Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4038 4 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 12:13

Қоғамдық сенім деңгейі төмен: халық кімге сенеді?

Қоғамдық сенім – өмір сүруге қолайлы қоғамның маңызды құрамдас бөлігі. Адамдардың бір-біріне және мемлекетке деген сенім деңгейі бір-бірімен араласуға, жұмыс істеуге, біреуге сенім артуға мүмкіндік береді. Қоғамдық сенім өміріміздің ажырамас бөлігі болса да, оның еліміздегі деңгейі бірнеше себепке байланысты төмендеп барады. Осы тақырыпты толығырақ қарастырайық.

Бірінші себеп – көптеген адамның қоршаған әлем жайындағы білімі аз немесе бұрмаланған болуы. Белгілі бір стандартқа сай келмейтін адамдарды, әдетте, елемейміз немесе түсінбейміз. Көбіне жоқшылықта өмір сүретін адамдар өз отбасын қамтамасыз ете алмайды, өмір сүруге жақсы жағдай жасай алмайды. Олардың жақсы білім алу, шетел аралау, жетістікке жету ықтималдығы өте аз. Сондықтан олар әлеуметтік немқұрайлылықтың құрбанына айналады. Нәтижесінде жағдайы төмен адамдардың да, орташа табыс табатын адамдардың да бір-біріне деген қоғамдық сенімі азаяды.

Екінші себеп – сыбайлас жемқорлықтың сан алуан түрі. Сыбайлас жемқорлық, әдетте, үкіметтік және басқа да қадағалау және бақылау органдарының тиімділігі төмендеп, адамдар мемлекеттік органдарға деген сенімін жоғалта бастайды. Бұл қылмыстық белсенділіктің артуына, сондай-ақ болашақта сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейіне әкелуі мүмкін.

Үшінші себеп – азаматтардың құқығы мен бостандығының шектелуі. Өз пікірін еркін білдіруге немесе құқығын қорғауға адамның мүмкіндігі болмаса, ол өзін осал әрі сенімсіз сезіне бастайды. Бұл адамдар арасында түсініспеушілік тудырады әрі болашаққа деген сенімсіздікке әкеледі.

Төртінші себеп – ресурстарды әділетсіз бөлу, мемлекеттің тиімсіз жұмыс істеуі. Егер мемлекет өз міндетін орындамаса және азаматтардың қанағаттанарлық өмір сүру деңгейін қамтамасыз етпесе, адамдар әділетсіздікке тап болғанын сезіп, сол мемлекеттен көңілі қалады. Зерттеулерге сүйенсек, жоқшылық, жұмыссыздық пен үкіметі тиімсіз жұмыс істейтін елдерде қоғамдық сенім деңгейі өте төмен.

Қоғамдық сенімнің төмен болуының бесінші себебі – бұқаралық ақпарат құралдарындағы жалған ақпарат пен жалған жаңалықтар. Журналистер өз материалдарындағы ақпаратқа жауап бере алмаса, медиа жалған ақпарат пен ақпаратты бұрмалаудың жолына айналады.  Нәтижесінде рас-өтірігін ажырата алмайтын халықтың сенім деңгейі төмендейді.

Қоғамдық сенім – адамдардың өміріне және жалпы қоғамның дамуына әсер ететін маңызды фактор. Ол адамның басқа адамдардың іс-әрекеттері мен ниетіне, сондай-ақ қоғамды басқаратын үкіметке деген сенімі ретінде анықталуы мүмкін.

Кейінгі зерттеулер халықтың сенімі экономика мен қоғамның әл-ауқатының дамуының маңызды бөлшегі екенін көрсетті. Ол мемлекеттің тұрақты дамуымен, өмір сүру сапасының жоғарылауымен және қылмыстың төмендеуімен байланысты. Көптеген сарапшының пікірінше, қоғамдық сенім елдердің заманауи әлемнің қиындықтарын жеңе алатынын анықтайтын негізгі фактор болуы мүмкін. Заманауи әлемнің қиындықтары деп климаттың өзгеруін, энергияның жетіспеушілігін, халықтың тез қартаюын және т. б. меңзеп отырмыз.

Сонымен қатар кейбір зерттеулер ғаламтордың дамуы мен қоғамдық сенім деңгейі арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетеді. Мысалы, әлеуметтік медианы және басқа байланыс құралдарын жиі қолданатын адамдар басқа адамдармен кеңірек байланыста болады және оларға деген сенім деңгейі көбіне жоғары.

2023 жылы Алматы менеджмент университеті (AlmaU) мен Bisam Central Asia бірігіп, AlmaU Trust Barometer зерттеу жұмысын жүргізді. Қоғамдағы сенім деңгейін анықтауға негізделген зерттеу халықаралық Edelman Trust Barometer методикасына сүйеніп жүргізілген. Зерттеу жұмысының нәтижесін университеттің ғылым бойынша проректоры – Бақытжан Сәркеев айтып берді. Оның айтуынша, тәжірибеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18-65 жас аралығындағы 1150 адам қатысқан. Оның 20%-ы – жағдайы орташа және жоғары өмір сүру деңгейіндегі адамдар. Қалған 80% – қарапайым халық. Зерттеу жұмысына 2 ай уақыт кеткен.

Респонденттерге жергілікті билік өкілдері жайлы, адамдарға сенім, қоғамдық ұйымдарға сенім, президентке, сот жүйесіне, құқық қорғау органдарына, саяси партияларға деген сенім жайлы сұрақтар қойылды. Одан бөлек, әлеуметтік мәселелерге және еліміздегі кейінгі оқиғаларға (Қаңтар оқиғасы) қатысты сауалнама жүргізілген. Респонденттердің ақпараттық гигиенаға деген көзқарасын да сұрастырған. Яғни БАҚ өкілдеріне сенім білдіре ме, жоқ па, ақпаратты қайдан алады және оны қалай саралайды деген тақырыптарды шолып өткен.

Қорытынды бойынша, еліміздегі қоғамдық сенім деңгейі төмен – 42% шыққан.  Халық саяси партияларға, жергілікті әкімдіктерге, жергілікті маслихатқа және сот пен құқық қорғау органдарына сенім білдірмейді екен. Дегенмен президентке деген сенім деңгейі жоғары екені анықталды.

«Бұл нәтиже Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінен төмен болса, Ресей мен АҚШ-тан жоғары. Дегенмен респонденттердің 68% мен 60% мемлекет басшысы мен қарулы күштерге сенетіні анықталды. Бірақ жергілікті басқару органдарына халықтың тек 45%-ы сенеді», - деді Бақытжан Құрманбайұлы.

Сондай-ақ, қоғамдық сенім адамдар арасындағы өзара әрекеттесудің маңызды факторы болғанымен, кейбір жағдайларда экономикалық дамуға зиян тигізуі мүмкін екенін атап өткен жөн. Мысалы, қоғамдық сенімі жоғары елдерде адамдар көбіне жаңа технологиялар мен инновацияларға сенбейді. Сол себепті оларды енгізуге және пайдалануға кедергі келтіреді.

Швейцария мен АҚШ-тың психологтары әлемнің 40 елінің 355 қаласында «жоғалған әмиян» атты ауқымды әлеуметтік эксперимент өткізді. Бұл эксперименттің нәтижесі сізді де бей-жай қалдырмасы анық. Түпнұсқасын Science журналының 2019 жылдың 20 маусымында жарық көрген санынан оқи аласыздар.

Белгілі болғандай: әмиянда неғұрлым көп ақша болса, соғұрлым адамдар оны иесіне қайтаруға ынталы болады. Бұл факт Цюрих университетінің экономика факультетінің профессоры – Мишель Андре Марешалды және оның әріптестерін таңғалдырды. Өйткені мұндай нәтижені ешкім күтпеп еді.

Эксперимент алдында ғалымдар 279 адамнан экспериментке қатысты пікірін сұрады. Олардың ішінде қарапайым адамдар мен жоғары білікті экономистер бар. Көбі адамдар әмиянды өзіне алып қалады деп жауап берген.

Экспериментті өткізушілер 17 303 әмиянмен тәжірибе жасаған. Әмиянның ішінде банк карталары, кілт әртүрлі сома бар еді. Олар әртүрлі мекемеге – қонақ үйлер, банктер, мұражайлар, театрлар, пошта бөлімшелері, полиция бөлімшелері, кеңселерге келіп: «Әмиянды біреу жоғалтып алған сияқты. Асығыспын, бұл мәселені сіз шешіңіз» деп тастап кетіп отырған. Зерттеушілер сол адамдардың әмиянның иесімен байланысқа шыққан-шықпағанын бақылап отырған.

Таңқаларлық нәрсе, ақшасы бар болсын, жоқ болсын, кілті бар әмияндар кілтсіз әмияндарға қарағанда иесіне көбірек қайтарылған. Сондай-ақ, әмиянда неғұрлым көп ақша болса, соғұрлым ол әмиян өз иесіне қайтып келген. Қорытынды нәтижеге сәйкес статистика: ақшасы жоқ әмияндардың тек 40%-ы иесіне қайтарылды; 12 еуросы бар 51% әмиян, 80 еуросы бар 71% әмиян иесіне берілді. 17 303 әмиянның 8 мыңнан астамы өз иесіне қайтарылған.

«Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, адамдар сенімді болғысы келеді және басқаларға да сенім білдірігісі келеді. Бұл жаһандық құбылыс – кедей және бай елдерде, ерлер мен әйелдер арасында, жас және қарт адамдар арасында» деп қорытындылады зерттеушілер. Бұл адамның қоғамдық сенімге деген көзқарасын білдіреді. Яғни адам өзі сенімді болғысы келеді және басқалардың да оған сенгенін қалайды деген сөз.

Қорытындылай келе, қоғамдық сенім –  қоғамның дамуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі факторы. Бұл табыс деңгейі, саяси жағдайдың тұрақтылығы және өмір сапасы сияқты көптеген факторға байланысты. Алайда адамдар арасындағы қарым-қатынас пен қоғамдағы өзара әрекеттесу ең маңызды екенін атап өткен дұрыс. Жоғарыда жазылған ақпараттың қысқаша формасы:

  1. Қоғамдық сенім адамдардың бір-бірін қалай қабылдайтынына және әлеуметтік жағдайларда өзара әрекеттесуіне байланысты.
  2. Зерттеулер көрсеткендей, әртүрлі елдегі қоғамдық сенім деңгейі айтарлықтай айырмашылыққа ие. Мысалы, Скандинавия елдерінде сенім деңгейі жоғары, ал Орталық Азия елдерінде ол төмен.
  3. Соңғы онжылдықта әлемнің көптеген елінде, соның ішінде АҚШ пен Еуропада қоғамдық сенім деңгейінің төмендеуі байқалды.
  4. Қоғамдық сенім экономикада маңызды рөл атқарады, өйткені ол әлеуметтік-экономикалық институттарды қолдайды, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестицияларды тартуға ықпал етеді.

Қазтай Аяна Серікқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377