Жексенбі, 8 Желтоқсан 2024
Алашорда 5050 19 пікір 10 Қаңтар, 2023 сағат 13:51

Тарихшы: Қазақтың саны 139 млн болар еді...

Тарихшы, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлы XX ғасырдағы қазақ даласында қолдан жасалған ашаршылықты геноцид деп қана емес, этноцид деп қабылдауымыз керек екенін айтты.

Этноцид грек тілінен аударғанда ethnos – халық + caedere – өлтіру, қыру дегенді білдіреді. Бұл – бір ұлысты, халықты нысаналы түрде қырып-жою немесе олардың ұлыстық-мәдени ерекшеліктерін: тілді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тарихи зердені, т.б. зорлық-зомбылықпен жою үдерісі.

«Біздің ғалымдарымыз осы күнге дейін аштықта қанша қазақ қырылғаны туралы жарытып дәйек келтіре алмай келеді. Ендеше сізге нақты фактіге сүйеніп, бір мысал келтірейін.

Ресей империясында тұңғыш рет жалпы халық санағы 1897 жылы өтті. Сол бойынша қазақтың саны 4 млн 84 мың 139 адам болса, өзбектер саны 726 мың 534 адам, қырғыздар саны 201 мың 682, түркімендер саны 281 мыңдай, сарттар саны 968 мыңдай адам болған.

Ескеретін жағдай: 4 миллионнан астам қазақ – тек есепке алынғаны ғана.

Ол кезде қазақтар «мал көп есепке ілінсе, салық көбейеді, ұл балаларын есептесе әскерге алып кетеді» деп өре түрегеліп, қыр асып кететін болған. Сол кезде қазақтар саны Орталық Азия халқының бәрін қосқанда, 2 жарым есеге артық болды.

Енді қараңыз, 2018 жылы өзбектер саны 24 млн 855 мың адам, бұл 1897 жылғы санақпен салыстырғанда 34,2 есеге өскенін көрсетеді. Ал қырғыздар содан бері 22,7 есеге, түркімендер 14,2 есеге, қарақалпақтар 17,6 есеге өсіпті.

Тарихшы қазақтар XX ғасырдың басында әлемдегі табиғи өсімі ең жоғары халық болғанын айтады. «Қазақтар нәубетке ұшырамай, саны өзбектер сияқты өскенде, қазіргі күні 139 млнға жетер еді. Ал қырғыздың өсімімен есептесек 92 млн болар едік, түркіменнің өсіміне сәйкес 57 млн болыр едік, қарақалпақтың өсімімен есептесек 71 млн болар едік», - деді ол.

Сұлтанхан Аққұлы қазақ халқы ашаршылық кезінде 70 пайызынан айырылғанын айтады.

«Осман империясы ыдырап, орныны Түрік Республикасы қалыптасқан кезде, түріктің саны 4 млнға жетпеген. Қазір олар 80 млн адам. Міне, осындай есептен кейін, ашаршылық кезінде қазақтың қанша пайызы қырылды дегенге жауап бере аламыз. Кем дегенде 70 пайыз қазақтан айырылдық.

Адамзат тарихында бір халықтың бір сәтте 70 пайызынан айырылғаны туралы басқа дерек жоқ. Сол себепті біз мұны жай ғана геноцид деп емес, этноцид деп айтуымызға толық негіз бар. Бұдан басқа қандай ғылыми дәлел келтіруге болады?!», - деді тарихшы.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1553