«Қаныш» телехикаясы көрсетілімге шықты
Әркімнің өзі шығар биігі бар: біртуар ғалым Қаныш Сәтбаевтың тағдыры туралы «Қаныш» телехикаясының толықметражды нұсқасы кинотеатрларда көрсетілімге шықты
Бар өмірін ғылымға арнаған Қаныш Сәтбаев өз елінің амандығын тілеп, оны дамытуға бар күш-жігерін салды. Өйткені, Қаныш халқының басына түскен қасірет – аштық пен қуғын-сүргіннің еріксіз куәгері болды.
2 ақпанда қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» телехикаясының толықметражды нұсқасы кинотеатрға шығады. Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың ерекше күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғандығы туралы тарихи оқиғалар арқау болған. Авторлары Қаныш Сәтбаевтың тек мықты геолог қана емес, сонымен қатар, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсете білген. Фильмде ХХ ғасырдың басында орын алған ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын кезеңнің өзінде халық рухының сынбағанын көрсеткен. Туындыда сол уақыттың сирек деректі кинохроникасы қолданылып, ал нақты тарихи тұлғалар кейіпкерлердің прототипіне айналған.
«Қаныш» фильмі бірнеше халықаралық марапатқа ие болып, шетелде де танымалдыққа қол жеткізді. Атап айтсақ, 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен «Athvikvaruni International Film Festival» халықаралық кинофестивалінде үш номинация («Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film») бойынша үздік атанды.
Кинофильм «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша, 2021 жылы «Aray Media Group» студиясы түсірген алты сериялы «Қаныш. Қазына» телехикасының негізінде жасалған. Телехикаяның шығармашылық тобы Қаныш Сәтбаевтың қызыққа толы өмірбаянымен танысып, қолда бар материалдан толықметражды көркем фильм жасауға бел буған. Онда ғалым тек кәсіби маман ғана емес, халқының қамын ойлайтын терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетіледі. Сериал мен фильмді жасауға Eurasian Resources Group (ERG) мен «Қазақмыс» холдингі қаржылық қолдау көрсетті.
«Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Менің мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету. Сондай-ақ, жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деймін» – дейді, фильм және сериал режиссеры Ерлан Нұрмұхамбет.
«Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Қаныш. Қазына» тарихи сериалы эфирде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Енді толықметражды фильмге айналып үлкен экрандарға жол тартты. Ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев өмірі мен ғылым жолы көрерменді толғандырып, ізгі идеялардың тууына, жас ғалымдардың шабыттануына әсер етеді деген сенімдеміз. Осы игі істің бастауында тұрғанымызға қуаныштымыз» - деп хабарлады «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Баспасөз қызметі.
Биылғы 30 қаңтар мен 1 ақпанда Астана мен Алматы қалаларында өткен фильмнің жабық көрсетіліміне фильмді жасаушылар, шығармашылық топ, ғалымның туған-туысы, қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер, демеушілер, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.
«Әлеуметтік және білім беру жобаларын жүйелі түрде қолдау – біздің корпоративтік жауапкершілігіміздің негізі. Біз білім беру бастамаларына ерекше көңіл бөлеміз. Қаныш Сәтбаев сынды біртуар тұлғаның өмірбаяны – жас қазақстандықтарға тамаша үлгі-өнеге. Академик Сәтбаев геология ғылымының ең ірі ғалымы болды және солай болып қала береді. Бірақ оның қызығушылығы мен білім аясы кең болып, жаратылыстану ғылымдарының шеңберінен асып түсті. Фильм қалың көрерменге қазақтың біртуар ғалымының өмір жолын баяндап қана қоймай, ғылымды кеңінен насихаттауға, жастардың білім аясын кеңейтуге септігін тигізеді деп сенеміз» - деді, Eurasian Resources Group (ERG) басқармасының төрағасы Серік Шахажанов.
«Фильмді дайындауға қатысқан барша жанға мың алғысымызды білдіреміз. Түсірілім тобының еңбегі зор. Қаныш Имантайұлының рухына ұқыптылықпен қарап, оның образын тереңірек түсінуге тырысқан. Атамыздың өмірі мен шығармашылығының алғашқы кезеңін бейнелеген фильмді шынайы деректерге барынша жақындатпақ болған ниеттері үшін алғыс айтамыз. Бұл фильм халқына еліміздегі жер қойнауының байлығын ашқан ұлы қазақ баласы туралы тағы бір естелік болып қаларына сенімдіміз» - деді, Қаныш Сәтбаевтың немерелері Әлима Жармағамбетова және Александр Третьяков.
«Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Амал не, ештен кеш жақсы дегендей, жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге!» - деп айтты «Қазақтың Қанышы» кітабының авторы, қаламгер Медеу Сарсеке.
Қазақстан ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан біртуар ғалым жарты ғасырдан астам уақыт бұрын 1964 жылғы 31 қаңтарда өмірден өтті. Бүгінде қалаларға, көшелерге, университетке оның есімі беріліп, 2021 жылы ел президентінің тапсырмасымен елордада Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.
Синопсис:
Біртуар ғалым, геолог, өз елінің патриоты Қаныш Сәтбаевтың тарихтағы алар орны ерекше. Алайда, оның халық мұңы мен жеке басының қасіреті тоғысқан, биліктің күмәні мен сенімсіздігіне қарсы күрескен жолын бірі білсе, бірі білмейді. Бірақ сын сағатта мықты адам дүниеге келетіні хақ. «Қаныш» фильмі қазақ халқының өміріндегі үлкен қасірет – ашаршылық, жұт, қуғын-сүргін жылдарындағы жас Қаныш Сәтбаевтың жүріп өткен жолын баяндайды.
Фильм туралы:
«Қаныш»
Қазақстан, 2022 жыл
Жанры: өмірбаяндық драма
Режиссеры: Ерлан Нұрмұхамбет
Сценарий авторлары: Әмір Әменов, Ерлан Нұрмұхамбет, Ален Рахметалиев
Продюсерлері: Айгүл Байбек, Әсел Ержанова
Атқарушы продюсері: Мадина Абишева
Қоюшы операторы: Аян Базылбек
Қоюшы суреткері: Марат Иманберген
Рөлдерде: Әсет Есжан, Анна Оразбаева, Айдос Әуесбаев, Максим Горбанев
Фильм тілі: қазақша, орысша
Ұзақтығы: 101 мин
Жас көрсеткіші: 12+
Фильм түсірілімі туралы қызық деректер:
1. Толықэкранды фильмнің ақ-қара форматын фильмді түсірушілер сол кездегі қайғылы ахуалды көрерменге жеткізу үшін әдейі пайдаланған.
2. Кейіпкерлердің портреті шынайы тұлғаларға ұқсастырылған. Осы ретте кастинг Астана, Алматы, Қарағанды және Жезқазған қалаларында өткен. Кастингке барлығы 300-ге жуық адам қатысқан, олардың ішінде театр және кино актерлары, мәдениет қайраткерлері, шығармашылық бағыттағы музыкалық мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттері болған. Басты кейіпкерді сомдаған Әсет Есжан жас Қаныш Сәтбаевқа табиғи ұқсайтынын режиссер бірден байқап, актерды сол рөлге бірден бекіткен.
3. Түсірілім нысандарын безендіру үшін көп жұмыс жасалған. Павильондарда Қаныш Сәтбаев өмір сүріп, еңбек еткен жерлерді егжей-тегжейлі көрсеткен орындар, кеңселер, пәтерлер, зертханалар салынған. Қарсақпай ауылында тұтас ғимараттарды сол дәуірге сәйкестендіріп жөндеуге тура келген. Атмосфераны қалпына келтіру үшін сахналық және қойылымдық жабдықтарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеуге көп уақыт кеткен.
4. Шығармашылық топ мүшелеріне Қаныш Сәтбаевтың кәсіби қызметінің ерекшеліктерін жан-жақты зерделеуге тура келген. Фильмде жынысөзек өндіретін ағылшынның «Крелиус» аппараты қолданылған. Өндірісті барынша шынайы етіп көрсету үшін түсірілім тобы «Қазақмыс» зауытына барып, нағыз бұрғылау процесін бақылаған. Содан кейін суреткерлер тобы түсірілім кезінде қолданылатын осы кәсіби геологиялық жабдықты басынан соңына дейін қайталап жасап шығарған.
5. Шығармашылық топ Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын зерттеуге көп көңіл бөлген. Түсірілім жұмыстары оның туып-өскен, өмір сүрген және еңбек еткен жерлерінде өткен. Телехикаяны жасаушылар ең алдымен, Алматыда ғалымның туған-туысымен кездескен. Солардың батасын алып, жұмысқа кірісіп, сериал шыққан соң, ғалымның жақындарынан алғыс хат алған. Барлық қаныштанушымен, атап айтқанда, еңбегі сценарийге негіз болған Медеу Сәрсекемен де талай кездесулер, кеңестер өткізілген. Соның арқасында Қаныш Сәтбаевтың фотосуреттері мен хаттарының бірегей мұрағатына қол жеткізген. Түсірілім Астана және Алматы қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында (Қарсақпай елдімекені, Ұлытау, Сәтбаев қаласы және соларға іргелес аумақтарда) өткен. Түсірілім тобы Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы ғалымға арналған атақты мұражайлардың барлығын аралап шығып, Қаныш Сәтбаевтың туған жері Баянауыл ауданы, Теңдік ауылында жүргізілген. Суреткерлер Керегетас өңірінде далада сол уақыттың құрал-жабдықтары, тұрмыстық керек-жарақтарын қойып, киіз үйлер тігіп, тұтас бір ауыл жасап шыққан.
Трейлері: https://www.youtube.com/watch?v=YmyX3h9ECkY
Abai.kz