Жұма, 9 Желтоқсан 2022
Өз сөзім... 1308 3 пікір 5 Қыркүйек, 2022 сағат 11:23

Артық қыламыз деп, тыртық қылған жоқпыз ба?

Соңғы уақытта еліміздің ұстаздар қауымы өздерінің мәртебелерінің аздап болса да көтерілгенін, жалақыларының көбейгенін көңілге медет қылып, Аллаға шүкіршілігін айтып жүруші еді. Енді міне, жаңа оқу жылының басталуын мерекелік көңіл-күймен қарсы алудың орнына, ұстаздар қауымының үлкен бір бөлІгі, өз өмірлерінің отыз-қырық жылын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған, зейнеткерлікке шықса да, ұстаздық істерін жалғастырып, өскелең ұрпақты білім бұлағымен суғарып жүрген, жоғары сыныпты, тәжірибесі де мол, денсаулықтары да сыр бермеген жандар бір күн ішінде далада қалып отыр. Бұл Маңғыстау өңірінде, Ақтау қаласында болып жатқан жайлар.

Әрине ешкім де мәңгілік емес, әсіресе, әңгіме зейнеткерлік жасқа келген ұстаздар туралы болса. Бірақ, осы мәселеде көңілге көлеңке түсіретіні басқада. Жоғарыда айтқанымыздай жұмыстан босатылған ұстаздар бір орында отыз-қырық жыл жұмыс істеген, шәкірттері мен олардың ата-аналары тарапынан құрметке бөленіп жүрген жандар. Соған қарамастан мектеп әкімшілігі оларды өзіне шақырып, жағдайды түсіндіріп, алғысын айтып, шығарып салудың орнына, телефон арқылы ватцап жүйесімен: «Сіздердің қызметтеріңізге қажеттілік жоқтығына байланысты жұмыстан босатыласыздар», - деген хабарлама жіберумен шектелген. Бұл не мектеп басшыларының мәдени деңгейінің осыншама құлдырағаны ма, әлде олардың адами қасиеттен жұрдайлығы ма? Егер мектеп басында осындай басшылар отырса, онда Маңғыстау өңіріндегі білім деңгейі қайдан жоғары болмақшы?..

Әрине, білім беру саласына өзгеріс қажет, оны бәріміз де көп уақыттан бері айтып жүрміз. Мен өзім өткен жылы жаз айында «Қазақстан мұғалімі» журналының №7 санында «Еліміздегі білім берудің бүгінгі жағдайына бейтарап көзқарас» атты көлемді мақала жазып, онда осы саладағы орын алып отырған жүйелі кемшіліктер мен қолайсыз жағдайлар туралы тәптіштеп айтқанмын. Осы күндері тәжірибелі ұстаздарды жұмыстан жаппай шығарып атқанын естіп, бұған қандай себеп деп сұрастырғанымызда, бұл жоғарының шешімі, министрлікте осындай шешім қабылданғанын, өйткені Маңғыстау өңірінде өткен оқу жылының нәтижесінде оқушылардың үлгерімі бойынша еліміз бойынша ең төменгі орынды иеленгені туралы айтылды. Осыған байланысты Министр мырза біздің өңірге басқа аймақтардан бір топ мұғалімдер жіберу туралы шешім қабылдағанын білдік. Әрине, мұндай шешімге тек қуануымыз керек сияқты, бір қарағанда. Бірақ бұл мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, бұл шешімнің сол Елордада отырып қабылданғанын, бұл өңірдегі білім сапасының неге төмендігін жіті талдамай, біржақты қабылданғанын байқаймыз. Бұл шешім баяғы, Ресей Премьер-Министрі болған марқұм Виктор Степанович Черномырдин айтқан «Хотели как лучше, получилось как всегда» деген қанатты сөзіне сәйкес келетін сияқты. Әрине, Министрлік жергілікті басшылардан осындай жағдайлардың себебін сұрағанда, олар өздері тарапынан жіберілген кемшіліктерді айтпай, мұғалімдердің жетіспеушілігі сияқты ойдан шығарылған себепті алға тартқан сыңайлы.

Шын мәнісінде, Ақтау қаласында ешқашанда мұғалімдер тапшылығы сезілген емес. Олай болса, Маңғыстау өңіріндегі білім деңгейінің құлдырауының себебі неде?

Маңғыстау өңірінің білім саласын осындай мүшкіл жағдайға әкелген ең басты себеп, ол осы өңірде, әсіресе Ақтау қаласында оқушы орындарының, басқаша айтқанда мектептердің жеткіліксіздігі. Соңғы 15-20 жылдың ішінде өңір басшыларлы бұл мәселеге тиесілі көңіл аудармаған сыңайлы. Маңғыстау өңірі қашанда да балалар санының өсуі жөнінен елімізде алдыңғы қатарынан орын алып жүргені белгілі. Сонымен қатар сырт елдерден, Өзбекстан мен Түрікменстан мемлекеттерінен, Маңғыстауға көшіп келіп жатқан қандастарымыздың саны жылдан-жылға арта түсуде. Осы өңірдегі бэбби-бум және миграция процесстерін жергілікті атқару органдары өз жоспарларында жеткілікті деңгейде ескере алмаған сияқты. Осыған байланысты мектеп жасындағы балалар саны геометриялық прогрессия бойынша өсуде, ал қаладағы мектептер мен оқушы орындар саны оған ілесе алмай, кенже қалып отыр. Бүгінгі күні Ақтау қаласындағы жеті-сегіз шағын аудандарында мектеп атымен жоқ. Басқа мектептердің көпшілігі үш ауысымдық режимде жұмыс істесе, сыныптардың әрқайсысында 30-35 баладан оқиды. Қазақ сыныптарына орын жетіспегеннен кейбір 5-6 сыныпты қазақ тілінде бітірген балаларды күштеп орыс сыныптарына беру сияқты келеңсіз оқиғалар да жиі кездесіп отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары жалпы білім беру мектептерінде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілгені белгілі. Нәтижесінде мектерде қалыпты балалармен қатар ерекше сипаттағы балалар, нақтылап айтсақ ақыл-ой қабылеті кенжелеп қалған балалар, қатар оқиды. Осындай жағдайларда балаларға сапалы білім беру мүмкін еместігі бесенеден белгілі.

Басқа өңірлерде қандай екені бізге белгісіз, ал осы Маңғыстау өңірінде жалпы білім беру мекемелерінің рейтингін анықтағанда облыстық және қалалық оқу басқармасы мен бөлімдері басты өлшем (критерий) ретінде оқушылардың жоғары бағалар алуын мектептерден қатаң талап етеді. Бір жағынан қарағанда бұл дұрыс та шығар. Бірақ біз қазақ халқы «шаш ал десе бас алуға» дағдыланғанбыз ғой. Облыстық және қалалық басшыларынан осындай нұсқау алған мектеп директорлары өз мұғалімдерінен оқушыларға тек жоғары баға қоюды негізсіз талап етуді дағдыға айналдырған. Орыс ағайындар айтқандай «Заставь богу молиться кое-кого, он и лоб расшибёт». Ал ондай жағдайға көнгісі келмейтін, әділетті, принципті мұғалімдер көбінесе әкімшіліктік прессингке ұшырап жатады. Әрине жоғары үлгерімді талап ету қажет, бірақ сондай жақсы көрсеткіштерге жетудің дұрыс, әділетті жолы қандай. Бүгінгі күні мектеп басшылары осы проблеманы шешудің ең оңай жолын таңдаған сыңайлы. Біздің ойымызша мектептердің білім беру деңгейін анықтайтын рейтингтің басты өлшемі (критерий) ол мектеп оқушыларының әртүрлі олимпиадалар мен білім сайыстарына қатысып, оларда жеңімпаз атануы деп есептейміз.

Қысқаша айтқанда, Маңғыстаулық оқу саласының басшылары осындай мүшкіл жағдайға жеткізген себептерді жоюдың орнына, оның салдарымен күресуді таңдаған сыңайлы. Нәтижесінде қанша жылдардан бері білім саласына адал қызмет етіп келген, бергені көп болса да, әлі берері одан да көп жоғары білікті ұстаздар керексіз болып қалып отыр.  Осындай шешімнің дұрыс-бұрыстығын ҚР Оқу министрлігі, Министр А. Аймағамбетов мырза әлі де зерттеп, байыппен қарап шығады деген сенімдеміз.

Сәмет Ықыласұлы Байқоңыров,

Ақтау қаласы, зейнеткер

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2623
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1789
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1891