Сайлаушылар депутаттарды мандатынан айыра алады
Қазақстанда сайлаушылар депутаттарды мандатынан айыра алады. Бұл туралы бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында талқыланды.
Алдағы уақытта елімізде депутаттық мандатты қайтарып алу институты жұмыс істейтін болады. Бұл норма сайлау туралы заңнамаға өзгертулер енгізілгеннен кейін пайда болды.
Биылғы маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткен жалпыхалықтық референдум нәтижесінде мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционалды негізде және 30 пайызы мажоритарлық негізде сайланады. Бұл ретте сайлаушыларға депутаттың мандатын кері қайтарып алуға құқық беріледі.
"Депутаттық мандатты қайтарып алу жөніндегі институт заң жобасына енгізілуде. Бұл реформаның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Бұрын заңнамада мұндай норма болған жоқ… Халық депутатқа деген сенімінің жоғалғанын өздері шешеді. Сайлаушылар депутатты мандатынан айыру үшін қажетті дауыс жинайды. Ол үшін сайлаушылардың 30 пайызы қол қоюы керек. Сол кезде сайлау комиссиясы сайлау күнін белгілейді. Сайлаушылардың 50 пайызы депутаттық мандатты қайтаруға дауыс берсе, өтініш орындалады»,-дейді Әділет министрі Қанат Мусин.
Заң жобасында көрсетілген мандатты кері қайтарып алу нормасы бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланған Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарына қатысты болмақ. Негізгі себебі: сайлаушылардың сенімін жоғалту, соның ішінде сайлау алдындағы бағдарламаны орындамау. Мандатты кері қайтарып алуға бастаманы депутат қызметке кіріскен бірінші жылында және соңғы жарты жылында көтеруге болмайды.
Депутатты мандатынан айыру бастамасы бойынша сайлаушылар тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жүгінуі керек. Аумақтық сайлау комиссиясы өтінішті қарап, үш күннің ішінде жауабын береді. Өтініш қабылданғаннан кейін 30 күннің ішінде бастамашы топ қол жинай бастайды. Егер олар сайлаушылардың 10 пайыздан астам қолын жинаса, комиссияға құжатты ұсынады. Ал, егер қажетті қолды жинай алмаса, комиссия жұмысты тоқтатуға құқылы. Комиссия жиналған қолды 10 күн бойы тексереді, дұрыстығына көз жеткізген соң бір күннен кешіктірмей мандатты кері қайтарып алу бойынша дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды.
Дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде аумақтық сайлау комиссиясы депутатқа оның мандатын кері қайтарып алу жөнінде хабарлама жібереді. Дауыс беру екі ай бойы жүгізіледі.
Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50% - дан астамы мандатты қайтаруды жақтап дауыс берсе, Мәжіліс немесе мәслихат депутаты лауазымынан айырылады.
Сондай-ақ бүгінгі пленарлық отырыста Президенттің өкілеттіктерін шектеу туралы түзету қарастырылды. Атап айтсақ, ҚР Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс; президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ; Тұңғыш Президентке президенттің екі мерзімнен аспайтын мерзімге қайта сайлануына тыйым салу заңы қолданылмайды; президент Сенаттың 15 депутатын емес, 10 депутатын тағайындайды, олардың бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындалады; Президент Сенаттың келісімімен конституциялық соттың төрағасын және конституциялық соттың төрт судьясын қызметке тағайындайды; Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері актілерінің күшін жоюы не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін деген норма алынып тасталды.
Abai.kz