Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 2334 4 пікір 6 Ақпан, 2023 сағат 12:33

Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысы жетілмей қалған

Ғылымға бөлінген қаржының жұмсалуында басқа саладағы мемлекеттік сатып алулармен мәселен, тілге бөлінген қаржының жұмсалуымен салыстырғанда аздаған жүйе бар.

Мемлекеттік тілді дамытуға бюжеттен Тіл комитеті арқылы және өңірлердегі Тіл басқармалары арқылы қаржы бөлінеді, бірақ жүйесіз. Қаржы көбіне керегі жоқ, тиімсіз жобаларға кТіл комитеті немесе Басқарма басшыларының тілді дамытуға осы қажет-ау деген түсінігі  деңгейінде жұмсалып келеді. Ондағы тілді дамытуға қатысты шараларда еш стратегия жоқ. Көбісі ескірген, бүгінде өз өзектілігін мүлдем жоғалтқан. Ал ғылымда бәрі басқаша. Онда нені зерттеу керектігін, яғни үкіметтің қаржысын қайда жұмсау керектігін Комитеттің төрағасы шешпейді. Ғылымның әр саласына (гуманитарлық, жаратылыстану, ауыл шаруашылығы және т.б.) арналған бір, екі, үш жылдық гранттық қаржыландыруға ғылым министрлігінен байқау жарияланғаннан кейін ғылыми көпшілік байқау құжаттарында көрсетілген үлгі бойынша белгілі бір ғылым саласын белгілеп жобаларының атауын, мақсат міндетін, өзектілігін, зерттеу тобын, сүйенетін әдіснамасын, материалдық базасын көрсетіп өтінім ұсынады.

Байқауға ұсынылған жобаның мәтіні қазір қазақша – ағылшынша болса жеткілікті. Бұндай жеңілдік Асхат Аймағамбетовтың кезінен басталды. Ғылымға бөлінетін қаржының толық көлемде тек ғылымға жұмсалуы да осы министрдің кезінен басталғаны белгілі.  Ұсынылған жоба алдымен техникалық тексеруден өтеді. Егер техникалық қате шықса оны қайта жөндеуге мүмкіндік беріледі. Содан аман шыққан жобалар үш тәуелсіз жасырын сарапшыларға беріледі, бірі міндетті түрде ағылшын тілді маман болады. Үш сарапшының қарауынан кейін тиісті межеден артық ұпай жинаған жобалар Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына жіберіледі. Біздіңше, ғылыми жобаларды іріктеудің дәл осы тұсы жетілмей қалған. Мақаламыз сондағы олқылықтарды талдауға арналмақ.

Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелеріне арналған ережеде олар ең алдымен әдеп кодекісін сақтау керек делінген: объективті болуы керек екен, әрі тәуелсіз және бейтарап болуы керек екен. Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының я болмаса М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының штаттағы қызметкерлері болса, қалай бейтарап болмақ? Филология (тіл-әдебиет) саласынан ұсынылатын іргелі және қолданбалы зерттеулердің дені осы ғылыми зерттеу институттарынан келетіндіктен ұлттық ғылыми кеңеске бұл ұжымдардан мүше алынбауы керек. Сол кезде бейтарап болады. Ғылыми кеңесті әр өңірден бір – екіден уәкіл сайланатын баяғы патша үкіметіндегі думаға айналдыруымыз керек.

Екіншіден, Ұлттық ғылыми кеңестің ғылыми жобаларды сараптау, талдау және қолдау барысынғы шешімі таза адам факторына байлаулы. Осыны барынша азайту керек. Мәселен, докторантураға талапкер қабылдау бұрын (ағылшыннан өзгесі) жүз пайыз адамдардың қолында болатын. Қазір университет оқытушыларына әңгімелесу кезінде 100 баллдың 20-сын ғана қоюға рұқсат берілген. Бұл докторантураға қабылдау шарттарының бұрынғыға қарағанда біршама жетілгендігін көрсетеді. Ал Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері шешім шығарар кезде есіктерін тарс жауып алады да сараптамалардан 32 балл алған жобаға 02-ақ балл ғана қосып құлатып, өздерінің айналасындағы адамдардың, кейде тіпті 25 баллмен тиісті межеге зорға ілігіп тұрған өздерінің жобаларына он бес балл қосып құлағынан сүйреп шығарады (қолымызда дәлел-дерек бар). Сонда Ұлттық кеңестегілер тәуелсіз жасырын үш сарапшының бір ауыздан жобаның жаңалығы мен өзектілігін жоғары деп танығанын, күтілетін нәтиженің маңыздылығын әрқайсысы жеке-жеке қарап, ортақ баллдың жоғары болып тұрғанын белден басып, бәрін өздері қайта шешіп отыр. Бұл қалай? Сарапшылардың шешімі ескерілмейтін болса, бәрін Ұлттық кеңес мүшелері өздері шешетін болса, онда ғылыми жұмыстарға талдау мен сараптаудың инновациялық кешені қайда қалады? Ұлттық ғылыми кеңестегі «төбе билердің» ықпалын шектемей ғылым дамымайды.

Үшіншіден, филология саласынан Ұлттық ғылыми кеңеске кірген төрт-бес адам шетінен бесаспап, әмбебап. Әдебиеттің сынын да, тарихын да, теориясын да, ауыз әдебиеттің сан саласын да біліп тұр... Лингвистиканың бар деңгейіне (фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис) төрелік айта алады. Коммуникативтік синтаксиске, жұмсалымды грамматикаға, когнитивті лингвистикаға қатысты жазылған жұмысты талдап, этнолингвистика, психолингвистика, паралингвистикаға арналған зерттеулердің кез келгеніне алдына келсе болды әдебиетшісі де тілшісі де кесіп шешім шығарып береді. Және де негізінен сол кесім соңғы болып саналады. Бұл не болды сонда? Не сойса да қасапшы сойсын деген сонау диссертациялық қорғаудан келе жатқан принцип ғылымның ұшар биігінде неге бұзылып отыр. Ұлттық кеңес мүшелеріне өзінің зерттеп жүрген саласына жатпайтын жобаларға шешім айту құқығы не үшін берілген? Тәуелсіз әрі жасырын үш сарапшының кәсіби талдап барып қойған бағасын іске алғысыз ету үшін бе? ҰҒК мүшелеріде қатардағы әрістестер емес пе, олардың өздерінің де зерттеп жүрген белгілі бір саласы бар. Соны терең білер ал филологияның сан саласынан келіп түскен ғылыми жобалардың мән-мақсатын, өзектілігін бағамдауға, алынатын нәтижесінің тиімділігін анықтауға әлеуеті жете бере ме?

Біздің ойымызша, Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері объективтілікті, бейтараптылықты сақтау үшін оларға қатысты ережелер қайта қаралуы керек. Өздері терең зерттемеген ғылым саласына қатысты мәселені жеке шешпеуі керек. Тәуелсіз, құпия әрі кәсіби құзыреттілігі сай үш сарапшының   жобаның мазмұнына берген бағалары шешуші болуы керек. Сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңестің қате шешімдерін апелляцияға беруге, шешімдер даулы болып тұрған жобаға қатысы бар, сол саланы зерттеп жүрген мамандардан алқа топ құрып, соның талқысына жүгінуге мүмкіндік берілуі керек. Тіпті мұндай маңызды іске енді ғана президент жарлығымен құрылған Ғылым және технология туралы ұлттық кеңестің де араласуы Қазақстанда ғылым жолының тазаруына, бәсекелестіктің артуына септігі тиер еді. Мәселені ғылыми көпшіліктің талқысына салу керек.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357