Жиналыстағы қиналыс...
Бүгінгі сатира
Үкіметке энергетика және қаржы министрлігінің өкілдері палау жеуге келген жоқ. Еліміздің кей өңірлерін газдандыру мәселесінің мүйізін қағып тастап, майын тамызу жөнінде сөз болды.
Төраға ұлты орыс депутат Геннадий Кереметовичке сүйек емес, сөз берді. Депутат таза қазақ тілінде былай деді:
– Менің газ саласына қарасты министрлік өкіліне қояр сұрағым мынадай: Қызылорда облысы, Арал ауданындағы бір елді мекенде 13 мыңға жуық халық тұрады. Автоматтандырылған газ станциясы салынып жатыр. Ішкі газ тарату саласы үшін, 422 миллиард теңгеге өтінім берілген екен. Алайда, министрлік бұл қаржыны күзге қалдырып отырмыз дейді. Жарайды, күзде берілсін, тендері бар, басқасы бар, мәселе қыс айларына созылып кетеді. Қазақта жақсы сөз бар ғой, «Қыстың қамын жаз ойла» – деген. Сонда, халық көгілдір отынсыз қалай отырады? Осыған жауап берсеңіз?
– Газ деген иә, көгілдір, – деді министрліктен келген өкіл кібіртіктеп. – Газ деген газ ғой. Газ болса, халық мәз болады. Ну, исі жаман...
– Негізгі мәселені айтыңыз, – деді төраға томсырайып.
– Газ дегеніміз – газ. Ол көгілдір болып жанады. Газдың аты – газ...
– Кешіріңіз, газға сипаттаманың керегі жоқ. Неге қаржы жедел бөлінбейді, – деді төраға.
– Ну... А, можно, по русский? Газ – это газ. Голубой газ...
– Сіз не айтып кеттіңіз? Кім голубой?
– Нет, газ... Газ – это запах. Газ это – жизнь и смерть.
– Неге смерть?
– Ну.. газ исі шықса, люди на тот свет...
– Сіз мүлде дайындалмай келіпсіз. Газдың исі мұрныңызға бармайды? Аппарат басшысы болып қалай отырсыз?
Аппарат басшысы орнынан тұрып, есікке қарай беттеді.
– Отырыңыз, қайда барасыз?
– Мен... Мен газ иіскеп келейін деп едім...
Отырғандар құлап қалды, бір – екеуі жылап қалды, ал бірі-бірінен: «Министрлікте мисыздар жиналған ба?» – деп сұрап қалды. Ой, Аллай, осындай да болады екен, мисыздармен халық қалай оңады екен?
Мұхтар Шерім
Abai.kz