Алапат өрттің тағы бір құпиясы...
Қостанайда алапат өрт болып, талай үй отқа оранып, жүздеген адам баспанасыз қалып, зардап шеккендігін қазір дүйім жұрт біліп отыр. Президентіміздің өзі осы жерге арнайы келіп, тілсіз жаудың құрбанына айналған жандармен жүздесіп, оларға жан-жақты көмек көрсететіндігін айтты.
Қазір өрттің беті қайтып, жұрт ес жия бастады. Кемелұлының осында келгендігі халыққа жанашыр азамат екендігін айғақтаса керек. Алайда менің «әттегене-ай» деп қалатын, көкейімнен бір сауал кетпейді. Ол Тоқаевтың мұнда арнайы ат басын бұрғаннан кейін, осы облысты 7 жылдан астам жеке-дара билеп отырған атақты Архимед Мұқамбетовтың жападан-жалғыз тұратын, қаладан он шақырым жерде орналасқан жұмаққа бергісіз резиденциясына кіріп шыққаны жөн еді. Бюджеттің есебінен тек жамбас ақысына ғана жылына 50 миллион теңге бөлінетін, ал кейбір деректерге қарағанда, (бізде жалпы әкімдердің мұқтажына жұмсалатын мол ақша еш уақытта ашық айтылмайды ғой) оған баратын жолдың жыл он екі ай мұнтаздай тап-таза, әрі айнадай жарқырап, тақтайдай түп-түзу болып, әкімнің жанын жадырату үшін оны дер кезінде жөндеп, күтіп ұстауға анау-мынау емес, аттай 400 миллион теңге еш сұраусыз жұмсала салатын, осынау 21 гектар жерді алып жатқан алқапқа кіріп, өрттің түтінен құтылып, саф таза ауасымен тыныстағанда, мүмкін өзін басқаша сезінер ме еді, кім білсін?..
Біз жаңа ғана Архимедтің жақсы ұйықтап, жайлы тұруы үшін «мәпелеген» резиденциясына 400 миллион теңге жұмсалғандығын айттық. Ал, аталмыш өрттің шыққан жері - жай ғана дүние емес, мемлекеттік қорық саналатын «Аманқарағай орман шаурашылығы» деп аталатын мекеменің мұқтажына жылына небәрі 92 миллион теңге ғана бөлінеді екен. Яғни, резиденцияны күтіп-баптауға кететін ақшадан 4 есе аз. Осындай аз ғана ақшаға өрттің алдын алып, сөндіретін аса қуатты техника түспейтіндігі белгілі ғой. Оның үстіне қорық секілді ерекше алқаптың бүлініп не өртеніп кетуіне жол бермейтін арнайы мамандарды дайындап, жоғары кәсіби деңгейде ұстауға кететін шығын да бар. Алапат өрттің бірден ешкімге бой бермей, соңында 43 мың гектар жерді қамтуының астарында осындай немкеттілік пен немқұрайдылық жатпасына кім кепіл? Осыны өрттің шығу себебінің бірі есебінде қарастыру да артық емес секілді. Қанша дегенмен, хан сарайында тұратын адам қарашаның үйіне де, күйіне де назар аудара қоюы қиын-ау.
Жалпы, біз кезінде мемлекеттік лауазымды қызметтегі Архимедтің бюджет есебінен осыншама шалқып өмір сүруінің қаншалықты қисынға саятындығы туралы республикалық «Abai.kz» сайтында бірнеше рет жаздық. Алайда оған мәу деп үн қатқан ешкім болмады. Тек мақала авторына Архимедтің жандайшаптары мен жағымпаздарының тарпа салғаны болмаса.
Міне, енді «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақалдың ылғи дұрыс бола бермейтіндігінің куәсі болып отырмыз. Егер кезінде жоғарыдағы билік басындағылар бұл фактіге назар аударғанда, жағдай басқаша сипат алар ма еді, кім білсін?..
Айтпақшы, анау-мынау емес, ұшы-қиыры жоқ, аумағы 21 гектар жерге орналасқан, оның үстіне жыл бойы осында қаңырап тұратын демалатын бөлмелері мен бассейіндері бар 11 ғимаратқа ана өрттің кесірінен үй-күйсіз қалып, мектептер мен жатақханаларға қаңғып кеткен жандарды уақытша орналастыру ешкімнің ойына келмегені ме? Әлде мұндағылар Архимедті ретсіз мазалуға жүректері дауаламады ма екен? Мұны бір деңіз.
Екіншіден, жергілікті биліктің үлкен басшылардың алдында жақсы атты көрініп қалуға тырысып, баяғы сол көзбояушылық «дәстүрі» тағы да байқалып қалды. Мұнда өрт әлі сөндіріліп бітпесе де Тоқаевтың алдына ылғи бір су жаңа, бояуы әлі де кеппеген өртті сөндіруге арналған техникалардың көрмесін ұйымдастырды. Бір қызығы, осыны тамашалаған Тоқаев та, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де: «Оу, осынша керемет қуатты техникалар ана алапат өртті сөндіруге неге жұмылдылмаған? Әлде мұны тек бізге көрсету үшін ұстап отырдыңдар ма?» деген сауал қоймағандары қызық.
Мінекей, бұл аяқ астынан үлкен зардаптарға ұшыратқан алапат өрттің алдын алуға болар ма еді деген сауалға өзімізше жауап іздеген талпынымыз еді. Қалғанын құзыретті органдар шеше жатар деген ойдамыз.
Жайберген Болатов
Abai.kz