Сейсенбі, 14 Қазан 2025
Ақмылтық 368 0 пікір 14 Қазан, 2025 сағат 12:56

Қазақстанда көрсеткіштер неге екі тілде?

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Бүгінде Қазақстан – өзінің шекарасы, рәміздері, заңнамасы және халықаралық деңгейде мойындалған егемен мемлекет.

Алайда осы уақыт ішінде қоғамда бір сұрақ жиі көтеріледі: неге елімізде әлі күнге дейін көше атауларынан бастап дүкен сөрелеріндегі, мемлекеттік мекемелер мен жеке кеңселердегі жазулар, хабарландырулар, тіпті жарнамалар да екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде қатар жазылады? Бұл үрдіс неліктен әлі тоқтамай келеді? Мемлекеттік тілге басымдық берудің уақыты жеткен жоқ па?

Мемлекеттік тіл – кез келген елдің рухани тәуелсіздігінің басты кепілі. Тіл арқылы ұлттың ой-санасы, мәдениеті, дүниетанымы көрініс табады. Сондықтан тіл мәселесі – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, елдіктің, егемендіктің және ұлттық бірегейліктің көрінісі.

Қазақстан Конституциясының 7-бабында анық жазылған: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі». Сонымен бірге, «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Дәл осы соңғы сөйлем бүгінде тілдік саясаттағы ең даулы және талқыланатын нормаға айналды.

Конституциядағы бұл бап еліміздің тарихи-әлеуметтік жағдайынан туындағаны рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамдағы орыс тілді азаматтардың үлесі жоғары болғандықтан, елдің тұрақтылығын сақтау мақсатында қос тілділік принципі енгізілді. Бірақ сол жағдай бүгінгі күнге дейін сақталып қалуы – өз алдына сұрақ. Өйткені арада отыз жылдан астам уақыт өтті, ұлттың рухани өзегін қалыптастыру кезеңі әлдеқашан жетілді. Ендеше, неге қазақ тілі әлі күнге дейін күнделікті өмірдің барлық саласында толық үстемдікке ие бола алмай отыр?

Екі тілде жазу – тарихи инерция ма, әлде немқұрайлылық па? 

Бүгін Алматы мен Астанадағы кез келген супермаркетке кіріп қараңызшы. “Кіру/Вход”, “Акция/Жеңілдік”, “Сүт/Молоко”, “ Нан/Хлеб” деген жазулар қатар тұр. Мемлекеттік органдардың есіктерінде “Кадр бөлімі/Отдел кадров”, “Қабылдау бөлмесі/Приемная ” деген жазулар әлі де кездеседі. Бұл көрініс тек ірі қалаларда емес, аудан орталықтарында да кеңінен таралған. Тіпті мемлекеттік мекемелердің ресми сайттарында қазақ тіліндегі нұсқа орысша мәтіннен кейін орналастырылып, кейде аудармасы шала, формалды түрде жазылады.

Мұндай жағдайдың бірнеше себебі бар.

Біріншіден, осы – кеңестік кезеңнен қалған психологиялық инерция. Сол дәуірде орыс тілі «ірі ұлттар тілі», «білім мен мәдениеттің тілі» деп танылды. Көптеген буын сол оймен өсті, ал сол буын осы күндері шешім қабылдайтын адамдар қатарында.

Екіншіден, мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің жарты бөлігі қазақ тілінде жазуды қиынсынады немесе оған немқұрайды қарайды. Үшіншіден, тіл саясатын нақты және қатаң түрде іске асыратын тетіктердің әлсіздігі байқалады. Заң жүзінде талап болғанымен, іс жүзінде бақылау мен жауапкершілік жоқтың қасы.

Қазақ тіліне жауапкершілік – барша азаматтың міндеті

Кейбіреулер: «Екі тілде жазу – ыңғайлы, бәріне түсінікті ғой» дейді. Бірақ осы пікірдің астарында мемлекеттік тілге деген салғырт көзқарас бар. Егер біз шынымен қазақ тілін мемлекеттің тұғырлы белгісі деп санасақ, онда оны барлық жерде қолдану – тек тіл мамандарының немесе Үкіметтің ғана емес, барша қоғамның міндеті болуы керек.

Көптеген дамыған елдер өз тілінің мәртебесін қорғау үшін арнайы заңдар қабылдаған. Мысалы, Францияда француз тілінің қолданылуын қатаң реттейтін «Тубон заңы» бар. Бұл заңға орай, барлық жарнама, хабарландыру, қоғамдық нысандардағы жазулар міндетті түрде француз тілінде болуы тиіс. Ал ағылшын тіліндегі сөздер тек қажет болған жағдайда ғана қосымша қолданылуы мүмкін. Көрші Өзбекстан мен Түркіменстан да мемлекеттік тілге көшу жағдайын табандылықпен жүргізіп келеді. Өзбекстанда 2020 жылы қабылданған жаңа заң бойынша мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің ресми атаулары, маңдайшалары және жарнамалары тек өзбек тілінде жазылуы міндеттелді. Ал бізде мұндай нақты талап әлі де бұлыңғыр күйде қалып отыр.

Кейде кәсіпкерлер: «Қазақ тілінде жазсақ, орыс тілді клиент түсінбейді», – дейді. Бірақ осы уәж бүгінде өз негізін жоғалтты. Өйткені еліміздегі орыс тілді азаматтардың көп бөлігі қазақ тілін түсінеді, кемінде күнделікті тұрмыстық деңгейде сөйлей алады. Ал жастардың көп бөлігі үш тілде еркін сөйлейтін ұрпақ болып өсіп келеді. Сондықтан, “қазақша жазсақ, түсінбейді” деген сылтау – жалқаулық пен немқұрайдылықтың көрінісі ғана.

Қазақ тілі бүгінде тек тұрмыстық тіл емес, ол ғылым мен технология, бизнес пен заң салаларына да еркін ене алатын тілге айналды. Мемлекеттік құжаттар, заңдар, стратегиялық бағдарламалар түгелдей қазақша жазылып келеді. Тіпті халықаралық деңгейдегі форумдар мен конференцияларда қазақ тілінде баяндама жасау қалыпты жағдайға айналды. Демек, қазақ тілі – заманауи өмірдің барлық талабына сай келетін толыққанды тіл.

Екі тілділік саясаттың көлеңкелі тұстары

Екі тілділік – бастапқыда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған дұрыс шешім болды. Бірақ ол уақытша құрал ретінде қарастырылуы тиіс еді. Қазіргі таңда бұл саясат мемлекеттік тілдің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Себебі “екі тілде жазу керек” деген түсінік қоғамда “қазақ тілі мен орыс тілі тең дәрежеде” деген жаңсақ пікір тудырды.

Нәтижесінде мемлекеттік тілдің мәртебесі қағаз жүзінде ғана қалып, іс жүзінде екінші орынға сырғыды. Бұл үрдіс әсіресе қала тұрғындары арасында кең тараған: ресми хаттар, жиналыстар, жарнамалар, мәзірлер – бәрі әлі күнге дейін қос тілде жүреді.

Егер біз расымен де «Қазақ елі» деп аталғымыз келсе, тілдік саясат та соған сай болуы тиіс. Өйткені тіл – мемлекеттің ең басты идеологиялық құралы. Қоғам тіл арқылы бірігеді, тіл арқылы өзін таниды.

Қазақ тілі – тек қазақ халқының ғана емес, барша қазақстандықтардың тілі. Бұл – елдің біріктіруші факторы. Сондықтан, қазақ тілінде жазу, сөйлеу немесе жұмыс жүргізу – ұлтшылдық емес, ол азаматтық жауапкершілік. Тілдің бірлігі елдің бірлігін нығайтады. Керісінше, екі тілдіклік – қоғамды бөлшектейді, адамдардың арасында психологиялық шекаралар қалыптастырады. Бүгінгі жаһандану заманында мемлекет өзінің ұлттық келбетін сақтағысы келсе, ең алдымен тіліне қамқор болуы тиіс. Тілін қорғау – ұлттың мәдени және саяси тәуелсіздігін қорғау деген сөз.

Не істеу керек?

Біріншіден, мемлекеттік тіл туралы заңды нақты күшейту қажет. Онда маңдайша, жарнама, хабарландыру, тауар белгісі және мемлекеттік мекеме атаулары міндетті түрде қазақ тілінде жазылуы керек деген талап болуы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлерге арналған тілдік стандарттар енгізілуі қажет. Мемлекеттік қызметте істейтін әр азамат қазақ тілін еркін меңгеріп, іс қағаздарын толық қазақша жүргізе алуы тиіс. Үшіншіден, тіл мәдениетіне қоғамның әр мүшесі үлес қосуы қажет. Кәсіпкерлер өз дүкенін, мейрамханасын, кеңсесін қазақша безендірсе, ол тек патриоттық қадам ғана емес, сонымен бірге тұтынушының сенімін арттыратын имидждік артықшылық болмақ. Төртіншіден, мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін қазақ тілінде сапалы білім мен контент ұсыну жалғасуы тиіс. Жастар ана тілінде ойлап, ана тілінде жаңалық ашуға мүмкіндік алуы керек.

Қазақ тілін толыққанды мемлекеттік тіл ету – уақыт талабы ғана емес, ұлттың болашағын айқындайтын тарихи міндет. Біздің егемендігіміз тек шекара мен ту арқылы емес, ең алдымен, өз тіліміз арқылы танылады. Сондықтан “екі тілде жазу” дәуірі біртіндеп өз мәресіне жетіп, қазақ тілінің табиғи үстемдігі орнауы тиіс. Бұл үшін заң да, қоғам да, әрбір азамат та бір мақсатта жұмыс істеуі қажет. Қазақ тілі – біздің ортақ байлығымыз, тәуелсіздігіміздің рухани тірегі. Ендеше, өз ана тілімізді шынайы құрметтеу – ел болашағын құрметтеу деген сөз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 869
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10039