«Қонаев – жастардың қаласына айналуы керек»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, жұртшылықпен кездесті. Президент Алматы облысын дамытудың алты басым бағытын белгіледі.
Мемлекет басшысы облыс орталағына Қонаев есімінің берілуі, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру, медицина мен білім саласының өзекті мәселелерін шешу, Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу туралы сөйледі. Президент тағы да қандай өзекті мәселелерді көтерді?
«Көрікті мекеннен есімі ел тарихына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз шыққан. Бұл – ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған Наурызбай, Райымбек батырлардың дүниеге келген жері. Бұл –Сүйінбай мен Жамбылдай ақындардың елі.
Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев және Бердібек Соқпақбаев бастаған төл мәдениетіміздің біртуар тұлғалары да – осы өңірдің перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Алматы облысы – еліміз үшін айрықша орны бар аймақ», - деді президент сөз басында.
«Биыл менің шешіміммен елімізде бірнеше облыс қайта құрылғанын білесіздер. Жетісу жерінде дербес екі аймақ пайда болды. Алматы облысының әкімшілік орталығы Қапшағайдың жағасына көшірілді. Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады. Бұрынғы Алматы облысын екіге бөлу – аймақтағы ахуалды терең зерделеп, мұқият ойластыра отырып қабылданған шешім», - деді мемлекет басшысы.
«Өңір алдында тең әрі тұрақты даму міндеті тұр. Бұл жұмыстағы басты көрсеткіштер – азаматтардың базалық әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды жақсарту. Жыл басынан бері өңірде 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне қарамастан, пәтер мәселесі өңірдің өзекті мәселелерінің бірі болып қала береді. Облыстың тек саяжай алаптарында 180 мыңнан астам адам қоныстанған.
Сонымен қатар, өңірде тозығы жеткен және апатты тұрғын үйлер көп, коммуникациялардың тозған. Сондықтан Үкіметке тұрғын үй құрылысы мен апатты тұрғын үйді күрделі жөндеуді қаржыландыруды ұлғайту тапсырылады...Облыс үшін қоқысты өңдеу мәселесі өзекті болып отыр. Барлық туристік маршруттарды контейнерлермен жабдықтап, қоқысты уақтылы шығару мен сұрыптауды ұйымдастыру қажет. Бұл маңызды мәселе. Ішкі істер министрлігіне оқыс үйінділерін заңсыз жасаушыларды жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырамын», - деді президент.
«Алматы облысы – халқының саны ең көп аймақтардың қатарында. Мұнда медицина мекемелерін салу – басты міндеттің бірі. Қазіргі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажет. Бұл жұмыс азаматтарымыздың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бүгінде облыста 396 денсаулық сақтау мекемесі бар. Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Қазір облыс тұрғындары дәрігерге қаралу үшін көбіне Алматыға барады. Сондықтан, денсаулық сақтау мекемелерінің тапшылығы қатты сезілмей отыр. Бірақ, қаланың мүмкіндігі шексіз емес. Шаһардың медицина инфрақұрылымы шамадан тыс жұмыс істеп жатқаны белгілі. Облыс әкімдігі қай жерге қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шараларды қабылдайды», - деді мемлекет басшысы.
«Ұлт болашағы ұрпақтың білімді болуына байланысты. Мен білім саласына, оның ішінде әрбір өңірдегі мектептердің жай-күйіне айрықша мән беріп отырмын. Алматы облысында үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Аймақта осындай 52 мектеп бар. Небәрі 30 мың оқушыға есептелген мектептерде 90 мыңға жуық бала оқып жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет. Осы жұмысқа мемлекет және жекеменшік серіктестігі арқылы бизнес өкілдерін тартқан жөн. Өңірде осындай игілікті іске атсалысуға дайын кәсіпкерлер бар деп ойлаймын. Менің тапсырмам бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 39 мектеп салынады. Бұдан бөлек, Қонаевта дарынды балаларға арналған лицей және интернат ашу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Мектеп салу және оны жаңғырту – әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіштердің бірі.
Қонаев ғылым-білім орталығына және . Қазір жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қаланың ахуалына өз әсерін тигізеді. Онда көлік кептелісі көп. Жатақхана және қолжетімді баспана тапшылығы бар. Шаһардың ауасы да ластанып барады.
Осының бәрін ескере отырып, Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн деп санаймын. Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек. Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен, Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ, жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет. Жалпы, әлемнің ірі университеттерінің көпшілігі ірі қалаларда емес, қаладан алшақтау жерлерде жайғасқан. Бұл жастардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Осы қадам өңірдегі кадр тапшылығына байланысты түйткілдерді шешуге де зор септігін тигізеді», - деді президент.
«Өңірде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90%-ды құрайды. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш. Облыс азық-түлік, сусындар, қағаз өнімдері, пластикалық құбырлар және өндірістік-шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын басқа да тауарлар өндірісінде көш бастап тұр.
Мұнда «Фудмастер», «Данон», «Адал», «Райымбек Агро», «Хамле», «Галанс Боттлерз», «Кока Кола», «Кнауф Гипс Қапшағай» сияқты ірі кәсіпорындар орналасқан. Олардың өнімдері танымал және сұранысқа ие қазақстандық брендке айналды. Құрылыс материалдарының 70-тен астам түрін өндіре отырып, аймақ бүкіл ел үшін құрылыс индустриясы өнімдерінің негізгі жеткізушісі бола алады. Бүгінгі таңда облыста екі индустриялық аймақ және құрылу сатысында тағы екі аймақ жұмыс істейді. Бұдан басқа, Алматы мен Қонаев қаласы арасында салынып жатқан Gate City спутник-қаласының аумағында перспективалы жобаларды орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақ ашылады.Бұл жұмысты жандандыру керек.
Қазіргі уақытта Ресейден 50-ден астам халықаралық компания Қазақстанға көшірілді. Олардың барлығын ірі қалаларда шоғырландыру нәтижесіз. Әкімдік мұндай өндірістерді Алматының жанында БАКАД периметрі бойынша орналастыруды пысықтауы керек, бұл облыс экономикасына айтарлықтай көмектеседі. Бұл мәселені әкімдік Үкіметпен және компаниялармен талқыласын.
Облыс орталығы Алматыға қатысты «контрмагнит» болуы тиіс. Біз инвесторлардың жаңа өндірістерді, оның ішінде басқа елдерден релокацияны жүзеге асыратын өндірістерді ашуы үшін барлық жағдай жасауға тиіспіз. Бұл мәселені шетелдік серіктестермен кедергісіз және үздіксіз тауар алмасу мақсатында қазірдің өзінде пысықтау қажет.
Өңірде негізгі салық алымдары түсетін бірқатар ірі экспорттаушы кәсіпорындар жұмыс істейді. Оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы өндірістерді кеңейтуге көмектесу керек. Ұлттық экономика және қаржы министрліктері ұсыныстарды бір ай мерзімде жолдасын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру – басты басымдықтың бірі. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, өңірдің көлік желісін жақсарту үшін кешенді шаралар әзірлеуге тиіс. Жолаушы және жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасау керек. Атап айтқанда, Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы автожолмен қатар теміржол желісін дамыту қажет.
Бұрын екі ортада арнайы электр пойызы қатынайтын. Соны қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл шара Алматы маңындағы көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді.
Алматы облысы Алматы шаһарының іргесінде және Қытай шекарасына жақын орналасқан. Мұнда аймақаралық көлік дәліздерін дамыту аса маңызды. Күре жолдар жүк және жолаушы тасымалының көлемін арттырады. Сондай-ақ, бір облыстың ғана емес, тұтас елдің дамуына септігін тигізеді», - деді президент.
«Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ, іске қосылғаннан бері оған бір де бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс.
Су тапшылығы болғандықтан, Сорбұлақтың тазартылған суын пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Сорбұлақтың суымен 2,7 мың гектар егіс алқабы суарылады. Бұл су қоймасын шамадан тыс толып кетуден сақтайды. Әйтпесе, экологиялық апатқа тап болуымыз мүмкін.
Алайда, мұның бәрі әлі күнге дейін реттелмеген. Сондықтан, қалдық суды тазартып, кәдеге жаратудың ережесін әзірлеуді тапсырамын. Сонда суармалы жердің аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады.
Алматы облысындағы болашағы зор саланың бірі – балық шаруашылығы. Қазірдің өзінде өңірден мал етінен гөрі балық өнімдері көбірек экспортталады. Бұл саланың қуатын арттыру үшін балық шаруашылығының көлемін ұлғайту керек. Сондай-ақ, өндірістік мақсатта шабақ өсіруді қолға алу қажет. Балық инспекциясының қызметін де жандандырған жөн. Бізде 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Онда Алматы облысынан шығатын балық өнімін 25 мың тоннаға жеткізу көзделген. Осы міндетті орындау үшін балық шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың көлемін арттыру керек», - деді президент.
«Аймақта тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – тұрғындардың малын жаятын жердің тапшылығы. Биыл облыста бос жатқан 300 мың гектар жер анықталған. Оның басым бөлігі – жайылым. Жер иелері 100 мың гектар жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Оның 50 мың гектары қазірдің өзінде халықтың игілігіне берілді. Өңірде жеміс-жидек өсіруге зор мүмкіндік бар. Бірақ, бұл мүмкіндікті толық іске жаратпай отырмыз.
Алматының алмасы әлемге танымал ұлттық брендімізге айналуы керек. Бұл өңір алмадан басқа да түрлі жеміс-жидек өсіретін бау-бақшасымен танымал. Оны дұрыстап дамытса, облыс елімізді жеміс-жидекпен қамтамасыз етумен қатар, оны экспорттай алатыны сөзсіз.
Алматы қаласының іргелес тұруы да – қолайлы фактордың бірі. Қазір менің тапсырмам бойынша шаһардың азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама жүзеге асса, облыстың ауыл шаруашылығы тың қарқынмен дамиды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Алматы облысының және бүкіл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту деңгейі азаматтарымыздың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Геосаяси турбуленттілік және жаһандық экономикадағы дағдарыстың күшеюі әлемдегі инфляциялық қысымды күшейтеді. Бұл әсіресе азық-түлік нарығында сезіледі.
Қыркүйек айында біздің еліміздегі инфляция 17%-дан асты және ол өсіп барады. Бұл азаматтардың нақты табысының төмендеуіне әкеледі. Бағаның өсуіне негізінен әсер азық-түлік инфляциясы болып табылады, ол 20%-ға жетті.
Бұл көбінесе импорттық азық-түліктің қымбаттауына байланысты. Біздің импортқа тәуелділігімізді азайту үшін 2024 жылға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қолданылады. Мемлекет форвардтық несиелеуге 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізуге және күзде өнімді кепілді өткізуге мүмкіндік береді.
Көп жағдайда азық-түлік бағасының өсуіне делдалдар түрткі болады. Дүкен сөрелеріне шықпас бұрын, өнімдер бағаның бірнеше сатысынан өтетіні ешкімге құпия емес. Сондықтан жеткізілім тізбегінен сатып алушыларды жою, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу логистикасын жолға қою өте маңызды. Осы тақырыптағы әңгімелер мен тапсырмалар бұрын болған.
Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар алыпсатарлықты, сөз уағдаластықты және заңсыз сауда үстемелерін анықтау жөніндегі жұмысты күшейтуі тиіс. Бағалар тапсырыс бойынша реттелмейді, бірақ әкімдер сатып алушылармен тиісті жұмыстарды жүргізу керек. Үкімет барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесіп 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін тиімді және уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», - деді президент.
«Облыстың туристік әлеуетін арттыруға Таңбалы Тас шатқалында өтетін Tengri Ultra марафоны және Қапшағай су қоймасында Oceanman жүзу жарысы сияқты халықаралық жарыстарды өткізу ықпал етеді. Қазіргі уақытта бұл су қоймасы ауыз сумен жабдықтау, суару, балық аулау, рекреация көзі ретінде пайдаланылады. Үкімет Қапшағай су қоймасының мәртебесін елдің негізгі туристік нысандарының бірі ретінде белгілеуі керек.
Туризм сонымен қатар аймақтағы ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстан сияқты теңізге шыға алмайтын Австрия да тау шаңғысымен қатар шарап туризмін табысты ілгерілетіп, өзінің жүзім шаруашылығына және аграрлық секторына жәрдемдесуде. Бұл біз үшін жақсы үлгі.
Жалпы, Алматы облысы бүкіл Қазақстан үшін орасан зор туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі бола алады және болуға тиіс. Бұл менің өңірді орта мерзімді перспективада дамытудың негізгі басымдықтары туралы көзқарасым. Біз бірге аймақты одан да күшті және гүлдендіретінімізге сенімдімін», - деді мемлекет басшысы.
«Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады да деп атап айтқым келеді. Жалпы, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қаншама ақпарат құралдары хабар таратады. Газет-журналдар, кітаптар шығып жатыр.
Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.
Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», - деді президент.
«Алматы облысы – бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап келе жатқан өңірдің бірі. Осы өңірде 45 мыңға жуық көп балалы отбасы тұрады. «Балалы үй – базар» дейді халқымыз. Шын мәнінде, бала – біздің қуанышымыз, бала – біздің болашағымыз. Елімізде қолға алынған өзгерістің бәрі ұрпақ үшін жасалып жатыр. Мен Жолдауда айтқанымдай, жаңа жылдан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатын болды. Сондай-ақ, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдадым. Ана мен балаға қамқорлық келешекте де жалғаса береді», - деді президент.
«Қазір әлемде өте күрделі ахуал қалыптасып отырғанын білесіздер. Халықаралық қатынастар жүйесі зор сын-қатерге тап болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының басты қағидалары бұзылды. Кейбір елдер бір-біріне оқ атып, халқының берекесін қашырды. Жұрт тұрақтылық пен тыныштықтың қаншалықты қымбат екенін түсіне бастады. Біз аумақтық тұтастығымыздың және тәуелсіздігіміздің қадірін білуге тиіспіз. Әрбір жан адал еңбек етіп, мемлекетімізді нығайтуға өз үлесін қосуы керек. Түптеп келгенде, тәуелсіздіктің баянды болуы әр азаматтың қолында екенін ұмытпайық, ағайын!
Елдің Президенті ретінде, мен үшін әділдік – ең жоғары құндылық. Сондықтан менің Әкімшілігімде азаматтардың өтініштерін қабылдаумен және олардың талап-тілектерін қарастыруымен айналысатын арнайы бөлім бар. Бұл жұмысты өз бақылауымда ұстаймын. Биылғы 9 айда менің атыма 41 мың өтініш келіп түсті, олардың әрбір төртіншісі құқық қорғау органдарының қызметіне және сот шешімдеріне қатысты. Бұл құқықтық реформаны жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді.
Сондықтан елімізде заң үстемдігі болуға тиіс. Онсыз қоғамдық тәртіп орнату мүмкін емес. Басқаша айтқанда, ішкі саясатымызда заң мен тәртіпті басшылыққа аламыз. Тек сонда ғана біз азаматтарымыздың игілігіне бағытталған экономикалық реформаларды тиімді жүргізу үшін қолайлы жағдай жасай аламыз. Заң мен тәртіп мемлекетіміздің беделіне шын мәнінде нұқсан келтірген қайғылы қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Одан сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жарияладым.
Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады», - деді мемлекет басшысы.
«Біз Президенттік басқару үлгісін ұстанамыз. Парламенттің рөлін арттыра түсеміз. Осы орайда, мен мына мәселеге ерекше назар аударғым келеді.
Елімізде қоғамдық бақылауды барынша күшейту қажет. Бүгінде еліміз бойынша 256 қоғамдық кеңес бар. Былтыр «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Олардың құзыры едәуір кеңейді. Мен осы салаға азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тартуды тапсырдым. Қазір олардың үлесі 86 пайызға жетті.
Биыл Ұлттық құрылтай құрылғанын білесіздер. Оған әрбір өңірдің қоғамдық кеңесінен бір өкіл мүше болды. Қоғамдық кеңестер халық пен биліктің арасындағы дәнекерге айналуға тиіс. Келісім болса, кез-келген мәселенің шешімі табылады. Сондықтан, халықтың өкілі ретінде белсене жұмыс істеу қажет.
Тұрғындар өздеріңіз арқылы мемлекет басқару ісіне қатысады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын қадағалайды. Өзекті мәселелерді билік органдарына жеткізеді. Осылайша, қоғамдық кеңес елге мемлекет саясатын түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық кеңестерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Осы кеңестердің ел ішіндегі беделін арттыруға баса мән беру керек. Оның мүшелері түйткілді мәселелерді батыл көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынуы қажет. Тұрғындардың талап-тілегіне әрдайым құлақ асып отырған жөн. Жұрт сонда ғана қоғамдық кеңеске сенім артып, қолдау көрсетеді. Халық өз пікірін билікке келелі кеңестер арқылы жеткізуі керек. Сондықтан мемлекеттік органдармен бірлесіп, үйлесімді жұмыс жасау қажет», - деді президент.
Abai.kz