Жұма, 20 Маусым 2025
Қоғам 554 0 пікір 20 Маусым, 2025 сағат 20:28

Электр энергиясын импорттау: Тәуелділік мәселесі

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Электр энергиясын тұтынудың қарқынды өсуі жағдайында Қазақстан сыртқы энергия көздеріне тәуелділік мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Ел ішінде электр қуаты тапшылығы, әсіресе жүктеменің шекті кезеңдерінде, әлі де сезілуде. Бұл жағдай еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз ететін стратегиялық шешімдер қабылдаудың қажеттілігін қайтадан күн тәртібіне шығарып отыр. Осындай шешімдердің бірі – атом электр станциясын (АЭС) салу.

Ұлттық оператор KEGOC компаниясының деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 120 миллиард кВт·сағ құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артқан. Электр энергиясын өндіру көлемі де 4,5%-ға өсіп, 117,9 миллиард кВт·сағатты құрады. Алайда бұл оң динамикаға қарамастан, ішкі генерация сұранысты толық жаба алмады. Бұған 2024 жылғы 8 желтоқсанда тіркелген рекордтық ең жоғары электр қуаты тұтыну көлемі – 17 203 МВт дәлел бола алады, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 3,5%-ға жоғары. Ал өз генерациямыз тек 15 350 МВт-ты құрап, кешкі ең жоғары жүктеме кезеңінде 1850 МВт тапшылық тіркелді.

Сұраныс пен ұсыныс арасындағы бұл айырмашылық әлі күнге дейін Ресей Федерациясынан электр қуатын импорттау арқылы өтелуде. Бұл уақытша шешім елдің сыртқы жеткізушіге тұрақты тәуелді болуына әкеліп отыр. Әсіресе оңтүстік және батыс аймақтарда электр энергиясының жетіспеушілігі айқын сезіледі.

Мысалы, Қазақстанның Оңтүстік аймағында 2024 жылы өндірілген электр энергиясы көлемі 15,57 млрд кВт·сағатты құраса, тұтыну көлемі 28,38 млрд кВт·сағат болды. 2023 жылы солтүстік аймақтан оңтүстікке тасымалданған электр энергиясы үлесі 47% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 45%-ға дейін төмендеді. Бұл энергия жеткізу мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрсетеді.

Батыс аймақта өндіріс көлемі 15,86 млрд кВт·сағатты, ал тұтыну – 16,28 млрд кВт·сағатты құрады. Бұл өңірде Ресейден келетін импорт көлемі 2023 жылғы 332 млн кВт·сағаттан (2,3%) 2024 жылы 423 млн кВт·сағатқа (2,7%) дейін артты.

2031 жылға дейінгі электр энергетикасының даму болжамы нормативтік қуат резерві 18,5% болған жағдайда, 4,8 ГВт-қа дейін жететін тапшылық туындауы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл Ұлттық электр жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне және жалпы экономиканың дамуына қауіп төндіреді. Энергетика министрлігі 2035 жылға дейін жаңа қуаттарды орналастыру жоспарын бекітті. Бұл жоспар жүзеге асса, 9,1 ГВт көлемінде қуат профициті қамтамасыз етіледі. Алайда бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрақты әрі жоғары тиімді энергия көздерін, соның ішінде атом генерациясын енгізу – маңызды міндетті.

Осыған байланысты атом энергетикасын дамыту тек қисынды қадам ғана емес, стратегиялық қажеттілікке айналып отыр. АЭС салудың баламасы жоқ. Жаңартылатын энергия көздері ауа райына тәуелді болғанымен, АЭС тәулігі бойы тұрақты базалық генерацияны қамтамасыз ете алады. Бұл – елдің энергетикалық тұрақтылығы үшін аса маңызды. АЭС салу импортқа тәуелділікті азайтып, көміртек шығарындыларын төмендетуге және қуат тапшылығы бар өңірлерде энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – электр энергиясы мен қуат тапшылығы мәселелерін шешудің әмбебап құралы бола алмайды, әрі АЭС салуға қарсы аргумент ретінде қарастырылмауы тиіс.

Қазақстан қуатты уран қоры мен білікті мамандарға ие ел ретінде атом жобасын сәтті жүзеге асыру үшін барлық алғышарттарға ие.

Электр энергиясын, әсіресе жүктеме шегі кезеңдерінде, импорттауға мәжбүр болу – энергетикалық жүйедегі құрылымдық мәселенің айқын белгісі. Егер бүгін қажетті шаралар қабылданбаса, сыртқы жеткізілімдерге тәуелділік одан әрі арта түседі. АЭС салу – бұл сын-қатерге ұзақмерзімді жауап әрі индустриялық өсімге, энергетикалық тепе-теңдікті әртараптандыруға және елдің энергетикалық егемендігін нығайтуға жол ашатын мүмкіндік.

Марат Дұлқаиров,

ҚР және ТМД еңбек сіңірген энергетигі

Abai.kz

0 пікір