Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2668 0 пікір 11 Наурыз, 2013 сағат 12:48

"Кіші Венецияның" кереметі

Кейінгі кезде «әлемдік жарық жұлдызға айналған» Виктор Храпуновтың толассыз жаңа сұхбаттары бірінен кейін бірі жарық көруде. Бұл сұхбаттарында ол өзін Қазақстан үкіметінің бұрынғы мүшесі, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі ретінде таныстыруда. Жөн-ақ. Ал оның өз-өзін демократияның нағыз жақтаушысы, қып-қызыл саясаткерге балауына жол болсын. Күлкілі емес пе? Сөзсіз күлкілі. Әсіресе, Виктор Вячеславұлының қазақтың ең ірі шаһарының «патша тағында» отырған сәтіндегі былықтары «су бетіне қалықтап шыққанда» миығыңыздан мырс-мырс күлесіз. Жолдасы Ләйлә Қалибекқызы да кезінде бағалы әшекей бұйымдар мен қымбат сағаттарды сату ісімен «сәтті» шұғылданып, тасы өрге домалапты.

Кейінгі кезде «әлемдік жарық жұлдызға айналған» Виктор Храпуновтың толассыз жаңа сұхбаттары бірінен кейін бірі жарық көруде. Бұл сұхбаттарында ол өзін Қазақстан үкіметінің бұрынғы мүшесі, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі ретінде таныстыруда. Жөн-ақ. Ал оның өз-өзін демократияның нағыз жақтаушысы, қып-қызыл саясаткерге балауына жол болсын. Күлкілі емес пе? Сөзсіз күлкілі. Әсіресе, Виктор Вячеславұлының қазақтың ең ірі шаһарының «патша тағында» отырған сәтіндегі былықтары «су бетіне қалықтап шыққанда» миығыңыздан мырс-мырс күлесіз. Жолдасы Ләйлә Қалибекқызы да кезінде бағалы әшекей бұйымдар мен қымбат сағаттарды сату ісімен «сәтті» шұғылданып, тасы өрге домалапты.

Бүгінде шалғайдағы Швейцариядан «жайлы қоныс тапқан» Виктор Вячеславұлы бар ынта-жігерімен Қазақстанның сыртқы және ішкі мәселелері турасында оқтын-оқтын ой қозғап, сөз саптайды. Ол қазақ экономикасының дамуына теріс баға беріп, ел үкіметінде болатын жаңа бір қайта құруды «болжап» отыр. Иә, Храпуновтың сөзінше, жемқорлық пен ұрлық қазақстандық шенеуніктердің «қалыпты өміріне» айналыпты. «Жаңадан пайда болған демократ» Храпунов мырзаның қаһарына шенеуніктер ғана емес, ол жайында сын айтқан тілшілер де ұшырауда. Сонымен, Швейцариядағы Храпуновтар отбасының аста-төк байлығы қайдан келген батпан құйрық екендігі өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Сөзсіз, Храпуновтардың дәулеті туралы аз жазылған жоқ. Интернет арқылы оның Алматы төңірегіндегі 37 жылжымайтын мүлкі туралы ақпарды оңай табуға болады. Бірақ бұл дәулетке олардың қалай қол жеткізгені көпке мәлім емес. Бізге бұл жайындағы құпияның бет-пердесін Храпуновтар отбасында жұмыс істеген бірнеше адам ашып берген еді. Олар өздерін «Феникс» балапандары» («Phoenix» - Ләйлә Храпунованың бас компаниясы) атап, шын есімдерін айтудан бас тартты. Жоқ, олар бұрынғы жұмыс берушілерінің кек алуынан қорықпайды, тағы да кезекті рет өздерінің құқық қорғау орындары қызметкерлеріне Храпуновтар отбасына қатысты тергеуге алынғанын қаламайды.
- Мен Храпуновтардың өздерін демократ атап жүргенін естігенде, шалқамнан түсе жаздадым. Қайдағы демократтар? Олардың қандай адам болғандарын, тіпті елестету мүмкін емес. Өздерін бәрінен жоғары қоятын. Өз бастарын құдайға балап, өзгелерін құлдай көретін. Әсіресе, Ләйләнің әрекеті шектен шығып кететін. Сәл нәрсе болса, ол айғайға басып: «Қазіргі заман - капитализм! Біз - қожайынбыз, ал сендер адам емессіңдер, бар болғаны - жалдамалы қызметкерсіңдер. Барлықтарыңды жұмыстан айдап шығамын» дейтін. Осындай адамдардың демократ атанғаны қалай? - дейді «Феникстің» бұрынғы қызметкері.
Оның айтуынша, бәрінен де үй күтушісі Ләйләдан құқайды көп көреді. Бірде күтуші қыздың киім киісі ұнамаса, бірде сыпырғыны ұстағаны көңілінен шықпайды, тіпті үй жинағаны ханымның ашуын шақырады. Ләйлә ханымға үй аспазшылары да ұнай бермейді. «Үнемі бұлардың отбасына екі аспаз қызмет етті. Бірі - еуропалық тағамдар әзірлесе, екіншісі - шығыс тағамдарына маманданған. Бәрінен де еуропалық тағам әзірлейтін аспазға қиын түскендей. Өйткені, Ләйлә ханым «Гаспачо» атты қызанақ шырынды сорпаны жақсы көреді. Астың тұзын аз-кем қылып қойса, аспаз көз жасыңа бұлайды дей беріңіз. Ләйләнің мінезі найзағайдай жарқ-жұрқ ете қалатын. Бұлқан-талқан ашуланатын. Қас дұшпандары көп болғандықтан шығар, «тамаққа у салынған емес пе?» деп те күдіктенетін» дейді ол. Максимнің бұл сөздерін және бір «Феникс» балапаны» қоштады. Есімі шартты түрде Андрей деп алынған жігіттің баяндауынша, Ләйлә Храпунованың ашуына шыдап беретіндер некен-саяқ. Бұл отбасында жылдан артық жұмыс істегендер саусақпен санарлық. Басым көпшілігі үш айдан кейін-ақ жұмыстан кетіп жатады. Бәрін тастап, «құдай-патшалардан» бастарын аулақ алып қашуға тырысатын. «Оларға да сол керек еді. Жұмыстан кеткен адам өз жалақысын алуды армандамай-ақ қойса да болатын. Әсіресе, жаппай жұмыстан шығу үрдісі Храпуновтардың еңбек демалысынан келген кезінде орын алатын. Бүгінде өздерін «демократ» атап жаһанға жар салып жүрген отбасының еңбек демалысына кетерде және еңбек демалысынан келген соң «ұлан-асыр» салтанатты той жасайтын әдеті бар-тұғын. Еңбек демалысына кетіп бара жатқан кезінде жұмысшылардың әрқайсысына «арнайы тапсырмалар» берілетін. Жұмысшылардың бір тобы қожайындарын әуежайға дейін шығарып салып, гүлдер мен қолорамалдарын бұлғап тұруға міндеттелетін. Енді бір топ қожайындарын «Кішкентай Венеция» кешенінің ішінде шығарып салуға немесе күтіп алуға міндеттеледі. Ол - ол ма, жұмысшылар барын салып, шын көңілден қуанған түр жасаулары тиіс екен», - дейді Андрей. «Медеу» мұзайдынында болған көптеген алматылықтар мен оңтүстік астана тұрғындары Бутаковка шатқалына жақын орналасқан ауқымды жерді алып жатқан биік қоршауға назар аударған болар. Тура осы қоршаудың артында Храпуновтардың «хан сарайлары» жасырынып тұр. 5 гектар жерді алып жатқан үлкен аулада үш зәулім үй салыныпты. Біреуі - өздерінікі, екіншісі - балаларынікі, үшіншісі - қонақтарға арналған. Онда жабық бассейн, тіпті жеке гидроэлектростанцияға дейін болған. Антикалық мүсіндердің көшірмесі тұрғызылып, көк шалғын газондар өсіріліп, әспеттеп мәрмәр төселген жолдары бар, бұл ғажайып кешен қала бюджетінің есебінен көтерген. Қалалық көгалдандыру мекемесінің жұмысшылары Ләйлә ханымның «ғаламат идеяларын» іске асырамын деп күн-түн демей жарты жыл кешенде жұмыс істеп, көк тиын алмапты. Олар 2000 жылдары жалақының төленбеуіне байланысты көтеріліске шыққанда, ел-жұрт аң-таң боп қалып еді. Өйткені, қаланың гүлге оранып тұрғаны да шамалы-тұғын. Виктор Вячеславұлының «Кішкентай Венеция» кешенінің ішінде жүргізген коммуналдық қызмет басшылармен кездесуіне былайғы жұрттың кіруі екіталай болатын. Бұл жерге сақтық шарасы ретінде 5 метрден биік қоршау ғана салынып қоймай, шетелден жеткізілген заманауи бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Бұл қондырғылар 5 минут сайын 180 градусқа айналып кешен маңындағы кез келген іс-әрекетті түсіріп алып отыратын. «Кішкентай Венецияның» түбінен ағатын Кіші Алматы өзенінің ағыны қатты. Ақымақ болмаса, есі дұрыс адамның жүрегі бұл суды кешіп өтуге дауаламасы анық. Тіпті әлдебір жанынан безген бұл суды кешіп өткен күннің өзінде, ол Храпуновтардың жеке күзетшілерімен ұсталары сөзсіз. 
«Феникстің» бұрынғы қызметкері Арман (шартты түрдегі аты) былай дейді: «Ләйлә «Кіші Венециямен» байланыстының бәрін өз қолында ұстады. Бұл нағыз қатал тәртіпке бағынған объект. Мен көп жыл әскерде қызмет еттім. Тіпті қару-жарақ қоймасы да «Кіші Венеция» тәрізді күзетілмейтін. Барлық жерге орнатылған бейнебақылау камералары мен бақылау мұнараларынан бөлек, мұнда рұқсат қағазын алу жүйесі жұмыс істеді. Бұл кешенге Виктор Вячеславұлы мен Ләйлә Қалибекқызы, олардың балалары Эльвира мен Ілияс және ең жақын туыстардан 15 адам ешқандай кедергісіз кіре алады. Виктор Храпуновтың жағынан оның туған бауыры Геннадий ғана «ғаламат кешенге» кіру бақытына ие бола алатын. Бірақ ол онда сирек болатын. Жұмыс бабымен анда-санда бас сұғып тұратын. Виктор Вячеславұлына өзге туыстарына есік жабық болатын. Оның бұрынғы әйелінен туған қыздары Галина мен Еленаға, тіпті кешеннің маңына аяқ басуға тыйым салынған. Ләйлә Қалибекқызы күйеуінің өткен өмірін еске түсірмеуге барын салып бақты. Әйтсе де, Ләйләнің сүйікті «серіктестері» Сәкен, әсіресе Ғазиз Шәкәрімұлы «хан сарайға» еш кедергісіз кіре алатын. Олардың жедел ішке кіруін қарауылдар қамтамасыз ететін. Тіпті ханым төсекте жатса да, кіре беретін. Ал ол жерде не болғанын Виктор Вячеславұлының білмей-ақ қойғаны абзал. Ләйлә бәрімізден ешкімге тіс жармауымызды талап етті. Егер біз алда-жалда бірдеңе айтып қойсақ, жай ғана жұмыстан кетудің өзі - «құдайдан сұрап алған сый» боларын ішіміз сезетін...».

dialog.kz сайтынан
ықшамдалып алынды

"Жас қазақ" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371