Жұма, 22 Қараша 2024
Ғибырат 2930 7 пікір 24 Ақпан, 2023 сағат 12:58

Алматы – этнография ғылымының темірқазығы

Алматы ғылым, білім, мәдениет орталығы. Ұлттық Ғылым Академиясы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты еліміздің этнология, этнография және антропология ғылымының бірден-бір орталығы екені анық.

Қазақстанда қазіргі таңда этнограф ғалымдар саусақпен санарлық десек, солардың бірі осы институтттың белгілі этнограф ғалымы Ахмет Тоқтабай екені рас. әл-Фараби атындағы ҚазМУ Тарих факультетінің «Археология және этнология» мамандығының түлегі Ахмет Тоқтабай жас маман ретінде ғылымға бет бұрған кезінде алғашқы ғылыми зерттеуін  Қожа Ахмет сәулет кешеніне қатысты жазба деректерді саралаудан бастаған. Ол Қожа Ахметтің 8-ден астам жанама (лақап) аты болғанын, Тайқазанның 10 құлағының болуы қазақтың он сан «алаш», «он тулы алаш» ұғымымен байланысты болуы мүмкін деген, батыл болжамын да жасайды. Осы кезеңдерден бері Ахмет Уалханұлының қазақ тарихына қатысты киелі жерлерді, тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихын зерттеуде тынбай еңбек етіп келеді. Сонымен қатар қазақ этнографиясында көп зерттеле қоймаған мәселелерді дөп басып, қазақ еліне ғана емес шет елдерге де танытып, насихаттап отырған ғалымдардың бірі де бірегейі деуге болады.

Ахмет Тоқтабай қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты 130-дан астам нысандарды тұңғыш рет ашып, ғылыми айналымға енгізіп, сүбелі үлес қосқан зерттеуші ғалым.  Атап айтсақ, Төле би кешенін анықтауы, Абылайханның қазақ жерін азат ету үшін соғысқан Ташкент түбіндегі Азатбасы шайқасының орны, Есімхан үйдірген Сантас қорымы, өмір бойы орыспен соғысқан Телқожа батырдың қабірі т.б. Ғалым Ахмет Тоқтабай 300-дей ғылыми-көпшілік мақалалардың, оның ішінде 50 ғылыми мақаланың, 9 монографияның «Түркі халықтарының этнографиясы» (2002), «Түркі халықтарының этномәдениеті» (2006), «Қазақ жылқысының тарихы» (2010), «Қазақ тазысы» (2013), (3 тілде жарыққа шықты), «Түркі халықтарының жылқы мәдениеі» (2015), «Қазақтың киелі жерлері» (2021), «Орта Азия қазақтарының киелі жерлері» (2022), «Конный мир казахов» (2022) т.б., 2 жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған көмекші құралдың, балаларға арналған 7 танымдық  кітапшаның авторы, біраз еңбектері АҚШ, Германия, Франция, Италия, Англия, Түркия, Ресей елдерінде  жарық көріп, бүгінде әлем таныған қазақ ғалымдарының бірі десек қателеспейміз.

Ғалымның еңбектерінің арасында қазақ тарихында белгілі орны бар қазақ биінің Ташкенттің Шайхантаур әкімшілік бірлігінде орналасқан «Қарлығаш би» кесенесінің Төле бидің қабірі, жатқан жері екендігін 1982 жылдың өзінде ақ дәлелдеуі еді. Ғалым этнограф Ахмет Тоқтабай өзбек ағайындар арасында «Қарлығаш би » аталған мавзолейді тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттей отырып, ғылыми құжатын жасайды. Ол ел арасынан кесенеге қатысты аңыз әңгіме, шежірелермен қоса зерттеулерді салыстыра отырып зерттейді.  Өзіне дейін ізденген Орта Азиядағы сәулет өнерінің ірі маманы Г.А. Пугаченкованың бұл ескерткіштің көшпенділердікі екендігі, оның ортаазиялық отырықшылардың архитектурасына мүлдем ұқсамайтындығы, бір камералы күмбезі аспанмен астасып биікте тұрып, алыстан көрінетін шатырлы мавзолейлер көшпенділердікі екендігін, мұндай құрылыстар қазақтарда ХІХ-ХХ ғ. басына дейін жалғасқандығы жөнінде жазған зерттеушінің тұжырымын ғалым –этнограф Ахаң қилы жаугершілік кезеңде халықтың басын біріктіріп басқара білген Төле бидің көрегендігін, тарихи деректермен, ғылыми зерттеулер және ел аузынан жазылып алған мәліметтерімен салыстыра отырып негіздейді (Тоқтабай А. Үйсін Төле бидің бейіті қайда? //Қазақ елі, 1996, 4 қараша). Ол Ташкенттегі «Қарлығаш би» кесенесінің Төле бидікі екенін дәлелдеуде көп ізденеді, Мәскеудегі архив деректерімен,  белгілі зерттеушілердің еңбектерін (М. Тынышпаевтың, Ә.Диваевтың, В.Бартольдтың, Ә. Марғұланмен М.Е. Массонның Төле би кесенесі жөніндегі жазбаларын, И.В. Ерофеева, К. Хафизова, т.б.) талдай отырып нақты деректермен дәлелдейді. Ташкент билігі 200 жыл бойы қазақтардың қолында болғандығы тарихтан белгілі. Төле би Жолбарыс ханмен бірге билік жүргізіп, Ташкент халқынан алым-салық алып отырғандығын архив деректерімен дәлелдейді  (Путешествие русских куп­цов в Ташкент в 1741-1742 годах // Русский архив издаваемый Петром Бартеневым. М., 1888. книга 2. С. 413.) Сондай ақ, қазақ биінің сол жерде қайтыс болғандығын да Ташкент маңайында тұратын қазақтармен Бостандық ауданы  ақсақалдарынан алынған деректермен салыстыра дәлелдейді. Мәселен, бұл кесенеде қазақтың биі Төле бидің жатқанын, Ташкент тұрғыны марқұм Тойбазар Аухауовтың Хақназар заманынан келе жатқан мазарда екі қабір болғанын көзім көрді, -деген дерегін келтіреді. Төле бидің  «Қарлығаш би» деп аталу себебін де инемен құдық қазғандай етіп дәлелдейді. Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында сақталған Байболов Қазанқаптың «Төле би тарихы» дастанымен ел аузында жатталып қалған әртүрлі аңыз әңгімелерді салыстыра отырып талдайды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтар жаудан үрке қашқанда, Төле би ұя салған қарлығаштың ұясын бұзбайын деп орнында отырып қалған десе, «Төле би тарихы» дастанында  Төле биге жоңғар қонтайшысының жаушылары келіп, сені хан көшсін деп жатыр дейді, сонда би: «ата-бабамыздың әдеті бойынша шаңыраққа ұя салған қарлығаш балапандарын ұшырғанша көшпейді, мен ол салтты бұза алмаймын, ханыңа айта бер», -деген екен. Бұл сөзге жоңғарларда тоқтап, жақсы дәстүр екен деп, тиіспеген екен. Осыдан кейін Төле бидің абыройы халық алдында бұрынғыдан да өсіп, «Қарлығаш би» аты тек қазаққа ғана емес өзбек, тәжікке де тарағандығын айта келіп, кесененің Төле бидікі екендігін дәлелдейді. Сонымен қатар Төле биге қатысты жер атаулары, табиғи нысандар: Шынар ағашы, ат байлайтын Аршасы, т.б. жөнінде ел аузында қалған шежіре аңыздарды келтіре отырып жазады. Бір сөзбен айтқанда бүгінде көршілес елдің иелігінде қалған мұрамызды жоқтап, оны «Қарлығаш би» деген атпен жергілікті халықтың санасына сіңіп бара жатқан тарихи тұлғамызды қайта тірілтті десек қателеспейміз.

Ғалым А. Тоқтабай тек Төле биді ғана емес, Өзбекстан жерінде жатқан Самарқанд қаласы Дагбит қыстауындағы Әйтеке бидің бабасы Жалаңтөс батыр Сейтқұлұлының қабірін, оның Самарқандта салған ғимараттарында зерттеп мақалалар жазса, 1999 ж. Өзбекстанның Бұхара облысы Нұрата ауданындағы  Әйтеке бидің де бейітін зерттеу нәтижесінде Әйтеке, Төле  мен Қазыбектің нақты өмір сүрген жылдарын анықтады.

Ахмет ағамыздың көрегенділік қасиетінің ұтымдылығы сонда, ол қазақ этнографиясында зерттелмей жатқан мәселелерді дөп басуында деуге болады. Ол бір кездері қазақтың жаз жайлауы, қыс қыстауы болған ата-баба жеріндегі киелі жерлер мен қазақ тарихына қатысты деректерді соңына түсіп іздеу арқылы да қазақ тарихы мен этнографиясына үлкен үлес қосқан ғалым деп, ауыз толтырып айта аламыз. Мәселен, ол Ташкент қаласындағы Сіргелі аталатын аумағында (қазақтың сіргелі руы атындағы қоныс) «Ханабад» атты ортағасырлық сарайдың орны, Ташкенттен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Ангрен маңайында «Күлтөбе», «Қырық қыз», «Күшілік ауылы», т.б. жерлердің қазақ тарихымен байланыстылығы жөнінде жазады. Ақиқатында, Ташкент 200 жылдай (1598-1784 жж.) қазақ хандығының басты қаласы болғандығы белгілі. Мәселен, Ангрендегі Күлтөбе деген жерде қазақтың үш жүзі бас қосып кеңесетіндігі жөнінде М. Тынышпаевта өз еңбегінде жазады, сондықтан халық аузында «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген нақыл сөз қалып қойған. Сол сияқты Бостандық ауданындағы Азатбасы өзені мен Азатбасы ауылының (қазақтар тұратын елді-мекен) Түйетау таушығының қазақ тарихы үшін маңызы ерекше, себебі, Абылай хан қазақ жерін азат етуді Ташкенттен бастап, жоңғарларды ығыстыра отырып, Шыршық өзенінің маңына тықсырып, шешуші жеңіске жетеді, сондықтан қазақтар бұл жерді Азаттықтың басы деп атаған, бүгінде бұл жер «Азадбаш» деп аталады.

Ташкент қаласындағы қазақтың ру-тайпаларымен аталатын көне мешіттер: Қойлық ата (Ұлы жүз ысты руының), Сүзек ата (ошақты), Шымыр ата (дулат), Зеңгі баба (жалайырлардың), сондай ақ,  Қазақмазар, Жыланды ата, Жалаңаш ата, Шопан ата т.б. көнеден келе жатқан әулиелі мекендер орнына барып зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде «Орта Азия қазақтарының киелі жерлері» (2022) атты монографиясын жарыққа шығарды. А.Тоқтабай ағамыз қазақ халқының мәдени мұрасын зерттеуші ғана емес жоқтаушысы деп айтсақта қателеспейміз. Ол тек шет жерлердегі киелі жерлерді ғана емес, қазақ халқының ұлы тұлғалары, мәселен, С. Рахимовтың қазақ екендігі жөнінде де зерттеп, халыққа қазақ екендігін дәлелдеді. Біз мұнда тек шет жерлердегі қазақ тарихы мен мәдени мұрасына қатысты  еңбегін ғана саралап жатырмыз, оның «Жылқы культі» еңбегі тек елімізде ғана емес, шет елдерде қызығушылық тудырып,  үлкен бағасын алған еңбек. А. Тоқтабайдың тарихи-этнографиялық зерттеулері жан-жақты, сан-салалы. Елімізге белгілі ғалым, тарихшы-этнограф ағамызды мерей тойымен құттықтай отырып, қаламыңыз мұқалмасын, еңбегіңіз жемісті, отбасыңыз аман болсын дейміз.

әл- Фараби атындағы ҚазҰУ, Археология, этнология және музеология кафедрасының  профессоры, тарих ғылымдарының докторы Б.К. Қалшабаева

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273