Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3969 6 пікір 10 Мамыр, 2023 сағат 16:14

Мемсыйлық қызық па?

Мемсыйлық алсам деп, тіпті «кәріге емес мендей жасқа берілсе ғой!» деп жүрген таныстардың сөзі құлақта сақтаулы тұр. Сіз қараңызшы, Танзанияның мемсыйлығын алған әйгілі қаламгер деп біреуді сізге таныстырып жатса немесе тіпті Тәжікстанның мемсыйлығын алған қаламгер екен десе қызық па? Сондықтан, біздің мемсыйлық иегерлері деген қошаметтер мен үшін де қызық емес.

Ұлы әдебиетке қолы жетпегендер ғана осы сыйлықты мәртебе көреді. Мемсыйлық үшін долданғандарды да, танысын салып араға зорланғандарды да көргеміз. Соны арман етіп ала алмай қорланғанды да көргеміз. Неге? Нобельді айтпай-ақ қоялық, Нобельге бауыр болып табылатын ең алдыңғы қатардағы он сыйлықтан енші алып Қазаққа әлемдік абырой сыйлаған бірде бір ұлы қаламгер тудырған жоқпыз. Сөйте тұра тым кеуделіміз.«Біздің бәлен деген қаламгер Нобелдіктерді қалпақпен қағып алады» деп.

Орта Азияда ескі дәуірдің ұлы әдебиеті болған Манасын әлпештеген қырғыздар заманауи әдебиетте де 5 республиканың алдында. Қырғызды Қазақ санымен 4 орайды, Өзбек 8 орайды... Сөйтсек, сапа санда емес екен, өткенін жетік білумен, заманауи Еуропаланған тәсілдерді өз пайдасына жарата білуімен ерекше екен. Әдебиетшілерді бетімен жібермей, мұқият көңіл бөлу, қолдау, оқыту, тәрбиелеу, әділ бағалау жүйесі іске асырылуы керек.

Әдебиетке жаңа қосылған буынның көбі кеудемсоқтықпен, ішімдікпен, жұтаң ізденістегі әлсіз еңбекпен, іштарлықпен, аға-көкені қолпаштаумен рухани ауру жұқтырып жатыр. Менің бір жинағымды аз данамен шығарса да, көп ақша бөліп неше мың данамен таратса да онымен әдебиет гүлденбейді. Кез-келген шығарманы қатты жарнамаласақ сол кітапті ғана жақсы сатуымызға болады. Бірақ, онымен халыққа әдебиет оқыта алмаймыз. Сондықтан, мен кітабімді аз данамен ғана шығарып, қажетті адамдардың қолына ұстатқаным болмаса, мыңдаған данамен тарататын жобаларға ұмтылған емеспін. Бірнеше рет телеарнада сұхбат бердім, дәл сол сәттер мен үшін көңілділік әкелуі мүмкін. Бірақ, мұның әдебиетке түк те пайдасы жоқ.«Орын таппай баптанба» дейді Абай.

Біздегі әдебиетшінің дені әлемнің үздік әдебиетінен орын таппай жатып сыйлықшы болғысы келетіндер, мәнсапты болғысы келетіндер. Экономикада немесе әдебиетте үлкен жетістікке жетпеген адамдардан кімді сайласақ та ол жазушылық ұйымдарды керемет ете ала ма екен? Жартылай атаққұмарлық емес пе? Толық ойланды ма? Өзі әдебиетте ғаламат еңбек ете алмаған адамдар бізді басқарып қай деңгейге апарамыз деп сенім бере алар екен?! Бізден тек Қазаққа әдемдік әдеби даңқ әперетін адамдар ғана керек. Сол кезде ғана әдебиетімізді бәрі оқиды. Оған дейін шығармаң ел ішінде қалай жарнамаланды, қандай телеарнаға шықтың, қандай газет-журналда,сайтта жарияланып жатсың, ол ұсақ шаруа.

Орыс тілді оқырман, Қазақ тілді оқырман деген сөз жоқ. Мықты әдебиет жазылса бәрі өздеріне аударып алады. Өлілерге(арамызда жоқ әдебиетшілерге) бөліп жатқан есепсіз ақшаның(мемлекет тарапынан өткен ғасыр романдарын шетелде үгіттеу) әдебиетке түк те пайдасы жоқ. Ол кісілердің әдебиетте ашқан жаңалықтары бүгінгі уақытта ескірген болып табылады. Әр нәрсе өз заманымен! Абай әруағы жиркенер еді өз мүсініне ақша шашып, жастарды қараусыз қалдырған дүмшелерге. Ол кісілер жарнамаға зәру емес. Ұлы ма? Ұлы. Болды. Абайға жаңа мүсін тұрғызам, шығармасын жаңаша нәсихаттаймын дегендердікі өзіне құр абырой жинау. Абайды көтерді деп сондай есеппен істейтін адамдарды қолдай кететін тобырға не айтасың?! Көзі тірі қарақаттарды жәудіретпей энергиясы тап-таза әрі мол жастармен ғана жұмыс жасау керек.

Әдебиет дамыса кино, театр өнері дамиды. Кино дамыса адамдардың идеологиясы жаңаланады, рухы тазарады. Сауда да киномен тығыз байланыста. Ғылым тілі де өнер тіліне бағынышты болады. Бұл іске асқан соң мемлекет адамдары жемқорлық, арсыздық сияқты көптеген індеттерден жуынып-шайынып оңала бастайды. Идеологияны сенатта 40 жыл отырып қатып-семіп костюм киген, өзін барынша тәжірибелі, байсалды көрсететін адам жасай алмайды. Шын мәнінде, идеология алқынып, жұлқынған бірнеше тарпаң таланттың ерке мінез, серпінді ойларының заттанған түрінен пайда болады. Біреулер қиялшаң санап жүргендер елдің бұйдасын жасап береді. Замандардан бері әлем жұрты қиялшаңдардың ойларымен жасалған ережелермен өмір сүріп келеді.

 

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383