Бейсенбі, 22 Тамыз 2019
Жаңалықтар 1332 0 пікір 5 Сәуір, 2013 сағат 05:38

Ерлан Төлеутай: «Дәстүрін сақтаған халыққа Құдай да болысады»

 

- Ерлан, қазіргі кезде жалпы қазақ өнері, оның ішінде музыка өнерінің алуан-алуан толғағы баршамызды толғандырар көкейкесті тақырыптарының біріне айналды десек қателеспейміз. Мәселенің мұндай алабөтен сипат алуын қалай түсіндірер едің?

 

- Ерлан, қазіргі кезде жалпы қазақ өнері, оның ішінде музыка өнерінің алуан-алуан толғағы баршамызды толғандырар көкейкесті тақырыптарының біріне айналды десек қателеспейміз. Мәселенің мұндай алабөтен сипат алуын қалай түсіндірер едің?

- Бұған бір жақты жауап беру қиын. Бұл өзі айтыла-айтыла көтеріле-көтеріле жауыр болған тақырып. Журналистер, өнертанушылар, ұлт өнерінің жанашырлары бұл мәселені көтерудейін көтергенімен Үкіметіміз селт етер емес. Қазіргі уақытта қазақ қоғамына, анығы мемлекетімізге идеологиялық тұрғыдан төніп тұрған бірнеше үлкен қауіптер бар. Біріншісі - ол Қазақстанның шетелдік діни экспансия құрсауында қалуы. Дін жөнінде өте шиеленісті жағдайға жеткенімізге кейінгі кезде елімізде орын алған оқиғалар дәлел. Бұған тоқталатын болсақ әңгіме ұзап кетеді... Екіншісі, елімізде үнсіз жүріп жатқан ақпараттық майдан. Ақпараттық соғыстың мемлекет үшін, оның мемлекет түзуші жұрты қазақ халқы үшін өте қатерлі жағдайға жеткенін мына деректерден көруге болады. Мәселен Қазақстанға тарайтын 4200-дей газет-журнал мен 240-тай теле-радионың 90 пайызы орыс тілінде, 6 пайызы басқа шетел тілдерінде, тек 4-5 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Қазақстанның өз ішінде 2320-дан аса басылымның 450-дейі ғана мемлекеттік тілде шығады екен. Бұл көрсеткіш те өкінішке қарай Қазақстанда шығатын қазақша басылымдардың 4- 5 пайызын ғана құрап отыр. Елімізде қазақ халқының үлес салмағы 65 пайыздан асып бара жатқанын ескерсек, бұндай бөгде тілдік ақпараттық тасқынның астында қалуды Қазақстанннан басқа бірде бір мемлекет басынан кешіріп отырған жоқ.

- Еліміздегі музыка өнерініндегі қалыптасып отырған   ахуалға шетелдік бөгде тілдік ақпарат тасқынымен байланысты дегің келеді ғой.

- Иә, проблеманың бір ұшы осында жатыр. Өйткені қазіргі 15 пен 35 жас аралығындағы жастарымыздың Ресейлік және батыстық ақпараттық экспансиясының құрбаны болғандығын көзіміз көріп отыр. Жастардың бұл толқыны Біржан сал мен Мұхиттың, Ақан сері мен Балуан Шолақтың, Құрманғазы мен Тәттімбеттің әндері мен күйлерін тыңдамақ түгілі, олардың атын да жөндеп білмейді. Яғни, қазіргі қаптаған шетелдік және отандық телеарналар жаппай батыстық өмір сүру салтын күні-түні насихаттап, жат мәдениетті асқан жымысқылықпен біздің жастарымыздың санасына сіңіруде. Оларға еліміздің тарапынан «Бұларың масқара ғой, бізден ұялмасаңдар да Құдайдан ұялсаңдаршы, қойсаңдаршы» деп отырған ешкім жоқ. Бұлардың даңдайсығаны соншалық, тобырлық мәдениетке негізделген, өскелең ұрпаққа өте қауіпті жілігі татымайтын көкежасық жобаларын Қазақстан телеарналары арқылы насихаттауға көшті. («Super Star», «Екі жұлдыз», «X-factor», «Мамма мія», «Давай поженимся» т.б.) Сөйтіп, жастарымызды ұлтының тарихи жадынан ажыратуға білек сыбана кіріскен бұл жобалар, жат пиғылдар өз мақсаттарына жетіп қалғандай. Өйткені, қазірдің өзінде әбден мәңгүрттенген, маргиналданған еліміздің бір топ «өнер жұлдыздары» мемлекеттік телеарналардан көрермен санасын сансырататын ию-қию шоулар ұйымдастырып, теледидар төрінен халқымызға төрелік айтып, жөн сілтейтін деңгейге жетті. Бір сұмдығы - бойында отаншылдық сезімі жоқ, есіл-дерті коммерциялық мақсатты көздейтін осындай нигилист-өнерпазсымықтардың  ықпал етумен отандық теле-радиоларымызды тобырлық мәдениетке құмар жастар аудиториясына бейімдеу үрдісі байқалады. Бұрын Сағат Әшімбаев, Ақселеу Сейдімбек, Қадыр Мырзалиев, Шерхан Мұртаза т.б. қайраткер ағаларымыздың ұлтты ұйыстыруға негізделген, мемлекетшіл ой-пікірлері көрініс табатын теле-радиоларымыз бір тоймен бір тойдың арасына жүгіріп жүрген эстрада әншілері мен екі ауыз сөздің басын қосып ой түйе алмайтын асабасымақтардың қолына көшті. Теледидар мен радио үшін бұдан асқан сорақылық бола ма?! Соңғы жиырма жыл бойы ақпараттық соғыс тасқынының астында қалып, рухани контузия алып шыққан адамзаттық, ұлттық құндылықтармен қаруланбаған біліксіз, өресіз буынның мемлекет идеялогиясына қол сұға бастағанын, биліктің басқару тетіктеріне қолдары жете бастағанын көріп отырмыз. Бұның соңы мемлекет үшін орны толмас өкініштерге алып келуі мүмкін. Өйткені, жат мәдениеттің ықпалында өсіп-өнген маргиналданған, мәңгүртенген, оның үстіне тобырлық мәдениеттің шылауында жетілген міскіннен ешқашан да мемлекетшіл тұлға шықпайды, ол ешқашанда өз ұлтының арман-аңсарын түсіне алмайды, ешқашанда ұлт руханиятына күзетші бола алмайды. Мұндай тоғышар пенделер барлық құндылықтарды шоу деңгейінен арыға көтере алмайды.

- Мәдени рухани құндылықтарымыздың мұндай деңгейге дейін құлдырауына не себеп? Бұл үрдіс қашан, қалай басталды? Тереңдетіп, тарата айтып берсең.

- Өнер тарихының  беттеріне үңілсек, мұның алғашқы нышаны  өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біліне бастағанын байқаймыз. Осы жылдары жарық көрген әндерге сол заманның тыңдаушы қауымы: «сөзі қазақша, әуені орысша» деп баға бергеніне сол кездегі баспасөз беттері куә. Ал еліміздің музыка қайраткерлері сол уақыттың өзінде-ақ  музыканың ұлттық сипаттан ажырап бара жатқанын айтып дабыл қаға бастаған-ды. Мәселен, бір өзі қазақтың екі мыңдай ән, күйін жинаған көрнекті музыка қайраткері Борис Ерзакович 1988 жылы мәдениеттанушы Әлия Бөпежановаға берген сұхбатында: «Жастар шығармаларының көпшілігі әзірше ұлттық болмыс сипаттан ада, дүбәралау болып келеді. Мұның басты бір себебі: ондай шығарма авторларының қазақ халқының бай ұлттық музыка өнерінен сусындамағандыған. Ең алдымен халықтық музыканы бойға терең сіңірмей тұрып, бүкіл адамзаттық туынды жазам деу бекершілік» - деп алаңдаушылық білдіре айтқан болатын. Бұл алаңдаушылық негізсіз емес еді. Сол кездің өзінде Ресейдің жоғарғы музыкалық оқу орындарын, тіпті, мына өзіміздің Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны тәмәмдаған кәсіби композиторлардың барлығы дерлік еуропа музыкасы үлгісінде әндерді дүниеге әкеле бастады. Бірақ мұндай космополиттенген композиторлар жазған ол шығармалардың көпшілігі ұлт жүрегінен орын ала алмағандықтан, уақыт сынынан өте алмады; бұқаралық сипатқа ие бола алмай кезеңдік музыка көрінісі ретінде уақыт көшінен қалып қойды.

- Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, еліміз тәуелсіздік алуына байланысты ұлт музыкасының сауығуына қолайлы жағдай туды емес пе?

- Иә, оныңыз рас. Тәуелсіздік алған соң, жалғыз музыка емес, ұлт руханияты мен мәдениетіне қатысты барлық салада сауығуға  қолайлы уақыттың келгендігінің нышандары сезіле бастады. Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай», «Сарыарқалары» осы кезеңде аспандады, Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлері ел жүрегін елжіретіп, халқымыздың ұлттық музыканы тосаңси бастаған құлағын қазақы бояуы келіскен, тотыдай түрленген алуан үнді қоңыр дыбысқа қарық қылып тастады. Сахнаға «Күлдір, күлдір күреңін кісінетіп» Бекболат Тілеухан, көңілашар күйлерімен көңілдің хошын келтіртіп Айгүл Үлкенбаева, «Салған әні сырнайдай» Жанар Айжанова т.б. шықты. «Жігіттің сұлтаны» республикалық байқауы баяғының жігіті, елімнің үміті болам дейтін ер көңілді жастардың талабына дем берді. Республикалық ақындар айтысы дүркіреп өтіп жатты; «Наурыз» тойы сияқты мерекелердің бұқаралық сипаты күшейе түсті. Республикалық теледидар мен «Қазақ радиосы» осы жақсылықтардың жаршысы бола білді. Эфирлерден ел ұйқыға кеткенше ұлттық құндылықтар насихатталатын заман туды. Өнерпаздар еңсе көтеріп, елдің туын көтере бастағандай еді.

Бірақ бұл жарқын кезеңнің дәуірі ұзаққа созылмады. Қазақтың ел болғандығын, Қазақстанның ұлттық республикаға айналғанын қаламайтын шовинистік, нигилистік кертартпа күштер қарап жатпады. Олар тасқындай түскен ұлттық рухтың арынын басатын амалдар іздей бастады. Ондай альтернатива тапты да. Соның алғашқы «қарлығашы» - «Азия дауысы» болды. Олардың «А-а-а-а-аз-ия да-а-а-у-сы» деп кекештене жарты дүниеге жар салған сақау жарнамасы қазақ музыкасын аздыруға, ұлт музыкасын тоздыруға жасалған  алғашқы адым еді. Кейін осы сақау жарнамадан басталған «халықаралық» байқаудан қаншама мақау әнші «өнер әлеміне» жолдама алды десеңші. Жарнамасына дейін сақау сөйлетіп жаман ырыммен келген «Азия дауысы» өміршең бола алған жоқ. Бірақ өз тыңдарманын тауып, ұлттық сипатта дамуға және жетекші рөльге ие бола бастаған қазақ музыкасына есеңгірете соққы беріп үлгерді. Кейін осы соққылардан оңала алмаған қазақ музыкасы тобырлық музыканың алдында тізе бүкті.

«Бір қызымнан бір қызым әм сорақы» дегендей, «Азия дауысының» орнын  жастарға арналған «Жас қанат» конкурсы басты. Бұларға құйылған қаржыда қисап болмады. Отандық телеарналар осы конкурстарды күндіз-түні насихаттады. Бұл байқаулардан кейін ылғи қызтеке дауысты жастарды жеңімпаз қылуды мақсат еткен «Супер стар» деген сұмдық шықты. Қойшы, әйтеуір бұларға тамырын сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан тартатын, Әміре Қашаубаев, Құрманғазы атындағы республикалық ән, күй конкурстары астар болуға жарамай қалды. Қысқасын айтқанда, айналдырған аз жылда осындай ұлттық, мемлекеттік мүддеге қайшы шетелдік тобырлық мәдениетті ту етуші жымысқы жобалар ұлттық музыкамызды тұғырынан тайдырып, жеңімпаз күшке айналып шыға келді. Гитлердің марш екпінді музыкаларды жүйелі түрде пайдалану арқылы айналдырған бес-алты жылдың ішінде неміс халқынының авангардынан қанқұйлы фашистер «тәрбиелеп» шығарғанын білеміз. Ал сол біз кінәләп жүрген Гитлердің қолданған марш екпінді музыкалары қазіргі жастарымыздың тыңдап жүрген музыкасына астар болуға жарамайды. Мәселен Гитлер атақты неміс классиктерінің бірі Вагнердің әуендерін қолданған. Сондықтан бұл орайда біз Гитлерден де асып түстік. Біздің жастарымыздың тұтынып жүрген музыкасы Гитлердікінен әлдеқайда қауіпті, әлдеқайда қиратушы күшке ие, зұлым да, құбыжық музыка.

- Тобырлық өнер түрлерінің осыншама түрленуі мен гүлденуінің себебі неде деп ойлайсың?

- Біз құндылықтардың құны кеткен заманда өмір сүріп отырмыз. Тәуелсіздігімізді алған кезден бастап, Үкіметіміз барлық ресурстарды еліміздің экономикасын өрлетуге жұмылдырды. Рухани құндылықтарымыз жылдар бойы қараусыз жатты. «Бақпасаң мал кетеді...» дегендей құндылықтарды қандай жағдайда болсын бағу керек, қарау қажет. Бағу, қарау жеткіліксіз, мәпелеу керек. Бізде осының бірі болмады. Сол кезде тобырлық мәдениет ұрық шашып, бақшаға қаптап кеткен арам шөптей қаулап өсіп кетті. Шу алқабында ие бермей өсіп жатқан есірткі шөбі сияқты, онымен де күресу мүмкін болмай барады. Осылайша жасанды өнерпаздар қаптады. Байқап отырғанымыздай тобырдың өзінің әншісі, өзінің ақыны, өзінің композиторы, өзінің журналисі, өзінің продюссері, өзінің режиссері, өзінің әсіредіншілі, өзінің көрермені болады екен. Бажайлай қарасаңыз, аз жылда еліміздің мәдени кеңістігінде олардың мызғымастай, берік жүйе құрып үлгергенін аңғарасыз. Ең сұмдығы рухани құбылыстар жасауға қабілетсіз (адамзаттық, ұлттық құндылықтармен қаруланбаған соң қайдан қабілет болсын.) осы буын руханият пен мәдениеттің тұтқаларына ие болып жатыр. Бірақ олар өздеріндегі тобырлық сана деңгейімен қазақ мәдениетін ешқашан ұшпаққа шығара алмайтынын ескермейді.

Сонда біз ең жауапты майданның тізгінін кімдерге беріп жатырмыз? Мен таяуда Түркия қазақтарынан бір қызық әңгіме естідім. 1950 жылдарда Қытай билігінен қашып, үркіншілікке ұшыраған қазақтар Тибет арқылы Үндістан асқаны белгілі. Индия жеріне арып ашып барған қазақтар жергілікті үкіметпен келісіп, Түркияға өту мәселесі шешілгенше аз-кем аялдап, ес жияды. Сонда бұлар күнделікті азыққа қой соятын болса керек. Бұлар мал сойып жатқанда маймылдар жақын келіп, тал арасынан баспалап қарап тұрады екен. Бірде қасапшылар мал сойған жерде пышағын ұмтып кетеді. Сонда не болған дейсіз ғой. Әлгі маймылдар өзара жиылысып, «ақылдасып» іштерінен бір миғұланы «құрбандық» болуға келістіріпті. Сөйтіп, әлгілер бір маймылдың аяқ қолын жіппен шандып байлап, тамағынан пышақпен орып жіберіпті. Осылайша маймылдар іштерінен бірнеше маймылды құрбандыққа «шалыпты». Әрине, маймылдар не істеп жатқанына есеп бере алмайды. Өйткені  адамдардан көргенін істегенмен оларда адамдық сана жоқ. Біздің руханиятта қалыптасып отырған ахуал да осы маймыл тірліктің ар жақ бер жағындағы шаруа болып отыр. Қазіргі шоуменге айналып, супер жұлдыз атанып жүргендер де осы маймылдар сияқты, ең асыл құндылықтарымызды құрбандыққа шалып, қазақ мәдениеті үшін өлшеусіз зардаптар әкеліп жатқандығына есеп бере алмайды. Өйткені оларда ұлттық рух жоқ, рухани сана, зиял кемшін. Ұлт руханиятына жетекші болу үшін туған халқыңның парасат биігін меңгеруің керек. Бұл майданда комерциялық бақай есепке орын жоқ. Өкінішке қарай, тізгініне  орыс тілді тобырлық мәдениет өкілдері ие болып алған еліміздегі мәдени жобалардың барлығы дерлік комерциялық мақсатты көздейді.  Ащы ақиқаты осы.

- Ерлан, жасыратыны жоқ, кейінгі кезде домбырамен ән айтатын өнерпаздарымыздың бойынан да жігерсіздік байқаймыз. Неге қазір арамызда Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов сияқты өнерпаздар жоқ.

- Қазақтың музыкалық мәдениеті жеңілген мәдениет. Жеңілгенде дүниежүзілік классикалық мәдениеттен жеңілсе арман жоқ қой. (Құдай оның да бетін аулақ қылсын) Үш жүз жыл бойы ойран салған отаршылдардан жеңілмеген, қайта жетілген мәдениетіміз айналдырған аз жылда тексіз-затсыз афро-американдық тобырлық музыканың шапқыншылығына төтеп бере алмай жеңіліп отыр ғой. «Көпте ақыл жоқ, сондықтан ебін тауып жөнге сал» демей ме, Абай жарықтық. Күні-түні «Өнердің төресі осы» деп тележәшік біткен үздіксіз насихаттай берген соң, байғұс бұқара қайтсын, шұбырып шуылдақ музыканың соңынан еріп жүре берді емес пе. Олардың бетін бермен қарату үшін «сендердің көретіндерің мынау,тыңдайтындарың мынау» дейтіндей ұлттық нақышы мол, нәзік талғам қалыптастырарлықтай текті дүниелерімізді толайым ұсына алмадық. Абай айтқандай «ебін тауып жөнге сала алмадық». Шетелдік жарқылдақ, жырқылдақ дүниені көре берген соң, дарылдақ даңғазаны тыңдай берген соң, жат мәдениеттің салқыны бойын алған ұлттың бойында төл өнерін қор сезіну комплексі пайда болады. Сөтіп басқаны зор, өзін қор санады. Осындай психологиялық дерт меңдеген қазіргі жастарымыздың бойынан өз ұлтын өгейсінуді, қорсынуды байқаймыз. Бұл - ұлттық құндылықтар жат мәдениеттен жеңілгенде пайда болатын келеңсіз құбылыс. Жастар түгілі, қазір жоғары лауазымды шенеуніктер мен кекірік атқан тексіз байлар мәңгүрттенген балаларының үйлену тойында қос тілді (қазақ, орыс) тілді тамада жалдайды, шетелден, көрші Ресейден өз элитасы тыңдауға арланатын поп музыка жұлдыздарын шақырады. Олардың бақырып, шақырғанын өнер деп ұғатын өзіміздің намыссыз қандастарымыз сандарын шапаттап мәз болады. Шетелдік поп жұлдыздар болса, надан, мәңгүрт қазақ байының қалтасын қаққанына мастанып елдеріне қайтады. Қазақтың тойын орыс басқарған сұмдықты көріп пе едіңіз?! Мұндай масқара бәріміз ағаш атқа мінгізіп жүрген Кеңес заманында болмаған еді. Ол кездегі үлкен қалалардағы орыс тілді қазақтардың өзі тойларына міндетті түрде қазақ тілді асаба жалдап, қазақша өткізетін. Өздері орысша сөйлегеніне қорынып, тойшыл қауымнан кешірім сұрайтын. Ал қазір бәрі керісінше. Бір сұмдығы ит басына іркіт төгілген әлгі тойларда қазақтың домбырасына орын жоқ. Кеңес кезіндегі «Тамаша» шын мәніндегі «Тамаша» еді ғой. Оның астарлы, ойлы, қазақы әзілдері өз алдына, ондағы домбырамен ән салатын, күй тартатын өнерпаздарды тыңдаудың өзі бір ғанибет еді. Қазір «Тамаша» сияқты әзілкештер театры елімізде ондап саналады. Бірақ олар да қазақтың домбырасын ата жауындай көреді; домбыра ұстағандарды маңайларынан жүргізбейді. Ол жігіттер домбырамен араз болса да, намысы араз болмау керек еді. Домбыра деген қазақтың намысы ғой. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, елімізде өтіп жатқан мемлекеттік мерекелік шараларда домбырамен ән айтылмайтын, күй тартылмайтын болып барады. Бәрінде сол безек қағып жүрген фонограмашыл «эстрада жұлдыздары». Сондықтан бүкіл ұлт болып өзінің домбырасынан сырт айналған соң, бүтін бір мемлекет төл өнерін күресінге тастаған соң, бір сөзбен айтқанда, домбыра кеңістігін, оның халыққа шығар өрісін қасқана тарылтып, фонограммашыл әншісымақ қауымға алып берген соң, Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов сияқты әншілер қайдан шықсын. Әнші шығармашылық бабында болу үшін сахнаға жиі шығу керек. Әйтпесе қарайып, шығармашылық бабынан айырылып қалады. Бапсыз, бақсыз, айында-жылында ел алдына бір шығатын, тыңдарманы жоқ жетім әншінің бойында қайдан жігер, қайтіп жалын болсын. Қайрат Байбосыновтардың жоқтығы осыдан. Олардың орнын тайтаңдаған жұлдыз апалары еркелетін басқа Қайратиктер мен Нұржанчиктер сияқты тобырлык музыканың өкілдері: Түнтеков басты.

Осындайда ойыма біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші ғасырда ғұмыр кешкен қытайдың ұлы тарихшысы Сыма Цяньның халық музыкасы жайында айтқан ғажап пікірі еске түседі: «Егер ән-күй нәзік те сазды, тосын да толғамды болса, онда халықты ой мен мұң басқаны; егер ән-күй ерке де еркін, сабырлы да сазды болса, онда халықтың көңіл күйі жақсы; егер ән-күй шамырқана ширығып, бас шағы шырқай көтеріліп, соңы шабытты сезіммен көтерілсе, онда халықтың сенімі орнықты болғаны; егер ән-күй бір сарынды, толғамды, есті, сезімі терең болса, онда халық қанағатшыл және сый құрметшіл; егер ән-күй жаныңды жадыратып, көңіліңді көтеріп, сұлулыққа іңкәр етсе, онда халықтың мейірімді де сезімтал болғаны; ал егер ән-күй апырықтаған, ардың гүрдің, әлем жәлем болып, бойыңды еліктіріп әкетсе онда халықтың азғындыққа салынып, аласапыран күй кешкені» Осылардың ішінде қазақ халқы әрине ғұламаның соңғы айтқандарын басынан кешіріп отырғанына ешкім шүбә келтіре қоймас.

- Осындайда бір сұрақ туындайды. Неге домбырашы өнерпаздар бастары қосылып, өздері талап қылмасқа. Мәселен ән кештерін өткізіп дегендей.

- Ондай талаптар бар. Мәселен екі жылдың жүзі  болды, жастардың «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі Біржан салдың, Ақан серінің, Мұхиттың, Жаяу Мұсаның, Үкілі Ыбырайдың ән кештерін өткізіп үлгерді. Алдымыздағы қазан айында Балуан Шолақ шығармашылығына арналған ән кешіне дайындалудамыз. Осы игі істеріміз жайында бас газетіміздің бетінде өзіңіз де бірнеше мәрте жаздыңыз. Бірақ, Балуан Шолақ сияқты халқымыздың біртуар өнерпазының кешіне демеуші таппай пұшайманбыз. Міне, осы кештерді ұйымдастыруда ненің куәсі болмай жүрміз дейсіз? Өткізетін сарайымыздың арендасынан бастап, жасайтын жарнамасына дейін өз қалтамыздан қаржы шығаруға мәжбүрміз. Кешті өткізу, ұйымдастыру жұмыстары бірлестіктің төрағасы Арман Әубәкір мен оның пікірлес серіктері Нұрлан Наурызәлі мен Ардақ Беркімбай сияқты отты, жігерлі жігіттердің мойнында. Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали сияқты майталмандар ән кешінің репертуарын жүйелейді, әншілерді баптайды. Менің мойнымда кештің сценарийі мен жүргізуі. Осы ән кештерін ұйымдастыруда қай мекеменің есігін қақпадық дейсіз. Көптеген мекеме басшылары, тіпті отандық телеарналардың басы қасында жүргендер домбыра десе кірпідей жиырылады. Кейбірі сұлу сыпайы шығарып салып жатады. «Адырна» жастардың шығармашылық бірлестігі болғандықтан мұндағы біздің көмекшілеріміздің барлығы білімді, ояу жастар. Қуантарлығы - осы жастар халық музыкасын жанындай жақсы көреді және көбінің қалам қайраты бар журналистер. Осы жастарымыз кешті ұйымдастыру барысында қабат-қабат тосқауыл, кедергілердің куәсі болып жүр. Келеңсіздіктермен, кедергі, бөгеттермен бетпе-бет келе берген соң олар да қарап жүрмей, еліміздегі мәдениет саясаты туралы ақпарат, дерек, дәйек жинай жүреді. Сөйтсек, ұлттық музыкаға Үкіметіміз мардымсыз болса да қаржы бөлетін көрінеді. Бірақ бұл қаржылар ұлттық музыканы өркендетуге жұмсаймыз деген желеумен әлдебір ысқаяқ, пысықтардың көмейінен өтіп кетіп жатқан сияқты... Сонда да болса, ұйымдастырған кештерімізге көрерменнің көп келетіні қуантады. Осыған қарап, қазақтың ұлттық классикалық музыкасына сұраныс жоқ деген қауесеттің әдейі шығарылған миф екеніне көзіміз жеткендей. Кешімізге келген көрерменге қарап шүкіршілік қыламын. Мұнда кім жоқ дейсіз? Еңкейген кәрі мен кішкентай бүлдіршіндер, орыс тілді қауым, студент жастар. Соған қарағанда қазақ қоғамында тобырлық мәдениеттің ықпалына ешқашан түспейтін, рухани имунитететі мықты, төл өнерін ардақтай алатын бекзада, текті қауымның қоры үзілмек емес деген ойдамын.

- Дұрыс айтасың, Ерлан. Өйткені, қазақтың ұлттық рухының негізі оның әнінде, ұлттық музыкасында жатыр емес пе? Ұлтының ән-күйін, музыкасын сүймейтіндерде ұлттық намыс та кемірек болатын шығар?

- Әрине, солай. Содан шығатын басқа да тексіздіктер толып жатыр. Тақауда атақты әнші, композитор Жарылғапбердінің Алматыда тұратын жиені, ұзақ жылдар бойы ағартушылық салада қызмет істеген зейнеткер әжей маған қоңырау шалып, Баянауылда Жарылғапбердінің басы қарайтылғанын, құран оқытылып, ас берілгенін айтты. Сосын бір телеарнадан Баянауылда Жасыбай көлінің жағасында жын ойнақ жасалып жатқанын, ел азаматтарының бұл сұмдыққа неге жол беріп отырғанына қынжылысын білдірді. Неге мұндайға жол бересіңдер деп ренішін жеткізді. Қатты қысылып қалдым. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, еліміздің үлкен қалаларында жасалатын «жын ойнақтың» аядай Жасыбайда қайдан «тап болғанын»  жалма-жан анықтауға көштім. Сөйтсем, жыл сайын Баянауылдың Жасыбай көлінің жағасында эстрада жұлдыздарының фестивалін дәстүрлі түрде өткізу жолға қойылыпты. Еліміздегі тобырлық мәдениеттің туын көтерген кілең «жұлдыз», қалың сайқымазақ, өңшең «фанершик» (фанершик - фонограммамен ән айтатындарға жұрттың  берген «атауы») атаулы жыл сайын Жасыбайдың жағасында бас қосып, ала жаздай киелі мекеннің айналасын азан-қазан у-шу қылатын болыпты. Жергілікті жұрт осыған наразылық білдіруде. «Әлкей Марғұлан, Шәкен, Кәукендер тірі болса, арызымызда айтар едік, «тоқтатыңдар, мына жын ойнақты» дер едік деп қамығады баянауылдық қария. Әлгі жын-ойнақ басылып, «жұлдыздар» жайына кеткен соң, соңдарынан шашылған қоқыстан басқа ештеңе қалмайтын көрінеді. Осындайда ой туады. Баянауыл - ұлттық табиғи қорық деген статусы бар мемлекет қорғауындағы ерекше экологиялық аймақ болып саналады. Баянауыл ұлттық паркі - жын ойнақ жасамақ түгілі кірген шыққан туристер аяғын аңдап басатын айрықша рекреациялық аймаққа жатады. Сонда мемлекеттік қорғаудағы парктің төрінде жыл сайын дүрліктіріп «жұлдыздар фестивалін» өткізуге кім рұқсат беріп отыр деген сауал көлденеңдейді. Жарайды, бұл жер экологиясы: тапталған шөп, сынған бұта өседі, сындырылған бөтелке мен төккен қоқыс жерге сіңеді, борсыған көл қайтадан қалпына келеді деп өзімізді жұбатайық. Ал жан экологиясын қайда қоямыз? Көлдің жағасы халқымыздың небір аяулы тұлғалары мәңгілік тыныс тапқан көне қорым екендігі белгілі. Мұнда жоңғар шапқыншылығы кезінде кеудесін оққа төсеп өлген Жасыбай батырдың сүйегі жатыр. Қалмаққа «таң атырып, күн шығармаған» (Мәшһүр Жүсіп) Олжабай батырдың үрім-бұтағы осында жерленген. Халқымыздың аяулы перзенттері: Жаяу Мұса мен Әлкей Марғұланның ата-бабалары осында жатыр. Тіпті даңқты ақын Олжас ағамыздың атасы ұзын Сүлеймен осы көлдің дәл жағасындағы қорымға қойылған. Міне, осы көне қорымның үстінде қазіргі заманның обал сауапты, білмейтін, аруақ, кие деген ұғымдардан айылын жимайтын «өнер жұлдыздары» тайраңдап би билейді, шалықтап ән айтады. Арақ, шарап, сыра, сусын ішкен, даңғаза музыкаға еліріп, көздері тұманданған, есірік буған, зәр қысқан жұрт киелі қорымның айналасына барып дәрет сындырады... Олардың ұғымынша, ісләм дінінде аруақты адам, киелі жер жоқ.  Сондықтан иен далада мүлгіп тұрған батырлар мен әулие әнбиелер жерленген мазар, қорымдарының түк қасиет, кепиеті болмайды-мыс. Соңғы жылдары саналарын уахабтық идеология сансыратып жіберген жас ұрпақтың көпшілігінің түсінігі осы. Қазақ дүниетанымына қайшы, қасиетті сезімдерден ада. Өткенде Лондон олимпиадасында қазақ спортшыларының күрестен бірде-бір алтын олжалай алмағанының куәсі болдық. Көрермен жұртшылық спортшыларымыздың (бокс пен күрес) бойында рухтың жоқтығын айтуда. Мамандар күрес өнеріне ғылыми тұрғыдан келу керек деп дабыл қағуда. Иә палуандарымыздың көздерінде от, бойларында рух, ауыздарында аруақ жоқ. Ежелден қазақтың жекпе-жек өнері мен аруақ ұғымы егіз ұғым. Баяғының батырлары жекпе-жекке шығарда, өнерпазы топқа түсерде аруақ шақырады. Аруақ сөзінде қазақтың ұлттық кодының кілті тұр. Егер сен шын жаннан кешіп, Алаш үшін, ел намысы үшін іс қылар болып, қиналған сәтте аруақ шақырар болсаң - ол кілт ашылады, сені тылсым күштер демейді, рухтар жебейді. Аруақ - ісләм дінінен бұрын пайда болған, мыңдаған жылдар бойы халқымызбен жасасып келе жатқан қасиетті ұғым. Осыдан 300 жыл бұрын (1712 - 1713 жылдары ағылшын барлаушылары вахабизм ағымының негізін салды) ағылшын арнайы барлау қызметі ісләм мәдениетінің жасампаз күшін әлсіретіп, мұсылман мемлекеттерінің алауыздығын күшейту үшін дүниеге әкелген вахабизм сияқты арабтық-ағылшын-американдық тоталитарлық жасанды діни секталар еліміздің  діни күштерімен ауыз жаласып алып, халқымызды кие-қасиеттерінен, бір сөзбен айтқанда аруағынан айыруда. Осы дерттердің түп төркіні елімізге дендеп кіріп, ел жастарын рухани дімкәстікке ұшыратқан тобырлық мәдениеттің толассыз шабуылында жатыр. Алайда оған қарсы майдан ашуға, «рухани басқыншыларды» елімізден қуып шығуға ешкім белсенер емес. Ұлттың жаны (ділі деп түсініңіз) үш бірдей рухани қамалдың ішінде өмір сүреді. Ол ұлттың төлтума музыкасы - ағзаның терісі қызметін атқарады. Екіншісі - діні. Ол дененің еті - сүйекті сақтаушы; үшінші - тіл. Бұл - ұлт денесінің сүйегі  десе де болады. Осы қорған-қамалдардың ішінде (музыка, дін тіл) - ұлттың ділі - жүрегі соғып тұрмақ. Діліміздің осы үш қорғаныс қабатының да созылмалы ауруға шалдыққанын, дерттің күннен күнге дендеп бара жатқанын көріп отырып ешбір шара қолдана алмаудамыз. Шетелдік рухани экспансияға ең әуелі төлтума музыкамыздың тотальді жойқындықпен ұшырағандығына, отаршыл-миссионерлердің бірінші ұлттық музыканы есеңгіретіп барып, ата дінімізге ауыз салғандығына төрт көзіміз түгел отырып куәдәр болуға мәжбүрміз. Іш қазандай, қайнайды, күресуге дәрмен жоқ деп осындайда айтылған болар, сірә. Мәселені төтесінен қойып айтқанда біз дәстүрімізді қорғап, сақтай алмаудамыз. Ал дәстүрін сақтаған халыққа Құдай да болысады дер едім.

- Фонограмма жөнінде айтып қалдың. Қазір музыка мамандары фонограмманың қазақ музыка өнеріне тигізген өлшеусіз зиянын айтып дабыл қағуда. Бұл жөнінде өзіңнің пікіріңді білсек.

- Фонограмма дерті ел ішін дендегелі он бес жылдың жүзі болып қалды. Қазір бейнелеп айтсақ, бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін, мектеп  мұғалімінен, парламент депутатына дейін фонограммашыл болып алды. Фонограманың +   - дегені бар. Кеңес заманында өнерпаздар белгілі бір аспаптың сүйемеліне (домбыра, гитара, баян, фортепиано т.б.) сүйенетін немесе оркестрге қосыла шырқайтын. Эстрада әншілері ғана көп жағдайда «минуспен» айтатын. «Плюс» деген атымен болмаушы еді. Қазіргі біздің өнерпаздарымыз осы «плюспен» айтып жүр. Осы орайда «плюс» дегеннің не екеніне тоқтай кетсек. Алдымен әнші даусы күні бұрын компьютерге жазылып алынып, әрленіп, құбылтылып өңделеді. Сонан соң оған аранжировка жасалады. Осы өлі дауысты «плюс» дейміз. Яғни «плюспен» ән айту деп микрофонды тақау ұстап, дискге жазылған өлі дауысқа ерніңізді сәйкес келтіріп аузыңызды сәтімен жыбырлатып тұруды айтамыз. Өзіңіз айтыңызшы, осы өнер ме енді? Қазір туған күннен бастап, мемлекеттік мерекелерге дейін өнерпаздар осы «плюспен» «ән салады». Өздеріне шетелдік атаулар мен жыртқыш аң-құстардың аттарын қойып алған өңшең екі иығын жұлып жеген топтар даңғаза әуенсымақтарымен құлағыңызды тұндырады. Бала кезімізде ауылдағы тойларды көрдік. Күн бата басталған той думаны дыбыс күшейткіш арқылы еркін естіліп, ауыл аспанында таң атқанша қалықтап тұратын. Кейін сондағы дыбыс күшейткіштердің қуатын анықтадым. Сөйтсем әлгі тойларға қойылатын дыбыс аппаратурасының күші бар болғаны 100 - 200 Ват аралығында екен. Қазіргі жиын тойларға қойылып жүрген аппаратуралардың қуаты 1000 Ваттан әрі. Демек біз нормадан он, жиырма есе артық жойқын күшті даңғазаны тыңдауға мәжбүрміз. Кейде тойдан шаршап қайтып бара жатқан кексе кісілерді көремін. Олар құлағын сарсытқан даңғаза музыкадан шаршап бара жатқанын айтады. Үлкендер жағы: «Домбырамен ән айтылмады, күй тартылмады» деп ренжіп бара жатады. Осындайда «Домбырасыз, дискілермен кеш өтпек» деген қарағандылық Руслан Нұрбай атты ақынның осыдан көп жыл бұрын жазылған өлеңі еске түседі. Ақынның айтқаны әулиедей келді. Фонограмма ел руханиятынан домбыраны біржола ығыстырып шығарды десе де болады. Өйткені компьютерде өңделіп, әрленіп жасанды қуат беріліп, күшейтілген дауыспен домбыра сүйемеліндегі табиғи дауыстың арасы жер мен көктей. Бір сөзбен айтқанда фонограмма төл өнерімізге жойқын соққы жасады. Фонограммамен тұтас бір буын «тәрбиеленіп» шықты. Ұлттық құндылықтардың қадірін білмейтін бұл буын келешекте қазақ қоғамының соры болмақ. Ең өкініштісі, фонограмма қолдануды заңмен реттеуге талпыныс танытпай отырған дүниежүзінде екі-ақ мемлекет - Қазақстан мен Қырғызстан болып отыр. Мәселен Әзірбайжанның Мәдениет министрі, өзі әнші Полат Бұлбұлоғлы бір қаулының күшімен фонограмаға тиым салғызды. Көрші Қытайда фонограмамен ән айту туралы мүлде ұғым жоқ және порноөнім насихаттағандар бірден өлім жазасына кесіледі. Түркіменстан да фонограммасыз елдердің қатарында. Германияда фонограмма пайдаланған өнерпаздың орны - абақты. Америкада фонограмма пайдаландым дегенше әншілік карерама балта шаптым дей бер. Бірде Италияға барып ән салған жас қазақ қызы: «ол жақта фонограмамен ән салғызбайды екен» деп таңданысын жасырма алмай теледидардан сұхбат беріп жатыр. Таяуда бір қызық әңгіме естідім. Біздің бір топ байшыкеш Францияға барыпты. Орталарында бір әнші қыздары бар екен. Ресторанда, француз шарабына қызара бөртіп, бөгіп алған әлгілер орталарындағы әнші қызға ән салдырмақ болып гулесіпті. Барлығы кеу-кеулеп қоймаған соң қарындасымыз сөмкесінен дискісін суырып алып, ресторан музыканттарына ойнатуды өтінеді. Әлгілер қыздың бұл қылығына таң қалып, Францияда фонограммамен ән айту ақылға симайтынын айтып, тіпті фонограмма ойнататын күйтабақтың бұл жақта болмайтынын түсіндіріпті. Біздің бір атқамінеріміз бұған жатып келіп ашуланыпты. Іштерінен ойы «ұшқыр» біреуі: «фонограммамен мұндағы орыс ресторандарында айтуға болады, сонда барып шырқайық» деген соң, желігіп алған жұрт қойсын ба, Парижден орыс ресторанын іздеп тауыпты. Мұнда келсе де сол жағдай: «Францияда фонограма қолдану қылмысқа пара-пар дүние, мен ел заңына томпақ әрекет жасай алмаймын, мінеки гитара, мінеки фортепиано, алда шырқаңдар»,  - деп ағынан жарылыпты ресторан қожайыны. Сөйтіп біздің «делегация» мойындары салбырап кері қайтыпты. Бұл не сонда, өресіздік пе, әлде парықсыздық па? Француздар дүрлігіп фонограма іздеп жүрген біздің жаңа қазақтарымыз туралы не ойлады екен?  Ұят-ай. Сондықтан фонограмма жөнінде Үкіметіміз тез арада шара қолданбаса болмайды. Егер осылай кете берсек, халық асыл мен жасықты парықтаудан, өнерпаз бен өлерменді  ажыратудан қалады. Бәрінен де әнші болам деген жасқа обал болуда. Негізінен әншінің дауысы жиырма бес жасқа келгенде пісіп жетіледі. Оның өзінде күніне алты-жеті сағат талмай еңбектенген жағдайда ғана. Ал қазіргі әншілеріміз тап бір анасынан микрофон мен диск ұстап туғандай ерін жыбырлатқанға мәз. Мен осы фонограммашыл эстрада әншілерінің көбінің намаз оқып, халал жолмен жүретіндігін жария мақтаныш ететінін байқадым. Сөйте тұра фонограмамен ән айтып пұл табудың нағыз харам іс екендігін олар жорта білмегенсиді. Егер фонограмманы заң жолымен реттеп тиым салатын болсақ, бейнелеп айтқанда біздің әншілеріміз харамнан тиылып, халал стандартына көшер еді. Әншілер арасында адал бәсекелестік артып, өнердің өрісі тазарар еді, кім көрінген харам дауыспен ән айтып, ел санасын арамдау тиылар еді, халықтың талғамы қалпына келер еді. Әзірше бұның бәрі арман күйінде қалып отырғаны өкінішті

- Осыдан біраз бұрын өнертанушы, композитор Илья Жақановтың баспасөз беттерінде «Қазақтың классикалық музыкасы енді тумайды» деген сұхбаты жарияланды. Осы пікірмен келісесің бе?

- Келісемін. Ілекең қазақ өнертану саласының қарт тарланы реттінде өзі көзі жеткен ащы ақиқатты айтып отыр. Ілекең не айтса да ойланып, толғанып барып пікір айтатын адам. Оның «Эстрада туралы айтпаңдар, ол менің қасіретім» дегенін қазақ музыка өнерінің үлкен білгірінің, өзі де ұлы композитор Илья ағамыздың жан айқайы деп ұққанымыз жөн. Кеңес заманында қазақ өнерін өгіздей өрге сүйреген саусақпен санарлықтай бірнеше ғана адам бар. Олар: Ахмет Жұбанов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Жексенбек Еркінбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Илья Жақанов, Жарқын Шәкерім. Бұл тізімге жат жұрттан А. Затаевич пен Б. Ерзаковичті қосамын. Міне, осы аяулы ағаларымыз халық өнерінің халықтың жаны екенін, егер өнер азса халық та азатынын, ұлттық болмыстың құрдымға кететінін жан-жүрегімен сезініп, ұлт өнерін аман сақтау жолында жанқиярлықпен күрескендер. Мәселен Илья Жақанов ағамыз еліміздің телевизия радио салаларының музыкалық редакцияларын ширек ғасырға жуық уақыт басқарған адам. (Илья Жақанов 1963 - 1984 жылдар аралығында Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік теледидар мен радиохабарлар комитетінде редактор, аға редактор, Қазақ радиосы музыка редакциясының Бас редакторы қызметтерін атқарған) Осы жылдар ішінде Ілекең халық музыкасының небір інжу-маржандарын эфир арқылы жұрт жүрегіне жеткізуші болды. Ілекең эфирді өте таза ұстады. Ол кісі қазақ музыкасына күзетші болып тұрған кезде эфирден сапасыз дүниелер өтпейтін. Илья Жақанов заманында эфирді ластайтын көше әндері, батыстың даңғаза музыкасы, сапасыз жазылған қазақстандық композиторлардың нашар шығармалары эфирге жіберілмейтін. Былайша айтқанда Ілекең «көрінбейтін империя» құрған адам. Ол иелік еткен музыка империясы отыз жылға жуық қазақтың талғамын тәрбиеледі, ұлт жанын асылдандырды, ой-санасын көріктендірді. Мен ол заманның адамдарын жаны нұрлы адамдар деп білемін. Өйткені бұл ұрпақ халық музыкасы мен әлемдік классиканың інжу-маржандарын тыңдап өскен жандар. Осының барлығы ұлт музыкасын насихаттаудағы «Қазақ радиосы» ұжымының адамгершілік биік ұстанымының, тыңдарман алдындағы кәсіби жауапкершіліктерін терең сезіне білуінің арқасында жүзеге асты. Осындай игілікті істің басы-қасында біздің Ілия ағамыз жүрді. Ал енді қазір не болды? «Теңіз бастан былғанды...» дегендей эфирлердің барлығын былғанышқа толы даңғаза басты. Тіпті дәрежесі көше әндерінен төмен әуенсымақтар, Африкадан Америкаға апарған құлдардың музыкасы болып есептелетін афроамерикандық порноырғақтар үйіңіздің төріндегі теледидар мен радиодан күні түні үздіксіз ыңқылдайды. Қаптаған «қазақстандық композиторсымақтардың»: сөзі - бал- дыр-батпақ, әні - шалдыр-шатпақ «туындылары» жүйкеңізді кеміре ызыңдайды. Міне, осының барлығын көріп біліп отырған Илья ағамыз қайдан күйінбесін. Кезінде өзі құрған, өзі қалыптастырған музыка империясының көз алдында күлге айналғанын көргеннен ауыр не бар? Ілекең түгілі одан көп жас кіші менің өзім де осы сұмдыққа пұшайманмын. Баяғыда өзіміз тоталитарлық кезең деп айтып жүрген Кеңес замынында теледидар мен радиомыздағы қазақ тілінің үлесі 70 пайыз болған екен. (Қазір 5-6 пайыздан аспайды) Ол кезде бала болсақ, сол заманның тынысын сезіп үлгерген ұрпақпыз. Теледидардан ылғи Қазақстанның өнер шеберлерінің концерттері жиі беріліп жататын. Эстрада әншілерінен бастап, балетке дейін көрсетілетін концерттерден мен домбырадан басқа ешқайсысына ден қоймаушы едім. Теледидардан Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Әскербек Еңкебаевтар ән салғанда кеудемді керемет мақтаныш сезімі кернеуші еді. Өзімнің қазақ болып туғаныма шаттанатынмын. Мен үшін домбыра үні бәрінен артық еді, бәрінен асқақ еді. Эстрада, опера дегендерді көзіме ілмеуші едім. Маған олар домбырамен, домбыраға қосылып салған әнмен, тартқан күймен ешқашанда шендесе алмайтындай көрінетін. Енді, міне сол жат жұрттық келімсек өнердің сығалап келіп, ішімізге сыналап кіргенін, тайраңдап төрге озғанын, халқымыздың киелі қара домбырасын қор еткенін куәсі болдық. Арабтан келген қожа-молданың мен Самарқан мен Бұхарадан келген сарт-сауанның (Мәшһүр Жүсіп) аптығын басқан, ормандай орыс пен қарақұрттай қаптаған қытайдың қайратын қайтарған, сан ғасыр бойы қазақтың рухани қаруы болған қайран қара домбыра! Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында қырғыз режиссерінің «Қызыл алма» деген фильмін көргенім бар еді. Сонда теледидардан қарт манасшының жырын әкесінің қолқалауымен еріксіз көріп отырған кішкентай қалалық қыз: «Папа, мен мына шалдан қорқам» дейді үрейленіп. Қырғыздың рухани деградацияға ұшырағанын режиссер кинотілінде осылай жеткізіп еді. Бала болсам да осынау сұмдық суретті әлдебір тылсым түйсікпен түйсінген мен өзіме ешқашанда мына қыз сияқты болмауым керек деп серт бергендей болған едім ішімннен. Қазір қала түгілі қазақ ауылында осындай жағдай. Ауылдарға барған сапарларымда теледидар көріп отырған балаларды бақылаймын. Алда жалда домбырамен ән айтыла қалса, балалар сондай зауықсыз, сүлесоқ қана  көз тастап отырады, тіпті тұрып кетіп жатады. Сондайда баяғы бала кезімдегі манасшыға қорқынышпен қараған қырғыздың тұлымы желкілдеген қызы есіме түседі. Сол кезде ішімді удай ащы бірдеме осып өтеді.

- Ұлттық мәдениеттің тобырлық мәдениет алдында төменшік тартуының залал, зардаптары қандай болмақ.

- Ең бастысы - талай ғасырлар бойы Ұлы далада ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасқан іргелі жұртымыздың кісілік қалыбы бұзылмақ. Баяғыдан «Дүние бұзылса бұхараға сияды, бұхара бұзылса дүниеге симайды» деген тәмсіл жеткен. Кісілігі бұзылған ұлт елдік санасынан айырылады. Елдік санасынан айырылған ұлт ата-баба салтын қастерлеу, дәстүрін сақтау, өнерін қадірлеу деген қасиетті сезімдерден ада болады. Әлемдік алпауыттарға керегі осындай дүбәрә жұрт. Олар жеріміздің асты-үсті байлығын оңай жолмен иеленіп алу үшін қазақтың қуатты, рухы биік ел болмағанына мүдделі. Халықты тобырлық мәдениет арқылы топастандыру әлемдік күштердің талайдан бергі ең басым бағытты жобаларының бірі. Бұл жолда олар ештеңеден тайынбауда. Әлемдік алпауытардың басты мақсаты - біз сияқты отарсыздану үдерісі жүргізілмеген, әлі құлдық санадан сауыға алмай жатқан елдердің халқынан ішіп жеуді ғана білетін тұтынушы қауым жасап шығару. Елімізде күні-түні порноарналар көріп, попкорн жеп, кола сусынын ішіп, иленіп диванда жататын, селеңдеп ойсыз, қамсыз өмір өткізетін масыл міскіндердің күн санап көбейіп келе жатқаны осының айғағы.

- Ал енді, Ерлан, бұл келеңсіз үрдісті ауыздықтау үшін не істеуіміз керек?

- Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы «... осы керектер жолында жұмыс істеу керек». Ең бірінші кезекте Ұлттық музыка өнері туралы заң қабылдау керек. Ол заң қазақ музыкасын ұлттық және әлемдік құндылық ретінде қорғауға пәрменді және музыка өнерінің бүткіл проблемаларын: фонограммадан  бастап, БАҚ-дағы  жөнсіздіктер мен жүгенсіздіктерді шешуге әлеуетті болуы керек. Ең бастысы - ұлттық музыкамызға мемлекеттік статус берілуі керек. Сонда музыка мәдениеті саласындағы талай жылдар бойы қордаланып, ел келешегіне қатер төндіре бастаған проблемалар біртіндеп шешілетін болады. Әйтпесе сан алуан діни секталар санасын сансыратқан, жылауық әуендер сүйегін жасытқан, тобырлық мәдениет рухын талапайға түсірген, сөйтіп ұлттық һәм адамзаттық құндылыққа барар жолда бағыт-бағдарсыз қалған адасқақ ұрпақ үшін ертең Тәуелсіздіктің қадірі болмай қалады.

Әңгімелескен Қорғанбек Аманжол

Abai.kz

0 пікір