Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4104 36 пікір 20 Қыркүйек, 2022 сағат 15:11

Тасмағанбетов Жармақанның ерлігін қайталай ала ма?

Еліміздегі билік транзитінен кейін қоғамда саяси белсенділік күрт артты. Оның себебі Еуропа мен АҚШ тағы демократиялық ортаны көрген, кәнігі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келуі саяси өзгеріс күткен жұрттың үмітін оятты. Тағы бір жақтан жаһанның экономикалық келбетін ғана емес, саяси бейнесіне де өзгеріс әкелген сандық технология, әлеуметтік желі біздің де өмірімізге дендеп енді. Белсенділердің пікір талас алаңына, үкімет қызметін бағалау, бақылау құралына айналды. Билікке балама оппозиция рөлін атқарып отыр деп айтсақ та асыра сілтегендік болмайды.

Ел басшысы Тоқаев 1 қыркүйек күнгі жолдауында кезекті президент сайлауының мерзімінен бұрын, жыл соңына қарай өтетінін жариялағалы бері ел арасында пікір-талқы қызып тұр. Қарашада өтеді делінген кезекті саяси дода Қосанов қосақталған алдыңғы сайлаудан да тартысты болайын деп тұр.

«Диван батырлары» ерте қамданып, алда өтетін президент сайлауына ойындағы кандидатын ұсынып әлек. Олардың тізімінде қашқындағы банкир, экс-министр, абақты көрген шенеунік, қоғам белсенділері бар. Алдыңғы лектегі Иманғали Тасмағанбетовтың жөні бөлек.

Тасмағанбетов Назарбаев заманынан келе жатқан оппозиционерлерге де, қаңтар қырғынынан кейін лауазымынан босаған шенділерге де ұқсамайды. Назарбаев дәуірінде биліктің баспалдағынан бірге өткенімен, Иманғали Нұрғалиұлында өзге шенеуніктерде кездеспейтін ұлттық мінез бар. Саясат пен мәдениетті тең ұстаған ілуде бір кезігетін тұлға. Жұрт оның «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Күлтегін ескерткішінің көшірмесін алдырғанын, 2005 жылғы президент сайлауының алды-артында саяси қастандықтан мерт болған марқұм Заманбек пен Алтынбектің жаназасына барғанын аңыз етіп айтысады. Ағайынның ағайындығы торқалы той мен топырақты өлімде көрінеді десек те, қазақы қағидатты түсіну, оны орындау азаматтың тектілігіне, бекзаттығына байланысты. Тасмағанбетовтың жүрт ықыласына бөленуі – оның бір басшыға, бір партияға шексіз адалдық басты саяси шарт етілген Кеңес кезінде де, Назарбаев дәуірінде де ұлттық мінезінен, бір беткейлігінен айнымағанынан болса керек.

Әлеуметтік желіні парақтап түйгеніміз қазір жұрт ішінде тарихта өткен ұлтшыл тұлғаларға: Ақтарға да, Қызылдарға да есесін жібермеген Алаш арыстарына, Кеңес кезінде коммунистік партияның шешімінен ұлт мүдесін жоғары қойған Жұмабай Тәшенов сияқты ұлтжанды қайраткерлерге деген сағыныш басым. Мұндай көңіл-күй саяси белсенділігі оянған қауымның егемен ел атанған 30 жылда қазақтың ұлттық мүддесінің билік пен оппозицияның саяси көкпарына айналып, қорғансыз күйге түскен мүшкіл халін сезінуінен туындаса керек. «Қаңтар оқиғасы» қазақтың ұлттық мүдесін тұншықтыра алатын діни және басқада радикалды күштердің отанымызға терең тамыр тартқанын көрсетті. Оған терістік пен шығыстағы екі алып көршіміздің екпінін қосыңыз. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 140-тан астам ел Путиннің Украинаға шапқыншылығын айыптаса, аталмыш ұйым Қытайға барып қайтқан комиссия жұмысын қортындылап, Батыс елдері айтқан геноцид белгілерінің бар екенін ашық айтты. Араб елдеріне барып «дініміз бір», Орыс еліне барып «тіліміз бір», Қытайға барып «шекарамыз шегенделген» деп маймөңкелейтін көп векторлы саясаттың дәурені өтті. Олигархтарға берілген Лондонның «Алтын визалары» – қазақтың қазба байлығын, мұнайын көргенде Батыс демократиясының да жолдан таятынын көрсетті.

Қазір ұлтымыз геосаяси тұрғыдан алғанда алмағайып, ел ішінен алғанда өліара, өзгеріс кезеңінде тұр. Мұндай шақта ұлтшыл тұлғалардың рөлі ерекше. Оған Зеленскийдің ерлігі мысал. Путин әскері Киевке шабуылды бастағанда, АҚШ тарабы оған ұшақ дайындап елінен кетуді, шетелге бас сауғалауды ұсынған еді. Ол бірден бас тартып, халқын да, екіұдай Батыс билігін де отанын қорғауға жұмылдыра білді. Көптің Иманғали Тасмағанбетовты президенттікке қандидаттар қатарынан көргісі келуіне осындай ішкі-сыртқы факторлардың әсері бар деп ойлаймыз.

Тасмағанбетов зейнетте болғанымен пайғамбар жасынан енді асты. Путиннен, Қытай басшысы Сицзинпни, Америка президенті Байденнен әлде қайда жасы кіші. 2004 жылғы парламент сайлауынан кейін, Қазақстанның бас прокуроры, мәжіліс төрағасы болған Жармақан Тұяқбаевтың сайлаудың әділетсіз өткенін мәлімдеп, оппозицияға қосылғанын, артынан президент сайлауына түскенін жақсы білеміз. Енді міне, белсенді қауым Тасмағанбетовтен де сондай әрекет күтіп отыр. Ол кезбен салыстырғанда қазіргі саяси атмосфера мамыражай десе де болады. Сол жолғы додада кеңес кезінде прокурор болған Жармақан Тұяқбаевтың алдынан «Желтоқсан оқиғасы» шығып, ол кісі жазықсыздығын дәлелдеп, даудың арты басылған. Тасмағанбетовтың алдынан да «Шаңырақ оқиғасы» шығуы мүмкін. Біле-білсе бұл да өткеннен арылуға жақсы мұмкіндік. «Халық қаласа Хан түйесін сояды» дегендей, Тасмағанбетов жұрт пікірін ескеріп жаңа саяси өмірін бастай ма, жоқ, додадан бұғып қала ма, ол енді саяси ерік-жігеріне, ел аманатының салмағын сезінуіне байланысты.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420