Түркілігіміз сыналар сәт
АҚШ астанасы Вашинтонда Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғашқы болып таныған алыстағы бауырымыз Түркиядағы зілзаладан құрбан болғандарды аза тұтып еске алу жиыны өтті. Әлемнің өнер жұлдыздары - американдық Джей Парк, кореялық Сивон Чой, италиялық спортшы Микеле Мороне, белгілі қайраткерлер, шетел кәсіпкерлері көмек көрсетіп жатыр. Американың бір ғана STK компаниясы 10 миллион доллар бөлген. Тайвань лидері Цай Иң Вен бір айлық жалақысын Түркияға көмек қорына аударған. Жалпы Тайваньда ашылған қорға бір күнде 10 миллион жаңа Тайвань доллары (NT 10000000) түскен. Бұл 6 миллион түрік лирасына тең.
Бұл қасірет саяси сахнадағы бітіспес жауларды да табыстырып, дәнекер болған сияқты. Көмек қолын созып Түркияға келгендердің арасында Армения мен Грекия да, бүгінгі геосаяси бақталасы Иран да бар.
Түрік газеттерінің жазуынша, Грекияның басты ERT телеарнасы өзінің таңғы хабарларын түрік әнімен бастаса, «Катимерини» сияқты көптаралымды грек газеттері «Бәріміз біргеміз!» деген жолдармен шыққан. Дүниенің төрт бұрышынан ағылып келіп жатқан көмек легі толастар емес. Бірақ зілзаладан келген зардап орасан. Түрік басылымдарын толқымай, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Осы жолдарды жазып отырғанда «Миллиет» газеті Режеп Тайып Ердоғанның жер сілкінісінен қаза болғандар саны 17 адамнан асқанын хабарлап жазыпты. Құтқарушылар үйінді астында 80 сағаттан астам жатып қалған адамды да тірі күйінде шығарып алған. Бір ғана Польшадан келген топ кешегі күнге дейін 14 адамды құтқарып қалған.
«Алтайдың алтын күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп жаңа ер жетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына
Бауырым, мені тастап қалдың кетіп!» деп, жалын-ақын Мағжан сағынышпен жырлаған, ежелгі заманда Алтайдың бауырында, ақын айтатындай «тебісіп бір төсекте жатқан» түрік бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, көмек көрсетіп жатқан қазақ азаматтары, кәсіпкерлер жоқ деп айта алмаймын. Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының түрік этномәдени орталығында Якуб дейтін жігіт жылы киімдер, қажетті заттар жинап жатыр. Қазір баспанасыз қалғандарға ең қажеттісі жылы киім емес пе? Ақшаны да сол Якуб көрсеткен есепшотқа аударған дұрыс деп ойлаймын.
Кеше таңертең Түркияға көмек қаржы аудару жөнінде қызылжарлық журналист Өмір Есқали ініміз бастама көтерген. Бірақ қаржыны қалай, қайда аудару керектігін басында білмедік. Интернетте біреу есепшот деректерін көрсетіпті, бірақ ондайда сену қиын. Қазір не көп, алаяқ көп. Ал түрік мәдени орталығы қанша айтқанмен сенімді байланыс қой. Еліміздің кез келген облыс орталығында осындай ұйым бар деп ойлаймын. Жалпы Түркияға көмек алдағы айларда да өте қажет болады. Бұл жұмысты орталықтандырып, бір ізге салу керек.
Дүние елдері ұлтына, дініне, саяси ұстанымына қарамастан бауырлас, қандас елге жәрдем етіп жатқанда ойын-сауық, той-томалақ дегенді тым болмаса бірер күнге қоя тұрып, зілзала құрбандарының аруағына құрмет көрсеткеніміз дұрыс емес пе? Әзірге радиодан да, теледидардан маңыраған-аңыраған ән, қысыр сөз, мылжың әңгіме, дарақы күлкі ғана.
Марат Ермұқанов
Abai.kz