Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 4197 16 пікір 16 Тамыз, 2022 сағат 12:46

Қазақ көшіне кедергі жасайтындарға айтарым!

1991 жылдан 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ өз тарихи Отанына оралса, соның 219 260-ы Алматы облысына қоныстанды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тұрақты қоныстанатын елдімекенін қандастар өздері таңдауға құқылы. Сондықтан да қандастарымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан, тамаша табиғатты Жетісу өлкесіне көшіп келуге ынтызар.

Атамекенге ұлы көшті 1991 жылы 17 наурыз күні Моңғолия елінен Алматы облысына қоныстанған 96 этникалық қазақтар бастаған еді. Шетелдерде министр, әкім, сот, прокурор, депутат, дәрігер, ұстаз, профессор, ғалым, полицей болғандары да базар жағалап, ата кәсібін дамытып, бизнеспен шұғылданды, еңбек етті, өсіп өнді, тамыры тереңге жайылды. Ұлы көшті Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, ҚХР, Түркиядан Отанына оралған қазақтар жалғастырды. Ұлы көш біреулерге ұнап біреуге ұнамаса да, тамтымдап жалғаса берді. Оралған ағайындарға Заң жүзінде «Оралман», «Қандас» деген мәртебе берілді. Ал, «моңғол, қытай, өзбектер» деп кемсіте атау өздігінен пайда болды. Жалпы «ОРАЛМАН» деген сөзді жағымсыз кемсіткендей керектенетіндер де аз болмады. Бірақ соған бола көңіл күйі түсіп, кем-кетік болып қалғанын тағы көрмедік. Тіптен, Отанында асыр салып, асығы алшысынан түсіп, аз уақыт ішінде жалпы орта оқу орындары, Университеттер, институттарда ұстаз профессор, ғалым, мекемеде кадр, дәрігер, депутат, мемлекеттік қызметкер, БАҚ-да журналист, ақын, жазушы жоғарғы лауазымды орындарда кәсіби маман, кеңесші, өнерде де дарын таланттарымен танылып шыға келгендері де аз болмады. Бұл үрдіс өз ұлтына көңіл бөліп сенім артпайтын, өзге ұлыстарға жағымпаздана қарайтын біраз шенеуніктердің шекесіне тарлық жасап, қызғанышын оятты да, сол пенделер ұлы көшке көп кедергі жасағаны да шындық.

Бұл БАҚ-та жазылып, айтылса да нәтиже өте аз болды… Оралмандардың осында келіп білім алғандары мен Отанында туғандары ата-аналары жаңа заманға сай арман тілектеріне жетуіне үлгі өнеге болып, ортаға бейімделуіне септігін тигізіп, сана сезіміне сенім ұялатқаны өмірдің өз шындығы. Оны өзінен басқаны тыңдауға қыңырлығы дес бермейтін адуын азаматтар, баласы мен немересі алдында дәрменсіздігін еріксіз мойындауынан көріп жүрміз! Осындай кезде Хакім Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - деп айтқаны еріксіз еске түседі.

Алыс-жақын шетелден келіп жатқан қандастар әлеуметтік аз қамтылған топқа жатады. Оған себеп - келгеннің бәрі де білімді, саналы-қабілетті, парасатты, мәдениетті, сабырлы салиқалы ана тілін жеттік біледі деудің реті өмірде сәйкеспейтіні. Қазақ тілін келіп үйренгені, криллицаша хат танып жаза алмайтындары көп болғанын осы саладағы 30 жыл үздіксіз жұмыс істеген еңбегіме сүйене айта аламын. Ортасында тентектері де болды. Тектілері де жетіп артылады. Дегенмен бәріне олай деп қарауға да болмайды. Алматы облысында 100-ден аса үлкен-кішілі кәсіпкер жандар бар. Олар қанша отбасы мен жеке адамдады жұмыспен қамтып отырғандары да шындық. Бұл кәсіпкерлер өздерін көрсетіп, насихаттауға келісе бермейді… Оған себеп, жеке бастары мен кәсіп орындарының қауіпсіздігін сақтауларына тіке қатысты деп ойлаймыз. Ал аты-жөнін ашық айтпаса да тек өз ағайындарына ғана емес, қиын-қыстау сәттерде жергілікті халыққа да қомақты көлемде қаржылық және нақты материалдық көмек көрсетуде үлгі өнеге болып жүргендері де көптеп кездеседі. Қызылағашты су алғанда, Қордай оқиғасында, Арыстағы жарылыс, Өткен жылы Батыста болған қуаншылықта көмек қолын созған қандастар, ел құрметі мен алғысына бөленді.

Қайырымы Алладан деп сенетін жақсы қасиет иелері осылар! Пендешілікке салынып ҚР-ның азаматтығын алуға асықпай, ел арасында Ықтиярхат пен жүріп, ауырдың үсті, жеңілдің астымен нәпақа табамыз деп ағымдарға тап болып жүргендері тағы бар… Отанына оңтайлы қылық көрсете алмағандары да жоқ емес. Солардың арасынан мұқтаждық пен қажеттілігін пайдаланып мүдде-мақсаттарына тартатын шетелдік азаматтар да аз емес… Бұл Жаңаөзен оқиғасы кезінде, 2022 жылы Қаңтар оқиғасында орын алды деген ақпарат бар… 2016 жылдан бері қандастар бір терезе қағидасы бойынша ХҚКО арқылы құжаттана бастады. Осы кезеңнен қандастар мемлекеттік мекемелерге келмейтін болды. Оралмандарға арнайы ашылған «Бейімдеу, уақытша орналастыру орталықтары» да қандастарға қызмет көрсетуін тоқтатты. Үкімет есеп алып, міндет жүктеп, жауапкершілік талап етпеуінен, әкімдер де көші-қон үрдісіне мән бермеуінен қазақтар көші ағыммен ғана ерік мүмкіндіктері бойынша бүгінге дейін жалғасып келеді…

Ішкі көші-қон мәселесі де дәл осылай. Осыдан кейін келеңсіз жайттар орын алмайды, бәрі жақсы деуге кім сенеді? Жалған мәліметтер уақыт өте келе орға жығатынын өмір өзі дәлелдеп келеді. Ресми статистика мәліметтері: Жыл басынан бері 70 854 Ресей азаматы, 1467 Украина азаматы Қазақстанда ЖСН алды дейді. Ресейдің 519 азаматы, 7 Украина азаматы ҚР-ның азаматтығына қабылданыпты. Сарапшылардың мәліметінше Қазақстанда «жарты триллион» ешкімге керек емес Ресей рубльі бар екен. Қарапайым мысал: Ресейге санкция салғанда, Ресей де қарымта санкция салып өзінің астық өнімдері, қант сынды жеке тауарлары біздің нарыққа өтуіне шектеу қойыпты. Кері нәтижесін халық тапшылық, қымбатшылық арқылы көріп отырғаны рас…

1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 16 061 шетел азаматы еңбек етеді екен. Мамыр айының қортындысы бойынша, елімізде жұмыс істеп жүрген шетелдік кәсіпорындар саны жыл басынан бері 12,7%-ға, яғни, 25 мыңға дейін өскен. Ресейдікі 13 мыңға жеткен. Бізді алаңдататыны осы кәсіпорында жұмыс істейтін шетелден еңбек күші деген атпен келіп жатқан азаматтар арасында ағымдар өкілдері өз жеке мүдде мақсаты бойынша шпиондық ниеттегісі бар-жоғымен кім айналысып ел мүддесін қорғайтыны! Ел-жеріміздің асты-үсті толы қазына байлығына көз салып қызығумен босағамызда жүрген байлар енді «босқын» мәртебесін алып, төрімізге жайғаспауына кім кепіл бола алады!? Айтпағымыз қазаққа қазақтан басқа ешкімнің ешқашан жаны ашымайды. Ұлтымыздың саны еселеп өсуіне сүбелі үлес қоса алатын этникалық қазақтардың ұлы көшіне өз қазағын сыйламай, өзегінен итеретіндер еш кедергі жасай алмайды. Бірақ та қолдау қамқорлық сезіне алмауы рухын таптап, рухани күйзеліске душар етіп, тамыры кеңге жайылуына бөгет жасайды. Осы жайтты қашан ет жүрегімізбен етене жақын түсінеміз, сол кезде ішкі және сыртқы көші-қон реттелетін болады. Шетелде әліде тұрып жатқан 7-8 миллион этникалық қазақтар 100 пайыз көшіп келуі де мүмкін емес. Тек нақты көмек болатынына көздері жетсе ғана өз еріктерімен ауыл-әулет болып көшіп келе береді. Жаңа заман талабына сай ұрпағы тез сіңіп, өсіп-өніп кетеді. Қазақстанға керегі де осы емес пе! Ең басты мәселе оңтайлы орналасу және жұмыспен қамтылуы мен кәсіп ашуларына мүмкіндік беру. Үкімет қаулысымен арнайы жеке бекітілген бір реткі жәрдемақы сомасын отбасының әр мүшесіне уақыт ұттырмай төлеп беру. Бұл олардың өз қаражаттарына қоса баспана мәселесін шешулеріне көмек болады. Бизнес, кәсіпкерліктері үшін жер телім мәселесі субсидиямен мал, техника беріп қолдауды келісім шартпен уақыт ұттырмай шешіп беру қажет. Тұрақты қоныстанып қалуларына бар мүмкіндікті тез арада жолға қою өте маңызды. Ішкі көші-қон да осылай шешімін таба берсе, солтүстік өңірлерге қазақтар ауыл-әулетімен барып, орнығып өз-өздерін басқарып, елдің, мемлекетіміздің мерейлі мүддесі жүйелі түрде жүзеге асатынына сенеміз.

ҰСЫНЫС-ПІКІР!

Сондықтан Үкіметке айтарымыз: Жеке көші-қон Агенттігін қайта құрып, аша алмайды екенсіздер, онда Көші-қон комитетін Еңбек министрлігінен, Сыртқы істер министрлігі құрамына беру өте маңызды. Ең бастысы СІМ-і бірінші кезекте еңбек күшімен келіп жатқан әрбір адамның іс әрекет, ниетіне толық бақылау жасауға құзырлы.

Екіншіден босағамызға келіп, сығалап, ентелеп тұрған «қашып келдік» деген ниеттегі жандармен де СІМ ауқымды жұмыс жасай алады. Босқын мәртебесін нақты заң шеңберінде жүзеге асыруға құзырлы. Бұл Еңбек министрлігі үшін өте күрделі де, күрмеуі көп үрдіс екені түсінікті. Жергілікті атқарушы орындағы қандастарға қызмет көрсететін көші-қон бөлімінің кадрлары мен Қандастар орталығын облыстық Қоғамдық даму басқармасына беру орынды. Оған себеп облыс бойынша саясат, дін мәселесі, қоғамдық келісім осы мекемеге қарасты. Ендеше көші-қон үрдісі де осы мекеменің миссиясына тура келеді. Үкіметтен ешқандай қосымша қаржы талап етілмейді. Бұл, Қандастардың өтініштері мен жинайтын құжаттарына бір жүйеде заңнамалық кеңес бере отырып толықтауларына үлкен қамқорлық болумен бірге, ел мен мемлекеттің бүгінгі және ертеңгі мүддесіне ықпалы тиетіні сөзсіз. Шетелден келетін адамдардың ішінде теріс ағым және бөгде діни көзқарастағы кәсіби маман иелері де аз келмейтінін өткен отыз жылғы өмірден көріп білдік. Сондықтан да орталықта қандастармен жан-жақты жұмыс жүргізу өте-өте маңызды. Әрбір адамның шетелден қалыптасқан болмыс тәрбиесіне ықпал ету өте күрделі мәселе екені де түсінікті! Жаңа, әділетті Қазақстанды, екінші республиканы өркениетті ел қатарына қосамыз, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеттілігін өзгертеміз десек, халық үнімен бірге қандастарымыздың үніне де құлақ асар уақыт жетті дер едім!

Құрметбек Сансызбайұлы,

Қазақ көшін зерделеуші

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051