Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қайнайды қаның... 3045 3 пікір 18 Мамыр, 2023 сағат 15:08

Қазақ киносы сотталған түн...

«Ұлттық киноны қолдау орталығы» төңірегіндегі дау әлі басылған жоқ. Әу баста Мемлекет бөлген қаржыны жобаларға байқау арқылы үлестіруге осы мекеме міндетті болған. Наурыз айынан бері іріктеуде өткен заңсыздықтар мен заң бұзушылықтарды киногерлер ғана емес, парламент қабырғасынан депутаттар да зар қақсап айтып келеді. Тиісті органдарға ашық хат та жазылды, үндеу де жолданды. Наразы топ мамырдың он екісі күні митинг өткізді. Олар талабы орындалмаса, әділдік іздеп Ақордаға баруға бекініп отыр. Мәселе неден басталды? Митинг қалай өтті? Мұның шешімі бар ма?

«Ұлттық киноны қолдау орталығы» 2023 жылы келіп түскен 283 жобаның 153-ін конкурстық іріктеуге қатысуға жібермеді. Сарапшылардың қарауына жіберілмеген жобалардың ішінде Сарапшылар кеңесі «Ең үздік сценарий» деп бағалаған Азамат Шарғынның «Шырмауық» фильмі де бар. Наразы топтың сөзінше, аталмыш орталық мұны қолдан заңсыз ұйымдастырып отыр.

«Киноорталық өздері шығарған ішкі ережесін аяқ астынан өзгертіп, ҚР «Бәсекелестік туралы», «Кино туралы», «Тіл туралы» заңдарын бұзып отыр», – дейді киногерлер. Бұдан бөлек, Орталықтың жауапты қызметкерлері іріктеу бойынша ешқандай хаттама жасамаған және хабарламарында қате-кемшілік көп, өтірік те жетерлік екен. Басты кемшілік – КИНОНЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНДА КИНО САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ ЖОҚ.

Тағы бір көңіл аударатын үлкен мәселе – Ұлттық киноны қолдау орталығында мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп, ақпарат беруге жарайтын қызметкерлерді емге таппайсыз. Мұны да қапалы киногерлер ашына айтты. Әттеген-айы сол, қабылданбаған 150-ден аса жобаның басым бөлігі қазақ тілінде жасалған. Бұдан жалғыз ғана қорытынды шығады: ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ДИСКРИМИНАЦИЯ  ЖАСАП ОТЫР. Ал қызығы, келесі кезеңге өткен жобалардың он шақтысының құжаты тұп-тура өтпегендердікіндей әзірленген.

Санап тауысу қиынға айналып бара жатқан осындай мәселелерді мінберден Парламент депутаттары да көтерді. Байқаудан әділетсіз шеттетілген киногерлердің ащы даусына құлақ түрген ешкім болмады. Олар содан соң, мамырдың он екісі күні «Ұлттық киноны қолдау орталығы» орналасқан «Алматы» қонақ үйінің алдында митинг өткізді. Митингтің тарау сценарийі Қазақстанда өткен кез келген митингтің тарау сценарийінен анау айтқандай өзгеше бола қойған жоқ.

Мамыр айының он жетісінен он сегізіне қараған түні наразы киногерлер сотталды. Атап айтар болсақ, сот актер-режиссер Азамат Шарғынды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасын (30% жеңілдікпен 72 мың тг) айыппұл жазасына кесті; режиссер Әрібибек Өр Алтайды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлігімен кінәлі деп танып, 30 АЕК мөлшерінде (103 мың тг) айыппұл салды. Режиссер Елзат Ескендірді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлігімен кінәлі деп танып, 30 АЕК мөлшерінде (103 мың тг) айыппұл салды.

Талаптары орындалмай тоқтамайтынын ескерткен олар төмендегі шаралар қолға алынсын дейді:

1. Мәдениет және спорт министрлігі, депутаттық корпус, тәуелсіз заңгерлерден Тәуелсіз комиссия құрылып, қосымша наразы топ өкілдерінен бақылаушылар бекітілсін;

2. Сарапшылар кеңесінің жұмысы Тәуелсіз комиссияның қорытындысы шыққанға дейін тоқтатылсын;

3. Тәуелсіз комиссия мен бақылаушыларға конкурсқа жіберілген 130 өтініш пен өтпей қалған 153 киножоба өтінімдерін қайта қарап, тексеріп шығу құзіреті берілсін;

4. Заң бұзушылықтар мен келеңсіздіктер анықталған жағдайда ҰКҚМ орталығының басшылығы мен жауапты қызметкерлеріне қатысты заңды құқықтық шаралар қолданылып, жауапқа тартылсын.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053