Аңырақай шайқасы қай жерде болған?
Аңырақай, Бұланты шайқастары туралы тарихи карталық деректемелер
Нұрлан Кенжеахмет (Center for Geographic Analysis, Harvard University)
Қазақ тарихында Аңырақай шайқасы туралы жазба дерек жоқтың қасы. Ә. Диваев «Аңырақай Итішпес көлі маңында, Алакөл жағында... Арал теңізінен солтүстікке таман жатқан тауларға карай» жатыр деп санаған.[1] М. Тынышбаев «Аңырақай Ә. Диваев көрсететін жерде емес, Балкаш көлінің Оңтүстік шетінен оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде жатыр, ол қазақтар арасында «Итішпес» деген атпен мәлім» деп санайды. [2] Солай бола тұрса да, Алакөл көлінің орналасқан жері туралы пікірталас жалғасып келеді. Қазақстан ғалымдары осы Алакөлді Балқаштың солтүстік-батыс жағында жатқан Алакөл жайында болып отыр деген тұжырымға келді.[3] Өйткені бұл жерде тарихи карталарда Алакөл, Итішпес деп аталатын көл көрсетілген. 18 ғасырдың соңы 19 ғасырдың басындағы ескі орыс карталарында, атап айтқанда, 1778 жылдан бастап орыс картографы Исленьевтің «Ертіс өзенінің, ағып жатқан Сібір губерниясының оңтүстік бөлігінің және бұрынғы Зеңгор қалмақ иеліктерінің картасында» Балқаштың оңтүстік шеті Итішпес Алакөл болып белгіленді.
Карта 1. Исленьев картасындағы Итішпес-Алакөл (L. Itczismes Alakul) (Балқаш көлінің оңтүстік батыс жағында) (Harvard University, Harvard Map Collection, G7212_I78_1788_I7)[4]
Киеперттің 1864 жылғы «Тұран немесе Түркістан картасында» да Балқаштың солтүстік-батыс шеті жағында жатқан Алакөл көрсетілген.
Карта 2. Киеперт картасындағы (1864) Алакөл (Ala Köl) (Балқаш көлінің оңтүстік батыс жағында) (Turan oder Türkistan, BOA, Harita Tasnifi Nu 108).
Карта 3. Зәки картасындағы Ала көл (Ala köl) (Балқаш көлінің оңтүстік батыс жағында) (Türkili Haritasi 1942)[5]
Ағылшын картографы Арроусмит Джон (Arrowsmith John,1790-1873) өзінің Орталық Азия картасында Алакөлді Балқаштың оңтүстік батыс шетіне орналастырады. Бір қызығы, аталмыш картада Балқаштың солтүстік шығысында Аягөздің (картада Сергиопол) солтүстігінде Инрекейски (Inrekeiski) деген жер көрсетілген. Қазір осы жер Еңірекей деп аталады, теміржол бекетінің аты, Аягөз-Жарма теміржолы бойында, Аягөз қаласынан солтүстікке қарай 42 км жерде, Аягөз ауданында.[6]
Карта 4. Арроусмит Джон (Arrowsmith John,1790-1873) 1872 жылғы Орталық Азия картасындағы Ала көл (1) және Инрекей (2)[7]
Алайда аталмыш Еңрекей Аңырақай тауын меңземейді. Аңырақай шайқасы қай жерде болды? 1997 жылы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбаев және академик-тарихшы М.Қозыбаевтың бастамасымен соғыс болған алқапқа зерттеу жүргізген «Аңырақай» экспедициясы майдан аумағының ұзындығы – 30-35, ені – 20 шақырым деген тоқтам жасап, шайқасқа екі тараптан 70 мыңға жуық адам қатысқаны жайлы анықтама берген. Қазақ зерттеушілері Аңырақай шайқасы болған жер – Балқаш көлі, Отар даласы, Шу өзені аралығындағы адырлы алқап деп отыр.[8] Ал Хантаудың маңына Аңрақай шайқасының ескерткіші қойылды.
Карта 5. Аңырақай шайқасына ескерткіш орнатылған жер.
1848 жылы сызылған Батыс Сібірдің және Қазақ даласының жалпы картасында Аңырақай тауы қазіргі Қызылтас деген жердің оңтүстігіне сызылған. Аталмыш картада кезігетін Далақайнар (Шу ауданында, Төлеби ауылыннан солтүстік шығысқа қарай 35 км жерде), Қызылтас (Қордай қыратында, Қордай ауданынан солтүстік шығысқа қарай 22 км жерде) деген жерлер қазір де осылай аталады.
Карта 6. Батыс Сібірдің және Қазақ даласының жалпы картасы (Генеральная карта Западной Сибири с Киргизскою степью. Сост. при штабе отд. Сибирского корпуса и гравирована в Военно-Топографическом депо. 1848 г. Испр. в 1862 г.): 1. Аңрақай тауы 2. Хантау 3.Алакөл 4. Қызылтас.
Карта 7 Батыс Сібірдің жалпы картасы (Генеральная карта западной Сибири 1848): 1. Аңрақай тауы 2. Хантау 3.Алакөл 4. Қызылтас.
Жоғарыдағы екі картаға қарасақ, Аңрақай тауы Қызылтастың оңтүстігінде орналасқан. Хантаудың маңында емес. Аңрақай атауы қазір қолданылмаса да, жоғарыдағы карталар негізінде оның нақты орнын тұрақтандыруға болады.
Карта 8 Google Earth картасындағы 1. Қызыылтас 2. Қордай 3. Аңырақай тауы (қызылмен қоршап, жер атын қосқан автор).
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Осы Алқакөл қайда? 1723-1725 жж. қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында ұлы жеңіске жетті. Бұланты өзені мен Бөленті өзені орыс картасында Р. Буланты және Р. Белеути түрінде кездеседі.
Карта 9. Бұланты өзені мен Бөлеті өзені орыс картасында Р. Буланты (1) және Р. Белеути (2) түрінде кезігеді. Бақоңырдың (3) батысында.
Редакциядан: Аталмыш мақала автордың мына монографиясы бойынша қысқартылып жазылды: Nurlan Kenzheakhmet. European-Chinese Imperial Maps and Gazetteers Related to the Kazakh (Qazaq) Khanate and Its Adjacent Regions from the 16th to the 19th Centuries. OSTASIEN Verlag, 2023, 187-188.
Пайдаланылған әдебиеттер:
[1] Диваев А. Мавзолей Кок-кесене ( историко-археологическая заметка) //Протоколы заседаний Туркестанского кружка любителей археологии, год 10. Ташкент, 1905, 41-б; Кастанье А. Древности киргизской степи и Оренбургского края //Труды Оренбургской ученой архивной комиссии, вып. 23. Оренбург, 1911, 189-б.;
[2] Киргиз-Казаки в 17 и 18 веках, қараңыз, Тынышпаев, Материалы к истории киргиз-казакского народа. Ташкент, 1925, 10; Тынышпаев М. Великие бедствия, А., 144-145.
[3] Қазақстан Тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін).3. Алматы, 2002, 143-144.
[4] https://iiif.lib.harvard.edu/manifests/view/ids:53267248.
[5] Togan A.Z.V. Bugünkü Türkili (Türkistan) ve Yakın Tarihi. İstanbul: Arkadaş, İbrahim Horoz ve Güven Basımevleri, 1942–1947. 696 p.
[6] Жеріңнің аты - Еліңнің хаты: энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Аруна, 2006,754.
[7] Central Asia [cartographic material]: constructed from the latest English and Russian documents, adapted to recent astronomical observations; by J. Arrowsmith, 1872 / [lithographed by] Stanford's Geogl. Estabt., 55, Charing Cross, S.W. online at https://catalog.princeton.edu/catalog/9976877393506421
[8] Қараңыз: Аңырақай шайқасы қай жерде болды? Егемен Қазақстан, 06 Ақпан, 2019.
Abai.kz