Медведев пен Зеленскийдің сапары
Күні кеше Путиннің сенімді серігі, президент тағын бір кезек берген Медведев Қытайға, Украина президенті Зеленский жеңімпаз ретінде Америкаға барды. Қазақшалап айтқанда қабырғасымен ақылдасуға барды.
Бұл жолғы соғыста АҚШ бастаған Батыс ердері Украинаға болысып, ал Қытайдың Ресейдің шашбауын көтергені белгілі. Путин биыл ақпанда Қытайда өткен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысып, екі ел «шет-шекарасыз» стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін бастағанын айтып еді. Америка тарабы соны көлденең тартып «Қытай Путиннің Украинаға соғыс ашатынын алдын ала білді», - деп айыптады.
Медведев телеграм каналында Ши төрағамен кездескен видеосын жариялап, екі ел қатынасының «шет-шекарасыз» деңгейден айнымағанын айтқанымен, Батыс сарапшылары «Ресей тарабы Қытаймен ара қатынасын әсірелеп көрсетеуге бейім. Бұл олардың зәрулігін, Қытайдың оларға өздері сұрағандай көмекті бермей отырғанын аңғартады», - дейді. Соғыс кезінде екі тараптың сауда көлемі артқанымен, Қытай бар болғаны орыстың мұнайын көптеп сатып алып, экономикалық демеу жасағанымен, Батыстың санкциясынан қаймығып, қару беруге қаймыққан.
Қытай БАҚ-тарының жазуынша Ши төраға Медведевпен кездескенде «Екі елдің қатынасы халықаралық геосаяси дауылдың сынағынан өткенін, екі елдің әріптестігі екі елдің ұзақ мерзімдік мүдесіне негізделгенін» айтқан. Украина соғысы жайында рақайласудың маңызды екенін дәріптеп, екі тарапты дағдарысты салмақтылықпен шешуге үндеген.
Зеленскийді Ақ үйде қарсы алған президент Байден: «Республика партиясы, демократия партиясы сондай-ақ, Еуропа мен Жапон тағы басқа өңірлердегі біздің одақтастарымыз сендерге экономикалық, әскери, адамгершілік көмек беруге жалғасты кепілдік береді», - деді. Осы уақытта АҚШ Конгресмендері Украинаға 45 миллиард доллар шұғыл көмек беруді талқылап жатты. Осылайша АҚШ-тың соғыс басталғалы бері Украинаға берген жалпы көмегі 100 миллиард доллардан асып кетті.
Осы аптада Ресей мен Қытай екі ел армиясы Жапония, Корея, Тайуан қатарлы елдермен шектесетін Шығыс Қытай теңізінде бір апталық бірлескен әскери жаттығуды бастады. Осымен оныншы рет өткізіліп отыр екен. Мақсаты АҚШ пен оның одақтастарына қыр көрсету екені белгілі. Деседе әскери сарапшылар назарын қытай теңізіне емес, қара теңізге, Қырымға бұрып отыр.
Олардың пайымынша Медведев пен Зеленскийдің кезекті сапары басталғанына 300 күннен асқан соғыстың бұрылыс кезеңі болуы мүмкін. Оның шешімі Медведев өз қолымен Ши төрағаға табыстаған хатта болуы мүмкін.
Әуе қорғанысында ырықсыз орында болып келген Украинаға ең озық «Отаншыл» қорғаныс жүйесін берген Ақ үй өкілдері де Зеленскийді келіссөзге келуге мәжбүрлемейтінін, оның онсызда ырықты орынға шыққанын айтуда. Зеленский тамызда «Соғыс Қырымнан басталды, Қырымда аяқталады» деген еді. Америка сапарының алдында да Қырымға дейін қайтарып алатынын еске салды. Путин кезекті сөзінде «Алдынғы шептегі жағдай мүшкіл» деп өзі мойындағандай ендігі шешуші шайқас Қырым үшін болатын тәрізді. Путин тарихта Қара теңізде ойсырай жеңілген Николай патшаның кебін кимес үшін украинадан әскерін әкетіп, қара теңізге шығар жолын сақтап қалу шартымен келісімге келуі мүмкін. Келе жатқан режество мерекесінде салы суға кеткен Путин мырза украиндармен бауыр екенін, оңбаған батыстың араларына от салғанын тағы бір қайталап, аталмыш «арнаулы операцияның» аяқталғанын жариялауы мүмкін.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz