Интернет-конференция: Дүкенбай Досжан (жалғасы)
Интернет-конференциямыздың кезекті мейманы, жазушы - Дүкенбай Досжан оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін аяқтап отыр.
Дүкенбай мырза жазушы Мұхтар Мағауин туралы айта келіп: «Мұхтар Мауаинге келетін болсақ, оның жазу қабілетін, ізденісін, бұрынғы, соңғы кітаптарын қалт жібермей бүге-шігесіне дейін білетін қатарлас, қаламдас, замандас қаламгердің бірімін. Өз қолымен сыйлаған 13 томдық таңдамалы шығармалары кітапханамның төрінде. Әсіресе, Шыңғысқан тарихына байланысты жазғандарын, айтқан сөзін, ғылыми тұжырымын толықтай қолдаймын, бұл пікірімді өзіне де айтқанмын. Алғашқы тарихи «Отырар» повесіндегі, «Жібек жолы» романындағы сомдалған Шыңғысхан бейнесі сол дәуірдегі - Сырдария өзенінің бойындағы, көптеген сол маңдағы бекініс қалалардың тұрғындарының көзімен суреттелген әдеби шындық, яғни, сол кезеңдегі Отырар қаласындағы тарихи кейіпкерлердің сезім суретімен, ой-қиялымен, күрескерлік қимылымен берілген тұстар; яғни сол дәуірдегі Сырдария бойындағы отырықшы диқан, ұста, қышкер, ғалым, кірекеш, делдал секілді кейіпкерлердің көзімен суреттелген болмыс-бейнелер - сол заманның шындығы деп қабылдаған жөн» екенін айтады.
- Сіздің жансебіл еңбекқорлығыңыздың сыры неде? Қазіргі 35 жасқа дейінгі жас ақын-жазушылардан кімдерді оқисыз?
Интернет-конференциямыздың кезекті мейманы, жазушы - Дүкенбай Досжан оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін аяқтап отыр.
Дүкенбай мырза жазушы Мұхтар Мағауин туралы айта келіп: «Мұхтар Мауаинге келетін болсақ, оның жазу қабілетін, ізденісін, бұрынғы, соңғы кітаптарын қалт жібермей бүге-шігесіне дейін білетін қатарлас, қаламдас, замандас қаламгердің бірімін. Өз қолымен сыйлаған 13 томдық таңдамалы шығармалары кітапханамның төрінде. Әсіресе, Шыңғысқан тарихына байланысты жазғандарын, айтқан сөзін, ғылыми тұжырымын толықтай қолдаймын, бұл пікірімді өзіне де айтқанмын. Алғашқы тарихи «Отырар» повесіндегі, «Жібек жолы» романындағы сомдалған Шыңғысхан бейнесі сол дәуірдегі - Сырдария өзенінің бойындағы, көптеген сол маңдағы бекініс қалалардың тұрғындарының көзімен суреттелген әдеби шындық, яғни, сол кезеңдегі Отырар қаласындағы тарихи кейіпкерлердің сезім суретімен, ой-қиялымен, күрескерлік қимылымен берілген тұстар; яғни сол дәуірдегі Сырдария бойындағы отырықшы диқан, ұста, қышкер, ғалым, кірекеш, делдал секілді кейіпкерлердің көзімен суреттелген болмыс-бейнелер - сол заманның шындығы деп қабылдаған жөн» екенін айтады.
- Сіздің жансебіл еңбекқорлығыңыздың сыры неде? Қазіргі 35 жасқа дейінгі жас ақын-жазушылардан кімдерді оқисыз?
- Бұл сауалға жоғарыдағы баяндап өткен тіршілік-тынысым жауап береді ғой деп ойлаймын. Бұл сырды өмір бойына оқу-тоқумен келе жатқан, ізденуді, жетілуді тіршілігіне мұрат тұтқан шығармашылақ адамы тез түсінеді деген үміттемін. Екінші сауалға келетін болсақ - көбіне өзімнен кейінгі жазушыларды оқып солардың табысына, жаңа, тосын тақырыпты қалай игергеніне риза болып жүремін. Мысалға, Асқар Алтайдың соңғы романы, Қуаныш Жиенбайдың аласұрған тынымсыз ізденіс үстінде келе жатқаны, Жолтай Әлмештің жаңалық лебі ескен прозалық шығармалары, Тұрысбек Сәукетайдың кейінгі кезеңді оқиғаларды тың бояу, тосын теңеулер арқылы әдемі ашып көрсетуі, әсіресе оның «Айқараңғысы» романындағы желтоқсан оқиғасының бүге-шегесіне дейін терең, әрі әділ ашылып суреттеген тұстары, ел басындағы шенеуніктердің сол кезеңдегі жантәсілім - агонясы оқырман қауымды немқұрайды қалдырмайды деген ойдамын.
- Сіз тарихи сананы қалыптастыру жолында тер төккен қаламгерсіз."Жібек жолы" романы арқылы көне қалаларды, ежелгі мәдениетті халық рухында жаңғырттыңыз. Бұл тақырыпқа келуіңізге не әсер етті? 2. Сізді Л.Гумилевпен кездескен жан дейді. Сол туралы айтып берсеңіз? 3. Мұхтар Мағауин туралы қандай пікірдесіз? 4.Шыңғысханның тарихи орыны, қазақ ұлтының кеңістігіндегі орыны қандай деп ойлайсыз?
- Әуел баста тарихи тақырыпқа қалам тартқанымның себеп-салдары барша оқырман қауымға белгілі деп ойлаймын. Өз басым сол баяғы Отырар, Сығанақ, Сауран, Ұлы Жібек жолының қоналқы бекеттерінің құлаған қорған қалдығының, белдеу, жал болып жатқан үйінділерінің үстінде өстім. Балалық шағым осынау көне орындардың ортасында өтті. Яғни алғашқылардың бірі болып тарих көрпесін көтеруге септігін тигізген жәйіт - осынау ескі орындардың санама, жанарыма, қиялыма ерте бастан қанық сіңген кепиет-қасиетінен болар, сірә.
Л. Н. Гумилев өзімнің «Жібек жолы» романымның орысша аудармасына батасын берген, тұсауын кескен кісі. Ол кісімен бір мәрте кездессем де қарапайым жүріс-тұрысы, ашық мінезі, әріден ойлайтын кемелдігі, далалықтарға деген мөлдіреген ұлы сүйіспендігі әлі күнге көз алдымда. Бұл туралы «ЕҚ» газетінде шағын естелігім жарияланды. Мұхтар Мауаинге келетін болсақ: оның жазу қабілетін, ізденісін, бұрынғы, соңғы кітаптарын қалт жібермей бүге-шігесіне дейін білетін қатарлас, қаламдас, замандас қаламгердің бірімін. Өз қолымен сыйлаған 13 томдық таңдамалы шығармалары кітапханамның төрінде. Әсіресе, Шыңғысқан тарихына байланысты жазғандарын, айтқан сөзін, ғылыми тұжырымын толықтай қолдаймын, бұл пікірімді өзіне де айтқанмын. Алғашқы тарихи «Отырар» повесіндегі, «Жібек жолы» романындағы сомдалған Шыңғысхан бейнесі сол дәуірдегі - Сырдария өзенінің бойындағы, көптеген сол маңдағы бекініс қалалардың тұрғындарының көзімен суреттелген әдеби шындық: яғни сол кезеңдегі Отырар қаласындағы тарихи кейіпкерлердің сезім суретімен, ой-қиялымен, күрескерлік қимылымен берілген тұстар; яғни сол дәуірдегі Сырдария бойындағы отырықшы диқан, ұста, қышкер, ғалым, кірекеш, делдал секілді кейіпкерлердің көзімен суреттелген болмыс-бейнелер - сол заманның шындығы деп қабылдаған жөн.
Бір сөзбен айтқанда: Шыңғысхан - ен байтақ Дешті-қыпшақ даласында бір тізгінге бағынған хандық дәуірді орнықтырған, көшпенді тобыр халықты ұйыстырып - біртұтас мемелекет дәргейіне көтерген ұлы тұлға. Біздер, көпшілік оқырман қауым тарих көрпесін көтерген сайын алдымыздан биік өскен дарақтай болып далалықтардың еңсе көтеруіне, ұйысуына - себепші ,ұйытқы болған сайыпқыран қолдайдың елес-сұлбасы нұсқаланып көрінері тегін болмас!
- Өзіңіз туралы құрдасыңыз Дулат Исабеков шығарған анекдоттардың біразы ел аузында жүр. Солардың ішінде шамыңызға тиетіндері бар ма? Ұнайтындары ше? Осындай анекдоттар неліктен туады деп ойлайсыз?
- Анекдотқа, сайқымазақ күлкіге азық болатын біршама деталь, кескін-келбет, штрих, мысал сөз, деректерді ерінбей жинап, құрдасымның жұртты езу тартқызып күлдіру үшін мысқыл сөзді қойны-қонышынан ағын суша ағызып айтып жүретіні бұл күнде жасырын емес. Көбіне Төлен Әбдіков, Мұхтар Шаханов, марқұмдар Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, т.б. замандастардың бойынан табылған езу тартқызар күлкілі жәйіттерді өз басыма, яғни Дүкенбайдың басынан өткен оқиғалары деп маған теліп, айтып жүретін әдеті баяғыдан бар. Кейінгі бір кездескенімде біршама күлкілі оқиғаларды, анекдот секілді сайқымазақ жәйітті есінен тарс шығарып алыпты. 70-тен асқан адамның жады олқылы-толқылы болатыны белгілі. Сайқымазақ күлкілі жәйітті құрдасыма өзім айтып беріп, жадына салып, орнықтырған жәйім бар. Соңғы кезде біраз оқиғаларды бытыстырып-шатастырып, астын үстіне шығарып, Төлендікін, Мұхтардікін - менің, яғни Дүкенбайдың басынан өткен оқиғасы деп, қолдан иіп келтіріп, ал, өз басымнан өткен езу тартқызар жәйіттерді - өзге кісіге бұйыртып жүрмесіне ешқандай куәлік бере алмаймын!
- Дүке, Орталық кітапханадағы Қабдеш пен Кәдірбектің кітаптарын жыртып тастағаныңыз рас па осы?
- Жоғарыдағы мысқыл сөзде айтылғандай әдеби оппоненттердің шығарып жүрген жалған жаласы. Бар өмірін кітап жазуға арнаған, кітапты жүрегінің төріне қойып қасиет тұтқан адамға кітап жыртты деп жала жабу - күнәнің үлкені. Қабдеш Жұмәділовтің «Соңғы көш» атты диологиясын, «Тағдыр» атты романын шұқынып отырып оқып шыққан адаммын, аталмыш дүниелер отбасылық кітапханамның төрінде сақтаулы. Кәдірбек Сегізбаевтың қолтаңба қойып берген «Жол» романы, соңғы кітабы кітапханамда. Қатар келе жатқан, өмірімде сен деспеген, көркем сөздің қасиет-қадірін терең әрі үлкен тебіреніспен сезінетін, бала жастан шұрқырасып бірге өскен замандастың жазған дүниелерінен кемшілік тапсақ - көзіне тура қарап, әділін айтатын жасқа жеткен адаммын. Әлгідей оқыс қылық, ордашарқы, орайсыз әрекеттің шығу тарихы туралы бұл жерде «Мың бір түннің» тарауын тағы баяндап жатудың жөні болмас.
- Дүкенбай аға, осы сіз Мемлекеттік сыйлықты әділ алдым деп ойлайсыз ба? Қабдеш Жұмаділов бір сұхбатында сіз комиссия мүшелеріне жалынып жүрді алды деп еді. Жалпы осы Мемлекеттік сыйлыққа қалай қарайсыз?
- Замандасым Қабдеш Жұмәділовтің «ЖА» газетінде шыққан сұқбаты араға ала мысық түсіп, мен - оның, ол - менің жазған шығармаларыма сын айтып, былайғы жұртқа бір-бірімізді әйкәпір атандырып, кетісіп жүрген кезде жазылған пікір. Бұл туралы еске алудың қажеті болмас. Мемлекеттік сыйлықты комиссия мүшелеріне жалынып жүріп алды деген жерге қараған жала, ғайбат сөз әншейін! Шындыққа көз жеткізу үшін - ерінбей, архивтен алып 1996 жыл 26 желтоқсанда өткен Мемлекеттік сыйлық жөніндегі коммиссияның хаттамасын қараңыз: комиссия мүшелерінің 20-сы менің «Құм кітабымды» қолдап дауыс берген, 4 кісі қарсы болған. Куә кісілерім: Тұманбай Молдағалиев еді, марқұм болды; көзі тірі қалғаны - Мұхтар Мағауин; кітапты Мемлекеттік сыйлыққа «Жұлдыз» журналы редакциясының атынан ұсынып, хаттама толтырып (хаттама көшірмесі сақтаулы), жанашырлық жасап, беделін салып - мәртебелі сыйлыққа қол жеткізуге себепші болған тірі куәм сол!
Кейінгі кездегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған әдеби шығармалар еш жерде талқыланбайды, рецензия шықпайды, оқып жатпайды, пікір екшелмейді, комиссия мүшелері тартысқа түспейді; жоғары жақтағы мәртебелі кісілер белден басып өздері шеше салатын болып жүр.
- Халықтың қазіргі аянышты жағдайын ашық айтып, неге тағы бір ерлік жасамасқа? Әлде оны айтса - жоғарыдағы Елбасының ашуына тиіп кетіп, неше түрлі сый-сияпаттан құр қаласыз ба?
- Сырт дүниені ұмытып шығармашылық шаруаға, өмірді, кейіпкердің жан дүниесін көркем сөзбен кестелеуге жан-тәнімен берілген кісінің жоғарыдағы отырған шен-шекпенді шенеуніктен алып жүрген сый-сыйапаты мүлде жоқ. Ұлттық Мұхтар Әуезов атындағы әдеби сыйлықты, Мемлекеттік сыйлықты өмір бойғы көз майымды сарқып, сұқ саусағымды сүйел етіп, кейіпкерлердің жан әлемін тінти зерделеуге арналған ақ тер, көк тер бейнетіме берілген. Өз күшіме, жазу қабілетіме, қадым қазақтың есіктегі басын төрге сүйреген тірі сөзіне күн сайын, сағат сайын сыйынып тіршілік кешіп келемін. Жақында өзім оқыған Қосүйеңкі орта мектебін қайта салуға, «Отырар», «Түркістан», «Мағжан Жұмабаев» энциклопедияларының жоғарғы дәрежеде, терең мазмұнда, ғылыми биік деңгейге шығуына хал-қадірімше үлес қосқан кісімін. Менің жасымдағы, менің жеткен азды-көпті биігімдегі кісіге - жоғарғы мәртебелі биікте отырған шенеунік мырзалардан нәсіп етіп әлдеқалай бұйырып қалатын сый-сияпат, марапат, я орден, я медаль, я қаржылай көмек дәмету - үлкен күпірлік, күнә деп білемін. Неге жетсем де - ақ, адал бейнетіммен жетіп келемін! Мұны оқырман қауым біледі.
Халықтың қазіргі халін ойлап бас қатырып жүрген биліктегі кісілерге көлденең сауал қойып, олардың шырма-шату шаш етек шаруаларына бөгет болғым келмейді. Қолдан келетіні - ойға алған, жүрегімді тербеткен кейіпкерлердің қоңыр мұңын, жан ашуын, өкпе-наласын, ашу-ызасын, мына қым-қуыт тіршілік сапарындағы жаза басып қателік жібергенін, ұрпақ тәрбиесі, қадым қазақтың ұлы өркениетке жол алған үзік керуені қай белдің, нендей асудың биігінде жол тартып барады - соны ақыл таразысынан өткізіп ақиқатын айту ғана!
Әркім қолдан келетін шаруасымен айналысқаны ләзім. Бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріппін. Шетінен қазақ қоғамының әлденіп, аруақтанып, иықтанып - ел қатарлы тіршілік кешуіне - қолдан келген үлестерін қосып, тырбанып жүр. Дәтке қуат!
Тақауда «Жүз әңгіме» атты екі томдық кітабым жарық көрді. Әңгімелерді әйтеуір сан көбейтіп жаза салайын, қалпақтай етіп шығарайын деген ойдан аулақпыз, әрине. Бұл - елу жыл бойғы тірі сөздің қауызын алар зыр айналған диірменіне түсіп - я талайсыз, я болмаса ақ дидарлы ақрамаштың ақ таңындай мың тағдырлы қадым қазақтың бейнетке белшесінен батқан тіршілігінің арғы-бергі көркем шежіресі деуге тұрарлық еңбек, қабыл алыңыз, қадірменді қауым!
- Біз осы «жарықтық» демократияны қалай түсініп жүрміз?
- Көрер көзге оқшауланып көрінгісі келетін кейбір жігіттердің ең басты қателігі - демократия деген біліп-білмей істеген барша кемшілікті қай деңгейде болсын бетің бар, жүзің бар демей ашық айтып қарап отыру деп ұғады, билік иерархиясы тік (вертикаль) емес, көлбеу (горизонталь) құрылғаны жөн деп шешеді. Кемшіліктің себебін ашайық, болғызбаудың жолын ақылдасайық деп зерттемейді. Бір-бірімізді тілмен іреп, союға дағдыланып, бір-бір өкпе салған қапты арқалап жүргендейміз. Не болса соған өкпелейміз. «Қаржыны дұрыс бөлмеді» деп, Үкіметке өкпелейміз. «Реформаны жүргізе алмай жатыр» деп, әкімге өкпелейміз. «Дауысын бермеді» деп, көжесін әрең тауып ішіп жүрген халыққа өкпелейміз. Сөйтіп жүріп, Алла Тағала босатқан алтындай уақытты текке өткізіп аламыз.
Мұсылмандық дәстүр етінен өтіп, сүйегіне жеткен атам қазақ, өзге де мұсылман ұлттары үшін мұсылман діні: имандылық, тәртіп, реттілік, сыпайылық, сөзге тұру, үлкенді сыйлау, төзім. Төрімізге шығарсақ деп кеңірдектеп жүрген еуропалық үлгідегі демократиядан гөрі - мұсылмандық дініміз әлдеқайда маңызды, әрі тамыры тереңде жатыр. Ұлтымыздың мінезіндегі ғасырлар бойғы қалыптасқан намысқойлық, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау, сөзге беріктік, әйелді құрметтеу, бесікті кие тұту - қазақы демократияның берік тұғыры саналады. Өз ойымша, еуропалық демократия: «сен тұр, мен айтайын, жасымыздан - жасамысымызға дейін заң алдында теңдейміз, бірдей жүріп-тұруымыз керек» деген канонға табан тірейді. Біздегі демократия мұсылмандық, ұлттық дәстүрден нәр алады, табан тірейді. Батыстың дуылдап көшеге шыға келетін демократиясын - үй ішінен үй тіккендей әкеліп қондыра салсақ - Антей секілді әл-қуатымыздан айырылып, табанымыз жерге тимей, әлжуаз, дүбәра кеп кешуіміз мүмкін. Не нәрсе болсын кісінің ішкі мәдениетінен, мінезінен шығып жатуы керек қой. Жалғыз мысал: әкем марқұм сүйегі сыпа кісі екен. Сыпалықтың белгісі - айдалада ат үстінде келе жатса да қақырып-түкірмейтін көрінеді, өзі құралпы үйге жиналған үлкендердің насыбай атып, іргеге түкіріп, бала-шағаның көзінше боқташақтың сөзін айтып отырғанын жаратпаушы еді. Енді осындай кісінің алдында өзімді жалаңаш ұстап, аузыма келгенімді оттап тұрсам демократияға қол жеткізгенім бе!
- Жаңағы ауыл жөніндегі сауалға қайта айналып соқсақ...
- Кейінгі кездегі ауылға реформа не өзгеріс әкелді дегенді - ауылға барған адам көріп-біледі. Кемшілік жоқ емес, жетіп артылады. Алайда, жақсыны да көре білсек қанекей. Ауылдың иығы көп көтеріліп қалған. Жалпы қай кәсіпте болсын, жолы болғыш, жолы ауыр кісілер болады. Қай шаруаның басын ұстаса да аяғы құрдымға кететін , қиратып тынатын, сындырып, бүлдіретін сыпайы ұргөппе кісі болады; керісінше, басқан жеріне шөп шығып жүре беретін кісілер тағы бар. Жүрген жеріне шөп шығатын кісінің етегінен ұстаған жөн мұндайда.
- Өкпешілсіз бе, кекшілсіз бе, жасырмай айтыңызшы?
- Кезінде сыншыларым қиқымдай еді, жаңа кітабым жарық көрсе болды, пышағын жалаңдатып шыға келетін. Несін айтасың, «Отырар» повесі Ян есімді жазушының «Шыңғысханның» бәзбір тұстарына ұқсап кеткен» деді, «Жүрегіміздің төріндегі Абай ақынға арақ ішкізіпті» деді, әйтеуір сыншыларымның жанға батырып айтпаған сөзі кемде-кем. Түбінде нағыз шындық өзім жағында болған соң - қаңқу сөздің бәрі артта қалды. Бірі: өзім қарағайдай бір басылымның басында бастық болып отырмаған соң - сынай салайықшы деп, келесісі: былайғы жұртқа өзінің арзан атағын шығару үшін - мақала жазған әпербақан сыншыларыма өкпелеп, өштесе берсем, кітап жазуды қойып, өмірім айтыс-тартыспен өтетіні мәлім. Өлшеніп берген уақытымды майда-шүйдемен өткізіп алған болар едім. Сол сыншыларымның бұл күнде бәрімен доспын, алғашқы «ҚӘ» азетіне әспеттеп тұрып сын басқызған кісі бұл күнде бірінші жанашырым, келесі сынды сойыл ғып сілтеген екінші оппанент, басқа-басқа қатарларым қазір төбемді көргеннен құшағын ашады. Сынды көтере білу өнер. Негізі, біреуді сынау сол кісімен түсінісудің басы ма деп ойлаймын. Сөзден сыр, өнер шығады. Осы күнгі қазақ жазушыларының (ақын, сыншы, драматург, бәрі-бәрі) үш үлкен трагедиясы бар. Бірінші трагедиясы:әне бір жылы Алматыға келіп, қонақ болып кеткен Бразилия жазушысы Пауло Коэло айтты: Алматының кітап дүкендерінен ағылшын тіліне аударылған бірде-бір қазақ жазушысын таппадым дейді. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген кеп басымызға келді. Өз сөзімізге өзіміз риза болып, өз буымызға өзіміз пісіп қана жүрміз. Ағылшын, испан, қытай тілді оқырмандар Әуезов, Аймауытов, Жұмабаев, берідегі Кекілбаев, Мағауин, Нұржекеұлы секілді көркемсөз шеберлерінің жарық дүниеде бар-жоғын ешкім білмейді. Керісінше - тым ақкөңіл, қойны-қонышы ашық, дарақылау халықпыз. Мұхиттың арғы жағындағы Борхес, Маркес, Кавабата, Уайт шығармаларын шемішкеше шағып қазақша оқимыз, тәржіма жасап терлейміз. Ал, шетке шығып жатқан жазушыларымыз саусақпен санарлық. Қазақ қаламгерлерінің екінші трагедиясы: өзінен басқа ешкімді оқымайды, өзінен көтерілген шошағын бәрінен биік санайды. Сыншыларымыз құлдық психологиядан арыла алмаған, қай қаламгердің портфелі жуан, кім газет не журналдың бас редакторы болса, айналып келіп соны мақтайды. Ал, жай жүріп, шығармашылық кәсібіне адалберілген ақын-жазушыны ешқашан ауызға алмайды. «Ә соны қойшы» - деп жүріп Мұқағалиді он жыл бойына «Лениншіл жасқа» баспады, бірде сол газеттің әдебиет бөліміне телефон шалып: «...не жаздым сендерге!... Неге баспайсыңдар!» -деп Мақатаевтың жылап жібергенін көзіммен көрдім. «Ә, соны қойшы», - деп жүріп Тәкен Әлімқұловты екі мәрте психушкаға жөнелтіп, сонда жатқызған кісілер әлі жер басып жүр. Үшінші трагедия: тым дақпыртшылмыз. Түймедей нәрсені түйедей ғып тілге тиек етуге, өсек сөзге жорға аттай ағып сөйлеуге ғажайыппыз. Өстіп болмашыны дабырлап жүріп өмірдің жұлынды мәселелерін қаға беріс қалдырамыз. 80-жылдардың басында қаңқу сөзді тым үдетіп жіберіп, Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайығын» басқызбадық. Сол жылдары Олжас Сүлейменовты «пантюркист», «Қазақ ұлтшылы» деп СОКП-ге хат жазып, кейіннен 80-жыл аяғында ақынның тұрақты мүңкір-нәңкіріне айналған классик прозашының Сүлейменовты «славянофил», «простофил» деп көп-құлаш арыз сүйкектетіп, онысын орысшаға аудартып жоғарыға жіберемін деп жүргенін білемін. Кемшілігімізді тура айтқанда тұрған ештеңе жоқ.
- Қазіргі таңда не жазып жүрсіз?
- Жазумен, көркем сөзбен шындап ауырған адам қарап отырмайды. Әзірге аты «Дүбірлі дәуір» - көркем эсселер жинағын әрі құрастырып, әрі ішінара толықтырып жазып жүрген жайым бар. Көркем сөзді кәсіп еткен жарты ғасырлық өмірімде талай атақты адамдармен кездескен екем. Мысалға, Эрнест Неизвестный, Плицеская, Гумилев, Эренбург, Олжас Сүлейменов, Болат Аюханов, Ерболат Төлепбай, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Бәтима Зәуірбекова секілді - көзі тірісі бар, дүниеден өткені бар - өнерде өзіндік өрнекті із қалдырған дарын иелері туралы азды-көпті толғаныппын. Тағы тебіренетін тағдыр иелері жетерлік. Біразы өздерінің жетсем деген өмірлік мақсатына жете алмай, біразы - орта жолдан шау тартты, біразы - шаң қауып үзілді. Соларды бір ізге түсіріп, топтастырып, көркем сөздің тынысын ашып, ырғағын, жарасымын тауып, жұмыр жерді дүбірге толтырып өткен талайлы тұлғаның мінез қырына үңілуді үрдіс еттім. Ойымды мәртебелі лауазымда отырған кісілер қуана құптады.
Кез келген дарын иесі өзінің ісімен, шығармашылығымен, өнерімен өзінің өмір сүрген дәуіріне жауапты; яғни, өзінің өмірі арқылы сол кездегі уақыттың бет-пердесін сомдайды. Жоғарыда аты аталған өнер қуған жандарды сөйлете отырып - солар өмір сүрген уақыттың дүбірлі, келісті, күреске толы келбет-кескінін айшықтауды ойлап жүрген жайым ғой.
Соңы
Abai.kz