Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3432 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 06:58

Алмас Әбсадық. Наурыз мейрамы сауықтық сипат алды ма?

Жаңа жылды күту - әрбір халықта бар дәстүр. Бүгінгі қазақ халқы (тек қазақ халқы емес, әлемдегі басқа халықтар да осындай көрініс) жаңа жылды екі рет қарсы алады. Бірі - батысша, 1 қаңтар. Екіншісі - шығысша,  22 наурыз.

Қаңтардағы ғұрып әлемнің басым бөлігіне ХҮІ ғасырдағы Қайта өрлеу дәуірінен кейін саяси және экономикалық, білім мен ғылым дамуының алғы шебіне орналасқан  европалық батыс елдерінің әлемге жүргізген ықпалы мен әсерінен орныққан. Бұл жаңа жылды жалпақ жұрт ерекше күтіп, мейрамдатып, дүрлігіп қарсы алады. Ең бастысы, кішкене балалар асыға күтеді. Оларға арналған мейрамдық ойын-сауық, әзіл кеш, ән-күйлердің неше атасы бар. Ал Наурыздағы жаңа жылды қарсы алу - шығыс елдерімен (парсы елдері) ежелден орнаған қарым-қатынас, ауыс-түйістің әсерінен қалыптасқан ұлттық дәстүр.  Қазақтың  Наурызында сыйлы қонақты ән-күймен, мол дастарханмен күту, ұлттық дәстүрлерді сақтау және оны жаңғырту сынды істер басым. Кішкене бүлдіршіндерімізді де осыған баулып келеміз. Батыстық жаңа жылды қарсы алуға қарағанда, Наурыздағы жаңа жылды қарсы алудың жалпақ жұртқа ортақ сауықтық сипатының мәні солғын, оның есесіне  насихаттық нышаны басым.

Жаңа жылды күту - әрбір халықта бар дәстүр. Бүгінгі қазақ халқы (тек қазақ халқы емес, әлемдегі басқа халықтар да осындай көрініс) жаңа жылды екі рет қарсы алады. Бірі - батысша, 1 қаңтар. Екіншісі - шығысша,  22 наурыз.

Қаңтардағы ғұрып әлемнің басым бөлігіне ХҮІ ғасырдағы Қайта өрлеу дәуірінен кейін саяси және экономикалық, білім мен ғылым дамуының алғы шебіне орналасқан  европалық батыс елдерінің әлемге жүргізген ықпалы мен әсерінен орныққан. Бұл жаңа жылды жалпақ жұрт ерекше күтіп, мейрамдатып, дүрлігіп қарсы алады. Ең бастысы, кішкене балалар асыға күтеді. Оларға арналған мейрамдық ойын-сауық, әзіл кеш, ән-күйлердің неше атасы бар. Ал Наурыздағы жаңа жылды қарсы алу - шығыс елдерімен (парсы елдері) ежелден орнаған қарым-қатынас, ауыс-түйістің әсерінен қалыптасқан ұлттық дәстүр.  Қазақтың  Наурызында сыйлы қонақты ән-күймен, мол дастарханмен күту, ұлттық дәстүрлерді сақтау және оны жаңғырту сынды істер басым. Кішкене бүлдіршіндерімізді де осыған баулып келеміз. Батыстық жаңа жылды қарсы алуға қарағанда, Наурыздағы жаңа жылды қарсы алудың жалпақ жұртқа ортақ сауықтық сипатының мәні солғын, оның есесіне  насихаттық нышаны басым.

Батыстық (григориян) күнтізбеде табиғаттың маусымдық өзгерісі мен астрономия заңдылықтары есептелмеген. Табиғат пен ғарыш заңдылығы ескерілген жаңа жыл  22 наурыздан басталады. Бұл күн мен түннің теңеліп (12 сағат күн, 12 сағат түн), 6 ай қыстың (суық мезгіл) 6 ай жазға (жылы мезгіл) ауысатын мезгілі. Басқаша айтсақ, тепе-теңдік орнайтын күн. Қазақтың танымымен айтсақ - Ұлыстың ұлы күні.

Наурыз қазақтың дүниетанымен орайласатын да, шаруасына (мал мен егіншілік) да ыңғайлы нағыз жаңа жыл - осы. Кезінде ол осы белгісі үшін де мейрам болып орнықты.  Бірақ батыстық жаңа жылдың жоғарыда аталған кемшіліктері бар деп оған мойынұсынбай, нағыз жаңа жылды бірыңғай орната қою қазіргі жаһандану дәуірінде қиын іс. Қиынмен қасарысып әуре-сараңға түскенше, сол жаңа жылды жалпақ жұрттың мейрамына айналдыра білген тәжірибені игеріп, шығыстық жаңа жылды қарсы алуды жалпақ жұрттың ортақ мейрамына айналдыруға күш салу - әлде қайда пайдалы іс. Біз де Наурызда қарсы аларда дүрлігеміз. Бірақ біздікі басқаша... Оқу орындары ұлттық сипатқа бағытталған мерекелерді (ұлтық киім, ұлттық дәстүрлерді сахналау, айтыс т.б.) ұйымдастыра бастайды. Жергілікті әкімшіліктер жалпақ жұрт болып тойланатын мерекеге түрлі бағдарлама жасап, байқаулар жариялайды. Бірақ оның бәрі кезекті есеп беруге бағытталған іс-шаралар жамылғысында қалатындай әсер бар.

Оның белгісі мынадан байқалады: Қазіргі таңда Наурыз мейрамын қарсы алу қыстың ызғары кетпеген далаға қазаққы киіз үй тігу, ұлттық киіммен (әсіресе, бойжеткен қыздар мен жас жігіттер) тоңып-үсіп (бүйрегіне салқын, табанына ызғар өткізіп, далада  ән-жыр айтам деп тамағына суық тигізіп) сыйлы қонақты күту, шығыс халықтарының ән-жырын айту сынды істермен ғана шектелуде. Біздіңше, Наурызды қазақтың көшпелі дәуірінен жеткен киіз үйді самсатып тігіп, далада қарсы алу міндетті емес. Киіз үй тікпесек, ол мейрамның мазмұны қашып, сәні кетіп қалмас. Бұл көрініс қазақ арасындағы Наурыз мейрамының идеологиялық астары көнерген сипатта қалғаны, кешегі империя бұғауынан құтылған кезде ұмытылған ұлттық дәстүрді қайта жандандыруға ұмтылған кезеңдегі әрекеттердің шеңберінде қалып қойып, заманға сай жаңғырмағанын байқатады.  Оның үстіне, Қазақстанның солтүстік аймағында Наурыз айының соңына, яғни сәуірге дейін («Сәуір болмай-тәуір болмас» деген сөз табиғаттың мінезінен туындаған) көктем келе қоймайды. Солтүстікке тән табиғаттың мінезі жаппай сыртқа шығуға ұмтылатын жұрттың мейрамдық көңіл-күйіне мазасыздық келтіреді. Наурызды ызғарлы суықта далада қарсы алу шарт емес. Жұртшылықтың мазасын алмайтын  жылы жайларда асхана, мейрамхана, мәдениет үйінде де мейрамдата беруге болады. Оның үстіне Наурызға тігілген киіз үйде ас-тағамның жылы жұмсақтарын дайындап ел ағалары мен шенеуніктерді күту де мейрамның мазмұнын ашпайтын, керісінше, одан жирендіре түсетін көрініс. Шынтуайтына келгенде, Ұлыстың ұлы күні біреуі бастықпын, бірі шенеулікпін деп шіренбей, оны ортақ мейрам деп қабылдауы қажет. Демек,  мәселе мейрамның сауықтық сипаты мен мазмұнында тұр. Сауық-сайранға лауазымдық салмақты араластырсақ, ол мейрам емес, қарапайым, күнделікті қызмет күні болып қала берері анық.

Наурыз мейрамына діни мазмұнмен астарланған мифологиялық кейіпкер Қыдыр (Қадыр) атаны күту, оны мейрамға қонақ ету сияқты сауық істері орнықпаған. Түннің (бейнелеп айтсақ, қара күштердің) күнге (ақ ниетті күшке) жол беретін сакральды уақытты күту де (21 наурыздан 22 наурызға қараған түн) санамызға сіңбеген. Рәміздік сипатқа толы наурыз көжені де толық мәнінде ұлықтай алмай келеміз. Оны кез-келген адам аса қиындықсыз дайындай алатын шағын пакеттер түрінде жаппай шығару да жолға қойылмаған. Оны қолға алатын кәсіпкерлердің де қарасы байқалмайды.

Жаңа жылға аман-есен жеткендікті білдіретін, сондай-ақ күйбең тіршілікте орын алған өкпе-реніштің жойылғанын, жақсылықтың бой алғанын ырымдайтын төс қағыстыру салтын да осы күнің рәмізіне енгізі алмадық. Бұл салт еліміздің батысында жақсы сақталған. Онда көрісу 14 наурыздан, яғни ескіше ай санаудан басталады. Ең бастысы балалардың ой-санасына қуаныш сыйлататын күйді орнату да орнықпады. Кішкентай бүлдіршінге  (қай мейрамды болмасын асыға күтетін солар) Наурыз мейрамына тән сыйлықтар да, тәтті тағамда түрлерін де шығара алмай жүрміз. Егер терең байыптап қарайтын болсақ, түн мен күн, мезгіл (қыс-жаз) уақыттары теңелетін осы бір сәтке аса қатты көңіл бөлінсе, талай тағылымды символикалық түрде мазмұндауға болады. Мысалға, ықылым заманнан адам баласының аңсап келе жатқаны адамзат қоғамында түрлі құқықтарға теңдік орнату ісі емес пе еді? Табиғат заңдары теңелген уақытта үнемі теңдік пен үйлесімділікке ұмтылатын қоғамдық құндылықтардың рәмізі етіп ырымдау, жақсылықты күту, соларды сауықтық сипатқа айналдыру - идеологиялық қаңқаға өзі сұранып тұрған астар емес пе?

Мейрамды халық өзі жасамаса, оған біреу келіп жасап бермейді. Мейрамды сауық ете білу,  сәнді қылу да - өнер. Қазақстанда тұратын халықтың басым көпшілігі қазақ халқы. Сондықтан Қазақстандағы Наурыз мейрамын жалпақ жұртқа ортақ ете білу - қазақ халқына сын. Әрине, қазіргі заманда ақысын берсең, бәрін істеп береді. Бірақ ол өнерді  істеуші өзінің қалауын да, деген де қосып, қойыртпақ жасайды. Содан келіп  өкпелейміз: бізді құртты, дәстүрді аяққа басты, пәлен-түген деп. Ал Наурызды нақышына келтіріп халықтық мейрам-сауық ету тек өз қолымызда. Бұған қазақ мәдениетін уызынан жеріндірмей дамытуға үлес қосып жүрген өнер қайраткерлері, ұжымдары (кино, театр салаларындағы), БАҚ құралдары, әдебиет саласының өкілдері атсалысуы қажет-ақ. Наурызды тойлау  алдымен биік өнердің деңгейінде шыңдаласа, қалың жұрт оны жалғастырып алып кетер еді. Бүгінгі сауықтық көріністердің барлығы кезінде өнердің қатал тезінен өтіп, кейін барып жалпылық сипат алғаны кәміл. Сондықтан Наурыз мейрамына жалпы халықтық сипат беруде біздің ойланатын ісіміз көп, атқаратын шаруамыз шаш-етектен. Осыны ортақ іске балап ойланайық, ағайын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415