Сенбі, 23 Қараша 2024
2812 3 пікір 26 Желтоқсан, 2022 сағат 12:02

Ермек Аманшаев. «Қаралы сұлу»

Мұхтар Әуезовтің бар болғаны 12 беттен тұратын «Қаралы сұлу» әңгімесін – ондағы көркемдік бояулардың қанықтығы, адам жанының ішкі иірімдеріне терең бойлайтын камералық дағдысы және дүние қызығын, ұзақ уақытқы мызғудан ояна дүр сілкінген табиғат ауанын – пенде ғұмырына кереғар, шағыстыра отырып суреттейтін тәсіл-амалдарына қарай шартты түрде екі арнаға бөлуге болар еді.

«Алты жыл – қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі сарылған ұзақ... соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қаракөз бұл өмірді әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қаракөз өмірінің қалпы болған...» Бұл Қаракөздің жеке басына қатысты жәйттер.

«...Көшедегі көңілді қатын-қалаш, желікті қыз-келіншек маңайласқан жігіттермен қалжыңдасып, күлісіп ойнайды. Арқыраған семіз, сұлу асауларды мінген жас жігіттер үйіріне қарай жұлқына, аласұрып жер сүзген айғырларын құтыртып-ойнақшытып келіп, қалың жылқыны дүрілдетіп, желдіріп айдайды... Дүн-дүние мастық тойының буы аспанға шығып, құтырынып желігеді. Шулаған желікті көш, таңертеңгі көлеңке басқан қара жартас пен қалғыған өзекті де оята сергіткендей. Бұл кешке табиғат та жылдық ұйқысынан оянып, елең білдіргендей...

Жыл бойы тұл болып тұрған жайлау, бүгінгі күн жыл құсындай боп қиқулап, жөңкіліп келе жатқан елді жаңа көріп сергігендей.

Қазіргі барлық сурет, барлық дүние адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұрғандай. Бұл қызуға желікпеген жан жоқ...».

Жалпы, бояулардың алмасуы, алма-кезек құбылуы, бір-бірімен шарпысуы әңгіме табиғатын шиеленістіре түседі. Мұқаң Қаракөз тарихын, Қаракөз жайын сөз қылғанда, ылғи қара түске («қаралы, қайғылы», «қара жел», «қаралы күй») ден қояды. Әңгіменің басталуы да айбарлы, қаһарлы. Әрбіреуінің мағыналық жүгі жеті батпан, ауыр-ауыр сөздер. «Алты жыл – қаралы, қайғылы алты жыл өтті». Әу бастан-ақ, автор оқырман ықыласының бүткіл жан-жүйесін трагедиялық әуенге, трагедия болғанда, Қаракөз трагедиясына сай бұрады. Иә... «содан бері Қаракөз қаралы тор бұлбұлындай». Иә, содан бері «көп жыл бойына созылған қаралы күй – Қаракөз өмірінің күнделікті қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен». Қаракөз өмірін ойран-асыр қылған әлдебір құпия, әлдебір әзір белгісіз оқиға – әңгіме жолдарынан тыс, ауа кезіп жүр. Әңгіменің алғашқы жолдары-ақ, адам тіршілігінің қараңғы қалтарыстарына, адам тағдырының небір кездейсоқ зауалдарына, сілкіністеріне бағыттайды. Әу бастан адам ойын, оқырман ықыласының арқыраған арынын екі жарып, екіұдай күй кештіреді. «Қаралы сұлудың» шынайы трагедиялық болмысының қоюлана түсетін тұсы – Қаракөз ауылының көш-керуенінің суреттелетін жері. Өзіне беймәлім құпияның алыс тартылысын сезініп, соған мойынсұнып, иіріміне енді бата берген оқушы сезім-күйін – жазушы қақ маңдайдан салып өтіп, көш-керуен дүниенің әсем де жайдары көрінісін алға тартады. Ұшы-қиыры жоқ қараңғы дүниенің өн бойына жасырына-жасқана бата берген көңіл – табиғаттың «жылдық ұйқысынан оянып, елең білдіргендей», «жыл бойы тұл болып тұрған жайлаудың» «...бүгінгі күн жыл құсындай боп қиқулап, жөңкіліп келе жатқан елді жаңа көріп сергігендей», қазіргі барлық дүниенің «адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұрғандай» қалпымен танысып, айрандай бұзылады. Бастапқы қаралы да қараңғы, құпиялы дүниенің қара түстері мен кейінгі түлеген көктеме-әлемнің қызылды-жасылды, алақ-жолақ түстерінің шарпысуы – адам бойында екіұдайы ескен сезім жарықшақтарын қыж-қыж қайнатып, түлеген түлкі бұлаң әлемнің... қызуына желіктіре, соның қызығына малындыра түседі. «Ең аяғы шал қойшы Болат үстінен көш өтіп бара жатқанда, құлағы шолақ биені тыраңдатып шауып келіп, көш жанында келе жатқан тұрғылас әйелдер арасына келіп килігіп, жауырынын қиқаңдатып, қалжыңдаса күледі. Әрқайсысына көзін қысып, иек қағып, ізденіп соқтығады». Ал бұл көште «жалғыз жүдеу, жалғыз жабырқаған, қайғының тұсауында келе жатқан – Қаракөз...

Осы көп малы бар бай ауылдың иесі болған, мына дырду көштің басшысы болған жалғыз жесір әйел – Қаракөз». Әңгіме басындағы Қаракөздің қаралы жайы кейінгі ашық-жарқын дүниенің шынайылығына күмән туғызады. Әжептарқы түлеген, көктеген әлемнің табиғи қалпынан секем алдырады. Қаракөздің қаралы күйінің дүмпуі көктеген дүниені сілкінтіп, оны іштей қаусатады, ірітеді. Адам бойындағы екіұдайы сезім отының лаулай түсуі де – осы екі әлемнің: «қаралы сұлудың» қаралы әлемінің – ырду-дырду тірлікпен, адамдар дүниесімен сыйыспауына байланысты. Әңгіменің одан арғы даму барысы – оқушының ынтық боп отырған құпиясына, яғни Қаракөз басының құпиясына тіреледі. Иә, «...бұрын Қаракөз тіршілік базарында еркін жүзіп жүрген еркемін дейтін». «Аяқ астынан келген бір қаза бір-ақ күннің ішінде Қаракөзді қаралы ғылып, қаңғыртып кеткен...». Әрине, бұл қазаның жай сырын, Қаракөз тағдырының талқысын оқырман қауым жақсы біледі. Сондықтан біз оған тоқталмай, әңгіменің бұл бөлшегін – оқырман пейілін түстердің құбылуына, өзгеруіне (алғашында – «бұлтсыз ашық көк аспан», кейін – «сол аспанды торлаған» түсі суық, шоқ қара бұлт) бағыттағымыз келіп отыр. Бір жағынан – осынау мамыражай дүниеде, жалпақ жалғанда қалауын таппай аласұрып тулаған Қаракөздің жаны.

Жазушы ойы, оның қолданған шығармашылық тәсілі – әрқилы түстердің, әртүрлі әуендердің шарпысуы, бір-біріне «айналуы» арқылы Қаракөз жанының терең иірімдеріне құлдырата түседі. Қаракөздің трагедиясы оның аласұрған жаны мен айнала дүниенің бей¬-жай ағысының тоқайласқан жерінде, осы ендіктердің қиылысқан шекарасында жүріп жатады. Әңгіменің өн бойында екіұдайы дүние – қараңғы тұңғиыққа малына батқан, түнек түннің шымылдығының ішінде жанталасып, күйіп-жанып толғатқан Қаракөз жаны және біресе сылдыр-сылдыр бұлақ боп, біресе жойқын күш болып дүние жаулаған табиғат, адамдар әлемі – кезек-кезек алмасып, арпалысып, бірін-бірі жалмауға ынтығады. Осынау текетірес қос әлем қақтығысының өрши түсетін, жандәрмен алыс-жұлысқа түсетін мезгілі – түн мен күн аралығындағы, күн мен түн аралығындағы бейуақ. Қараңыз: «...Күнде тіршілігіне ырза болған жұрт ұйқыда жатқан құлқын-сәріде, мұңайып батқан бейуақта Қаракөз қаралы жаулығымен бетін жауып отырып, зарланып дауыс айтатын...». Бейуақ. Беймәлім сезімдердің құтырына оянып, ойнақ салатын кезі. Қаракөз дүние қызығын тәрк еткен... «Ол Мұқаштың тілеуін тілеп, енді ерге тимейтін тұл қатын болып отырып қалуға өзіне-өзі серт берді...». Иә, ол өз жанынан дүниеге созылатын жолды қысқартып, тұйықтап, дүние-жалғанға ашылар есікті тарс жапқан. Қаракөз трагедиясының сыры осында. Өйткені алты жылдан бері дүние қызығы оған жат. Оның тәні де, жаны да алты жылдан бері жалған қызуынан ада. Ол үшін дүние салқын, өгей. Дүние оның жан қалауын тауып бермек түгілі, сүйген жарынан ажыратып, мәңгілік жалғыздыққа душар етті. Жалған – оның шешілмей, «қозана тіленген сезімінің», іске аспаған мақсатының бірден-бір себепкері. Қаракөздің трагедиясы – тән азабында емес, жан азабында. Жатбауыр, өгей өмірмен байланысты күрт үзген жан шырылының тән шырылына, тән азабына ұласқан шағы («Ол бұның ішінде тіршілікке ұмтылған жаңа өмір ұрығының жарық дүниеге шыққысы келіп қозана тілегені еді». Іштегі қара жыланның қыбыр-жыбыр қозғалуы да сол тұншыққан, тәркіленген сезімнің аласұруынан. Жан азабы – бастапқы да, тән азабы соның шешілуі, жалғасы. Жалғанға деген өкпе-наздың запыран боп ақтарылған тұсы.

«...Сол күш Қаракөзді көп заман қинап жүрді... Әлгі күнге шейін мезгіл-мезгіл асау сезім құтыртып келіп, бір тоңдырып, бір қыздырып, ысытып, қаралы Қаракөзді отқа салатын. Барлық ұзақ қаралы күндерде ойлап өткен қайғы мен әлгі сияқты азаптар Қаракөздің мінезін де өзгертті... Ол ерекше сезімділіктің себебінен дертті сияқтанды. Бұрынғыға қарағанда, қаны бұзылғандай: тез ашуланып, тез жылап, тез күліп жіберетін күйіп-жанғыштық пайда болды...».

Осы екіұдай дүниенің дамуы барысы да екіұдай. Қаракөздің басына түскен шырғалаң – ымырттық, қара қою, күңгірт түстерге малынып, барынша баяу, барынша азапты дамиды. Ал айнала дүние... «Жаз жасарған табиғат та – мінеки желігіп еліреді... Жан кіргендей боп, қызуы тіршілікті көксегендей мастанады... Жүз бұралады. Бозбала асаумен теңселіп, құтырып шабады. Қыз-келіншек назданып күледі...». Қаракөз табиғаты мен жалған арасындағы текетірес осылайша ширыға түседі, бас айналатындай тереңдікке құлдырай түседі. Көш-керуен дүниенің сыңғыры мен сылдыры, айқайы мен ұйқайы – оның үлкен өзгеріс үстінде екендігін паш етеді. Ал Қаракөз өмірі бірсарынды, баяу қалыппен еш өзгеріссіз, дамусыз бей-жай ағулы. Іштегі жыланның оянуы – дәл осы екіұдай қозғалыстардың иен ортасына, шекаралық тұсына  тап келеді. Ендігі жерде іштегі қара жылан жарық дүниеге шығу үшін арпалысулы. Ендігі жерде шешуін таппай тоқтамас.

«...Іште – ыстық сезім қарсы соққан салқын леп...». «Елсізде жалғыз өзі жүз толғанып жырлаған бұлбұл Қаракөздің ұзақ жылғы қайғысы мен жайын, табиғаттың иесіздігін жыр қылғандай. Қаралы әйелдің сұлулығын қошеметтегендей. Бұл да сезім күйін шертеді. Онсыз да қайнап жүрген қанды бір тоңдырып, бір ысытып, Қаракөздің жүрегін қысып ентіктіреді...».

Қаракөздің сезім күйлерін шерткен тұстар «буырқанған, бусанған», ішкі қимыл-қозғалысы мол, екпінді, дүркін-дүркін келер, экспрессияға толы. «Қаралы сұлудың», яғни әңгіменің басында, екі дүние (Қаракөз – жалған) өз алдына бөлек, бір-біріне самарқау параллелді өмір кешсе, жоғарыда көрсетілген жолдар сол екі дүниенің тоғысар, шарпысар, бірігер кезеңінің таяу қалғандығының айғағы. Іштегі жыланмен арпалысып, тоғайға қашқан Қаракөздің алдынан «алыс қоңыраудың сыңғыры», сылқ-сылқ күлкі, сыңғыр-сыңғыр ағыс естіліп, дүние өз бойына шақырып, алыстан қол бұлғап, шым-шым батырып бара жатыр. Екіұдайы сезім оқушының да жанын парша-парша қылып, әлдебір беймәлім зор іске, әлдебір құпия құдіретке ентіктіре түседі. Мұхаңның даналығы тәни, физиологиялық құбылыстың рухи себептерін ашып, ажыратып, алға тартуында. Сол сияқты, физиологиялық жай-күйдің, себептердің – рухани себептерден туындайтындығын көрсетіп беруінде.

Қаракөз сезімінің, жанының аласұруының шешілу сәті де – бейуақ. Күн мен түннің біріне-бірі өте қоймаған уағы. Әңгіменің шарықтау шегі – осынау қатыгез де, қасіретті күресте Қаракөздің жеңілген тұсы. Кенет оянып, аласұрып, жанданып, нақты күшке айналып, Қаракөздің өз басын дүние алдында тізе бүктіре игізген, іштегі «қара шұбар» жыланның «қуана ойнақ салған» тұсы. Табиғатын, тұла бойы бітімін іштегі қара шұбар жылан жеңгеннен кейін, Қаракөзге бәрібір еді. Оны жеңген – қара түн. Қаракөз осы түні – өз бойындағы Әйел¬дік шоқ сезімдерді, әйел табиғатын, әйелдік затын мансұқ етіп, қаңғып келген Болаттың қойнында тұншықтырды. Әйелдік құрылымымен қош айтысты. Бұдан  былай, ол – өзін тізе бүктірген, нәпсі алдында күң ете жаздаған әйелдік ныспысынан, отқару тән азабынан ада, таза. Сол түні ол – пенде тағдырына әбден мойынсұндырған, әйелдік мағынасын түнгі суық суға бұқтырды. Сөйтіп, тазарды. Мәңгі қайта оралмастай, мансұқ етті. Енді оның алдында – тіршіліктің адам баласына таңған, әсіресе Қаракөз секілді ақжүрек әйелге арнаған өзгеше даңғыл жолы тұрды. Қаракөз өз тағдырының, тән азабы¬ның түнек түнімен қоштасты, базарлы, дырду өмірдің салқын да самарқау айдынына ыстық денесін бұқтырды. Сөйтіп, тазарды.

Мұхаң ең бір құдіретті де, классикалық әңгімесін осылай аяқтады.

Ермек Аманшаев

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343