Сенбі, 23 Қараша 2024
Африкалықтың арманы... 4913 13 пікір 12 Тамыз, 2022 сағат 13:55

АҚШ Ресей мен Қытайды әлсірете береді

  ТЕҢГЕРІМНІҢ  ЫДЫРАУЫ...

Тақырыпты айқындау үшін ілгерідегі тарихқа азда болса үңілуге тура келеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл әлемде Ресей, Америка және Қытай деген үш қуатты полюс пайда болды.  Ресей мен Қытай коммунистік идеология арқылы күш біріктіргендіктен, АҚШ бастаған Батыс әлемі әлсіздеу болды. 1945-50-ші жылдар аралығында Еуропа мен Жапония соғыс зардабынан арылып бітпегендіктен коммунизмнің кеудемсоқтығын тек ядролық қарудың артықшылығы арқылы ұстап тұрды. Дәл осындай жағдайда Корея соғысы басталып, Қытайдың әскери күші Корей түбегінде Америкамен қақтығысты...

Шын мәнінде, бұл қақтығыс Сталиннің  ұйымдастырған кезекті мысықтабан көшегі болатын. Бұл жерде Ким Ир Сеннің ұлтты біріктіру мүддесі, Маоның соғыста Сталиннің одақтасы екенін дәлелдеу арқылы Кеңес Одағынан соғыс индустриялық көмек алу мүддесі тоғысып жатты. Ал Сталин болса АҚШ-тың бір уақытта екі майданда соғыса алмайтынын пайдаланып  Кореяның соғыс алаңында  оның күшін мүмкіндігінше  сарқу арқылы Шығыс  Еуропа бөлігіне кең көлемде алға жылжып Еуропа құрлығын басып алу мақсатын көздеген болатын.

Сталин келесі соғысқа дайындалып кеңестік ядролық бағдарламаны жеделдетіп қолға алды. Ол 1949 жылдың жазында ядролық қарудың Америкалық нұсқасын сынап көрді, ал 1951 жылы өз нұсқасын сынау арқылы ядролық қаруға ие болды. Сонымен қатар, ядролық соғысқа арналған  Т-54,55 танктерін жаппай өндірді. Сондай-ақ Кеңес Одағы халықты келе жатқан 3-дүниежүзілік соғыстан бұрын 2-ші соғыс алдындағы тәрізді қорқынышпен ұйыстырмақ болды. Ол үшін екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде пайда болған  беделді жаңа тұлғаларды құрту мақсатында элиталық салада ауқымды «тазарту» процессін бастап та жіберген еді...

Алайда Сталин өз ойын іске асыра алмай о дүниелік болғандықтан оның қандай жоспарлар түзгені туралы қисынды-қисынсыз болжамдар ғана айтатын болдық.

Сонымен Сталин өлісімен Корея соғысы да аяқталды...

Осылайша Ресей мен Қытай бірлесіп  Американы жеңу мүмкіндігінен айырылды.

Сталиннен кейін Хрущев пен Маоның  келіспеушілігі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған биліктің үш полюсін бір-біріне қарама-қарсы қойды... Әрине, Кеңес Одағы мен АҚШ-тың күші теңесіп,  Қытай екеуіне де қарсы болды...

Бірақ 1960-1970 жылдары АҚШ Вьетнам соғысы арқылы едәуір әлсіреп, Кеңес Одағы күшейе түскендіктен үш ел арасында қалыптасқан күштің тепе-теңдігі  қайта бұзыла бастады.

Кеңес Одағы 4,5 миллион адамнан тұратын армиясын сол кездегі ең соңғы қару-жарақ, техникамен толық қанымдап, одақ елдерінің қарулы күшін қосқанда ең бергісі 10 миллион адамнан тұратын армияны тұрақты дайын ұстап тұрды.

Қытай 6 миллион тұрақты жауынгері бар армиясын ұстап тұрды. Бірақ Қытайдың қару-жарағы мен техникасы сонау 1950 жылдарғы кеңес үкіметінен алған көмек ғана болатын. Оған қоса Қытай армиясындағы  маманданған таңдаулы офицерлері «мәдени революцияның» әсерінен қудаланып, Маоның үздіксіз  жасаған әртүрлі революцияларының салдарынан  өз ішінде үздіксіз қақтығыстарға ұласып жатқан болатын. Мәдени революция Қытайға қоғамына терең із қалдырып, экономикалық дамуы құлдырады. Бұл жағдай Қытайдың Кеңестер елімен қарым-қатынасына да едәуір сызаттар түсірді.

Сонымен әлсіреген Қытай мен әлсіреген Америка бірлесіп 1972 жылғы Никсонның Қытайға сапарынан бастап Кеңестерге қарсы тұра бастады. Осы кезден бастау алған Америка мен Қытай арасындағы қатынас одақтастық қатынасқа  жақындай түсті.

Кеңес Одағының күшеюі  өзінің сүңгуір қайықтарымен қоса әскери және сауда кемелерімен әлемді шиырлап әр жерде  әскери-теңіз базаларын салуға жетеледі.

Соның бірі-Оңтүстік-Шығыс Азияда  әскери-теңіз базасын орнату үшін  Үндістан-Қытай түбегінде «Ұлы Вьетнам» елін құру үшін жанталасуы болды. Ұлы Вьетнам дегеніміз, Вьетнам өз еліне Лаос пен Камбоджаны және Тайландты біріктіруге тиіс  болатын.

Вьетнамның күшеюі Қытайға қауіп төндірумен қатар АҚШ үшін ол Кеңес Одағының көмегімен коммунизмді Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттаудың үлкен алаңы болатын қауіп тудырды. Сонымен, Америка мен Қытай Вьетнаммен  күресу үшін Камбоджадағы қызыл кхмерлерге қару-жарақ, қаражатпен көмектесе бастады.

Бірақ бұл шара Вьетнамды тоқтата алмағандықтан Дэн Сяопин Вьетнамға басып кіруді ұйғарды. Ол кезде Кеңес Одағы өзінің негізгі күштерін еуропалық бөлікте ұстап тұрған еді. Қандай да бір «проблемалар» туындаса, бұл күштердің Қытай бөлігіне өтуіне ең кемі бір ай мерзім қажет болатынын біліп, осы бір ай ішінде  Вьетнамға шабуыл жасап ғана кері шығып кетуді   есептеді,  және бұнысы өте орынды болды...

Дэн Сяо Пиннің шешімі өте жемісті болды. Вьетнамға басып кіруі үлкен шығындарға әкелсе де  Вьетнамның кеңейіп күш алуына тосқауыл болды.

Бір миллион сарбазы бар әскери күшті қанымдау, әсіресе оның таңдаулы бөлігін Қытай бағытында ұстау,  еш тиімсіз үлкен армияны асырау  Вьетнамды экономикалық тоқырауға әкелді.

Оның үстіне, әрине, жоғарыдағы әрекет Қытай мен Американың тікелей одақтас болуына алып келді. Нәтижесінде АҚШ  бастаған Батыс державалары Қытайға озық технологиялар, өнеркәсіптік жабдықтар мен инвестициялар салды, Кеңес Одағына қарсы тұруына көмектесті,  тіпті еркін сауда туралы келісімге қол қойды.

Соғыста АҚШ-ты жеңген Вьетнам коммунистерінің қауіп-қатерінен қорқып отырған оңтүстік-шығыстың көптеген елдерінен  Вьетнамды жеңген  Қытайға  инвестициялар ағылды.

Қысқасы, Қытайдың Кеңес Одағына қарсы АҚШ-пен өзінің мүдделерін біріктіруі бүгінгі гүлденген Қытайды құруға негіз болды. Екінші жағынан, Кеңес Одағы Қытаймен соғысудың орнына Ауғанстанға кіріп, онда ұзақ уақыт нәтижесіз соғыс жүргізіп, ақыры ыдырады...

Осылайша Америка мен Қытай бірлесіп күшейіп кеткен Ресейді  басып тастаған болатын.

Кеңес Одағының ыдырауы қуатты Американы пайда болдырды.

РФ әлсіреп, әлеуметтік-экономикалық елеулі проблемаларға тап болса, Қытай экономикалық өсуден пайда толық көре алмаған және өз әскерін модернизациялап бітпеген, заманауи армия құру ісіне кірісе алмаған болатын. Қытай билігі Америкамен бұрынғы одақтастық қатынастарын сақтап қалды, сонымен бірге Ресеймен бейресми одақтастық қатынастарды дамытты. Бұл шешімін тараптардың ешқайсысын жоғалтпай экономикалық дамуға және кең ауқымды әскери реформаға жасауына уақыт ұтқаны деуге болады.

Ресей-Қытай серіктестігі де Америкамен қару-жарақ бәскесінде тепе-теңдікте болып бүгінге күнге жеткен болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі соғыстың болмауы Ресей, Қытай, Америка державалары арасында күштік балансы  сақталып келуіне байланысты болғаны осылай тарихты  тізбелеу арқылы дәлелденді деп ойлаймын.

Бірақ...

Ресейдің Украинаға басып кіруі бұл тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсетті. Себебі Ресейдің Украинаға шабуылына дейін ЦРУ өз басшыларына Ресейдің Украинаны 72 сағат ішінде басып алуы мүмкін екендігі туралы хабарлаған болатын-ды. Алайда, Ресей Украйнаны 72 сағат түгілі 72 күн ішінде басып ала алмайтын  әлсіз болып шықты ...

Демек Путиннің режимі АҚШ жобалағаннан да әрмен Ресейді әлсіреткен болып тұр!

АҚШ билігі үш держава арасындағы күштің тепе-теңдігі әлі де сақталуда деп сенгендіктен көптеген мәселелер бойынша батыл әрекет етпейтін.

Ал Ресейге қарсы тұру үшін  бұдан былай АҚШ-тың қайткенде кірісуі міндетті емес болып қалды. Польша мен Украина екеуі ғана Ресейді ұстап  тұра алатын халде екен. Біржола жеңу үшін Германия мен Англия  қатысастын болса Ресейдің  бұл қысымға ешбір қарсы тұра алмайтыны дәлелденіп қалды.

Асырып айтар болсақ Ресейдің  бір Ұлыбританиядан да аса алатын қуаты жоқ екен.

Яғни, Ресей енді әлемдік держава емес, тек аймақтық мемлекет ғана екендігінің соңғы дәлелі-Украина соғысы болды.

Егер Путин осалдығын дұрыстап жасырып, Солтүстік Корея сияқты әртүлі шоулар ұйымдастырып тағы бірнеше жыл шыдаған болса, біраз жылдан кейін Қытай және АҚШ-пен қоса әскери қақтығысқа түсе алатын қуатты болып кетуі мүмкін еді.

Ал қазір Қытай мен АҚШ-қа қарсы қақтығысқа түссе жеңе алмайды.  «Путиннің ақымақтығы»  (Украинада жеңе алмайтын соғыстың бастауы) үштіктің ортасындғы күштің тепе-теңдігі жоқ болғанын жария етіп қойғандықтан қазір Қытайдың да, Ресейдің де ешбір қорғану қабілеті қалмады деген сөз.

Қытай мен Ресей біріксе де, АҚШ-ты  жеңе алмайды, немесе бұрыңғы тепе-теңдік қайта қалпына келмейтіндей күл-талқан болды...

Жалпы, Путин және  оның орнатқан режимі Үштіктің  бір тірегі болған Ресейдің әлсіреуіне, тепе-теңдіктің бұзылуына орасан зор үлес қосты.

Егер Ресейде ақылды билік тұрған болса, Үштіктің тепе-теңдігі бұзылмастан, Америка мен Қытайдың ортасындағы теңгерімді ұстап тұрушы Ресей деген теңдік сақталып тұра берер еді. Демек Путиннің режимі  өлшемнен тыс  «мүлдем өзгеше» жұмыс істеп қойғандай  болды.

Сонымен, еуропа сахнасында қолы бос қалған АҚШ қазір ең алдымен Азия сахнасына көңіл бөлуге толық мүмкіндік тапты.

Азия алаңында АҚШ алдымен  Қытайды біртіндеп қыса бастайды

Тайваньның Тәуелсіздігі - бұл бірінші мәселе, юаньды бостандыққа жіберу - келесі мәселе және т.б., қытайды біртіндеп әлсіз етуге бағытталған шешімдерге мәжбүрлейді де «Қытай арманы» құрдымға кетеді. Қытай АҚШ-қа қарсы күресуі мүмкін, бірақ жеңе алмайды...

Егер соғысатын болса, 1979 жылдан бері Қытайға салған шетелдік инвестициялары елінен шығып кететін қаупі бар.

Ондай жағдайда  Қытай билігі  1,4 миллиард халқының жұмыссыздық пен кедейлік, арықарай көтеріліс-қозғалыстардан бастау алатын  көптеген тәртіпсіздіктердің ықпалында қалып оны реттеп, тәртіпке келтірумен әлекке түседі, демек қайдағы соғыса алу...

Сондықтан жуырдағы АҚШ Конгресінің басшысы болған кейуананың Қытай, Тайваньға сапары жай ғана сапар емес, бұл Қытайды екі оттың ортасында қалдыратын өте қорқынышты  сапар болды.

Ол дегеніміз Ұлы держава болу идеясын қорғап Тайваньға шабуыл жасап, АҚШ пен Жапониядан әскери қақтығыста жеңіліп, теңізге шығатын кемелерінен айырылып, теңіз тарабынан ешбір қорғанышсыз қалу немесе Тайваньға Тәуелсіздік беру...

Мұның қай-қайсысы да Қытайға пайда әкелмейді.

Кейуананың сапары да Қытайда төменде халқы қақтығысқа бейім, жоғарыда басшылары билік таласында жасырын арпалысып жатқан бүгінгі «уақытқа сәйкестіріп» әдейі дөп келген сапар болды. Жалпы, «Қытай арманына» берілген үлкен соққы...

Соңғы бірнеше айдағы оқиғаларды, сондай-ақ көптеген басқа факторларды ескеретін болсақ, онда мұның бәрі бір қорытындыға әкеледі. Америка әлемдегі абсолютті державаға айналуда. Бұл қуатты өзгертетін ештеңе қалмады.

Кеңес Одағының ыдырауымен АҚШ-тың жалғыз өзі үстемдікке жету әрекеті толық кепілденді.

Қытай, әрине,  өз қуатын сақтап, мәселені алда келер уақытқа шегеріп, шешілгенше күте алады.

Ал АҚШ Ресей мен Қытайды әлсіретуді жалғастыра беретіні  анық және үштіктің тепе-теңдігі бұзылғандықтан, алда әлемде үлкен соғыстың басталу ықтималдығы пайда болды деген сөз...

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440