманында ғана Абайдың «хатшысы» Мүрсейіт Бікеұлы өз қолымен көшіріп алыпты-мыс. 3 қолжазба Абайдың шынымен де өмір сүргеніне және оған тиесілі деген барлық өлең мен прозалық мәтіннің авторы екеніне дәлел ретінде ұсыныла бастады. Дегенмен Мүрсейіт Бікеұлы мен оның көшірмелеріне қатысты жауабы жоқ сұрақтар да жетерлік. Біріншіден, көшірмелерді жазуға 1904 жылы кіріскен Мүрсейіттің қолында ұстазының өзінің қолжазбалары болды ма? Егер болмаса, онда ол 200 беттен астам өлең мен прозалық мәтінді қалайша өз жадынан немесе басқа біреулердің аузынан жазып алған? Ал егер қолында болса, онда ол неге ұстазының қолжазбасын өз қолжазбасымен ауыстыру қажет деп шешті? Оған қоса, ол өз ұстазының шығармаларын қандай себеппен бір рет емес, үш рет – 1905, 1907 және 1910 жылдары көшіріп жазған?» деп те күдіктенеді. Мүрсейт молда яғни бала оқытатын мұғалім. Абай елінде қыздарын ұзатқанда Мүрсейтке ақысын беріп Абайдың шығармаларын жаздырып алып жасауға қосатын дәстүр болған. Кәкітай мен Тұрағұл Мүрсейттің Абай шығармаларын қайта-қайта көшіріп жазып төселгендігіне сеніп тапсырма берген. Ал Мүрсейт қолжазбалары қолдан қолға өтіп, аталған үшеуі сақталып қалған. Тұрағұл әкесі туралы естелігінде Мүрсейттің емес тікелей әкесі Абайдың қолжазбасын оқыған.қазақтың арасында дарынды «құйма құлақтар» көп болған, олар бір есіткен жыр-дастандарын күні-түні жырлаған. Қазақтың бұл қасиетіне де сенбейміз ба? Өз басым ақын Желеу ағамыздың түнімен тоқтамай айтқан жырын тыңдадым, ал академик Серік Қирабаевтың «Алпамыс», «Қыз-Жібек» жырларын жатқа білетінін көрсем, атақты актер Болат Әбділмановқа Абайдың қарасөздерін түгел айтқызып, тыңдадым.
Батаеваның мақаласының ең қорқынышты жері – «Абайды қолдан жасаған Бөкейханов» деген тұжырымы «адасқан қазақ» Зәуре Батаеваның өзі ойлап тапқан өтірігі, егер шындық болса бүкіл қазақтың ішінен ең болмағанда бір адам «Әлихан Бөкейханов жазған екен» деп күдіктенер еді ғой, сонда бүкіл қазаққа сенбей, әлде бір Зәуре Батаеваға сенеміз бе?
Жабал Алшынбекұлы Шойынбет,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры
Abai.kz