АҚПАРАТТЫ АУДАРУМЕН ІС АЛҒА БАСПАЙДЫ
Қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясы:
Қазақ интернетіне тән кемшіліктерді айқындап, ерекшеліктерін екшеп, қиындықтардан шығар жолды қарастырған Қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясы өтті. Шарада бірқатар мақсат айқындалды, жүйелі жұмыс істейтін ұйым құрылмақ, арнайы құжат қабылданып, Үкіметке жөнелтілмек. Бұл Қазақ интернетіндегі қордаланған қиындықты шешуге сеп болатын сияқты.
Қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясы:
Қазақ интернетіне тән кемшіліктерді айқындап, ерекшеліктерін екшеп, қиындықтардан шығар жолды қарастырған Қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясы өтті. Шарада бірқатар мақсат айқындалды, жүйелі жұмыс істейтін ұйым құрылмақ, арнайы құжат қабылданып, Үкіметке жөнелтілмек. Бұл Қазақ интернетіндегі қордаланған қиындықты шешуге сеп болатын сияқты.
Жұрт Интернет арқылы сауда жасауға бейімделген: былтыр 250 млн. долларға сатып алған тауарға Интернет-дүкендер арқылы қол жеткізіпті. Интернеттің көмегімен пайда табуға мүдделі компаниялардың жарнамаға салған қаражаты - 9 млн. доллар көлемінде. Әлбетте, мұның бәрі кісінің көзін қызықтырады. Бірақ Қазақ интернеті қалай дамуда? 2013 жылдың 22 қаңтарында Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өткізілген Қазақ сайттары редакторларының конференциясында Қазақ интернетінің түйткілдері, оларды шешу жолдары қарастырылып, шараға қатысушылар тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылды. «Нұр Отан» ХДП мен «Абай.kz», «Мінбер.kz» және «Alash-orda.kz» сайттары ұйымдастырған конференцияның ашылу салтанатында «Нұр Отан» ХДП Хатшысы Ерлан Қарин шара «Қазақ» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналып өткізілгенін атап өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса делегат қатысты. Келесі басқосуды Алматыда өткізу жоспарланған. Қазақ интернетінің ахуалына алаңдайтындар арнайы клуб құруға келісті. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевтың мәлімдеуінше, Үкімет үстіміздегі жылы 450 интернет ресурсын ашуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан бөлінген 1 млрд. доллардың 110 млн. доллары Интернетке арналған. Өкінішке қарай, біздің «Интернетті дамыту сайттарды ашумен шектелмейді. Қоғамдық пікір тудыру, азаматтық ұстанымды қалыптастыруда Интернеттің ықпалы зор. Бұл орайда әсіресе ауылдағы ағайынды Интернетпен қамтамасыз ету керек. Қазір ауыл тұрғындарының барлығы бірдей Интернетке қосылуға қаржылық тұрғыда қауқарсыз. Үкімет қандай шаралар атқаруда?» деген сауалымыз жауапсыз қалды. Басқосуда бәсекеге төтеп беру мәселелері де көтерілді. «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Қыдырманың пайымдауынша, еліміздегі 100 сайттың ішінде ең беделді деген небары 11 сайт бар. Ал ақпараттық сайттар 2-3-пен шектеледі: «Қазақ сайттары арасында қызу бәсеке жүріп жатыр деп айта алмаймын. Меніңше, ол енді басталады».
Бірінші бөлімдегі «Қазақ интернетінің дамуы: ерекшеліктері, өзекті мәселелері» тақырыбындағы талқылауға қатысушылар Қазақ интернетін қолдау, мемлекеттік саясаттың басты бағыттары, қазақ контенті мен сапа менеджменті, қазақ аудиториясындағы краудсорсинг проблемалары, авторлық құқық мәселелері, салалық сайттарды түзу т.б. қаузады. Жиын басында «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым: «Бүгінгі жиыннан кейін төрт құжат қабылдаймыз. Бірінші құжат интернет қауымдастықтың өзіне қатысты болмақ, яғни, біз қай бағытта дамуымыз керек? Қазақ оқырманын, қазақ тұтынушысын қалай қанағаттандырамыз? Қандай ақпарат жетпей жатыр? Тағы да қандай сайттар керек? Осылайша, өзімізді-өзіміз ынталандыратын, жаңа белес, жаңа бағыт беретін жоспар болса деп отырмыз. Екінші құжатты мемлекеттік органдарға жібереміз. Біз индустрияның бөлігі ретінде, тұтынушы ретінде мемлекеттік органдардан ақпараттың ең алдымен қазақ тілінде, сосын орыс тілінде шығуын талап етіп отырмыз. Ақпарат орыс тілінде шығып, сосын оны аударып жатсақ, мемлекеттік тілді қалай дамытамыз?» деп мәлімдеген болатын. Құжаттар екі-үш күннің ішінде ұсыныстар мен тілектерді ескере отырып түзіліп, тиісті орындарға жолданбақ. Бұл мүдделі топтың мақсатты түрде жұмыс істеуіне сеп».
«Бүгінде қазақ интернет кеңістігі қарыштап дамып келеді. Орыстілді контенттің 20 жылдағы қадамын 4-5 жылда бағындырдық» деген Айдос Сарым былтыр 200-ге жуық ақпарат құралының төл сайты ашылғанын айтты. Ендігі міндет - аталған көрсеткішті екі есеге арттыру. Конференция барысында ІТ саласына жетік мамандардың қатарындағы Асхат Еркімбай мен Жанарбек Матай - Америкадан, Ақытбек Шериязбек Қытайдан байланысқа шығып, құнды пікірлерімен бөлісті. Мысалы, Асхат Еркімбайдың пікірінше, ІТ саласын жақсы меңгерген Интернет журналистерді дайындауға мемлекеттен арнайы гранттар бөлінуі тиіс.
Басқосуда жиі көтерілген тақырып - қаражат тапшылығы. Яғни қолда бар мүмкіндіктің аясын кеңейту үшін мемлекеттен ақша бөлінуі тиіс. Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де табылды. Мысалы, CNP Processing GmbH интернет процессорының бас менеджері, «Award.kz» Ұлттық интернет сыйлығы» қоғамдық қорының директоры Константин Горожанкин Интернет нарығындағы бос кеңістік тізгінін шетелдіктерге бермес үшін мемлекеттік қолдауды күтпей-ақ белсенді түрде әрекет етуге шақырды. Оның пікірінше, еліміздегі мұнай мен газдың молдығы жастарды еркелетіп жіберген. Себебі ІТ саласының мамандары жоба жасап, ақша табуға талпынудан гөрі мансап қуып, деңгейі жоғары жалақы алуға ұмтылады. Осының салдарынан заманауи технологияны жақсы меңгерген мамандар өзге салаға кетуде. Ол «қазақ жастары заманауи технологияның қыр-сырын білуге қабілетсіз» деген сыңаржақ пікірді теріске шығарды: «Өзбекстанда қазір бірінші орынды иемденетін Интернет-порталдың іргетасын қалаған қазақ жігіттері кәсіби тұрғыда жүргізіп отыр. Олардың Қазақстанда жасаған «Nur.kz» жобасы да елімізде табысқа ие болды». Электронды коммерция мәселесінде К.Горожанин «қазақтар Интернет дүкендер арқылы сауда жасауға мүдделі емес» деген пікірмен де келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, былтыр Интернет арқылы Қазақстанда 250 млн. долларға сауда жасалған: «Егер еліміздегі қазақтар санының 65-70 пайызға жақындап қалғанын ескерсек, Интернет арқылы жұмыс жасауға, пайда табуға қазақтардың да мүдделі екенін және бұл тұрғыдан алғанда аса белсенді екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстандық теміржол қызметіндегілер Интернет арқылы 1 миллионнан астам билет сатылғанын хабарлады. Былтырдан бері кинотеатрлар билеттерін Интернет арқылы сату қызметі іске қосылған бойда алғашқы 4 айда 25 мың билет сатылыпты. Бұл қазақстандық нарықта бос кеңістіктің көптігін және қалтасы қалың отандастардың барлығын көрсетеді. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану керек». Қазір www.baq.kz сайтына күніне 10-13 мың адам енеді дейді. Сайт жарнама арқылы қаржы табуға көңіл бөлуде. Ал тәулігіне 20 мың адам кіретін Сұрақ-жауап сайтының жетекшісі Ербол Серікбай көрсеткішті 50 мыңға дейін жеткізе алатынына сенімді болғанымен, техникалық мүмкіндіктер шектеулі екенін айтты. Бұл қиындықты шешуге де қаржы тапшы.
Тағы бір маңызды мәселе, Қазақ қоғамында Интернет сауда - қауіпті деген үрей бар. Қауіпсіздікке қатысты қойылған сауалға К.Горожанин: «Егер сіз дүкеннен не базардан зат не тауар сатып алсаңыз, тұтынушылық құқыққа қатысты құжатқа сәйкес әрекет етумен шектелесіз. Айталық, ұнамаған немесе сәйкес келмеген затты 14 күнде қайтарып беру керек. Ал егер Интернет арқылы сатып алсаңыз, бұл 30-90 күн аралығына дейін ұзарады». Осы орайда, қазақтілді интернет-тұтынушылардың санын білмекке талпынған модератор Рауан Кенжеханұлы отандық Интернет сайттардағы басты беттің бүгінде көбінесе орыс тілінде ашылатыны туралы мәселе көтерді: «Конференция қорытындысында қабылданатын Қарарда Қазақстандағы барлық коммерциялық, коммерциялық емес ұйымдардың Интернет ресурстарының алғашқы беті мемлекеттік тілде болса» деген ұсынысты қоссақ».
Жарнама агенттіктерінің негізінен орыс тілінде жұмыс жүргізетінін айтқан Ербол Серікбай достарымен бірге қазақ жарнама агенттігін ашуға бел буғанын жеткізді. Оның ойынша, сайттарға адамдардың аз кіру себебі, web-мақалалардың тақырыбы мен мәтіні Интернетке негізделмейді. Қазақ интернетінің басты проблемалары ретінде статистиканың жоқтығын атаған Горожанин жарнама берушілердің серіктестік орнатарда статистикаға басымдық беретінін ескертті. Мысалы, былтыр жарнамадан түскен қаражат көлемі 9 млн. долларға жуық көрінеді: «Егер қазақстандық сайттар осы мәселені тез арада қолға алмаса, жарнама біздің ақшамызға алдыңғы ондықтан орын алған ресейлік компанияларға, Facebook, Google т.б. кетуі әбден мүмкін. Жуырда www.zero.kz сайтының басшысымен кездескенде қазақ сайттары үшін арнайы тармақ қоса алатынын айтты. Есептегіш арқылы қазақ тіліндегі қай сайтқа қанша адам кіргенін, сұранысқа ие қандай сайт барын жарнама берушілер біліп отырады».
Қазақ тіліндегі контент қалыптастырудың басты проблемаларын тізбелеген мамандар Интернетті дамытуға әр қазақ мүдделі болуы керек деген ой айтады. Мысалы, ІТ маманы Тимур Бектұр: «Кейбір қандас Интернеттен баласына қазақша ертегі таба алмағанына қынжылады. Негізі егер дауысыңыз жағымды болса, микрофон алып, сол қазақ ертегілерін өзіңіз неге таспаға жазып, Интернетке ілмейсіз? Қазақ контентін көбейтуге әр азамат атсалысуы қажет»,- деді.
Терминология мәселесін талқыға салған үшінші бөлімде Skypе арқылы байланыста болған Жанарбек Матай Қытайда, Кореяда, Жапонда көп ІТ терминдерін өз тілдеріне аудармай-ақ, сол күйінде қолданатынын айтты. Себебі ІТ-ге күн сайын жаңа термин қосылады. Мысалы, кроудсоурсиң, Биг даталар - жаңа терминдер. Өкініштісі сол, бізде халықаралық терминдерді қазақшалауға құмарлар көп. Осы орайда, «Абай-ақпарат» Қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым кирилл қарпінен латын қарпіне аударатын бағдарламаны өз қаражаттарына жасатып, қазақ сайттарына беруге дайын екендіктерін айтты. Ал түркі елдерінің бірігуіне қаріп мәселесі кедергі келтіріп отырғанын жеткізген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, терминолог Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, терминдердің 31 томдығы дайындалып жатқан көрінеді. Ал дәстүрлі журналистика мен Интернет журналистиканың ерекшеліктері мен кемшіліктерін саралаған соңғы бөлімде Интернеттегі копипост, яғни, көшіріп басу, бәсекенің жоқтығы, авторлық құқықтың, журналистикалық этиканың сақталмауы т.б. мәселелер әңгімеге арқау болды. Негізі Интернеттегі «жиендік жасау» дерті асқынып бара жатқаны рас. Бұл туралы өз ойын білдірген Айдос Сарым: «Кейде менің айтқан пікірлерім аудандық газеттерге рұқсатсыз шығып кетіп жатады «Айдос Сарым Алматыдан хабарлайды» деп. Сосын жүргенің аудандық газеттің «арнаулы тілшісі» қызметін атқарып. Қазақ интернеті дамыса екен деген тілектестіктен ғана үнсіз отырмыз әзірге. Бірақ мұны тоқтату керек»,- деді. Сонымен, Конференцияда айтылған ұсыныс-тілектер алдағы 2-3 күннің ішінде жинақталып, қорытылып, арнайы құжат ретінде дайындалады да, тиісті орындарға жолданады. Бұл Қазақ интернетінің дамуына мүдделі қандастардың алғашқы қадамы. Алда қиын өткел мен атқаратын қыруар тірлік тұр. Алайда мақсат - айқын, мүдде - ортақ, құлшыныс - жоғары. Демек, алынбайтын асулардың жоқтығына сенеміз.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
"Түркістан" газеті