Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5573 0 пікір 25 Тамыз, 2022 сағат 00:05

Әскерді реформалау: Доктрина және қаржы

2022 жылы Қазақстан қорғаныс саласына бір триллион теңге бөлді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 303,7 млрдқа артық деген сөз. Сонымен бірге, әскерге көктемгі шақыру өте қатаң режимде өтті. Қорғаныс шығындарының айтарлықтай артуы аясында билік әскери доктринаны өзгерту туралы шешім қабылдады. Сарапшылар Ақорданың әрекетін қаңтардағы оқиғамен және Украинадағы соғыспен байланыстырады. Қаңтар оқиғасы әскерге реформа жасау керектігін көрсетіп берді. Ал Украинадағы соғыс кез келген мемлекеттің қорғаныс саласы басты орында болуға тиістігін аңғартты.

2021 жылғы 2 желтоқсандағы 2022-2024 жылдарға арналған республика бюджетінің бірінші редакциясында Қазақстан қорғаныс саласына 858,8 млрд теңге қарастырған болатын. Бұл ақшаның 61 пайызы Қорғаныс министрлігіне, қалғаны Төтенше жағдайлар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жіберілетін болып есептелген еді. Бірақ 2022 жылдың мамырында қорғаныс бюджеті 162,6 миллиард теңгеге ұлғайтылды (оның 56,9 миллиард теңгесі Қорғаныс министрлігіне кетті) және жалпы сомасы бір триллион 21 миллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың бюджетінен 303,7 млрдқа артық деген сөз.

Жалпы бюджеттің жартысы – 494,6 млрд теңге қорғаныс саласына бағытталады. Министрлік қарулы күштерді оқытуға 491 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап отыр. 24 шілдеде Wall Street Journal газетінде Қазақстан билігі Украинадағы соғысқа байланысты қорғанысты күшейтіп жатқаны туралы мақала жариялады. Автор атын атамаған қазақстандық шенеунікке сілтеме жасап, Қазақстанның қорғаныс саласында АҚШ, Қытай және Түркиямен қарым-қатынасын нығайтып, бұл саланың бюджетін 918 миллион долларға ұлғайтып жатқанын жазған болатын.
Шенеунік Қазақстанның Украинадағы жағдайдан құнды сабақ алғанын айтып, қаржының бір бөлігі армияны реформалауға және әскери резервті арттыруға жұмсалатынын атап өтті.

Неге Украина соғысынан Қазақстан сабақ алуда? Себебі Украинаға соғыс бастау алдында Ресейдің Киевке қатысты түрлі қоқай көрсетуі артты. Тіл, мәдениет және басқа салада қағытып келген Мәскеу ақырында «орыстілділерге, орыстарға күн көрсетпейді» деген сылтауды айтты. Өтірік сылтауды. Дәл осы сценарий Қазақстанға да жақындап келе жатуы ықтимал дейді мамандар. Себебі Ресей билігі мен шенеуніктері Қазақстанға қатысты түрлі қоқан-лоққы форматындағы әрекетін соңғы төрт жылдықта еселеп арттырды. Мысалы Федоров, Никоновтар Қазақстанның тарихи жері жоқ, тұтас солтүстік Қазақстан жері деген еді. Артынша Ресейдің сан түрлі тарихшылары, зерттеушілері Қазақстанның жеріне қатысты ақылға сиымсыз, көңілге қонымсыз түрлі мақалалар жаза бастады. Олар «Қазақстан деген ел болмаған, Қазақстан Ресейдің өнімі» деп сайрады. Атышулы Жириновский мен Лимоновтар Қазақстанды бөліп алуға шақырды. Лимонов «Қазақстанды Қытай мен Ресей бірігіп бөліп алуы қажет, тек Батыс аймақты Ресей алсын» деді. Бұл екі ел арасында дау тудырды.

Өткен жылы Ресей Қазақстанға ақпараттық шабуыл жасауды арттырып, енді жаңа стадияға өтті. «Қазақстанда орыстілділерге күн көрсетпейтін тіл сақшылары бар» деді олар. Бұл туралы Лавров мақала да жазды, сұхбат та берді. Ал Қазақстан билігі ешқандай тіл сақшысы жоқ екеніне сендіріп бақты.
Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты Қазақстан өркениетті елдердің позициясын ұстанып, санкцияларды айналып өтуге жол берілмейтінін жариялады. Бұл Ресейдің титығына тиді және Ресей пропагандистері «Қазақстан сатқындық жасады» деп бөрінің артындай шулады. Ал Петербургте өткен экономикалық форумда Қазақстан президенті Ресей мен Украина соғысы, сепаратистердің әрекеттеріне қатысты өз пікірін нақты білдірді. Бұл мемлекеттің де позициясы болатын. Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, санкцияларды айналып өтуге жол бермейтінін, сепаратизмге қарсы екенін айтты. Бұл мәлімдемеден кейін Ресей саясаткерлері шулап, «сатқын Қазақстан» жайлы тағы да айта түсті.

Қазақстан стратегиялық серіктесіміздің сөздері мен әрекеттері ең алдымен ішкі аудиториясына бағытталып отырғанын жақсы түсінеді. Бұл өз аудиториясын «қарсылас Қазақстанның» барына сендіру. Ал одан кейінгі деңгейде ашық агрессиялық әрекеттер болуы ықтимал.

Бұл қауіптерді ескерген Қазақстан билігі әскерді реформалаудың қажеттігін жақсы түсінеді. Орталық Азияның өзінде бірнеше толқулар болды. Қаңтар оқиғасы, Өзбекстандағы Қарақалпақстан толқуы мен Тәжікстандағы Таулы Бадахшан оқиғалары қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны арттыру мен әскерді реформалау қажеттігін айтып тұрғандай. Ауғанстандағы тұрақсыздық пен әлеуметтік жағдайының нашарлауы, тәлібтердің билікке келуі де әскери салаға ерекше назар аударуға итермелеп отыр.

Осының барлығының аясында Қазақстан өзінің әскери доктринасын қайта жазып жатқаны белгілі болды. Соңғы рет құжатқа 2017 жылы түзетулер енгізілген. Түзетулердің бастамашысы – доктринаға 70-тен астам өзгертулер енгізуді ұсынған Ақорда болып отыр. Қоғамдық талқылауға ұсынылған құжатта «дағдарыс жағдайы» және «запастағы әскери қызмет» сияқты жаңа ұғымдар бар. Сонымен қатар, жаңа, өзгертілген доктринада жаппай қырып-жоятын қарулар, кибершабуыл, ғарыш кеңістігіндегі артықшылықтар, гибридтік және ақпараттық соғыстар туралы жазылған.

Жаңа доктринада Қазақстанға қауіп төндіретін бірнеше факторлар көрсетілген. Мысалы халықаралық қатынастардың жалпы күрделенуі фонында жаһандық және өңірлік деңгейде экономикалық және саяси ықпал ету салаларын кеңейту мақсатында әлемдік және өңірлік «державалар» арасындағы шиеленістің күшеюі; халықаралық құқықтың тиiмдiлiгiн және халықаралық қауiпсiздiк ұйымдарының мемлекетаралық қатынастарда әскери күш қолдануды болдырмау және жолын кесу мүмкiндiгiн төмендету жайлы айтылған. Бұл өзгерістердің бірсыпырасы ғана.

Жаңа доктринаны қоғамдық талқылау аяқталды, бірақ құжат әлі бекітілген жоқ. Қорғаныс министрлігі жаңа доктрина 2022 жылдың соңына дейін бекітілетінін хабарлады. 2017 жылғы доктринада Қазақстан Ресеймен бірге әуе қорғанысын дамытатыны жазылған. Бұл тармақ жаңа доктринада сақталды. Бұл Ресеймен әлі де әскери салада әріптестік болатынын көрсетіп отыр.

Қазақстан осылайша әскери саланы реформалауды іске асыруды бастады. Бұл толыққанды реформаның нәтижесін алдағы жылдары көре бастаймыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343